Марат Қабанбай: Ұлып жұртқа қайтқан ой

Марат Қабанбай: Ұлып жұртқа қайтқан ой

Қазақ елі Тәуелсіздігінің таңсәрісі мен алғашқы жылдары публицист-жазушыларымыздың дені қоғам дүмпуінен бойды да, асыл ойды да аулақ салып, марғаулық танытқаны есімізде. Осындай алмағайып кезеңде асау публицистиканың жалына жармасқан балалар жазушысы Марат Қабанбайдың ұлттық рух, тіл, діл тұрғысындағы дүниелері өткірлігімен, тереңдігімен қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, қалың оқырманның ықылас-қошеметіне бөленді, ой-толғамдары мен өзіндік пікірлері көпшілікті терең ойларға жетеледі. 

 Өмірден ерте өткен Азамат-Қаламгердің сол жылдары «Парасат» журналы мен «Ана тілі» газетінде жарияланған публицистикалық мақалаларындағы толғамдары қазір де маңызын жойған жоқ. ... 

  

Тәуелсіздік қарсаңында ақиқат жолындағы күрес жайында ашық жазу міндеті айқындалып, республиканың кейбір басылымдары өзгерістерге ұшырай бастады. “Парасат” журналының 1989-1991 жылдардағы бас редакторы, публицист Бексұлтан Нұржекеұлы былайша еске алады: “Бас сарашы қызметіне мен 1989 жылдың қарашасында тағайындалдым. Камал ағамыз (Камал Смайыловты айтып отыр.-С.С.) “Мәдениет және тұрмысты” “Парасатқа” өзгертіп, 1990 жылдың 1-санын өндіріске жіберіп қойған екен.

Халық тарихын, тарих шындығын ел-жұртқа жаңаша таныту қажеттігі күн тәртібінде тұрды… “Жазушы – жариялылық жаршысы” деген айдармен ақын-жазушыларды көкейтесті мәселелерді сөз етуге тарттық… Қысқасы, ел санасын парасат деңгейіне көтеру үшін не қадет десек, соның бәріне қозғау салуға тырыстық.   

Қаншалықты биік мақсат алдыңа қойсаң да, оны адамсыз, атқарушы мамансыз, әрине, шеше алмайсың. Сондықтан кадр мәселесін дұрыстау қажет болды…

Сол тұста жұрт кәсіби жорналшылардың жазғанынан гөрі ақын-жазушылардың көкейінде көптен айтылмай келген ащы шындыққа айрықша құмар болды. Соны ескеріп, біз жазушылармен, ғалымдармен тығыз байланыс жасауға тырыстық. Жазушылар Марат Қабанбаев пен Кәкен Хамзинді сол жұмыстарды атқаруға жектік” (Жариялылыққа ден қойдық // Парасат. 1989. №7).

Осылайша тоқсаныншы жылдардың басында балалар жазушысы, Халықаралық Х.К.Андерсен атындағы Құрмет грамотасының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының лауреаты Марат Қабанбаевтың публицист ретіндегі қызметі басталды.

Марат 70-80 жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған таңдаулы шығармалардың республикалық конкурсында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болып жүрген, болашағынан үлкен үміт күттірген таланттардың бірі болды. 

“Қазіргі қазақтың қара сөзі, негізінен жылнама ғана, - деп жазды ол. – Онда да көбі саусақтан сорып, ойдан қосқан өтірік жылнама. Мұндай әдебиетті әлемнің ұлы жарысына қоса аламыз ба? .. Қазан көтерілісінен бері көзіне көк шыбын үймелеген қазақтың қара сөзінің көтерем атын мына алмағайып заманда ортада қалдырып кетсек – ұят. Өйткенше, намыстан жарылып өлгеніміз жақсы. Келер ұрпақ жазушының басына қойылған құлпытасты емес, көзі тірі кезінде жазып кеткен шығармаларын оқығысы келеді. 

…Біз әзірге құжат жүзінде тәуелсізбіз, ал нағыз рухани тәуелсіздіктің ауылы әлі алыс. Рухани тәуелсіздік ел бостандығының ең басты белгісі. Екі қазақтың біреуі өз ана тілін білмесе, ол неткен жарым жанды, жарты санды тәуелсіздік? Желбіреген жалауы мен “Ана тілі – арым мен барым!” деп жазып алған әдебиет пен өнерімізді бүгін жетімсіретіп, босағамыздан бүйтіп сығалатып қойсақ, оның обал-сауабы ел басшысынан бастап, бәріміздің мойнымызда” (Тірісінде таптап, өлген соң мақтап... . Азат елдің әдебиеті қандай болу керек? // Парасат. 1992. №7). 

Публицист-жазушы М.Қабанбаев қоршаған орта, тіршілік, ұлт тағдыры, адамдар бойындағы қасиеттер, т.б. төңірегіндегі ой-толғамдарын қағаз бетіне түсіріп жүрген. Оның “Парасат” журналының тұтас екі бетінде жарық көрген дүниесі “Марат Қабанбаев: Ұлып жұртқа қайтқан ой” деп аталады (Парасат. 1992. №9). Осы орайда публицистің ешкімді де бей-жай қалдырмайтын мірдің оғындай философиялық толғамдарының біршамасын келтіруді жөн санаймыз: 

* Қазекем ауруханаға өлу үшін ғана барады. 

* Ұлылар тек туады, ал оның өмірбаянын басқалар жасап, жазып береді.

* Біз әлі қалыптасып бітпеген ұлтпыз. Оның ең басты белгісі – ру, жүзге бөліну… Мұны Европа орта ғасырда бастан кешкен. Қазіргі француздар, мәселен, кезінде гаскон, саяояр, нормани, лотарингия, эльзастық, т.т. болып бөлінген. Екінші белгіміз – не болса соған еліктегіштігіміз. Адам өзінде жоқ қасиетке еліктейді.

* Ең үлкен мықтылық – жеңілгеніңді мойындау және одан қорытынды шығара білу керек.

* Біз деген елең-алаңда шырт ұйқымыздан шошып оянып, таңсәріде жоқ көлеңкемізді іздеп, зыр жүгіріп жүрген ұлтпыз ғой.

* Үлкен-кіші шенеуніктер бізді неге құл еткісі келіп, құлшынып тұрады? Өйткені олардың өздері құл ғой. “Жалғыз біз ғана құл емес екенбіз”, - деген ой оларды сұмдық рахат сезімге бөлейді.

* Қазан төңкерісінен кейінгі тарихымыз тексіздікті іздеу тарихы ма? 

* Баян сұлу апамыз, әгерәки, Қозы өлмей, сол кісіге күйеуге шықса, бес-алты жыл ғана тату-тәтті өмір сүріп, түптің түбінде Қодарға қашып кететін секілді көрінеді де тұрады. Қозы мен Баян сол заманда қосыла қалса, олардың хикаясын білмей де қалар едік.

* Тас-талқаны шығып жыртылған Сарыарқа, құрғап бара жатқан Арал, Балқаш, жер бетінің жылып бара жатқаны бар (парниктік эффект), қазақ жері түптің түбінде Намибия секілді шөл далаға айналатын шығар. Бізді ел ретінде құтқарып қалатын да осы: шөл дала қазақтан басқа кімге керек?

* Халтура жазушының жан дүниесіне шыбын болып кіреді де, соңыра піл болып шықпайды.

* “Талантпын” деп кеуде соғу, оны және жан сала насихаттау төбеттің өзін төбет екенін дәлелдеу үшін ұлып тұрып үргені секілді бірдеңе.

* Маған кейде ұлы суретші, жазушы, композиторлар бүкіл ғұмыр бойында: “Қалайда мейлінше азап көріп, ит жеме болып өлетін өлке қай жерде?” – деп қиналып, соны ұжмақтай етіп көріп іздеп, қаңғып өтетін дәруіштер сияқты елестейді.

* Қазақтан сөз құтылмаған, жер бетіндегі барлық құбылысқа баяғыда-ақ бағасын беріп, әркімнің не істеу керек екеніне дейін айтып кеткен. Әттең, сол өз айтқанын өзі істемейді.

* Саясаткерлер қателеседі, ал зардабын қара халық шегеді.

* Ешкім ешкімге керек емес, ешкімді ешкім іздемейтін бұл неткен қатал қоғам?!

* Қазақ креслоға, орыс балтасына табынады.

* Үш жарым ғасыр бойы Ресей империясы қазақты қара жерге салып қойып, кергілеп бақты. Біз оны махаббаттан болған секс акт дедік. Және де сол үшін орыс ағайынға үнемі рахмет айтып, құлшылық жасап келдік. Өзін зорлап қорлағаны үшін де рахмет айтқан халықты алғаш көруім…

* Біздің ұлт төртаяқтап еңбектеп, жол қараған сәби секілді.

* Бізге: “сәл-пәл, сәл сабыр, көкесі”, - деген сөзге жүгіну сұмдық жетіспейді.

* Бұл дүниеде жығылмай-сүрінбей тік түрегеп жүретін жігітті емес, он жығылып, жүз сүрініп, содан тік түрегеп, бойын түзеп кеткен жігітті мақта!

* Төңірек толы – күшену… Кеше ғана азаматтық алған құл мен қатыннан, көбік патриоттан бүгін сақтан.

* Екі дүниеде алдымен адамзатты, қалды, ұлтты жарылқап жүрмін деген пендеден аулақ бол. Бұл ойдың оларға қанат бітіретіні сондай, олар өзіне де, өзгеге де маза бермейді және кімді болсын құрбандыққа шалып жібереді. Ең дұрысы, оларды жөні келсе жындыханаға жіберіп, емдетіп алу керек.

* Жандайшаптар армиясы жағымпазданатын объект таппаса, басына қан құйылып өліп кете жаздайды; дереу оны қолма-қол “тәрбиелеп”, өсіріп шығарады – оларға күнкөріс керек. Сондықтан да креслоға қолы жеткен кез келгеніміз, әлгілер керек деп тапса, күні ертең өзіміз де байқамай бюрократқа айналуымыз оп-оңай.

1994 жылдың қаңтар айынан бастап публицист М.Қабанбайдың тіл және елтану апталығы – “Ана тілі” газетінде ұлттық рухани мәселелерді кеңінен қозғаған қазақ тілінің бүгіні мен болашағы туралы мақалалары жариялана бастады. Жазушы-публицист еңбегінің басты ерекшелігі - өзіндік пікірі мен ой-толғамдарының құндылығында еді. Азамат-қаламгердің ұлттық мүдде, ұлттық рух аясында көтерген қадау-қадау мәселелері өзінің өзектілігімен қалың оқырманды ынтықтыра түскені ақиқат болатын.

Публицистің тіл тәрбиесінің өкшесін баса жүретін жас ұрпақ тәрбиесіне арналған мына мақаласына назар аударып көрелік (Адамның бір қызығы бала деген... немесе неге беттен алады қазақ баласы // Ана тілі. 1994. 3 қаңтар).

Ежелден-ақ тұрмыстық тәрбиенің орны бөлек. Ол – ана тілінің әлдиі мен шешенің омырау сүтімен, әкенің қабағы, ата-әженің күншуақ мейірімімен біртін-біртін барып бойға сіңетін өте нәзік те шәлгез шаруа. Өкінішке қарай, тілімізге қоса ұлтымыздың әліппесі “үлкенге құрмет, кішіге ізет” деп басталатын асыл қазынасынан көз жазып қала жаздағанымыз рас. Байырғы қазақы тәрбиенің орнын телеарналардағы детектив, секс тәрбие басып барады. Ол аз болса енді, міне, базар нарқы баса көктеп, алып кет те қағып кет, сауда сақал сипағанша деген жұлымыр психология өмірімізге дендеп енді. Қазақ баласы бүгінде осынау қайнаған қан базардың қақ ортасында қалып барады. Оның үстіне отаршылдық жүйеден жұққан, көбіне біздің мінез-құлқымызға сәйкес келе бермейтін орыси тәрбиеміз тағы бар. Бұрын біз көрмеген, білмеген мутант ұрпақ пайда болды. Басқаны былай қойғанда, тәрбие табалдырықтан басталады десек, қонақты есік көзінен жылы қабақпен қарсы алып, сырт киімін шешуге, аяқкиімін қоюға жарайтын қазақы балалар көзден бұлбұл ұша бастады.

“Иә, бойдағыны бере алмасақ, еге алмасақ, ол біздің кінәміз, баяғы желкеден тартқан кер жалқаулығымыз, - деп жазады публицист. – Тіпті о да емес, бұ да емес, “үкімет өлтірмейді, өкімет өзі бағып-қағып тәрбиелейді” деген арамтамақ құлықтан, әлде, “Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деген аталмыш сөзге құлақ үйреніп, мен беруді қойғанымыздан, қалай болса да бұл күнде дүрегей де дүбәра, жүзі суық, жүрісі суыт, тілі мүкіс, мәңгүрт ұрпақ өсіріп үлгердік”.

Автор сөзді сұйылтпау үшін өмірдің өзі ұсынған нақты мысалдарға жүгінеді. Өздері студент аталғандарымен базарда арақ-шарап сатумен айналысатын екі қазақ баласының әлімжеттілікке салынып, пәтер иесі – бір кездері институтта сабақ беріп, қазір пенсияға шыққан қазақ шалын қалай қорлап жүргенін жеріне жеткізе айтады. Публицист-жазушы қандас бауырларымыз өзбек, әзірбайжан, ұйғырлардың бала тәрбиесіндегі өзі куә болған үлгілі істерін, бетімен ауа жайылып кеткен қазақ балаларының оспадарсыз іс-әрекеттерімен жаны күйзеле отырып салыстырады. Ол аузынан боқтығы, ернінен шылымы түспейтін бозбаланы көрсек, “орыс тәрбиесінен ғой” деп жиырыла, шытырлай қалатынымызды көлденең тарта отырып, “Ау, осы біз неге орыс пен қазақтың жаман қылығына құмармыз да, жақсы қасиеттерінен қашық жүреміз? Ал, әлгі еңбекшіл де саудашыл ұйғыр балалар орысша оқымап па, қазақ балаларымен араласпап па?” деген сауалдарға жауап іздейді.

Тоқсан үшінші жылдың басында өткен Жоғары Кеңеске депутаттар сайлау науқаны халық күтпеген төтен мәселені алға тартты. Парламентке депутаттыққа үміткер 380 адамның 73-і (қазақтар) “Орыс тіліне мәртебе беруге разымын” деді (Караван. 1993. 12 мамыр). Бұл сұрақ қойылған үміткер қазақтардың үштен бірі. Осылайша Ата Заңымызда: “Орыс тілі – ұлтаралық қатынастар тілі” деп тайға таңба басқандай жазылса да, оны аз көретін өкпелілер, басқаны былай қойғанда, өз арамызда бір тайпа болып шықты. Бұлар кімдер және қоғамдағы сүйенген базисі, ұстанған дәйектері не? Қостілдік мәселесі неге қайта-қайта көтеріле береді? Жалпы Республикадағы тіл ахуалы қандай?

Публицист М.Қабанбайдың пайымдауынша, республика өмірі қайнап жатқан қара қазан болса, осы құт-берекені тіреп тұрған ошақтың үш тағаны мыналар екен: 1. Орыс қауымы. 2. Аңсары қостілдік өз қандастарымыз. 3. Қазақ тілдінің намысын жыртып, жоғын жоқтаушылар (Тайқазан яки ошақтың үш тағаны // Ана тілі. 1994. 3 қаңтар). 

Мақала авторы әңгімені әрі қарай тамызықтап, осы үш топқа қысқаша мінездеме беруден бастайды.

Публицист айтып отырған ошақтың үш тағанының бірі таза орыс тілді қауым жөнінде көп айтып жатудың қажеті жоқ, бұлар республикамызда мекендейтін таза орыстар. Екінші таған – аңсары қостілдікке ауып кеткен төлқұжаттарында “қазақ” деп жазылған өз қандастарымыз. Есеп бойынша олар исі қазақтың 40 пайызын құрайды екен. Жоғарыдағы 73 үміткер де негізінен сол ортадан. Сонда бұлар кімдер? 1. Орыс бала бақшасында тәрбиеленіп, орыс мектебі, орыс институт, университеттерде оқып-тоқыған будан, шата, нигилист қалалық қазақтардың алғашқы буыны; 2. Арғы түбі ауыл болса да, орыс тілін басын тауға, тасқа соғып жүріп үйреніп, кешегі заманда партия, кеңес, комсомол, тағы да өзге басқару аппараттарында қызмет етіп, жылы, жұмсаққа қолы жетіп үлгергендер; 3. Осы мүмкіндігі мол, құлашы кең, ас та төк ортада өсіп, ішкі Ресейдің жоғарғы оқу орындарын бітіріп, әлі де ықпалды ата-ана, туған, тумаларының жетегімен бүгінде банк басқарып, концерндерге ие болып үлгерген жас буын; 4. Байлық-шайлыққа ие осылардың қолына қарап қалған кейбір орыс тілді өнер, әдебиет, ғылым өкілдері; 5. Оған тағы да ауылдан үсті-үстіне ағылып келіп жатқан миграцияның қалың ортасынан шыққан есепқой, пысық қазақтарды да қосу керек.

“Сонымен не керек, - дейді публицист, - бұл күнде сырт пошымы өзіміз де, іші славян-еуропалық, әлемдік менталитетке ыңғайлы экономикалық, мәдени, саяси, сен тұр, мен атайын дүбәра тайпа қалыптасып үлгерді. Қазақ ұғымына салсақ, төртінші жүз десе де болады”.

Қаны қазақ, жаны славян бұлар сән-салтанатты жай-күйін, өздерін аристократ, ақсүйек деп санайтын тұрмыстық аясын қолпаштап, өз ұлтынан “қорғап” әлек. Неғұрлым саналы, сапалы, білімді бөлігі еуропа, орыс, қазақ элементтері мидай араласқан “жаңа мәдениет пен рухани идеяларын” бүгін де орыс тілінде шығатын газет, журналдардың беттерінде жан салып жасап бағуда. Және көбіне сәтті де. Тек дәстүрлі қазақ өнері, әдебиеті, тарихы, рухани өмірінен қашықтау… Дәл қасында, таяқ тастам жерде қайта түзіліп жатқан дала қазағының мәдениеті олар үшін көбінесе көң иесі бұрқыраған “мәмбеттік дүниелер”…

Егер олар орыс ұлтының қамын жеп жүр десек, тағы қатты қателесеміз. Оларға керегі орыс ұлты емес, орыс тілі, былайша айтқанда өздері жүріп-тұратын, тірлік ететін – күнкөріс тілі.

Публицист орыс тілді қандастарымыздың іс-қимылдарына сипаттама бере келе, мынадай нақты қорытындыға келді: Экономикада орыс тілді қазақ капиталы, қоғамдық өмірде орыс тілді қазақ қаймағы бой көтерді. Ішіндегі қазақ рухындағылар бірен-саран ғана және олар аса ірі тұлға да емес, климат жасай алмайды. Жоғары Кеңесте де олардың үлкен тобы, беделді рухани көсемдері – патриоттары бар.

Тоқ етері, қостілдер ана тілінен, төл ұлтынан ат басын ала қашатын себебінің бастысы мынау: қала-қалада құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан дүмше, надан, сырты бүтін, іші түтін тума бюрократтарымыздың олақ, бірақ табанды “қазақша күресін” көрмей-білмей отырған жоқ. Қазір қолдан кандидат, ойдан докторларды жасауды “ұлттық мақтанышқа” айналдырып алдық. Анализ, синтезге жоқ, тек “болды”, “кетті”-ге құмар қазақ баспасөзі мен радиомыз тым шабан, жалқау. 

Публицист ошақтың үшінші тағаны – “қалың елім, қазағым, қайран жұртыма” үміт аралас сеніммен көз тігеді. Үміт пен сенім деп отырғанымыз, бізде, қазақ қаны мен жаны бар халқымызда бәрі де бар әттең, әттең бәрі де жоқ… Бізде жерінің құнары мен құйқалысын, өзен, көлін, желпілдеген құрағын басқаға беріп, өзі шөл мен шөлейт далада мал бағып жүрген көнпістік пен көнімпаздық бар, өзгенің ұлын өзіміздікінен артық көретін кеңпейілдігіміз де жоқ емес.

Барымыздың ең жақсысы - өзге ұлтты өзекке теппейтініміз, жоғымыздың ең жаманы – жерде алтын жатса еңкейіп алуға ерінетін кер жалқаулығымыз, аңғалдығымыз бен тоқмейілдігіміз.

Публицист ұлт бойындағы жақсы мен жаманға осындай сипаттама бере отырып, осы тұрғыда ашық пікір-таласына ден қояды. Әйтсе де, алдымен үш жүздің, соңынан елімізде тұратын басқа да ұлттар алдында бүгін басталып кеткен пікірталасын қазақтың ымырасыз “азамат соғысына” айналдырмау керек.

“Ең бастысы, - деп толғанады публицист, - ұлт тамырына жегі құрт болып жүрген жікшілдігіміз бен блатымызды – көп жамандықтың құжынаған ордасы бұл! – басқа шығара бермей, замана дауылы ұшырып әкете жаздаған ақ ордамыздың шаңырағын биік көтеріп, уық, керегелерін тігіп, үзігін тағып, бауларын бекем байласақ, ақ киізді сонсын айқара жабайық, жабайық та алдын мыңғырған малға, артын жайқалған егінге толтырып тастайық, ағайын!… Саясаткерлер қателесіп кетсе, оның зардабын ең алдымен қара халық тартады. Жаңадан сайланған саясаткерлер шоғыры – Жоғары Кеңесіміз осыны ұмытпаса игі. Қазақтың қара қазаны асылған ошақтың шегесін суыртпақтан суырмақ түгілі, сәл талтайтынқырап, мынаусы басыбайлы деп өзімізге тартсақ – беті әрі! – қисайған қазанның ернеуінен төгілген сорпа аяққа төгіледі. Қазанның қақпағын әлсін-әлі ашып, дәмін көріп, тұз, бұрыш, пияз салғанның орнына, астына үңіліп, ілік іздеп, шоқ көсеп, тамызық қалаған арам ниет адамның аяғы түгілі, басына төгіледі әлгі ыстық сорпа. Дәм атты дейді мұндайда қазақ”.

Еліміз ғасырлар бойы аңсап келген егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік туы астында еркін тыныстай бастаған алғашқы жылдары қазақ бұқаралық ақпарат құралдары – баспасөз бен телерадиосы абдырап-ақ қалды. Себеп не? Себеп сол, Кеңес империясы тұсында басталып, ондаған жылдар бойы санамызға әбден сіңіп кеткен бас изегіштік, “ләппай тақсыр”-шылдық төл психологиямыз. Он жетінші жылғы қазан төңкерісінен бергі миды кеулеп, әбден кептіріп тастаған мәңгүрттігіміз рухани майданда, оның ең басты саласы - баспасөз бен телерадиода белең алып тұрды. Осылайша, ойлау жүйеміз түгенделіп, мәре-сәре күй кешкеніміз анық. Осындай масқара құлдық мінездің тас қамалын ең алдымен жүрдек те жауынгер публицистика бұзуы керек еді, ерлік жасағанның орнына, қайта: “Бізде бәрі де жақсы, осы бергеніңе шүкір!” деп, алдымен ойдағы, қырдағы халықтың, шама-шарқымызша әлем шұртшылығының көз алдына қызылды-жасылды дүние орнатқымыз келгеніне ешкім де қарсы дау айта алмайды. Егемендік алғаннан бері тәуелсіздігімізге тамсанып, шаршамай-шалдықпай тойлаумен болдық, ал, оны қалай дамытамыз, қалай қорғаймыз дегенге келгенде тіліміз мүкіс, қаламымыз шабан болды. Тағы да өткен заманда өмір сүрген хан, би, батырларымыздың отырған-тұрғанын жабыла жазғанда алдымызға жан салмадық. Уақыт өткен сайын құлдыраған экономика, алапат аштықтың аз-ақ алдындағы қарайған халықтың жайы, өз ұлтын тонауға белсене кіріскен рэкет пен мафия, сыбайлас жемқорлық, т.б. қоғамға мерез болып жабысқан ауыр дерт публицистер қаламынан тыс қалып жатты. Жас қоғамның басында бойына дендеп бара жатқан ауыр кеселге нендей дауа тауып, тұрмысты қайтіп түзейміз, төніп келе жатқан жамандықтардың алдын қалай аламыз, бұл туралы бас ауыртып, ашық жазып жүрген ұлт журналистері жоққа тән болды. Жасыратын несі бар, қазақ баспасөзі толып жатқан жоқ-жітігімізді былай қойғанда, коррупцияға белшесінен батқан әкім-қараларды, шенеуніктерді іздеп жүріп, әшкерелемек түгілі, прокуратура тексеріп, сот үкімін шығарып қойған зобалаң істерді қинала-қинала жариялап, оқиғаның соңында жүруді әдетке айналдыра бастадық. Сол тұстағы телерадио мен баспасөзге сенсек, жер бетінде қазақтан асқан бақытты халық жоқ сияқты еді, ана тіліміз тек бөсуден тұратын сөз, сөйлемдерден түзіле ме деген ой көкейге кептелетін. Журналистиканың ең басты парызы – баспасөз бетін қандай сапалы материалдармен толтыруды күндіз-түні ойластыру болса, біздің газет, журнал бетін немен, қалай толтырамыз деп қиналғанымыз да ащы шындық. Осылайша өз-өзімізді алдап келдік, өз қазағымызды алдадық…

Сол жылдары ұлттық журналистиканың бағыт-бағдарын айқындап, жөн нұсқайтын публицистердің келелі ой-талғамдары мен байыпты сөзіне ауадай зәру едік. Осындай келелі міндетті публицист Марат Қабанбай секілді бірен-саран қаламгерлер атқаруға тырысты (Үндемеген үйдей пәле! Мамырдың 10-ында қазақстандық журналистер Баспасөз күнін атап өтті. Ал сол баспасөзіміз қалай өзі? // Ана тілі. 1994. 7 мамыр). 

Зерек ойлы публицистің пайымдауынша, расына келсек, қазақ баспасөзін тираж жағынан алғанда, телерадионы естір құлаққа келгенде қазақ қарпі мен сөзіне, лебізі мен дыбысына өлердей ғашық ауыл оқырмандары ғана құтқарып тұрды. Онда да тек әзірше ғана.

“Әліппелік жаңалықтарды жазу тіпті де Американы ашу емес, - дейді публицист. - Әсіресе ХХІ ғасырға едел-жедел өтіп бара жатқан сауатты қазақ үшін. Өйте берсек, оқушыға обал. Өзімізге де. Біз баспасөзімізде әлі күнге дейін қанымызға сіңген романтика, поэтикамен жүрміз. Керегі – суық зерек, ащы шындық. Платон айтқандай, “Сен менің досымсың, бірақ шындық екеумізден де жоғары”. Мынау аяуды білмейтін өмірге қазір мұз бетімен мәнерлеп коньки тебу емес, жеті қабат жер астына тік түсіп кететін шахтер шындығы, есебі, қара шара журналистика керек. Сарнап ақыл соғатын абыздың, қобыздың дәуірі келмеске кетті. Тоғайдың сыбдыры, жапырақтың сылдыры қазір ешкімді толқытпайды. Енді алға шығып, келер келешектерді қалам ұшымен нұсқай білу керек, сонда ғана баспасөздің оқырман алдында беті жарық. “Үндемеген үйдей пәледен құтылады” деген мәтелдің күші анау заманда қалды. Бұл заманда үндемеу – үйдей пәле! Кешегі империя, бір жағынан, сол баспасөзді, оппозицияны “КСРО” атты қапырық шошала үйге қамап тастап, ешбір сын естімей, жаппай мақтау, мадақтауға, ду қол шапалақтауға тұншығып өлді. Ол жүйе басқаша ойлайтын, тірлік ететін біреу бар-ау деп еш күдіктенбейтін, “менікі ғана дұрыс!” деген кафкиандық (осы тақылеттес өрескелдіктерді жеріне жеткізе жазған австриялық жазушы Франц Кафкаға байланысты ұғым – авт.) қияли, есалаң жағдайға жетті. Қазіргі қоғам үндемеуден үйдей пәледен қашып құтыла алмайды, сол пәлені өзі іздейді.

Тоқ етері, баспасөз бен телерадионы ұлт өмірінің көрсеткіш шкаласы десек, біздің қазақи шкала көк базардағы алдамшы саудагердің теріс таразысы сияқты дұрыс көрсетпейді. Ол үшін өтірік арланып, бір-бірімізге өкпе артпайық, асылы, шындыққа өкпе жоқ.”

Неге олай? Публицистің ойынша, оның бірнеше себептері бар екен: экономикада атүсті феодализмнен алып кет те, сатып бер НЭП-ке, одан аш-жалаңаш социализмге, әрі қарай қазіргідей сауда сақал сипағанша деген жабайы капитализмге біреуге сүйеніп, екіншісінің етегінен ұстап жығылып-сүрініп жүріп, тәлтіректеп өтіп кетуге болар да. Оның да екі талай уақыт екенін уақыт көрсетіп отыр. Ал, рухани әлемді жасау, күнбе-күнгі мал бағып, егін егу, сауда-саттық жасау емес, оның өзгеруі, дамуы бір сатыдан екінші сатыға көтерілуі ғасырдан ғасырға созылатын өте ұзақ та нәзік процесс. Феодализм тұсында майысып кеткен миымызды кеңес империясы өз қалауынша тағы әлі жеткенше бұрап, бесжылдықтардың темір төсіне салып, гегемонның шойын балғасымен илектеп бақты, оған көнбеген асауларды колхозшының орағымен орып, бір-ақ қырқып тастады. Сол жалпайып кеткен ми мен жетім сананы енді жабайы капитализмнің қып-қызыл тандыр пешіне салып жібердік. Бір нәрсе анық – “шоғына күйіп қалмаймыз ба?” деп, сол дәу пешке анадайдан одырайып, қарауыл қарап жүрген үркек қазақ журналистикасы өз бойына сын көзбен қарап, өзін қайтадан жасап шығуы керек. 

Қысқасы, публицист егемен елімізге “журналистика” атты түзу шкала, сенімді таразы керек екенін жеріне жеткізе айтады. Оның нақты пайымдап отырғанындай, мемлекетіміз “кемшілігімізді дәл көрсетіп, түзу бағыт нұсқасаңдар болғаны” деп, екі қолымызды бос, алдымызға ас қойды. Бұл бірде бір елде жасалмаған жағдай. Осыны орынды пайдалансақ, бұқара халық пен өкіметтің арасын теңелдіріп тұратын әділқазы Бұқар жырау болсақ қані! “Қазақ баспасөзі мен теле радиосынсыз енді қайтіп күн көреміз?” дегенді Президенттен бастап, қара шаруаға дейін айтқыза білсек, біздер іздейтін басқа мұрат, мақсат бар ма? Рухани жәдігерліктерімізді уақытша қиындықты көтере алмай қолдан түсіріп алсақ, оны келер ғасырда да қайтып жинай алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті. Қолдан түсірмеу – бүгінгі баспасөз бен телерадионың мән-мағынасы мен сыр-сымбатына тікелей байланысты. 

Мақаласының соңын публицист: “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады” дейді қазақ. Осыған дейін талай ғасыр бойы күлкі жағын келістірдік. Ол көмір күлкі еді. Әлі де күлкіміз көп. Ары қарай күле берсек дейміз. Бірақ базар заманы күлкіні жақтырмайды, қысқа да нұсқа, нақты сөзді ғана ұнатады. Қазақ оқырманына, халқына жылатып айтатын дос – баспасөз бен телерадио бүгінгі таңда ауадай қажет. Өкіметке де, Елбасына да солай”, - деп аяқтайды. Мұндай пайымға басыңды иесің.

Халқымыздың тарихына көз жүгіртсек, ел үшін, ұлт бостандығы үшін күрестің барлығы да тіл үшін күреспен астасып отырған. Қазақ тілі түркілік сап тазалығының арқасында қалың қытайдың да азулы арабтардың да, тегеурінді моңғолдың да, ормандай орыстардың да ықпалына түспей өзінің төлтума қасиетін ғасырлар бойы сақтап келгенімен дәл бүгінгідей әлсіреп, пұшайман күйге жеткен емес. Ол қазақтардың рухани алтын дінгегі, руға, жерге бөлінбейтін рухани еншісі, шетсіз-шексіз сахарада тарыдай шашылған жұртының басын қосқан дәнекері бола білді. Сондықтан халық та, оның зиялы азаматтары да тілдің тағдырына бейтарап қараған емес. Жан сала күресіп те келді. Сол ұзақ жылдарға созылған күрестің әділетті шешімі сексенінші жылдардың соңында қабылданған Тіл Заңы мен Ата Заңында айқын жазылып, қазақ тіліне жеке-дара мемлекеттік мәртебе берілуі болып табылады. Бұл кейбіреулердің бүйіріне шаншудай қадалды. Олар орыс тілінің өктемдігін біржолата сақтап қалу үшін жанталаса бақты. Бұлардың арасында өзімізбен қаны бір, бірақ тілі мен діні жат кейбір ағайындар да бар. Тіл Заңы қабылданған алғашқы бірер жылда олардың үні өшкендей еді, кейінірек шовинистік пиғылдағы келімсектерге үн қосып, қарсы әрекетке көшті. Олардың көпшілігі, әсіресе, 1994 жылғы Парламент сайлауы кезінде өздерінің бет-пердесін ашып, туған халқының мүддесін сатып кетті.

Тілдің тағдырын, оны дамытуды қоғамдық ортадан бөле-жара қарауға болмайды. Сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы саяси өзгерістер, ұлттық сананың күрт көтерілуі қазақ тілінің дамуына да ерекше ықпалын тигізгені мәлім. Ал, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы құбылыстар, нарықтық қарым-қатынас, экономикадағы аласапыран, бұрыннан қалыптасқан жүйенің ыдырауы, күн көріс қамы мен тоз-тоз болған интеллигенция, қазақ тілінің алтын дінгегі саналатын ауылдың іргесі ыдырап, жоқшылыққа ұшырауы, ұлттың рухани қазынасын сақтауға деген үкіметтің салғырт саясаты, қабылданған заңдардың орындалмауы қазақ тілінің қайтадан құлдырауына әкеліп соқты. 


1990 жылғы 22 наурызда Ұлт газеті ретінде дүниеге келген “Ана тілі” газеті алғаш сандарынан бастап Ана тіліне араша болуды, жат пиғылдағылармен қарсы аяусыз күрес ашуды ең басты міндет, борыш санады, осы бағытта кең көлемде насихат жұмыстарын жүргізіп жатты. Азамат-публицист М. Қабанбай “Ана тілі” газетінде қызмет еткен жылдары тіл тағдырына қатысты ондаған мақалалар жазып, бітіспес қан майданның алдынғы шебінен табыла білді (Ханнан да, қарадан да жоғары ана тіліміздің күні не болады? Қайнайды қаның, ашиды жаның // Ана тілі. 1994. 23 маусым). 

Осы мақалалардан бірқатар үзінділер келтірейік:   

* * *

... қазақ тілін мемлекеттік дәрежеде қорғайтын Тіл комитетінің тісі тек мемлекеттік құрылымдарға, бюджеттік ұйымдарға ғана бататындай. Ал, өз құрылымы ішінде, “жабыл, қазаным, жабыл” фирма-концерндердің сыртынан да жүре алмайды. Олар мемлекетпен бір-ақ тілде – алым, салық тілінде ғана сөйлеседі. Тоқетері, “алым – салығыңды алдың ба, қайқай, тіл-сілде шаруаң болмасын” дейтін жабық ұйымдар. Яғни бизнес, коммерция, әртүрлі қордың көбі қазақ тілі аластатылған, біз үшін тиісуге болмайтын табу аудандар. Олардың қазақ тіліне негі қышымайтыны да сондықтан. Шет ел миссионерлерінің басқыншылығы деп жүргеніміз бұлардың қасында баланың ойыны ғана. 

…Санды сапаға айналдырмай, сегіз қырлы, бір сырлы қазақ болмай, орыс тілді қазақ түгіл қазағыңның өзі ХХІ ғасырда ана тілінде сөйлемек емес, осыны ұғу үшін қаншама қаншама ақыл керек?! Ол үшін бала бақшасынан бастап жоғары оқу орындарына шейін, әсіресе, гуманитария бағытында түпкілікті реформалар қажет.

* * *

Мемлекетіміз қай тілде сөйлеп, құжатын жүргізеді – іс жүзінде оны қазір ғана анықтауға кірістік. Бұрын орыс тілінде еді. Қазақ тілін кіргізсек, біріншіден қыруар қаржы керек. Екіншіден, халықтың 70%-ке жуығы, яғни орыс бастаған ондаған ұлыстарды аты шулы 40% қазақтарды ренжітеді екенбіз. Олай болса, ежелден орны қазылған дайын орыс тілі тұрғанда “көң исі бұрқыраған” қазақ тілін қайтеміз? Оның үстіне қазақ ұлтына қай топ лидер болады – орыс тілді қазақтар ма, жоқ әлде өз тілінде сөйлейтін қазақтар ма, тіл туралы Заңға кіргізілетін болашақ түзету осыны түпкілікті анықтап береді. Біздіңше, бұл күнде байлық-шайлыққа, билікке ие, сергек те суық зеректі алдыңғы топтың пайдасына шешілгелі тұр. Мұны Қазақстан қалтылдаған қайығын қайтып бұрылмастай ғып славян кеңістігіне қарай бұрды деп есептеңіз. 

* * *

…Қазақстанда орыс бастаған басқа ұлттарды: “Қайтсеңдер де қазақша үйренесіңдер, әйтпесе кетісеміз” деп, ақырып, жекіріп, шоқпарласып жатқан біз жоқ. Біздің қайғы мұңымыз басқа. Шама шарық келгенше ұлттық мұрағаттарымызға ие болып, оның басты белгісі - ана тілін аман сақтап қалу, тат бастырмау. Көнсе өзге тілде сөйлейтін қандастарымызды қотанға қайта иіру. Көнбесе жолы болсын. Тізелеп отырған жерінен тұра алмай, бір тілдің екіге бөлініп, сау басы саудаға түскен біздей пақырдың басқа ұлтқа қорлық көрсетуге қауқары бар ма екен өзі? Осынау тұста үкімет басындағылар: “Экономиканы құлдыратып алдық, соның кесірінен Жиделібайсын іздеген ел бет-бетіне бытырап кетіп жатыр”, - деп ағынан жарылудың орнына, жіберген кемшіліктерін “жауыз” тіл саясатымен түсіндіргісі келеді. 

* * *

…Егер, жаман айтпай жақсы жоқ, орыс тілі мемлекеттік мәртебе алса, ол қазақ тілімен теңеспейді, онсыз да әр босағада бір сығалап, “Можно?!” деп жүрген ана тілімізді таптап өте шығып, төрге шығады, жақын болашақта тек қана орыс тілі қазақ жерінде бұрынғы “ұлы тіл” деген лауазымына ие болып, бірден-бір жалғыз мемлекеттік тілге айналады. Бүгінгі күні қарайған халықтың 70%-і сөйлеп отырған орыс тілі шын мәнінде онсыз да мемлекеттік тіл. Себебі, шаш ал десе, бас алатын, қазақша шабан, орыс іліне жүйрік шенеуніктеріміз орыс тілі қалай мемлекеттік мәртебе алады солай қазақ тілін есігінен қаратпайды. Ал, ана тіліміз тек қана қазақаралық, онда да ауыл қазақтары аралық қарым-қатынас тілі “мәртебесіне” ие болады. Себебі, қазірдің өзінде Парламент орысша сөйлейді, Президент, Министрлер Кеңесінің аппараттары негізінен орысша, ірі-ірі қалалардағы экономикаға қатысты кеңселер, орталық, солтүстік, шығыс, батыс облыстар орысша сөйлеп, жүріп тұрады. Оны азсынсаңыз, “Қазақтелерадио” корпорациясы каналдарының 10-нан 9-ы күні-түні орысша қақсайды. Екінші жартыжылдыққа баспасөзге жазылу науқаны қазақ баспасөзінің өз оқушысының үштен екісінен айырылып қалғанын көрсетті; оның негізгі оқушысы болып табылатын ауылда ақша жоқ. Екіншіден, баспасөзге жазылу биыл иесіз қалды. Дәл осының кесірінен біраз қазақ газет, журналдары шығуын тоқтатты, енді біразы “әне міне жабыламын” деп кезек күтіп тұр. Тек қана “Караван” газетінің 300-350 мың тиражбен тарайтынын еске алсақ, қазақ баспасөзі өз елінде, өз жерінде сан, сапа жағынан орыс баспасөзінің алдында тізе бүкті. Информация кеңістігінен айырылу – бәрінен айырылу. Информация қай идеолгияны ұстанса, мемлекет те сол идеология тетігінде. 

* * *

Егерәки Тіл туралы Заңға түзету енгізілсе, ана тілі елімізде екінші рөлде мәңгі-бақи қалып қояды. Қазақстан ұлттық реңнен еурославяндық менталитетке біртін-біртін көше бастайды. Бұл – халқы аз және сан түрлі ұлтты, жер асты-бай, үсті-кедей, аяғы – Азияда, қолы – Еуропада жатқан, жолы ауыр мемлекеттің жер үстіндегі бірден-бір сыбағасы. Болашақта мемлекет болып қалу, қалмау мәселесі, амал жоқ, жергілікті ұлт мүддесінен гөрі бүкіл ел мүддесін алға шығарып отыр. Қазақ ретінде біз мұны мықтап ұғынуымыз керек. Ауыр, ауыр да болса мойындамасқа шара жоғы ащы шындық.

* * *

…Өз жерінде жетім болып отырған ұлт кімді қорғап, кімге қарсылық көрсеткендей? Қайта Ресейдей алып державаға арқа сүйеген қазақстандық орыс ұлты, орыс тілді өзге ұлыстар мен қандастар біздің бұл жәйімізге түсіністікпен қарап, қол ұшын берсе етті! Қол ұшын берді деп есептейік. Жалғыз да жарау жұбанышымыз – тілімізге тиіспесін. Қайта көмекке келсін. Ана тіліне – араша! Бұл барша қазақстандықтарға айтар тілегіміз, білдірер мұңымыз. Ана тілі бәрінен де жоғары. Ханнан да қарадан да. Күнделікті саяси конъюнктурадан екі бастан. Саясатшылар келеді, кетеді, ал ана тілі – мәңгілік! Осыны есте ұстайық.

Аузына Алла емес, Айса пайғамбарды ала бастаған кейінгі толқын қандас сайыпқырандарымыз бар болсын, бай болсын, түптеп келгенде олар біздің болашақ потенциалымыз, қорымыз, бірақ эпостағы қан майданда қыза-қыза келе көзіне қан толып, өз әкесіне қарсы шабатын Біршімбай батырға ұқсамасын, тілімізге, тіліне кәрін тікпесін. Айналып келгенде, бұл өзі су ішіп отырған, ішетін құдығы. Өз құдығына есі бар адам түкірмейді. Қатты кеттік, әйтсе де енесі тепкен құлынның еті ауырмайды.

* * *

Соңғы кезде орыс тілді өз қандастарымыз: “Тіліне мәртебе бермегендіктен, орыс Ресейге көшіп жатыр, біздің қаңғып кететін түріміз бар”, - деген мифті қайта-қайта тірілтіп жүр. Біріншіден, көшсе, Ресей - өз отаны. Екіншіден, ол жақта тұрмыс жақсы. … Көші-қоныста елден ерек қаңғырып жүрген - өзіміздің орыс тілді қандастарымыз. Енді қайтсін! Шүңкіл-шүңкіл сөйлесетін орысы азайып, әр елдегі қандастарымыз қатарымызға қосылған өмір сүретін аясы тарылып барады. Қанына жазған өз тілдерін үйренуге мойындары жар бермейді. Бірде бір теңге материалдық байлық өндірмей қара қазақтың маңдай терімен жиналған байлықты астына басып отырып, өз халқын: “Басқа тілде сөйле, сөйлемесең, Ресейдей күшті ағама шағынып сөйлеттірмей қоймаймын!” – деп зікір салады. Орыс тілін тіптен қимаса Ресейге көшіп кетсін, біз қой демейміз. Онда да қазақ диаспорасы бар, жетім қалмайды. Бірақ ел арасын алатайдай бүлдірмесін, екі араға от тастамасын – біздің тілек сол.  

* * *

Қазақстандағы тіл жағдайын (саясатын) әлем сарапшылары мен саясаткерлері “ең әділ” деп өте жоғары бағалап отыр. Бұл төреліктен бұра тарту – бүйректен сирақ шығару. Беліне балта байлаған орыс, шоқпар жинаған қазақ әлі жоқ. Тіл таласы, қос ұлттың бір уыс зиялысының арасынан шығып, Ресей-Қазақстан деңгейіне көтеріліп отыр. Ельциннің алдына қарапайым орыс жете алмайды, “Басылыңыз” деп айта алмайды. Жыбырлап жететін де, түймедейді түйедей етіп айтатын да – Ачкасов сынды шовинистер – мәселе қайда! Елбасына да: “Қазақ орысша сөйлестің деп қорлық көрсетіп жатыр” – деп ешбір механизатор, құрылысшы орыс жылап-еңіреп бармаған болар. “Жылап жатыр!” деп жүгіріп жүрген қос тілді өз қандастарымыз. Ал, қайыршы бола бастаған өз халқында шаруасы жоқ олардың табанын қара жер сипап, балтырын күс басып көрмесе, жусан иісін білмесе қайдан сезсін, ұқсын. 

* * *


Марат Қабанбайдың ана тілі төңірегіндегі бірқатар мақалаларынан алынған ой-толғамдары, байыпты да сергек өзіндік көзқарастары кез келген оқырманды толғандырып, тебірентеді, терең ойларға жетелейді. Қазақ қоғамында орын алып отырған жайларға баға берудегі, оны талдаудағы терең біліктілік пен зеректік көсемсөз зергерінің ұлтының жарқын болашағы жолында оттан түсуден де тайынбайтынын айқын дәлелдеп тұрғандай. 


* * *

 Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бел ортасынан бастап-ақ алып кеңестік империя іргесі шайқатылып, құрдымға қарай құлдырай бастады. Тоқсаныншы жылдардың басында одақтас республикалардың тәуелсіздікке ұмтылысының нәтижесі империяны күл-талқан етіп, ел-елде егемендік тулары көтерілді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының төңірегіндегі мемлекеттер арасында Ресей бас болып Еуразиялық одақ құру жөнінде алыпқашпа ұсыныс ойлар кең етек жайып бара жатты. Бұл Еуразиялық одақ дегеніміз Ресейше былай болуға тиіс болды: 

Ортақ идея.

Жаңа одақтық мемлекеттердің мызғымастығы.

Ұлттар мәдениетінің еркін дамуы және де орыс және ұлт тілдерінің мемлекеттілігі. 

Ортақ парламент.

Ортақ армия, ортақ шаруашылық, ортақ банк, финанс, ортақ азаматтық, т.б.

Ортақ сыртқы саясат.

Ортақ сыртқы экономика қимылы.

Публицист М. Қабанбай “Еуразия одағы: кім мысық, кім тышқан?” деген мақаласында “ТМД-дай театрды айнала жүгірген актер тышқандардың нақ ортасында бұрынғы бүкіл ортақ қамбаны, ең жарық та жылы, үлкен бөлмені басып қалған семіз ақ мысық – бас актер әрі режиссер мұрты тікірейіп, бір көзін ашып, бір көзін жұмып, күжірейіп жатыр. Қабағымен жасқайтын Ресей деген көкеңіз осы!. Бәрі де осы Ресейдің мәлике жүзін көріп, мүбәрәк қолын алуға құштар ”, - дей келе Ресей аңсап отырған Еуразиялық одақтың мән-мағынасын алақандағыдай айқындап береді (Еуразия одағы: кім мысық, кім тышқан? // Ана тілі. 1994. 23 маусым). 

“Сонда ортақ емес не қалды өзі? – дейді публицист. – Баяғы жаппай тәркілеуіңіз бұл. Ресей құлағын ұстап отырған ортақ қара қазанға қолдағы барды –астық, ет, пайдалы қазбаны түгел сарқып салу, Қазақстан атты қоржынды әлгі оппаға қоса лақтырып жіберу. Былайша айтқанда, неоимперия! Бұған біз келісеміз бе, жоқ па, ол – болашақтың ісі. Алдымен Елбасына, үкіметке, соңынан Жоғары Кеңеске байланысты. Бір пункті алынар, екіншісі түзелер, әйтсе де негізгі сұлбасы сақталып қалары сөзсіз.

… Мақтаулы Еуразиялық одағымыз орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беруді алғышарт етіп қойса, онда одақ қазақты жер ететін неоимпериялық одақ деп кесіп айтамыз. Ондай әлпеттегі одақ құрылса, қазақ елі біртіндеп ыдырай бастайды. Әуелі қазақ пен қос тілді қазақтың, соңынан қазақ пен орыстың арасынан мысық жүгіреді”.

Публицист мынадай қорытындыға келді: Шатақ шықса, Ресейдің мұрты да қисаймайды, еркек тоқты құрбандыққа байланатын – қазақстандық орыстар мен қазақтар. Осы естен екі елі шықпаса игі. Тоқ етері – қазіргі тіл арасалмағы бұзылмаса, ел қандай қиындықты болмасын көтеріп алады. Елбасының соңынан ереді. “Орыс, қазақ арасында тышқан мұрты қанамайды” – деп серт береді. Әлдекімдер көксеп жүрген Қазақстан Құрама Штаттарын халық қаламайды. Қазақ халқы – қайта-қайта қан жұтып, қырылып, құса болуға жақындаған ХХ ғасырдың өте-мөте қайғылы кейіпкері. Сөйтсе де анау-мынауға көтерілмейді, бір көтерілсе, тоқтамайды. Басқаның бәріне көнгенмен, тілін талқыға, саудаға түсірмейді. Оған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы дәлел.

Қандай қоғамда болмасын зиялы не аристократ қауымның орны бөлек, оқшау. Қай халықты алмайық, өз зиялысымен санасады. Зиялы дегеніміз білімді ғана емес, халықтың қамын жеген, бойындағы барын соған сарқа жұмсаған азамат, қазақ зиялыны осылай ұғады. Кешегі кеңестік кезеңде де ой өкілдері марапатталды. Тым тереңдерін, әлеми-қазақи мәдени үлгілерін ту етіп көтерген Алашорда өкілдерін атып, асып, қуып тастады да, икемге келгеннің алдына ас, екі қолын бос қойды. Жалаң социализм казармасының есігін ашып, өз сөзін сөйлеттірді; сөйтіп, білімді, көкірек көзі ояу деген зиялыларды кеңестік арбаға жекті.

Егемен ел болып, жаңа қоғамдық құрылысқа қадам басқан тұста қысыр да қыңыр, қатал уақыттың ауанымен зиялыларымыздың топ-топқа бөлініп, тоз-тозы шыға бастағаны ақиқат болатын. Өткенді аңсау, қоғам өміріндегі құбылыстарға бей-жай көзқарас, марғаулық ұлт қаймағы саналатын зиялы қауым бойын дендеп бара жатты. Осындай бір тұста қашанда ойы сергек публицист жазушы М.Қабанбай “Бұл зиялы – қай зиялы? Қазақ интеллигенциясы бар ма өзі?” деп атой салды (//Ана тілі. 1994. 25 тамыз). 

Публицист әңгіменің басы ашық болу үшін, әңгімені әуелі зиялы (интеллигент) деген не, соны анықтап алудан бастайды да “Казахстанская правда” газетінде (01.ІХ.1994) Шұға Нұрпейісованың “Лағнет” (“Анафем”) атты мақаласындағы “Аристократия – қасиетті ұлағаттар мен идеалдарды сақтаушы. Ал, интеллигенция болса, қарапайым адамның көзқарасы, талғамы және пікірінің жарқын болашақ үшін күресіндегі қара тобыр иеленіп кеткен үні” дегенімен келісе отырып,сол қара тобырдан сәл қара үзіп, өз ортасына, әлемге сауатты көзбен қарай бастаған, ХХІ ғасырдағы қазақ аристократиясын қалыптастыратын осы бүгінгі зиялы, білімді топ интеллигенция туралы өзіндік ой-толғамдарымен бөліседі.

Публицистің бұл тақырыпқа тереңдеп баруының жөні бар. Оның нақты пайымдауынша, дүрбелеңге толы қоғамдағы бүгінгі қазақ зиялысы, тұтастай алғанда, қай зиялы десек, бірен-саранын есепке алмасақ, алтыбақан алауыз кеңестік зиялы, мутант, дүрегей, қомағай “зиялы”. Көбіміз Абайдың емес, оның ашынып айтқандарының төңірегінен табылып жүрген феодалдық-кеңестік, мырқымбай зиялымыз. Халықтың қалтасына түсіп, алдына келгенді арпадай асау “ұлттық” қасиетке айналды. Ішінара қанынан, туысынан жаралған зиялылыарды тасқын судай коррупция, надандық шайып барады. Орта буын да бұл сырқатқа ұшырай бастаған. Тоқырау заманы өтіп кетті деп жүрсек, рухани тоқырау енді-енді басталған секілді. Қазақ зиялыларына бас-көз бола ма деген қаламгерлердің де жерге қарап қалған жайы бар. Жазушылар одағы күн көрісімен мұң. Бұрынғыдай құлшына-құлшына жазатын үйреншікті кеңестік “жетістіктер мен табыстар” жоқ. Кемшілікті қаза жазуға жалған намыс жібермейді, оны көретін көкірек көзіміз әзірге соқыр, шеберлігіміз шамалы…

Ал нағыз зиялы дегеніміз, қазақ топырағынан бастап, әлем мәдениетін толық меңгерген, өз ұлтына жол сілтейтін, асып жатса, өзге ұлыстарға үлгі болатын, қара халық пен болашақтағы аристократияны жалғастыратын алтын көпір тұлға болуы тиіс.

Осы тұрғыдан келгенде публицист тығырықтан шығатын жол іздейді. Жаңа қазақ зиялысын әзірлейтін мемлекеттік бағдарламаның қажеттігін ауызға ала отырып, Ұлттық Академия, Жазушылар Одағы “Қазақ тілі” қоғамы аясында ма, зиялылар кеңесін құруды ұсынады. Ғалымдар, ақын-жазушыларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасауға, әдебиет, мәдениет, өнер салаларында қаржы мәселесін шешуге баса назар аударады. Жас ғалым, әдебиетшілерге күнкөрістік стипендия тағайындауға зер салады.

Көсемсөз шебері мына мақаласында алғашқы сөйлемдерімен-ақ қалың оқырманын еліктіріп ала жөнеледі: “Біз маймыл құйрығымызға қоңырау тағып алған қызық ұлтпыз. Соңғы ғасырларда біреуін аз көріп, үшеуін тағып алдық. Сән үшін емес, себебі, тат басқан, тісі түсе жаздап тұрған ескі қоңыраулар… Қай інге бас сұқсақ та, әлгі қоңыраулар әрқайсысы кезек-кезегімен: “Ойбай, Ұлы жүзбіз! Жоқ, Орта жүз деген мен едім! Кіші жүзді қайда қоясыңдар, оу, ағалар?!” деп, шылдырлайды да тұрады. Құлақтың етін жейтін мазасыз-ақ шылдыр… Қоңыраулы құйрықты шауып тастай алмайсың. Өйткені, құдай бере салған құйрық. Түкке керексіз феодалдық жүндес құйрық пен қоңыраулар! (Маймылдың бізге керексіз қоңыраулы құйрығы. Қайнайды қаның, ашиды жаның // Ана тілі. 1995. 8 маусым).

Жалпы, жүзшілдік, рушылдық ұлттық психологиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Рушылдық – адамдар қауымдастығының ең ежелгі формасы – рулық құрылысқа тән психология, яғни қазақтардың өздерін, өзара іштей жауластырып қоятын, іштей ірітіп-шірітуші фактор ретіндегі көрініс. Рушылдықты қайта жандандырған, оны өліп бара жатқан жерінен қайта тұрғызып, оған өмір әперген қандай күш? Ол – қазақты ұлт ретінде жою мақсатын көздеген, сол мақсатқа жету үшін зиялы қауымды ұсақ кадрмен айырбастау стратегиясын ұтымды тактикамен жүзеге асырып келген кеңестік әміршіл-әкімшіл аппарат болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жүзшілдік, рушылдықтың жер-жерде бой көрсете бастауы қоғамда аса қауіпті дертке айналды. Зиялылар, ел серкелері жүздік жанжалдарын қоймаса, астанадан таралған бұл індет халық арасына да жайылып бара жатты.

“Шындығына келгенде, - дейді публицист, - бүйтіп бөліну әлі де ұлт болып, түбегейлі қалыптасып бітпегенімізден, ұлттық санамыздың әлі де балаңдығынан… Қазақты ру, жүзге бөлу – Қазақстанды бөлу екенін ұғатын уақыт жетті.

… Тоқ етері, шама-шарқымыз келіп жатса, маймылдың әлгі қоңыраулы құйрығын кесіп тастап,нағыз қазақ болайық. “Құйрықсыз өмір сүру қиын” десек, үш қоңыраудың біреуін ғана қалдырайық. Және ол: “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!” деген Абай қоңырауы болып, сахарада, сайын дала төсінде күні-түні сыңғырлап тұрсын.

Әлем осыған дейін әманда үш түрмен соғысып келген: мемлекетаралық, этикалық және трайбализм… Соңғысы – ең сорақысы, бұл - өз-өзіңмен соғысу. Ұлттардың ұлтаны сөйткен. Құдай сол масқарадан сақтасын”.

Егеменді жас қазақ елі заманның ұлы көшімен бірге алға қадам басып барады. Қоғам дамуының қатал заңының қоятын өз талаптары бар. Публицистің тұжырымдауынша, қазақ ұлтын әлем түгілі, дәп Қазақстанның өзінде құйрықтан қағып, еркелетейін деп отырған ешкім жоқ. Капитализмнің, егер келгірсімей айтсақ, түпкі заңы: “Маған десең, бірің өліп, бірің қал, тек жұмыс жаса, тер төк!” . Ол – тең құқықтардың темірдей жүйесі. Капитализмге бәрі бір, еңбек ет те, біліміңді жетілдір, әйеліңе ие боп, бала өсір! Заңды бұзба және оны оңтайымен пайдаланып, ешкімді басындырма!

Көсемсөз шебері заман ағымына сай биліктің үш бұтағы ендігі жерде қазақты еркелете алмайтынының себептерін жіктеп береді. Сонда мұның себебі неде? 

Билік бұтақтары Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың тең құқылығының гаранты. Олардың арасындағы хұқтар бұзылса, барлық тепе-теңдік сетінейді…

Еркелеу – дәл бүгін қазақтың өз басына зиян. …Аласапыран Еуразия жағдайында елдер арасындағы конкурс, бәсеке қатты.

Жалпы, жер жиһанда еркелеу, еркелету деген ұғым жоқ. Қазаққа еркелету, исіну төрт түлік малдан жұққан қасиет. Қазаққа еркелеу емес, шыңдалу керек бүгінгі таңда. Еркелеу тек сәбиге ғана жарасады. Ересек ұлттар ірі нәрселермен айналысады. 

Мемлекет қазір идеологияны емес, экономиканы үрдіс дамытуды таңдап алды. Себебі, мықты экономиканың өзі – мықты идеология (Кімге өкпеліміз? ХХІ ғасырға үш жыл қалды // Ана тілі. 1997. 3 қаңтар).

Публицист М.Қабанбайдың басылымдарда жарияланған публицистикалық мақалалары қалың оқырманның назарын аударып, терең ойларға жетелейді. Бұлардың қайсысында болмасын өзекті мәселелер айқын көрініс тауып жатады (Қазақ және Қазақстан. Серкесөз // Ана тілі. 1996. 4 қаңтар; Біріккен деген осы // Ана тілі. 1998. 24 қаңтар). 

* * *

Тоқсаныншы жылдардың алғашқы жартысында публицист-жазушы Марат Қабанбаевтың ұлт мүддесі, ұлттық рух тұрғысындағы публицистикалық мақалаларын Тәуелсіздіктің ең көкейтесті мәселелерін қозғаған дүниелерін қалың оқырман асыға күтіп, іздеп жүріп оқитын болды. Ел тәуелсіздігінің тәй-тәй басқан алғашқы қадамдарында халқымызға қоғам өзгерістерінің өзекті мәселелерін барынша бажайлап, нақты түйін жасауға бастайтын салиқалы да сауатты публицистика қажет еді. Публицист М. Қабанбай міндет биігінен табылып, азаматтық танытты.  

Азамат қаламгер «Парасат» журналы мен «Ана тілі» газетінде ұлт мүддесі, ұлттық рух, тіл, салт-дәстүр аясындағы өзекті тақырыптарда құлашын кеңге сермеп, көсемсөз құдіретімен қоғамды дүр сілкіндірді, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Жалынды публицистің ой-толғамдары мен пікірлері тереңдігімен ерекшеленеді.   

Сейдулла Садықов, 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістанның Құрметті азаматы