«Елдің сөзін сөйледім»

«Елдің сөзін сөйледім»

ЕЛДІҢ СӨЗІН СӨЙЛЕГЕН Т.ҚАНАЕВТЫҢ ЖАҢА ТУЫНДЫСЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Тұрғанбек Қанаев – өңірімізге белгілі ақын, қаламгер, еңбек ардагері. Шаруашылық жұмыстарымен қатар қолынан қаламын тастамаған Тұрекеңнің қаламынан туған туындылар туған елдің тұғырын биіктетіп, тұлғаларын жұртшылыққа танытты. Одан бөлек, халықтың мұң-мұқтажын да қаламына арқау етіп, диқандар қауымы үшін өзекті деген мәселелердің шешімін табуына үлес қосты.

Тұрекең сол туындылардың барлығын дер уақытында топтастырып, кітап құрастыруды да назардан тыс қалдырған емес. Бұған дейін «Еңбегім туған еліме» атты жыр кітабы жарық көріп, оқырман қауымнан жақсы бағасын алған. Қолынан қаламын тастамаған еңбек ардагері жақында тағы бір кітапты жарыққа шығарды.

Оқырманның олжасы болатын «Елдің сөзін сөйледім» атты кітапта Тұрғанбек Қанаев былай деп ағынан жарылады:

«Мен бұдан бұрын «Еңбегім туған еліме» атты кітабымды жарыққа шығардым. 60 жасқа толған кезімде өлең-жырларым қамтылған осынау кітабымды оқырманға ұсынған едім. Биыл міне, 70 деген жастың жотасына шығып отырмын. Осы күнге жеткізген жаратқанға мың шүкіршілік айтып, тәубе деумен келемін. Енді «Елдің сөзін сөйледім» атты жаңа кітабымды баспадан шығарып жатырмын.

 Бұл кітапқа әрекет 2013 жылдан кейін-ақ басталған болатын. 63 жасқа толған шағымда шығарамын деп ойлағамын. Содан бері қарай өзімнің әр жерде, әр жылдары жазғандарымды елеп-екшеп жинаумен айналыстым. Әрі мен туралы айтылған пікірлер мен тілектерді, түрлі мерзімді басылымдарда жарық көрген материалдарды да осы кітапқа топтастыруды мақсат еттім».

Кітаптың алғысөзінде қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов: «Автордың оқырманға ұсынып отырған еңбегінде қоғамның caналуан саласына қатысты ойлары, өзекжарды мақалалары, түрлі жиындарда сөйлеген сөздері, тиісті мемлекеттік органдарға жолдаған хаттары жинақталған. Сонымен бірге бұл кітапта ел дамуының өзекті мәселелерін де орынды қозғай білген. Еліміздің өсіп-өркендеуіне қатысты оралымды ойлар мен келелі ұсыныстар, тиімді пікірлер айтады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы ретінде қайнаған өмірдің үнемі бел ортасында жүретін Тұрекең ауылды өркендетудің сан алуан жолдарын тілге тиек етеді.

Кітапта сондай-ақ, автордың өмір жолында бірге жүрген әріптес-замандастарының, пікірлес-сырлас болған, қызмет бабымен үзеңгілес болған аға-інілері мен дос-жарандарының Т.Қанаев туралы ой-толғамдары мен естеліктеріне де орын беріліпті. Өлеңдер жинағынан кейін екінші рет жарық көріп отырған бұл кітабының да оқырманға берері мол дүние болатынына сенімім кәміл» депті. Дөп айтқан.

Жаңа туынды төрт бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы «Елдің сөзін сөйледім» деп аталса, екінші бөлім «БАҚ бетінен сөйледім» деп аталады. Мұнда әр жылдары баспасөздерде жарияланған очерктері, эсселері, сұхбаттары берілсе, «Ел азаматтары сөйлесін» атты үшінші бөлімде Тұрекеңнің ағалары, кейінгі толқынның пікірлері қамтылған. «Сөйлесе, суреттер сөйлесін» атты төртінші бөлімде аты айтып тұрғандай әр кезеңді қамтитын фото-шежіре топтастырылған.

Кітаптың көркемдік сапасы өте жоғары, көптің көңілінен шығып жатыр. Шығармалардың тілі жатық, тартымды.

Маңызы жағынан алып қарағанда Тұрекеңнің жиналыстағы, баспа беттеріндегі, көгілдір экрандағы сөздерінен мақта дақылын бүге-шүгесіне дейін сараптап, қазіргі нарық заманындағы іс-әрекеттерге түсінік берумен қатар жас диқандарға ақылымен көмек қолын созғаны байқалады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» демекші, жастарды еңбек етуге шақырғаны анық сезіледі. Бір сөзбен айтқанда тәрбиесі мен тағылымы көп туынды. Үлкендер ұлағатын кейінгіге дәріптеуде азаматтық жауапкершілікті арқалаған Тұрғанбек Қанаевтың жаңа туындысы оқырманға жол тартып отыр. Ендеше, ардагер ағамызға қаламыңыз мұқалмасын дейміз.

Сәбит ЛАХАНОВ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

КӨРГЕНІ КӨП ҚАЛАМГЕР

Мақта өнімін өндіруден бірнеше мәрте аудан, облыс чемпионы атанып, «Құрмет» орденімен марапатталған, аудандық мәслихаттың екі шақырылымында депутат болып, халықтың мұң-мұқтажына биліктің назарын аудартқан, мамандығы инженер-механик болсада туа біткен талантының, ақындық өнерінің арқасында шығармашылықпен шұғылданып, «Еңбегім туған еліме» кітабын шығарған Қанаев Тұрғанбек өзінің 70 жасқа толуы қарсаңында жаңа «Елдің сөзін сөйледім» атты кітабын шығарып, оқырман қауымға ұсынды.

Кітап Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» ЖШС баспасының баспаханасынан 500 дана, 450 беттік болып, 28,0 баспа табақ көлемінден басылып шықты. Редакторы танымал журналист, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Әбдіраманов Әділ Заманұлы.

Кітаптың «Алғы сөзін» жазған мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, академик Қуаныш Айтаханов Тұрекеңнің іскерлігін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын, тиісті мемлекеттік органдар алдында халықтың өзекті мәселелерін тіке қойып, шешілуіне ықпал ете алған азамат болғанын атап өтеді. «Ол өзінің озық ойларын, диқандардың талап-тілектерін аудандық, облыстық, республикалық бұхаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде көтеріп, көптеген келелі мәселелер жөнінде телеарналарға сұхбат беретін» дейді.

«Елдің сөзін сөйледім» кітабы «Елдің сөзін сөйледім», «БАҚ бетінен сөйледім», «Ел азаматтары сөйлесін» және «Сөйлесе сурет сөйлесін» атты төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Қанаевтар әулетінің үлкен келіні Гүлмира Қанаеваның «Тал бесіктен тал түске дейін ...» деген Тұрекеңнің өмір жолы туралы мақаласымен ашылған. Сол сияқты бұл бөлімде Оңтүстік өңірінің қадірменді елағасы болған,, кезінде көрші республикадағы Жызақ облысы, Мырзашөл ауданы партия коммитетінің бірінші хатшысы қызметін аброймен атқарған, ӨР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, академик Бегім Серіков, Жетісай, Мақтаарал аудандарының әкімі қызметін атқарған,академик Ибадүлла Үмбетаевтар да Тұрекеңнің елім деп туған ер азаматтығы, әсіресе мақта шаруашылығын өркендетуде, бағасын көтеріп, субсидиялау бойынша атқарған еңбектерін жоғары бағалайды. Сонымен қатар бұл бөлімде депутат ретінде атқарған жұмыстарын атап өтіп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев пен Жетісай ауданының «Кетебай» өндірістік кооперативінде, Астанада кездескендері жайлы естеліктері мен «Мақта заңы» туралы пікірлері қамтылған.

Кітаптың екінші «БАҚ бетінен сөйледім» бөлімі Тұрғанбек Қанайұлының баспасөз беттерінде жарияланған «Мақтадан пайда табу үшін парасатты істер керек», «Мақта бағасын көтеру арман болып қала бере ме?» атты мақалаларымен басталып, «Мақта заңы диқанның қолын ұзартса дейміз» деп мақта өндірісіндегі ескерілмей жүрген өзекті мәселелер туралы ой қозғайды. Сонымен қатар министрлерге, парламент депутаттарына жазған жедел хаттары мен оларға келген жауаптар да осы бөлімде түгелдей берілген.

Жоғарыда Тұрекеңнің ақпарат құралдарымен жиі байланысы жөнінде айтқан болатынбыз. Кітапта өзге басылымдармен қатар аудандық "Шартарап-Шарайна" ақпараттық-танымдық газетінде әр кезде жарияланған оннан астам мақаласына орын берілген.

 «Ел азаматтары сөйлесін» тақырыбындағы үшінші бөлімде кітаптың 140 бетінде жүзден астам Бөрі Иса, Көшербай Оразымбетов, Ташман Шекеров, Мекембай Атабайұлы, Тастанбек Атақұлов, Тоқсанбай Бердібеков, Рақымжан Кенбай секілді ел ағаларының Тұрекең жайлы естеліктері берілсе, «Сөйлесе суреттер сөйлесін» тақырыбындағы төртінші бөлімде әр жылдарда түсірілген 400-ден астам сурет сыр шертеді. Олардың көбінің астына Тұрекеңе деген ыстық лебіздер жазылған.

Жалпы алғанда «Елдің сөзін сөйледім» атты бұл кітапта Тұрекеңнің өмір жолында бірге жүрген әріптес-замандастарының, пікірлес-інілері мен дос-жарандарының ой-талғамдары мен естеліктеріне көп орын берілген.

Өмірден көрген-түйгені көп, мол тәжірибесі бар ақын, сазгер, «Шардара ауданының Құрметті азаматы», ҚР Журналистер Одағының, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, ӨР "ТУРАН" Академиясының Академигі, Тұрекең әле талай мінбеден халықтың сөзін сөйлеп, бұл кітаппен шектеліп қалмай алда жаңа туындыларын жарыққа шығара береді деп сенеміз. Жазарыңыз көбейіп, шабытыңыз сарқылмасын, Тұреке!

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ