Исраил Сапарбайдан бата алған бала
2026 ж. 15 сәуір
176
0
Өмірде жастайынан жарқырап көрінген таланттылар бар. Бірақ олардың кейбірінің өмірі қысқа болатыны өкінішті. Солардың бірі –былтыр жиырма үш жасында өмірден өткен дарынды жас ақын Бағжан Бақбергенұлы еді.
Он бір жасында көрнекті ақын Исраил Сапарбайдан бата алған қалақтай сары бала аудандық, облыстық, республикалық ақындар байқауынан бас бәйгені иеленген-ді. Мұндай құрметті өзі білім алған Талғар ауданы Кеңдала ауылы №36 орта мектебінде оқып жүргенде көптің көзіне түскен. Жақында өзінің ұшқан мектебі «Өлеңім, мені әлдиле» атты еске алу кешін өткізді. Ұжым шәкірттеріне арнап, оның ақындық шығармашылығына қатысты суреттері мен жеткен жетістеріне арналған деректер қойылыпты. Кешке «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағұлмов, ақындар – Дәулетбек Байтұрсынұлы, Құл-Керім Елемес, Камнұр Тәлімұлы, Бексұлтан Көлбаев, айтыскер ақын Даубай Мамытұлы, Жазушылар одағының Алматы облысы филиланың төрағасы, ақын Ержан Тоқтар Алматыдан арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар іс-шарадан Талғар аудандық мәдениет басқармасының басшысы Фарида Бегенбаева және кітапханашылар мен ұстаздар, оқушылар да табылды. Мектеп директоры Динара Майлыбайқызы білім ордасында Бағжандай талантты оқушының оқығанына және аудан атынан талай жазба ақындар байқауларына қатысып, жеңімпаз атанғын мақтанышпен еске алды. Оның білімділігі мен ақындық ерекшелігіне тоқталып, жоғары білім алған соң, ұстаз болып еңбек жолын жалғастырған. Оның ақындық өмірі ұжым мен оқушылар үшін мақтаныш десе, оқушылар мен Бағжанның іні-қарындастары оның әр жылдарда жазылған өлеңдерін оқыды. Жас таланттың өмірі мен жетістігі туралы бейнебаян көрсетілді. Белгілі ақын Камнұр Тәлімұлы кеш кейіпкерін тебіреніспен былайша еске алды:
– Мен Бағжанды он бір жасынан бері білемін. Көрнекті ақын Исраил Сапарбаймен кездесу кезінде өзінің өлеңін оқыды. Үлкен жүректі ағамыз кішкентай балаға ыстық ықыласын білдіріп, батасын берді. Сахнада өзін еркін ұстап, өлең оқыған Бағжанға мен де қайран қалып, сол күннен бастап, өлең деген өнеріне белін будым. Ойы керемет, қиялы ұшқыр зеректігіне тәнті болып, қанатын қатайтуға ақыл кеңесімді бердім. Бағжанның шығармашылығының шыңдалуына сынып жетекшісі Фарида Қаратаеваның да ықпалы тиді. Ол ауданның атынан талай жыр байқауларына қатысып, өз қатарынан оқ бойы озық тұратын. Өлеңдері жүрекке жылы тиетін. Оның өлеңдерінің әрбір шумағының соңғы екі жолында терең даналық сөзі жататын. Мектеп бітірмей жатып, бір кітаптың жүгін көтеретін өлеңдері болды. Оны жинақтап, кітап шығаруға ниеттенген. Балалық арманның үмітінің биік екенін сонда көргенмін. Мектеп бітіріп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық ұлттық универстетінің филология факультетіне түсті. Он сегіз жасар студент «Тағылым тамшылары» атты жыр кітабын шығарып, тұңғыш туындысының тұсаукесерін жасады. Тұсаукесерге белгілі ақындар қатысып, жас ақынға жоғары бағасын берді. 2024 жылы Бесағаш ауылының Мәдениет үйінде аудандық жастар ұйымының қолдауымен жыр кешін өткізді. Кешке сексеннен асқан ақын ағамыз Исраил Сапарбайдың өзі келіп қатысты. Бағжанға бала кезінде батасын берген оның өлем есейіп кемелденген шағына үлкен үміт ақын болыпты деп, сахна төрінде ізгі ниетін тағы білдірген. Амал не, араға жыл салмай осыдан сегіз ай бұрын өлең өріміндегі жас талант бақилыққа аттанды. Бәріміз жас жеткіншекті өлімге қимадық. Ол ерекше жан еді. Осы мектепте оқып, жыр бәйгесіне қатысты. Арынды ақындар айта алмаған тың ой, ұшқыр сезім, құрылымы бөлек шумақтармен өлең жазды. Бағжан дарын иесі, болмысы бөлек ақын екенін танытып кетті.
«Бүгінгі кеште мектептеріңіздің түлегі Бағжан Бақбергенұлының «Өлеңім мені әлдиле» атты жаңа туындысының тұсауын кесеміз. Жарқ етіп, өлең өзенінде жүзген бала ақынды алтын ұясы құрметпен еске алу ұрпақ үшін үлгі өнеге. Осындай талантты да дарынды балалар білім ордасынан қанаттарын қатайтып ұша берсін. Талантты бағалау өнерді бағалау және құрмет.Өз шәкіртін еске алған ұжымына және оның рухына бас иген ақын ағаларына алғысым шексіз» – деді Камнұр Тәлімұлы.
– Бағжан Бақбергенұлындай дарынды баланы мектеп қабырғасында жүрген кезінде Іле ауданының бас имамы Мұхтар деген азамат «Мәулет» мерекесіне алып келді. Мерекеге көпке жақсы таныс Камнұр Тәлімұлы өзінің бір топ шәкіртімен келіпті. Олардың арасында Бағжан да бар. Шара жақсы өтті. Сонда Бағжан мұсылманша амандасып, бірден Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) арнап өлеңін оқыды. Араға бірнеше жыл салып, мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде үйге іздеп келіпті. Қолында көп өлеңнің қолжазбалары бар. Біз бірер сағаттай әңгімелесіп, оның жазған өлеңдерін алып қалдым. Сол өлеңдерді көп ұзамай кітап етіп шығардық. Болашақ туындысының атын «Тағылым тамшылары» деп өзі қойыпты. Ол жылдары Бағжан жоғары оқу орына түсіп, студент атанған кезі. Біздер тұңғыш кітабының тұсаукесерінде болып, жас ақынның керемет жырларымен таныстық. Өлеңінде мін жоқ, әдемі ұйқас, кез-келгеннің жан дүниесіне өте жақын өлеңдерін тыңдадық. Түйгеніміз жас таланттың шығармашылығына риза болдық. Уақытта тоқтам бар ма, ол оқуын бітіріп, ұстаздық жолды таңдады. Ақындықтың арнасына түсіп, қазақ поэзиясына өзіндік лебімен көрініп жүрді. 2024 жылдың маусым айында Бесағаш ауылының Мәдениет үйінде шығармашылық екінші кешін өткізді. Кешке қаладан Исраил Сапарбай бастаған ағасы келіп, сөз сөйледі. Бағжанға бағасын берген дуалы ақын, оның өлең өлкесінде есейгенін, кемелді шағына ризашылығын білдірді. Иә, кеш әсерлі өтті. Жалындаған жас ақынның өлеңдері терең сезімге, үлкен толғанысқа толы болғанына көңіліміз толды. 2025 жылдың жазында біз ерекше ұлдан айырылдық. Жүрекке ауыр тиді. Бағжан – Аллланың құлы, талантты ақын еді. Сондықтан да оны іздеушілердің аяғы суымайды. Есімі ұлтымен бірге ұзақ жасайтынына сенім мол, – деді «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы.
Еске алу кешінде «Мұқағали» журналының бас редакоры Дүйсен Мағзұмов басылымның келесі санында Бағжан Бақбергенұлының өлеңдері жарияланатын айтса, ақындар – Кұл-Керім Елемес, Даубай Мамытұлы, Бексұлтан Көлбаев, Ержан Тоқтарлар Бағжан рухына арнап өлеңдерін арнады. Аудан мен ауыл әкімшілігінен – Фарида Бегенбаева және Алмас Нұрдәулетовтер де жас ақынға арналған еске алу кешінің үлкен мәні барын және оны тәрбиелеген ата-анасына рахметтерін айтты. Кеште Бағжан Бақбергенұлының «Runа» баспасынан шыққан «Өлеңім, мені әлдиле» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Қонақтар болашақта өзі оқыған білім ұясынан «Бағжан Бақбергенұлының сыныбы» ашылса» деген ниеттерін білдірді және де оқыған мектебін ақындығымен республикаға танытқан оқушы еді» деген пікір айтылды.
Жексен АЛПАРТЕГІ