СОНАУ АППАҚ ДҮНИЕ...
2024 ж. 23 қыркүйек
1555
0
Мен Оралхан Бөкейді ойда-жоқта көрдім. Онда да Алматыда емес, Талдықорғанда. Ол қыркүйек айының жазға бергісіз жарқыраған шуақты күндерінің бірі болатын.
Ол кезде жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрында әртіспін. Түс болып қалған кез. Театрдың сол жақ қапталындағы «Талдықорған» қонақүйінің алдында келе жатқанмын. Қарсы алдымнан сұңғақ бойлы, қоп-қою қара шашы иығына төгіліп түскен бір жігіт көрінді. Үстінде қара костюм, ақ көйлек, қара галстук. Ол мойнын соза еңсесін тіктеп келеді екен. Аңырып тұрып қалдым. Мынау Орекең, Ораға, әйгілі Оралхан Бөкеевтің өзі ғой. Апыр-ай, бұл кісі мұнда қайдан жүр!? Әлде соған ұқсас басқа біреу ме? Мүмкін емес. Жоқ, әлде, сол кісінің өзі ме? Санамды қамшылаған сансыз ойдан бір сәтке өзімнің де жүрісім баяулап, орнымда тұрып қалдым. Ол кісі де менің оған тесіле қарағанымды байқады.
Біз Оралхан ағаны театрдан талай көргенбіз. Әсіресе, Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында «Құлыным менің» қойылымы қойылған кездерде әр премьераны жібермейтінбіз. Әдетте, қойылымның соңында әртістермен бірге Орекең сахнаға шығатын. Көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне ырза болып, күректей тістері ақсиып, қою қара шашын артына сілтеп тастап жымиып тұратын. Сонда, ішімізден: «Апыр-ай, ә! Осындай талантты кісіні танығандар қандай бақытты жандар?!» – деп, іштей сахнадағы әртістерге қызыға да қызғана қарайтынбыз.
Мен орнымнан тұра ұмтылдым да:
– Ассалаумағалейкүм, Оралхан аға! – дедім.
Орекең бетіме бажырая қарады да:
– Уағалейкүмассалам! – деді. – Иә, сен кімсің?
– Мен... мен осындағы театрдың әртісімін.
– Ә-ә, жөн екен... – деді Орекең.
– Ораға, мен кеше ғана «Мынау аппақ дүниені» оқып шығып ем... Енді, міне... өз көзіме өзім сенбей тұрмын, – дедім.
Шынында да, дәл соның алдында «Жұлдыз» журналына шыққан повесті оқығам. Кеште бастап түнге дейін оқып бітіргем. Содан ұйықтай алмай, мен де түнімен дөңбекшігем. Бозбала Нұрлан мен неміс қызы Луизаның махаббатына түнімен куә болғам. Өзім де дәл сол Нұрландай күй кешкем.
– Атың кім? – деген дауыстан есімді жинадым да, ныспымды айттым. – Аға, бізге театрға келдіңіз бе?
– Жоқ. Обкомға келгем...
– Бізге келсеңіз жақсы болар еді, сізбен кездесу өткізер едік.
– Рахмет! – деді Орекең. – Кейін бір реті келгенде болмаса...
Ары қарай не кетерімді, не орнымда қаларымды білмей, қипалақтап тұрдым да:
– Ораға, егер уақытыңыз болса, кешке жолықсақ. Мен оны-мұны дегендей, алып келейін... – дедім.
Бірақ қалтамда бір рубльден басқа ақшам жоқ еді. Сонда да солай деп айттым. Орекең маған сынай, күлімсірей қарады да:
– Сен кешкі 6-ға таман осында кел, – деді. – Екеуміз шай ішейік.
– Қай нөмірге? – дедім қарап тұрмай.
– Нөмірді қайтеміз? Одан да астындағы ресторанға барайық.
– Жақсы, аға! – дедім.
– Жарайды, жақсы, – деді де Орекең сол қолын қалтасына салып, тіп-тік қалпы ары қарай кете барды. Мен орнымда сілейіп әлі тұрмын. Бір кезде есімді жиып көшенің арғы бетіне жөней бердім.
Қуанышымда шек жоқ. «Апырым-ай-ә! Сонда, кешке Оралхан Бөкеев менімен бірге шай ішем деді ме?» – деймін ішімнен. Бірақ жазушылардың бәрі ішеді деуші еді. Оған ақшаны қайдан алам? Не де болса, бухгалтерияға барып, қарыз алайын деп театрға қарай тарттым. Барсам, бас бухгалтер орнында жоқ, түскі астан әлі келмеген екен. Әркімнен бір 10 сом ақша сұраймын. Қайдан, ол кезде театрдың әртістерінің бәрі жас. Тапқандары тамақтарына бірде жетсе, бірде жетпейтін кез. Оның үстіне, көбі пәтер алған. Жас отбасылар. Оны-мұны алу керек дегендей. Кімде ақша болсын? Сөйтіп жүргенде, уақыт та зыр ете қалды. Сағат төрт боп қалыпты. Аялдамаға тарттым да «5-ші шағынаудан қайдасың?» – деп автобусқа міндім. Үйге барып бір киер көк шалбар, жасанды теріден жасалған курткам мен жаңалау көйлегімді киіп, қонақүйге келдім. Әлі де 15 минуттей уақыт бар.
Есік алдында әрі-бері жүргем. Бір сәт іштен Орекең көрінді. Үстінде қызғылт джинсы шалбар, қызғылт джинсы куртка. «Жүр, бала!» – деді Орекең. Екеуміз мейрамханаға кірдік. Іште адам көп екен. Ол кезде мейрамханада темекі тарта беретін заман. Көк түтін. Екеуміз бос тұрған бұрышқа барып отырдық. Даяшы келген соң Орекең оны-мұны тапсырыс берген. Ең соңында ғана коньякқа тапсырыс берді.
– Талғатжан, мен Алматыда ішпеймін, – деді. – Ақын-жазушылармен де, әртістермен де. Бірақ бүгін сенімен кішкене ішейін, – деген.
Сол кеште әңгіме көп айтылды. Орекең сол күні менімен шешіліп сөйлескен. Мен оны-мұны шұқылап, асқа аузымыз тигенде, қалтамдағы бір сомым тыныштық бермеді. Бір сәт Орекең сыртқа шыққанда мен алдымыздағы қағаз майлыққа: «Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты – Оралхан Бөкейге!» – деп жаздым да, музыканттарға келдім. Ішінде гитарада ойнайтын Нурик дейтін жігіт бар. Оны танимын. Кейде біздің театрға, кейде біздегі гример Оляға келіп тұратын.
– Нурик, мә, мынадан басқа менде ақша жоқ. Бірақ, мына кісіге бір ән арнаңдаршы, – деп, қағазды қоса қыстырдым. Ол кезде әнге тапсырыс беру құны екі не үш сом болатын. Нурик, әйтеуір, алды.
Орекең қайта орнына отырған, әңгіме қайта жалғасқан кез. Бір кезде музыкант жігіттің біреуі мен жазып берген қағаздағы құттықтауды Орекеңе арнаған. Жұрт біткен елегізіп, жан-жақтарына мойындарын созып қарап қалды. Орекең мұны, әрине, күткен жоқ. Осы кезде мейрамхана залының арғы жақ бетінде отырған бір-екі жігіт елең етіп, біз жаққа қарады. Бір сәт даяшыдан «Сіздерге» деп дастарқанға бір бөтелке шампан мен бір бөтелке коньяк жібертіпті. Орекең риза болып, даяшыға: «Рахмет!» деді. Сөйтсек, Орекеңді сыртынан естіген, білетін әлгі жігіттердің сәлемдемесі екен.
...Біз сол кеште Орекеңмен ұзақ әңгімелестік. Бүгінде, ойлап қарасам, бұл – Оралханның кісі тани білуінде шығар деймін. Әйтпесе, бұрын танымаған, білмеген жас баламен бір кеште кім солай отырар дейсің?..
Айтпақшы, сол кеште мен Орекеңе: «Болашақта Москваға оқуға кетсем, кинорежиссер болсам» деген ойымды айтқанда:
– Мұның өте дұрыс. Бізде қазір кинорежиссерлер жоқтың қасы.
Қарашы, қырғыздардың киносы қандай керемет?! Өзбектер болса, ғажап! Тіпті түркімендер мен әзірбайжандардың кинолары да бізден әлдеқайда мықты. Сондықтан, бұл ойыңнан қайтпа! – деді.
Жас кезде, балаң кезде ойыңның түкпірінде кейбір ойлардың жататыны болады. Бірақ сол ойды қаузап, қанаттандыратын, жылы сөзімен сені аспанға көтеретін адамдар болады. Орекең дәл сол кезде менің ой-арманыма қанат бітіргендей еді. Сөйтті де менің ойымды іске асырмайынша тыныштық тапқызбауға түрткі болған еді...
«Бұл шақта қыз аппақ денесі күн көзіне қақтаған күмістей болып шағылысып, тек суға түсетін іш киімімен тұрған. Нұрланның өн бойын токпен ұрғандай болды. Көзі қарауытып, басы айналды. Денесі әп-сәтте қызып сала берді, жұтынып еді, ыстығы бірден көтерілгенде барып, есін әрең жиған. Луиза басы ғана қылтыңдап, жүзіп барады. Құлаштай көтерілген білегінен мың-сан мөлдір тамшы сорғалайды. Нұрлан дымы құрып, жағаға отыра кетті.» Мұндай суретті тек Бөкеев қана жазар...
Келер жылы біздің театр гастрольге шықты. Семей, Өскемен облыстары. Үш айға созылған ұзақ сапар. Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» пьесасын біздің режиссер Сәулебек Асылханов «Қайдасың, Хайдарбек?!» деп қойған. Мен Хайдарбекті ойнаймын. Сонымен, екі айдан соң біз Қатонқарағайға жеттік. Бір күні спектакльді Шыңғыстауда қоятын болдық. Кешке дейін декорацияны құрып, гримімізді салып, киініп алғанбыз. Басқа әртістерді білмеймін. Бірақ Оралхан ағаның осы ауылдан екенін білем... Бірақ ол кісінің үйі қайда? Кімдер тұратынын білмеймін. Сұрауға да ыңғайсыз. Мен гримімді салып отырған кезімде шалдың рөлін ойнайтын Өмірсерік Қалиев кірген.
– Жүгір сыртқа! Сені Оралхан Бөкеев шақырып жатыр, – деген.
Буыным дірілдеп, қуаныштан айқайлап жіберуге шақ қалдым. Сыртқа атып шықсам, қасында екі-үш жігітпен Оралхан Бөкеев тұр. Мойнында орамал, үстінде қызыл көйлек, көк джинсы. Жүгірген бойда мойнына асыла кеткім келсе де, жақындағанда сабыр сақтап, қос қолдап амандастым. Орекең де менің қуанышымды сезді. Амандық-саулықтан соң:
– Былай болсын, – деді. – Анау әртістердің бәрін алып, спектакльден соң біздің үйге жүріңдер. Апам дастарқан жайып күтіп отыр.
Міне, қызық... Алматыдан іздесе таба алмайтын, шақырып келтіре алмайтын Орекеңнің тура алдымыздан шыққаны. Жылына бір рет болатын демалысына Оралхан аға ауылына бір соғып кететін әдеті екен. Қарашы, «құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші, тура біздің келуімізге орай, Орекеңнің ауылында болуы қандай жақсы болған?! Мен облыстық театрдағы спектакльдің бүгінгі кештегі бас кейіпкерімін. Балаң кезім. Есіл-дертім «Орекең залға кіріп ойынымызды көрсе» деймін.
Қойылым басталып кетті. Бүгін жанымызды, барымызды салып ойнадық. Бірақ Орекең ойынымызға сыртынан қарап, кірмей есік алдында әрі-бері жүрген. Спектакльден соң бүкіл әртістер ескілеу «Кубань» автобусына отырып, Орекеңнің үйіне тарттық. Орекең қасындағы бір-екі жігітпен есік алдында жүр екен. Біз сығандай шулап үйге кірдік. Орекеңнің анасы Күлия апа, әпке-қарындастары Айман, Ләззат, Ғалиялар бар екен. Мені Орекең анасымен ерекше таныстырды.
– Тәте, мына қара бала Талғат маған іні боп жүрген жігіт. Көзінде оты бар, бір жерден шығады, – деді.
– Айналайын, қайда жүрсең де, аман жүр! – деп анасы батасын беріп жатыр.
Біз түн ортасы ауғанша ұзақ отырдық. Бұл ағаш үй, бұл шаңырақ Орекеңнің Отаны, өскен ұясы. Бұл үйді Орекең өз шығармаларында талай жазған. Сондықтан да бұл үйді мен сонау баяғыдан білетіндеймін. Сондай күйде болдым. Ас ішіліп болған соң жұрт шайға дейін демалуға сыртқа шықты. Орекеңе мен де ілестім. Ол қалтасынан «Қазақстан» сигаретін шығарды да, маған ұсынды. Сосын, баяғыда екеуміз отырғандағы сәт есіне түсті ме:
– Иә, айтпақшы, сен тартпаушы едің ғой... – деп, ол қара фильтрі бар сигаретті тұтатты да, құшырлана тартты.
– Қалай, әртістерің риза ма? – деді Орекең.
– Рахмет, аға! Ауылдарыңыз қандай керемет! Бұқтырма, мына тау, бәрі ғажап екен!
– Иә, – деп жымиды Орекең. Ол күлгенде көздері жұмылып кеткендей көрінді маған.
– Мұхаң, Әуезов кішкене Шыңғыстауын соншама жазды. Ол осы жерде туса, не болар еді? – деп күлді. Күлкісі шынайы, баланың күлкісіндей. Иә, Шыңғыстай. Оралхан Бөкей танытқан Шыңғыстай. Шыңғыстай ауылы...
«Ауыл. Ал ауыл сол баяғы қалпы, жым-жырт ұйқыда; қаймақшыл жатқан тыныштықтарды Бұқтырманың сарыны ғана бұзады. Жоқ, Бұқтырманың сарыны бұзбайды, қайта сол ауыл үстінде ұйыған тыныштықтың күзетшісіндей мәңгі толастамас қуатпен сарқырап ағып жатқаны. Егер Бұқтырманың сарыны бір сәтке тоқтап қалса, мынау жылқыдай жусаған дүниенің өлі тыныштығы сонда ғана беймазаланатындай еді: Осыншалық жуас мамыражай тыныштықты қалайда бір нәрсе бұзушы еді ғой. Ол не?»
Иә, ол – Орекеңнің күлкісі екен-ау...
Кейін мен оқуға Мәскеуге кеттім. Ол жақта біраз кідірдім, оқыдым. «Бөлтірікті» «Мосфильмде» түсірдім.
Келгеннен соң да Орекеңе хабарласып, араласып тұрдым. Кездескен сайын өзгелер секілді ыңыранып, кекиіп емес, баяғыдан білетін ақкөңіл ағалық бауырмалдықпен бауырына басатын. Жамбыл көшесіндегі ақын-жазушылардың екі үйі болатын. Сондағы ақ үйде Айман жеңгейдің шайын да ішкем.
1992 жылдың жазында Орекең біздің үйде болды. Германиядан келген (аты есімде жоқ) бір кісімен бірге келді. «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабын да ала келіпті. Алғашқы бетіне: «Талантты інім Талғатқа» деп жазған.
Ең соңғы кездесуіміз. Сәуір айы еді. Мен Жазушылар одағының шығармашылық үйіне барсам, Орекең де сонда екен. Бірақ кетуге бір-ақ күн қалыпты. Асханада отыр екен. Мені көріп таң қалды.
– Иә, сен қайдан жүрсің? – деді.
– Сценарий жазайын деп осында келгем.
– Кел, мұнда отыр! – деп қасынан орын ұсынған.
Кешкі астан соң екеуміз далада ұзақ қыдырдық. Онда ақын-жазушылар көп. Бірақ Орекең оларға көп көңіл бөлмеді.
– Жаңа киноңды көрдім, жақсы екен. Мордюкованы жақсы таңдапсың. Енді, өзімізге, біздің прозаға көңіл аудар, – деді.
– Түсіндім, Ораға! «Қасқыр ұлыған түнде» мен «Қар қызын» монтаждап, кино жасаса күшті болар еді...
– Енді, оны көрерсің... Мен алдағы жетіде Үндістанға барамын.
– Жолыңыз болсын, аға! Тәж-Махалды көріңіз, ғажап жер!
– Бұйырса, көрерміз... – деді Орекең.
Орекең ертесіне жұмысына кетті. Үндістанға барам деп кеткен...
Бірақ Оралхан сол сапардан оралмады.
Тағы да Орекеңнің өзі айтқандай...
«Қалайша, дүниедегі ең зәулім, ең мықты ағаштың бір-ақ түнде ғайып болғанына қайран қалды. Тамырына тырмысып неге тұра бермеді? Әлде асау өзенге қарсы күресер дәрмен болмады ма; әлде, ағаштың киесі болады деуші еді, солар ұрлап әкетті ме; әлде... ағаштар да адам секілді туар, сонан соң азды-көпті жасар, сонсоң өлер. Тәңірім-ау, ағаштар да өлер ме, иә, өледі, жаңасы өнеді өмірге».
P.S. Айтпақшы, «Гүлназ» повесіндегі бас кейіпкерімді мен Орал деп атаған едім...
Талғат Теменов,
Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық артисі, профессор
ОРАМЫ БӨЛЕК ОРАҒАҢ
– 99 процент өтіп тұрсың, енді бір проценті қалды, күте тұр, – деді де, Орағаң Бас редактордың бөлмесіне кіріп кетті. Ол уақытта еліміздің бүкіл зиялы қауымының бас басылымына айналып, тұтас елді ұйыстырып отырған «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұру деген нәрсе қамал алғанмен бірдей еді. Орағаңа сенсем де, алабұртқан көңілімде күдік те бар болатын.
– Бүгіннен бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі болдың. Құттықтаймын!, – деді Орағаң шыққан соң. Ертіп апарып, белгілі публицист-журналист Қайыммұнар Тәбеев отырған бұрыштағы бөлмеге кіргізді. Алдында «Біздің газетімізге келсеңші», – деп хабарласып жүрген Қайыммұнар ағамның бөлімінде істейтін болдым. «Лениншіл жас» газетінде бірге істеген ағамызды көріп таныс ортаға тап болғандай күй кешкенім рас. Мен келген жаңа ортада бұрыннан білетін Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Дос Қапасов бар еді. Дәл мен келген күні белгілі сатирик Еркін Жаппасұлы да газетке қызметке тұрды. Бұл 1990 жылғы көктемнің қарсаңы болатын.
Түсініксіздеу заман еді. Өтпелі кезең. Мәскеудегі орталық билік әлсірей бастады, жаңа билік келе қойған жоқ. Қиын кездер басталып кетті...
Кезінде байқала қоймаған сияқты, дегенмен, шынында да, өтпелі кезеңде өшіміз кетті. Әдебиет әлеміне әдемі өрнегін салатын уақытта жастық жалынын қарабастың қарбаласы мен тіршілік атты тауқыметтің түтіні жұтып, беймаза арпалысқа түскен буын бойдағы бары мен нарын көрсете алмай қалды. 1990 жылдардың басында басталған баянсыз беталыстар бағдары белгісіздеу бағыттардың жемтігіне айналғандай болды. Жастар жағы улап-шулап көшеде қалды. Шарасыздық шымылдығы ашылып, шайпау тірлік шегін көрсете бастағанда, Алматыдағы құрылысы бітіп, бос тұрған үйлердің пәтерлеріне рұхсатсыз баса-көктеп кіре бастаған жастар тіпті заңдылық пен заңсыздықтың екі арасын айыра алмай қалып еді.
Енді ғана есін жиып, етегін жинап үлгерген, әлкі-тәлкі әлемде әділдіктің ақ туын көтерген, бозбалалық босағасынан енді шыға бастаған, осы күнге дейін біреудің ала жібін аттап көрмеген жастардың бір легі қаланың жоғары жағындағы Әл-Фараби даңғылының аржағына киіз үй тігіп, жер басып аламыз деп жоғарыға талап қоя бастады. Ала жазғы үргін-сүргін әдемі күздегі жер бөлу жұмыстарына ұласып, ақыр-аяғында қаланың шет жағында «Шаңырақ» елді мекендері пайда бола бастады.
Ер бағыты түзу болғанмен ел бағыты бұлыңғырлау болып тұрған осындай оралымсыз ойлары орға жығар күндердің өзінде «Қазақ әдебиеті» газетінде рухы мұқалып сағы сынбаған бірталай жас журналистер мен ақын-жазушылар жүріп жаттық. Бас редакторымыз бекзат болмысты белгілі қаламгер Төлен Әбдік, бас редактордың орынбасары кермаралдай керілген аспанкөктің адамы Оралхан Бөкей, жауапты хатшы адам баласын алалап көрмеген ақкөңіл де аңғал Тұтқабай Иманбеков – бәрі жастарға үлкен үміт артқан алдымыздағы арқасүйер ағаларымыз болды. Ордабұзар отыздың о жақ-бұ жағындағы қатар жүрген қаламдас әріптестерім – Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Жаңабек Шағатай, Талаптан Ахметжан, Дос Қапас, Гүлзат Шойбек, суретші-ретушер Несіпхан Есеев бәріміз бір рулы елдей болып ортамыз толып жүруші едік.
Алдымыздағы аға буыннан ертелеу-кештеу газетте істеп кеткен сатирик-жазушы Сайымжан Еркебаев, фототілші Сайлау Пернебаев, публицист-жазушы Шакизада Құттаяқов, ақындар – Иранбек Оразбаев, Несіпбек Айтов, жазушы Дидахмет Әшімханов, театр сыншысы Әлия Бөпежанова, сыншы Құлбек Ергөбек, ақын Исрайыл Сапарбаев, жазушы Қуаныш Жиенбаев, ақын Қайырбек Асанов, сатирик Еркін Жаппасұлы, публицист-жазушылар – Қайыммұнар Табееев, Зейнолла Абажан мен Әмірхан Меңдеке бар, арқасүйер адамдарымыз, шүкір жеткілікті еді. Сырттай ештеңе байқала қоймағанмен, Әдебиетшілер үйінің үшінші қабатының қара қазаны өз қызығы өзінде қыз-қыз қайнап жататын.
Жанымызда іргелес жайғасқан «Жұлдыз» журналының шаңырағында болып жатқан қызықтар біздікінен де ерекшелеу көрініп тұратыны тағы бар. Онда бірі ерте, бірі кеш қызмет еткен жазушылар – Рамазан Тоқтаров, Адам Мекебаев, ақындар – Рафаэль Ниязбек, Мырзан Кенжебай үшінші қабаттың залын толтырып, баяғыдан келген арыстардай болып маң-маң басып жүруші еді.
Арқа-жарқа болып, алаңымыз қалмай ақтарыла сөйлеп, күліп-ойнап тұрғанда мысы басым Мұхтар Мағауин екінші қабаттан ойлы жүзбен көтеріліп келе жататын. Ондайда бір сәт шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнай қалады. Бәріміз жапатармағай сәлемдесіп, «Жұлдыздың» Бас редакторын бөлмесіне дейін көзбен ұзатып саламыз.
– Әй, Асқар, бері келіп кетші, – деп, кейде ортамызды ойып алып сөз тізгінін бермей тұратын жазушы Асқар Алтайды «Жұлдыздың» жауапты хатшысы, жазушы Ахат Жақсыбаев ағамыз шақырып алады. Түс қайта болып жататын осындай қызықтарымызға екінші қабаттан екпіндей келіп араласа кететін ақын Нұрлан Мәукенұлының орны тіпті бөлек еді.
Жалпы, біз осы Әдебиетшілер үйінде орналасқан газет-журналдарда, тіпті Одақтың өзінде қызмет етіп жүрген қыз-жігіттерді ешқашан бөле-жарып көрмеппіз, бәріміз бір ұжымның мүшелеріндей етене араласып-құраласып тұратынбыз. Достық сезім, бауырластық көңіл-күй басым түсіп, бір-біріміздің жанымызды жақындастыра түсуші еді.
Әдебиетшілер үйінің сыртындағы тауқыметті тірлік, көшеден бастала кететін сұрқай өмір, тіпті сол уақыттарда Алматы аспанын да есеңгіретіп тұрғандай көрінетін «шашылып» жатқан шаруалар басқа дүние де, іштегі аура соның бәрін шайып кететін ғаламат бір бөлек әлем болатын. Көңіліңді бөлмейін десең де кіріптар қылатын кірпияз күнкөрістің қамыты одақтың табалдырығын аттаған сәттен-ақ мойыныңнан сыпырылып түскендей бойымыз жеңілдеп сала беретін. Шынымды айтсам, өз басым үйден жұмысқа жеткенше асығып тұрушы едім. Жалпақ әлемде жетім күй кешкен қараша үйдің қарадомалақтарындай болып бірімізден кейін біріміз ішке кіріп келе жататынбыз. Күні кеше сенім артып келген үкіметіңнің қалпағы қайырылып, қайда барарын өзі білмей есеңгіреп қалғанда, жалғыз құтқарушымыз осы Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиетінің» редакциясы сияқты көрінетін. Не үйде, не түзде айта алмайтын іштегі сыр-мұңыңды тарқататын да, мойныңа қос аяғымен артылып, тынысыңды тарылтқан тауқыметтің тізгінін босататын да, шынын айтқанда, осы қара шаңырағымыз еді.
Осы жастардың ішінде пәтер жалдап тұрып жатқан Талаптан Ахметжан екеуміздің жағдайымыз ұқсас болатын. Отыз төртке келгенде жеті баланың әкесі атанып, құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп, соған мәз болып жүрген шағым. Үй қайда, күй қайда, редакцияға келсем болды бәрін ұмытып, Сырдың суы сирағымнан келмей, байдың ерке баласы құсап еркелеп, кеудеме нан піскендей болып қаламын. Мұндағы ағаларымның арқамнан қағып, төбесіне көтергеніне қарным тойып, өзімнен-өзім марқайып қалушы едім. Көңіл шіркін ғажайып дүние екен ғой, редакциямыздағы ағаларымыз бар-жоқты білдірмей, асып-тасып, атжарысқа айналған аламанның арасында қасқайып тұратын.
Талаптан екеуміз келсең жете алмайтын, барсаң қайта алмайтын «Шаңырақтан» жер телімін алып, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей болып, бір қиырға қияндап кеттік. Сол уақыттарда біздің редакцияда бар-жағымызды білдірмей, жұмыстан шашау шығармай «артымызды жауып» жүрген әріптестеріме әлі күнге дейін риза боламын. Тіпті, Орағаңның өзі:
– Сендер Талаптан мен Әнібарбекті іздеуші болмаңдар, олар үй салып жүр, – деп, оқта-текте жігіттерге ескертіп те қоятын. Ол кісі мені еркелетіп солай айтушы еді.
Орағаңды айтсам, еске түсер әңгіме көп қой. Бір күні лездемеде газетке берілетін суреттердің сапасы, жанры туралы сөз болып жатты. Әңгімеге араласар сәт туып қалды да:
– Біздің «Шаңырақтың» аспанын құстардың қиқуы әнге бөлеп, әдемі бір көрініске айналдырып жатыр. Газеттің бірінші бетіне сондай көріністерді үлкен етіп тастап келіп жіберсе, керемет шығар еді ғой, – дедім.
– Ой, шіркін-ай десейші! Әнуар ауылды көз алдыма елестетіп жіберді ғой, – деп, бұл сөзіме Құлбек ағам риза болып қалды. Кейіндері де сөз арасында:
– Ауылдың шетінен ағып өтетін өзеннің айналасы тұмса табиғаты бұзылмаған тоғай, түгін тартсаң майы шығатын көк шалғын. Ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс жаныңды жадыратады, – деп, Талаптан екеуміздің ауылымызға одан сайын қызықтырып қоятыным бар. Осындай сөздеріміз көңілінде жүретін болу керек, Орағаң бір күні:
– Талаптан мен Әнібарбектің ауылына ұжым болып «маевкаға» барып, бір күні көгалда демалып қайтайық, – деді.
– Ол тіпті керемет болар еді. Көгалдың үстіне киіз төсеп жіберіп, салқын судың жағасында аяқ-қолды жазып жатқанның өзі неге тұрады, – деп, жігіттер қыздыра түскенмен, кейін бұл әңгімеміз аяқсыз қалып қойды. Арасында ойыма түскен сайын «Орағаңдарды үйімізге бір шақырып жіберуіміз керек еді» деп, Талаптанға айтып қоятынмын. Алайда, әзер тапқан бір ағашымызды не терезенің үстіне қоярымызды, не есіктің үстіне қағарымызды білмей, анаған бір, мынаған бір жеткізе алмай, «там салғанның тамтығы қалмайды» болып жүрген кездеріміз ғой, бұл ойымыз орындала қоймаған еді.
Оралхан Бөкеев бұрыннан сүйіп оқитын жазушымыз болатын. Ол кісіні ең алғаш 80-жылдары ҚазМУ-дің дайындық бөлімінде оқып жүргенімде көрген едім. Балалар мен жасөспірімдер театрында Орағаңның «Қар қызы» спектаклі қойылып, бәріміз қызыға қатысқанымыз есімде. Қойылым біткен соң, жабыла қолтаңба алдық.
Екінші рет Орағаңды ақын Жүрсін Ерман екеуі біздің курстың студенттерімен кездесуге келгенде көрдім. Онда да келелі әңгіме қозғалды. Жастардың сұрақтарына жауап берді. Сөйлеп тұрғанда бір орнында тыныш тұра алмай, әңгімесінің ырғағына сай билеп тұратындай көрінген. Енді міне газетке қарамағына келіп, өзім іштей риза болып жүрдім.
Ол кісіден көп тәлім алдық. Жазу машығы бөлек еді ғой. Адамгершілігінің өзі тәнті қылатын. Бір күні Талаптан екеумізге редакцияның жиһаздарын ауыстырғанда, бір-бірден кітап қоятын үлкен шкаф бергіздірген еді. «Әй, Талаптан, сендерде не бар дейсіңдер, мыналарға кітаптарыңды, киімдеріңді салып қоярсыңдар. Біздің қолдан келетіні әзірге осы ғана» деп қоятын. Редакцияның ескі мүлкі біз үшін үлкен қазына еді, шынында. Екеуміз сол күні-ақ көлік жалдап, желкеміз кәдімгідей күжірейіп, үйге испан жиһазын апарғандай қуандық.
Қазір мен басқа басылымда жүрген соң ба, «Қазақ әдебиетінің» редакциясында осы ағаларымыз бен қатарластарымның бәрі әлі сол күйінде жүргендей болып тұрады. Әркімнің өз ізі, өз жолы қалған соң, солай көрінуі заңды да шығар.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ақын.