ОЛ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ СЫНЫНА КЕЗДЕЙСОҚ ЕМЕС, ҚҰБЫЛЫС БОЛЫП КЕЛДІ

ОЛ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ СЫНЫНА КЕЗДЕЙСОҚ ЕМЕС, ҚҰБЫЛЫС БОЛЫП КЕЛДІ

Тайпалық тар сезімнен,

рулық ұлы сезімнен арылуымыз керек, 

ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек. 

Сағатхан Әшімбаев

Әдебиеттің сиқырлы әлеміне әркім әртүрлі жолмен келеді. Бірақ оның ар жағында ұлттық рух, ойлы сөз тұрады.

Кәкімбек Салықов та, Олжас Сүлейменов те мамандықтары геологтар болғанымен, олар қазақ әдебиетін байытты, дүр көтерді, жаңа түр мен мазмұн әкелді.

Бар болғаны қырық төрт жыл ғана өмір сүрген Сағатхан Әшімбаев қазақ әдебиеті сынына өлшеусіз үлес қосты, қайталанбас із қалдырды.

Ол қияңдағы шекаралы Нарынқол өңірінде өмірге келді. Кітапқа құмартты. Журалист Жанболат Ауыпбаевтың деректеріне сүйенсек, ол аудандық кітапханадағы барлық кітаптарды мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқып шыққан.

Нарынқолдан Алматыға шыққанда, оның алдында бір-ақ жол жатты. Ол – Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті, яғни филология факультетін таңдап келген болатын.

Емтиханнан сүрінбей өтті. Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали сынды ғалымдар Сағат Әшімбаевтың ой оралымдарына назар аударған болатын. Ұстаздар жаңылмаған екен.

Студент бола жүріп, ол баспасөз қызметіне ерте араласты. Екі бағытты таңдады.Біріншісі – журналистика, екіншісі – әдебиет сыншысы.Екі жолда да жарқ етіп көрінді. Қызметі өсті. Сын мақалалары үзбей жарияланып тұрды.

1974 жылы Сәкеңнің «Сын мұраты», 1982 жылы «Талантқа тағзым», ал 1985 жылы «Парасатқа құштарлық» атты сын-зерттеу кітаптары жарық көрді.

Ойы таза, бойы таза адам ретінде ол әдебиеттің тазалығы үшін күресуді мұрат санады. Мойындау керек, ой ірілігі, білім тереңдігі жағынан ол замандастарынан да, көптеген аға-буын өкілдерінен де озып кеткен болатын.

Шындық бар жерде – турашылдық бар. Бұл – ақиқат. Бірақ оның да осал тұстары болады. «Шындықты айтамын деп қателесіп кетерсің, бүгінде өтірік айтқан адам ғана қателеспейді». Бұл сөзді С.Әшімбаев өз күнделігіне 1978 жылы 24 сәуірде жазыпты.

Сағат Әшімбаев үшін Сыншы мұраты неде?

Сыншы жеке адамның творчестволық құпиясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы бүкіл әдебиеттің дамуына жол бастаушы адам.

Сындағы ендігі мәселе – сыншыларды мамандандыру, оларды маман-дандыру мәселесі.

... Сынды да сындарлы азамат қана көтере алады.

Сын әдебиет арқылы туады, ал әдебиет сын арқылы дамиды.

Сын – әдебиеттану ғылымының іргетасы. Әдебиет – адамтану ғылымы десек, сын әдебиеттану ғылымының философиясы.

Сын – өнер. Сын – уақыт қажеттілігінен туған қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы.

Ойды наркескендей батыл айту сыншының негізгі қасиетінің бірі. Онсыз қандай сыншы болмасын сыңар қанат құс сияқты.

Сыншы әдебиет процесіне сырттай сырдаң бақылаушы емес, әдебиет көшін байсалды, байыпты, бағыттаушы, санаткер санындағы қалам иесі болуға тиіс.

Сын – есеп айырысудың, өш алудың, кек қайтарудың құралы емес, сын тәрбиенің ең жоғарғы түрін көрсететін этикалық және эстетикалық тәрбие құралы.

Қош дедік. Сағатхан Әшімбаев сындарында осындай принципті тазалықтың бәрі бар. 

 «Қиын жанрдың» қиянына тайсалмай шықты. Ойын ашық айтты, ашық жазды. Мәселен, «Жүгі ауыр керуен немесе қазіргі проза туралы» атты үш қаламгердің сұқбаттарына назар аударалық. Үшеуара әңгіме 1980 жылы өткен. Бірі – С.Әшімбаев, екіншісі – М.Мағауин, үшіншісі – Т.Әбдіков. Олар 1970-80 жылдардағы прозалық шығармалардың сан жағынан да, сапалық жағынан да өскенін тілге тиек етеді. Біраз шығармаларға талдау жасайды.

Сағат Әшімбаев бұл жылдарды 50-60 жылдармен салыстыра отырып, Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Дала сыры», Тәкен Әлімқұловтың әңгіме повестері, Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» кітабын, сондай-ақ Сайын Мұратбековтың әңгімелеріне жылы лебіз білдіреді.

Сондай-ақ, осы жылдардың «О жақ, бұ жағында» жазған А.Сүлейменовтың «Бесін», М.Мағауиннің «Қара қызы» мен «Шыңырауын», О.Бөкеевтың, О.Сәрсенбаевтың, Д.Исабековтің повесть-әңгімелерін «психологиялық, интеллектуалдық бағыттағы» әдебиет екенін атап өтеді.

Ал, М.Мағауин болса, жылына үш жүзге жуық кітап шығатынын, оның «тең жарымы» прозаның үлесінде деп дәйектер келтіреді.

«...Бірақ бар шатақ осы жерден басталады. Егер осы отырған үшеуміз, әр қайсымыз өзіміз тәуір санайтын он шығармадан атап шықсақ, жиыны, отыз демеймін, жиырма бес автордың туындысы санатқа ілінер еді. Оны аз десеңіз, кейбіреулеріміздің өте жақсы деп таныған дүниелерімізді, екінші біреуіміздің түкке тұрмайды, бағалайтынымызға мен күмәнданбаймын... Қиғаш пікірлердің төркінін әріректен іздеу керек. – деп өз пікірін білдіреді.

 Ол сонымен қатар, «Ақсақалшылдық», «ағайыншылдық», «дақпыртшылдық» әдебиеттің өрісін кемітетін кесел», - деп мәлімдейді. Осы тұрғыдан алғанда екі қаламгер де сынның жауапкершілігі мен қадірін қайдан іздеу керектігіне назар аударады. Үндес ойлар, үндес пікірлер жалғасқаны қандай жарасымды.

Осы сұқбат барысында Сағат Әшімбаев Европа мен орыс әдебиетінде көлемді шығарма жазу мода емес екендігін, дилогия, трилогия дегендер жоққа тән нәрсе екеніне назар аударады. Бірақ М.Мағауин бұған кереғар пікір айтады. Көлемді-көлемді шығармалар да заман мен тарих сұранысынан туындайды деп, оны «келте ой көрінісі» деп мәлімдейді.

«Біз жақсы шығарманың көлемділігіне емес, орта қол дүниелердің, сапасыз романдардың екі-үш кітаптан тұратындығына қарсымыз», - деп С.Әшімбаев өз уәжін айтады. Жалпы, үш қаламгер де қазақ прозасы туралы орынды ой айтады. Бұл білімді, зерделі азаматтардың ой-пікірлер таласынан туындаған еді.

«Азаматтық позиция – айқындаушы күш» атты мақаласында С.Әшімбаев қаламгерлердің азаматтық позициясы туралы толғанып, сөз айтады. Әдебиетті қоғамдық ойдың компасы деп біледі. М.Шахановтың, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтың үрдісі де, үлгісі де әдебиеттің табысы деп бағалайды.

Әдебиет сыншысы С.Әшімбаев көтерген принципті мәселелер күні бүгін де өз күшін жойған жоқ. Қоғамымызда ұлттың басын біріктіретін ұлттық идеялардан гөрі, бұратартушылық, жік салу, арандату сияқты көзқарастардың көбеюі алаңдатады.

Қорыта келгенде Сағатхан Әшімбаевтың қазақ сыны, болмаса жеке авторлар шығармаларына талдау жасау, сын пікірлер айтқаны, оның жаңғыртушы тұлға екенін көрсетеді.

Сағат Әшімбаев әдебиет сынына кездейсоқ емес, құбылыс болып келді.

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

ҰҒА академигі

Қазақ үні