«АРМАН ЖОЛЫНДА» АТТЫ ЖЫР ЖИНАҒЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
2024 ж. 27 қараша
542
0
Шардарада ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лахановтың 50 жасқа толған мерейтойы аталып өтілді. Мерейтой аясында қаламгердің «Арман жолында» атты жыр кітабының тұсаукесері өтті.
Өмір солай,
Алмасады барлығы,
Ақ пен қара, қуаныш пен қайғың да.
Қатал оның шығаратын жарлығы,
Егер бір рет табаныңнан тайдың ба?
Көрсем бүгін кешегіні салмақтай,
Құрылыпты тұзақ даңғыл жолымда.
Болғанымен баста бағым бармақтай,
Маңдайымда бар боп шықты сорым да, – деп келетін жыр жолдарынан ақынның бұралағы көп өмірдің өзін суреттегенін айқын аңғарғандай боламыз.
Кешке ақынның әдебиеттегі ұстаздары, қаламдастары, оқырмандары және де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Салтанатты кешті Шардара аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, жыршы-термеші Сәкен Бегманов жүргізді. Жиын мерейтой иесінің өзі жүрекжарды жырларымен ашылып, ақынның өмір жолынан сыр шертетін бейнесюжет көрсетілді. Бейнесюжет арқылы көпшілік ақынның өмір жолымен танысты.
Шығармашылық кеште алғашқы құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы ақынды мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың «Құттықтау хаты» мен сый-сияпатын салтанатты түрде тапсырды.
Осынау мерейтойға Астанадан арнайы келген ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Сергей Есенин атындағы Алтын медальдің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Қазыбек Иса ақын інісіне ізгі тілегін білдірді.
– Осыдан біраз уақыт бұрын, әр облыстың ақындарын «Дала дарындары» деген атаумен 18 облыстан 18 кітап шығардық. Жобаның басты демеушісі – руханият жанашыры, меценат Ислам Әбішев болды. Оңтүстік өңірінен шыққан жас ақындардың өлеңдері «Оңтүстік орамдары» атты кітапқа енген болатын. Сол кітапқа Сәбиттің де өлеңдері енді. 18 кітаптың тұсаукесері Алматы қаласында өтіп, сонда дүйім жұрттың алдында Сәбит өлең оқыды. Сәбиттің поэзия әлеміне жасаған алғашқы қадамы осы кезде басталды деуге болады.
Сәбиттің өлеңдерінде:
«Болғанмен тағдыр қатал тым,
Білінбес бойдан мұң табы.
Ауылда ақын атандым,
Шықпаған жұқа кітабы» деп келетін жыр жолдары бар. Бүгін жарыққа шыққан «Арман жолдары» атты кітабың құтты болсын!
Сәбиттің: «Мүмкіндік болса жазбауға,
Әсілі дұрыс жазбаған» деп келетін өлең жолдарынан Сәбитте жазбауға мүмкіндік болмағандықтан, өлең жазған. Жазбауға қоймай жазылған өлеңдер шынайы болады. Сәбиттің өлеңдерінің ең басты ерекшелігі де шынайылығында болса керек,- деп жоғары баға берді Қазыбек Жарылқасынұлы.
Сондай-ақ, «Ақ жол» қоғамдық демократиялық партиясының атынан Қазақ хандығына 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығына 550 жыл» күміс медалімен марапаттап, ақынға зор құрмет көрсетті.
Мерейтой барысында Кеңестік кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Декларациясының қабылдануына қол қойған қоғам қайраткері, осы өңірдегі шаруашылықтарды басқарған, бірнеше ауданда аудан әкімі қызметін атқарған Зәуірбек Салықбай, 2011-2019 жылдары «Өскен өңір» газетін басқарған Шардара ауданының Құрметті азаматы Есенбай Бисенбиев, «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Ережеп Бекет, ақын «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» тұңғыш төрағасы Нұрғали Ыбырайымдар өздерінің құттықтау тілектерін арнады.
Одан әрі сөз кезегін Шардара ауданының Құрметті азаматы, Ауған соғысы ардагерлер қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Қылыш Сәтпаев, «Мақтаарал» аудандық газетінің жауапты хатшысы Ұлжанат Смайылова, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шардара аудандық бөлімінің қызметкері Нұрлыбек Дүйсенбекұлы, Еңбек ардагері, қарт құрылысшы, Әбдібай Төреұлы, Шекара қызметі Арнасай бөлімінің бастығы Нұрлан Қартқожақовтар құттықтау сөзді жалғады.
Сәбит ағамызбен ұзақ жылдар «Өскен өңірде» иықтаса қызмет еткен Е.Бейсенбиев төмендегіше естелік айтты:
«Сонау 2012 жылы Шардарада жерлесіміз, ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның 50 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Айтулы кешке қазақтың азулы ақындары – Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, белгілі сатирик Көпен Әмірбек, сазгер Қалдыбек Құрманәлілер қатысты. Ауқымды іс-шара аясында Қазыбек Исаның 50 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Сол жыр додасында Сәбит шашасына шаң жұқтырмай жүйрік шықты.
Сонда Сәбиттің сахна төрінде оқыған жыры:
«Бұралаңы көп өмірдің өзі жорық-сын,
Оты бар жігіт ол жолдан неге қорықсын?
Тағдыр-жібіңді Алатауыңа байларда,
Деді ме екен:
Кіл қырандарға жолықсын.
Жыр еді-ау сонда елге тастаған жоралғың,
Арман арқалап Алматы жаққа жол алдың.
Қызылқұмыңнан қасқалдақ болып ұштың да,
Алатау барып мұзбалақ болып оралдың», деп басталып келді де:
«Ақыры айттым, жасырам аға, сыр несін,
Адал болсам дейм адам боп өмір сүргесін.
Жаныңа жақын тіксем бе деймін өзімше,
Жатаған ғана қараша үйдің іргесін!» деп келетін.
Осындай керемет тілектерден кейін кештің қадірлі қонақтары ақынның «Арман жолында» атты жыр кітабының тұсауын кесті.
Сонымен қатар, ақынның туыстары, сыныптас достары сөз алып, сый құрметтерін көрсетті. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінде бірге оқыған достары да ақынға деген ақжарма тілектерін арнады.
Сәбит Лахановтың елге танымал бірқатар сазгердің әндеріне сөз жазғаны бар-тын. Солардың бірі – Ахмет Молдағұлов.
Бүгінде жұртшылыққа танымал әндердің бірі – бүгінде шардаралықтардың әнұранына айналған «Кел, досым, Шардараға» әнін Ахмет Молдағұлов пен әнші, бірнеше байқаулардың жеңімпазы Бақберген Омаров әуелете шырқады. Әнін әуесқой сазгер, аудандық Мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбай, сөзін Сәбит Лаханов жазған, Бәйдібек ауданының 60 жылдық мерейтойында Бас жүлдені еншілеген «Гүлденген Бәйдібегім» әнін аудандық саз мектебінің мұғалімі, әнші Ұлдар Қанжігітова орындады. Ал әнін Асқар Жайлаубаев, сөзін Сәбит Лаханов жазған «Шардара кештерінде» әнін Айдар Әлмұрат, әнін Ахмет Молдағұлов, сөзін Сәбит Лаханов жазған «Сен білемісің?» әнін Бақдәулет Бәкіров пен Маржан Келдібай керемет орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Кеште аудандағы іргелі білім ордаларының бірі – «Сырдария» және «Қоссейіт» жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Осы орайда бүгінгі мерейтой иесі жәй ғана ауылда жүрген ақынның бірі емес, додаға түссе болғаны дүлдүл атанар нағыз дарабоз екенін атап көрсеткеніміз абзалырақ. Өйткені Сәбит Лаханов 2003 жылғы М.Өтемісұлы атындағы жыр мүшәйрасында І-орын, 2005 жылғы С.Бәйтереков атындағы облыстық мүшәйрада жеңімпаз, 2012 жылғы Қ.Иса атындағы жыр бәйгесінің бас жүлдесін, 2014 жылғы Сүткент ауылының 70 жылдығына арналған мүшәйрада І-орын, 2015 жылғы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бас жүлде, 2018 жылғы Шардара қаласының 50 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйрасында бас жүлде иегері атанды. Мұның өзі өлеңнен өрнек өрген ақынның нағыз жүйріктердің бірі ғана емес бірегейі екендігін айқындай түссе керек-ті.
Шығармашылықпен бірге қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, 2016 жылы және 2021 жылы «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хаттарымен», 2020 жылы Қ-Ж.Тоқаевтың Жарлығымен «ҚР Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, облыс әкімінің «Алғыс хатымен», облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен», бірнеше рет аудан әкімінің «Алғыс хатымен», аудандық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» марапатталған да атап өтсек артық болмас.
2011 жылы «Аудан көлеміндегі журналистика саласының үздігі» атанды. Республикалық Ауған соғысы ардагерлері Одағының «Қамқоршы», қоғамдық бірлестіктердің «Қазақ хандығына 550 жыл», «Қазақ Республикасына 100 жыл», «Алпамыс батыр», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін», «Мінсіз қызметі үшін», «Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл», «Шардара қаласының құрылғанына 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Иә осындайда біз ақынға алдағы уақытта да алар асуыңыз бұдан да биік болсын демекпіз.
Өлеңдері қиыннан қиысқан Сәбит Қоспанұлының мерейлі 50 жасына арналған «Ауылда ақын атандым» атты шығармашылық кештен жиылған жұртшылық рухани күш-қуат алып тарасты.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
«Қазақ үні»