Қуандық Түменбай. ЕКІ ӘҢГІМЕ
2026 ж. 22 сәуір
196
0
ТҰЛҒА
Ауылдан екі иығым салбырап, ұнжырғам түсіп қайттым. "Оу, мыналарға не болған өзі? Тай- құлындай тебісіп бірге өстік, түбіт мұртымыз шыққанша қолтықтасып бірге жүрдік. Дәл бір мені жаңа көрген бейтаныс сияқты. Мен де сол ауылдың тумасымын. Ағам да сол ауылдың топырағын басып, өлгенше "бір ауылым" деп кетті. "Ә-ә, Әбдіразақтың ішінде бір кілтипан, ағама деген ызасы бар секілді, соны қабырғасы қатайғанда қайтарғысы келетін сияқты. Адамның төрт аяқты жануардан артықшылығы да осы қасиетінде болар. Бірақ, " қасқыр да қас қылмайды серігіне" демей ме? Мынаған не болған өзі, ағам болса бұл өмірде жоқ. Асықты шиіріп бірге ойнап өстік, атылып кеп ләнгіні бірге тептік, мен алыстан ат арытып алдына келіп тұрмын ғой".
- Ағаң тұлғалар тізіміне енбей қалды. Сол себепті оны жоғары жаққа ұсына алмаймыз.
- Оны кім енгізбей қойған?
- Мен емес, қоғамдық кеңес мүшелері. Кеттім, түс боп қалды,- есігін кілттеп, мені тастап жүре берді.
Мұндай есік пен мұндай кілт менде де болған. Зуылдатып төрт дөңгелек те мінгенмін. Қазір зейнеттемін, ағам о дүниелік.
Әбдіразақ аудандағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Сыныптас, сырлас, бір көшенің бойында өсіп, қызға бірге хат жазып, түн жамылып бірге аула аңдыдық. Бүгін тіпті, аспаннан түскен адамдай боп өзгеріп кетіпті.
Иә, ол қазір аудандағы маңызы бар атқамінер, мен көне астанадағы зейнеткермін. Сол сәт "Әкемді сенің ағаң соттатып жіберді" деген жиырма жыл бұрынғы Әбдіразақтың даусы құлағымда ызыңдап қоя берді. Оу, оның әкесі қылмыс жасады, менің ағам қаралаушы прокурор болды, қылмыс бабы бойынша жаза сұрады. Әкесі бас есепші кезінде колхоз мүлкіне қол салды, қайта құру келіп, ел ала топалаңға түсіп жатқанда басқа жақтан өз ауданымызға ауысып келген прокурор колхоз қаржысын талан- таражға салғаны үшін сотта он жыл жаза сұрапты. Сөзінің соңына "Өзімнің туған аулымда осындай сұғанақтық жасағандарды көріп тұрып жаным күйзеледі" деп бір ауыз сөз қосыпты. Сот бұлжытпай он жыл жаза кесіпті. Әбдіразақтың әкесі тұтқындалған күні шешесі түн жамылып үйге келіп, "Қылышбек- ау, ағаңды босатып жібере салмадың ба? Колхоз мүлкін кім жемей жатыр?" дегенде, ағам шамырқана тіл қатты.
- Апа, осы сөзді қалай аузыңыз барып айтып отырсыз?
Шешесі ашына сөйлеп, есіктен шығып бара жатты.
- Менің балдарым да жетілер. Болдым- толдым деп жүрсіңдер ғой...
- Осы ағайын-жұрт қылмыс жасап болып, мені кіналайтыны несі? - Ағамның тістеніп отырған кейпі де көз алдыма көлеңдеді.
Оның әкесі тірі, он жылдан кейін қайтып оралды, келіндер: "Ақша жегіш қайнаға" деп ат қойыпты. Менің қандасым қара топырақ жамылып жатыр. Өмірден қайтқан адамға есімін жаңғыртып, көше беру үшін әуелі аудан облысқа, облыс республикаға ұсыныс жасайтын ереже шығыпты. Оу, кімнің туған жеріне нендей еңбек сіңіргенін ауылдастарынан артық кім біледі? Неге біз осы оп- оңай нәрсені қолдан қиындатуға құмармыз? Адамның жарқын бейнесін неге көмескілейміз? Бұрын ауылдық кеңес еңбегі сіңген адамды ардақтап, "Құрметті колхозшы" деген атақ беріп, 20 сом қосымша зейнетақы төлеп, есімі жазылған тақтайшаны көшеге іліп, еске алып жатушы еді. Енді мынау, бір жиналыстан кейін бір жиналыс, өздері естіп- білмеген адамның өлі рухын ит тартқан терідей жұлмалап, әруақты қорлап, құрметті құжатқа айырбастап жүргеніміз. Мен де ағама аудан орталығынан көше сұрасам, "Тұлғалар" тізіміне тағы да ілінбей қалыпты. Бір емес, екінші рет туған ауылымнан көкірегім алай- түлей боп көңілсіз қайтып келе жатырмын.
Жалғыз ағамның қолы таза, жұмыс десе жанын беруші еді. Әкеміз қатқан қайыстай қатал, кіді адам болатын. Сол колхоздың қазығын қағып, "Қызыл таң" деп атын қойып, өлгенше жалауын желбіретіп кетті. Аузы дуалы еді, айтқан сөзі жерде қалмайтын. Әлсізге қол ұшын беретін, әлдіден ықпайтын. Мынау қоғамдық кеңесті ұстап тұрған Әбдіразақтың әкесін өзі колхоз атынан сырттай оқытып, әуелі бригадта есепші, сосын колхоздың "майда бұғалтыры", онан бас бұғалтыр ғып атқа мінгізді. Бізді де қара жұмысқа аямай салды. Жазғы каникулдың екі айында күріш отаққа сыныптастарды бастап барып жүрдік. Науқан кезінде күріш оратын комбайншы тапшы, түнгі кезекке оныншы оқитын ағамды шығарды. Шешеден ерте қалған жетімектің дала қосында жамылатын көрпе- төсегі болмай тоңып бара жатқасын ит өлген жерден үйге жаяу келген он алты жасар баласына: "Сен неғып жүрсің? Түнгі сменде істейтіндер түнде басына түнеу керек" деп бір қарағанда, ағам бес шақырым жердегі "Көкирімге" түн жамылып, жаяу салпақтап тартып кеткен. Баласының тоңғанын емес, егінді төкпей- шашпай жинап алуды төбе шашы тікірейіп ойлап тұр. "Сталин жолдас соғыста баласын алғы шепке жіберген, соған штабтан жұмыс табылмай қалды дейсің бе?" деген сөзін де естіп қалдық.
Ағамның ауылға еңбегі сіңді, комбайн да айдады, трактор да айдады, Жүніс рөлде отырғанда әуелі сырты ағал- жағал боп көзге түсетін "бензовозды" да айнадай жалтыратып айдады. Үш жыл әскерде болып, партияға өтіп, старшина деген ала погон тағып келді. Жиырма бес жасында оқуға түсіп, отызында бітіріп, тергеушіліктен бастап, бірнеше ауданның прокуроры болып, өз ауданына келгенде туған жеріндегі келеңсіз заңсыздықты көріп, беті күйіп, ешкімді аямады. Заңқой, заңқой болғанда сұрама. Заң десе ішкен асын жерге қойып, қара қылды қақ жарады, аудан жұртшылығына "Заң орындалуымен құнды" деп лекция да оқыды, дәл бір Ата Заңға өзі қол қойған секілді еді, марқұм. Қолы таза, соңынан ерген сынаптай жаман сөз жоқ. Не бір еңсесі биік үй соғып алмады, біреуден қалған жартылай кірпіш, жартылай сабан үйде жеңгем кенже баласы, үш немересімен қоңторғай күй кешіп отыр.
- Төрт ауданда дүркіреп прокурор болды, неге дұрыс баспана соғып алмадыңдар?- десем, жеңгем миығы тартып жауап берді.
- Оны кезінде ағаңнан сұрамадың ба? Бірдеңе жұғып кетпесін деп қолын үш мәрте кір сабынмен жуушы еді ғой. Сенің де жетісіп тұрғаның шамалы,- деп бетімді тырнап алды. Сөз естіп қалдым, өз жағдайым өзіме мәлім. Қоңторғай тіршілігім бар, "шоуға" жоқпын.
Бір тәулік пойызда тербеліп, дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Соңынан ерген атбайлары болсам да, бірге туған ағама бір жақсылық жасай алмай жүрмін. Менде тұрған не бар, кезінде қол ұстасып, судай тасып бірге жүрген көзкөргендері сөз тыңдамай бұрылып кетеді, "бұларға не болған?" деп ішімнен тынам. Өзім де батырып сөз айта алмайтын сыпамын. Сірә, әкеміз айтқан "Аштан өлсеңдер де біреуден бірдеңе сұрашы болмаңдар" деген сөз етімізден өтіп, сүйегімізге сіңіп кетсе керек. Аштан өлмеспіз, бірақ "жұрт көріп жатқан құрметті қолы таза боп дүниеден өткен менің ағам неге көрмеске?" деген ой санамды тілгілеп, иығымды жаншиды.
Түн жамылып үйге жетіп, есікті тықырлатпай ашып, кішкентайлардың да, үлкеннің де мазасыз алмай жатып қалдым. Таң атпай есік тықылдады. Көрші Гүлмира жеңгей, атақты оташының зайыбы. Басына ақ орамалын шарт байлап алыпты, қолына ұстаған дөңгелек табақта бірінің үстіне бірін қойған ып-ыстық шелпегі бар. Бұрынғыдай ақжарма көкірекпен ақтарыла сөйледі.
- Бүгін ағаңның қайтқан күні. Он жыл болды, бізді тастап кеткеніне. Осы күні көрші- қолаңға Құдайы күлше( шелпек дегені) таратып шығам. Түгел алыңдар, бұл табақ сіздің үйге арналған. Көзің ісіп кетіпті ғой, - деп жымия қарады. - Шала ұйқы болған сияқтысың,- деп сәл де болса сықситып жеңгелік рәсімге бұрды.
- Түнде кеш келдім. Ауылға барып, тағы да жолым болмады. Менің емес, ағамның жолы болмады. "Тұлға" деген тізімге тағы да ілікпей қалыпты.
- Анау прокурор ағаң ба? Өзі бір қарағанда бірбеткей көрініп еді. - Жеңгей самбырлап сөйлеп кетті. - Оған бола жүнжіме. Кімнің тұлға екенін бір Құдайдың өзі біледі. Біздің үйдегі ағаңның қайтқанына он жыл болды, Алматыдан бір көше бұйырмай тұр. Алматыдағы бес жасар баладан бастап, ел билеген атқамінердің бәрінің жүрегін емдеп еді. Талайдың жүрегін қайта соқтырған сол да тұлға болмай тұр ғой. Өзі Халықаралық оташылар Ассоциясының мүшесі. Мейлі, бала- шағамыз аман болсын, тұлға болғандар бола берсін, - деп қазақы сөздің соңын тәубәшіл сарынмен бітірді.
- Ағама тие берсін, рухы шат болсын!- деп бетімді сипадым.
Көрші жеңгей есікті сарт жапқанда селк етіп, көкірегімнен бір қара қанат ұшып кетті. Еңсемді басқан зіл батпан ауырлық сытылып шығып, жеңілдеп сала бердім.
ЖЕЛТОҚСАН ТҰТҚЫНЫ
Тіс дәрігері Айтбайдың қарауына егде тартқан қақсал кісі келді де, креслоға сылқ етіп отыра кетті.
- Қарағым, жұлатын тісті тез жұлып таста. Сағат 11- де менің
тістен де бетер жиыным бар. Соған барамын.
- Көке, сонша не болды? Қаладан ояз келуші ме еді.- Айтбай әкесіндей адамға қалжың айтты.
- Ояз да емес, сияз да емес, Желтоқсан қоғамының жиыны. Мен сөз сөйлеуім керек.
- Көке, мен де Желтоқсанның тұтқынымын.
- Не, Алаңға шығып па едің?
- Жоқ, әскерде жүргенмін.
- Сонда қалай?- тісі сыздаған сырқат кісі әуелі ернін шошайтып, сосын қызыл тілін кейін ысырып, аузын ашты. Оташы үп- үшкір қандауырын қолына алды. Азу тісті қопарып, қызыл иектен ытқытып жатқанда Айтбайдың он тоғыз жаста Мәскеу гарнизонында көрген құқайы көрген түстей боп көз алдын кес- кестей берді.
...Мәскеу әскери гарнизоны. Бір ротадағы жалғыз мұсылман өзі еді. 1986 жылғы желтоқсанның 17- сі. Айтбай әскерге жаңа келген "сарыауыз балапан". Политрук саяси сабақ өткізіп, "Алматыда ұлтшыл жастар, маскүнемдер мен нашақорлар партия шешіміне қарсы шеруге шығып, Орталық Алаңды басып алды,- деді. - Олардың ұстанымы - өзге ұлт өкілі бізге бірінші басшы бола алмайды. Біз бұл шешімді қолдамаймыз !"
- Дұрыс- ақ,- деп тықыр бас жауынгер Айтбай саңқ ете қалды.
- Сен кімсің?- деді политрук қасына келіп, бетіне шұқшия қарап.
- Қатардағы жауынгер Күнтуаров.
- Ұлтың кім?
- Мен қазақпын!
- Егер сен Алматыда болсаң не істер едің?- деп тосын сауал қойды.
- Алаңға бірінші боп шығар едім.
- Ім- м,- деп ернін қымқырған политрук кеңестік қоғамдағы ұлы достық пен интернационализм туралы сөз өрбітіп кетті. Әңгіме түйінін "Біз бәріміз бір ұлтпыз, бір үйдің баласындай татумыз, бөлінуге тиіс емеспіз" деп сабақтады.
Саяси сабақ бітіп, түскі асты ішіп бола бергенде екі жасауыл келіп, қолына кісен сап алып кетті. Айтбай тіл қатпады, "енді мені Алматыға апарар ма екен?" деген түйткіл тұлабойында қылаң етті.- Әкетсе екен. Шеруге шыққандарды көзіммен көріп, бел ортасында жүрсем..." Айдап әкелген жасауыл гаутвахтаның "стакан" деп аталған таңнан кешке дейін тірі адам сиярлықтай қақиып тұратын қуысына әкеп қамады. Ешкім сөз айтқан жоқ, адам екенсің- ау деп тіл қатқан пенде болмады. Бір ротадағы жалғыз мұсылман тік тұрып күнді батырды, күн бата бір тілім нан мен бір стакан жылы су беріп, қою түнді екі аяғына кезек салмақ салып тұрып қарсы алды. Қос бүйрек сыздап,таңды атырғанда жатар орны жоқ, бірақ қарға адым қуысы бар түкпірге әкеп тықты. Не замполит, не командирі іздеп келіп, сөзге тартпады, бір "сен тимесең, мен тимен" мылқау дүние басталды. "Бұл неткен бейбастақ, басынған билік?" деп он тоғыз жасар түбіт мұрттың жүрегі өрекпіп, өз- өзіне тұңғыш рет сұрау салды. - Иә, өмір дегенің осындай екен, сұрауы жоқ пенделер деген осы біз шығармыз. Ешкіммен ақылдаспай- келіспей, айдаладағы ормандай көп орыстың бірін әкеп қазаққа қожа ғып қонжита салған ғой. Түсіндім енді бәріне, түсіндім. Отан қорғап жүрген менің де, қой бағып жүрген әке- шешемнің де, туған- туысымның да ешкімге керегі болмай қалғаны ғой" деп алғаш рет саясаттың сынаптай түйіршігі санасына тық ете қалды.
Тағы бір таңды өз- өзімен арпалысқан ой құшағында қарсы алып, үшінші күні үш адамдық құрқылтайдың ұясына әкеп тықты. Бір орыс пен бір грузин кірген бетте тықыр бас солдатқа шүйліге қарады да, грузин:
- Кімсің? Қазақсың ба, өзбексің бе?- деп нақтылай сұрады.
- Мен қазақпын!
- Сенің аулың төңкеріс жасап жатыр, дейді. Молодец!- дегенде, орыс солдат: "Оның несі молодец" - деп дүңк ете қалып еді, грузин "Заткнись!" деп одырая қарады. Анау жым болды. Сірә, бұлар қорыққанын силайтын халық болса керек, дымы шықпай қалды.
- Мен де замполитке жақпай қалдым. Осы көтеріліс туралы айтқанда, "Егер Алматыда болсам, ең алдында жүрер едім" деп едім, "стаканға" әкеп тықты.
- Нешінші жылың?- деді грузин.
- Екі ай болды. Ноябрский призыв.
- Салага. Но, ты герой!
Келесі күнді де үшеудің бірі боп осы түнекте өткізді. Грузин өзін құрметтесе, Саратовтың орысы: "Бізде қазақ көп, я их не люблю" дегенде, Айтбай жұдырығын түйіп ап қарсы алдына атылып барғанда грузин басу айтты.
-Қызбаланба, қазақ, күн қосып аласың. Пока үш күн, сосынғысын көре жатарсың. Бұлар мені де жан-тәнімен сүйеді дейсің бе?- деп орысқа қоңқақ мұрнын көтере қарады.
Төртінші күні таң ата қарауыл кеп есікті ашып, "Күнтуаров, шық!"- деп бұйырды. Аржағында өзін қапасқа аттандырған замполит тұр. Бұны қолтықтап алып:
- Аулыңдағы көтеріліс басылды. Сен де гаутвахтада отырып, көтеріліске қатыстың. Енді бәрін соттайды, біз сені сотқа бермей- ақ қояйық, бірақ аузыңнан ендігәрі "Мен қазақпын!" деген сөз шықса, сотталасың. Келістік ғой!- деді бұйрық раймен.
- Так точно!- деді әскери әдеппен сымдай тартылып...
Сонан бері Желтоқсан айтылған жерде: "Мен де сол күндері тұтқында отырып едім" деген сөз аузынан шыққан жоқ, онсыз да қантөгіс құрбандары мен батырларын жоқтап айтылар лепес аз емес, сол көтерілістің отын тұтатып, Мәскеуден арнайы шақырған әскердің ойран салғанына кім себепші болғаны әлі күнге белгісіз. Қара қазақ қақпағы жабулы қара қазанды шуылдап айналып жүр...
- Түкіріңіз,- деді азу тісті опырып жұлып ап, қалайы тәрелкеге тық еткізіп тастап.
Қақсал кісі қан түкіріп болып, сағатына қарады.
- Енді жиылысқа үлгеретін шығармын.
- Үлгересіз, бірақ екі сағатқа дейін аузыңызды ашпайсыз
- Жиылыста сөйлемей қалай отырам, сен де бірге жүрсейші, желтоқсаншылар қатарына қосайын.
Айтбайдың іші жылып қоя берді. Бір тәулік тіп- тік боп "стаканда" тұрғаны, бір тәулік цемент төселген түкпірде жер бауырлап жатқаны, үшінші күнгі грузин мен орыстың тәжікесі - бәрі көз алдынан бұлдырап, кинопленкадай зырғи жөнелді.
Бастығынан сұранып, бейтаныс кісімен бірге апыр- топыр жиынға келді. Неше түрлі сөз бен жалынды күтіп, ұшқындаған ұсыныс, өкіметке айтылар өктем сөздер толқынында шек жоқ.
Бір мезет азу тісін жұлдырған кісі аузын басып, орнынан көтеріліп:
- Мына бала екі сағатқа дейін аузыңды ашпа деп еді, шыдай алар емеспін. Мен Желтоқсанның тағы бір тұтқынын тауып кеп отырмын, - деп сұқ саусағын безеп, Айтбайды орнынан тұрғызды да, қызыл иегінде қалған қанды былш еткізіп еденге түкіріп тастады. - Біздің балдар Алматыда қамалса, бұны сол Кремльдің өзінде тұтқындапты. Бәрін өз аузынан естиік,- деп қызыл еденге тағы бір былш еткізді.
Айтбай қазақшылыққа салып қысылса да, отыз жыл бұрынғы оқиғаны баяу бастап кетті...