ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ

ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ

Сағат пен Шәрбану туралы сыр

Сағатты еске алғанда, ұдайы асығып аптыға бір мезетте қыруар шаруаны атқаруға тырысқан тынымсыз кейпі елестейді. Жанарының жарқылы назарына шалынғанды қалт жібермей, төңірегін өзіне ғана тән сүйкімділікпен баурап, таңғажайып мәліметтерімен, басқа ешкім айта алмайтын әңгімелерімен, асқан сауаттылығымен, мол білімімен қызықтыратын. 

Шуақ шашқан жүзі, дарқандығы, әрдайым шұғыл көмекке дайын елгезектігі адамдарды өзіне магниттей тартып әкететін. Сірә, сондықтан ба, көзқарасы, пиғылы бір-біріне ұқсамайтындар, бірін-бірі мойындамайтын, атақсыз, атақтылар, өзара қырқысқандар, қоғамға, билікке өкпелі, ризасы да Сағатты іздеп жүретін. Солардың бәрімен тіл табысып, мейірімін айналасына, әсіресе жастарға аямай төккен, оттай лапылдаған, желдей ескен, дауылдай соғып, құйындай үйірген Сағат небәрі қырық төрт жас өмір сүрді.

Қатар оқыдық, жақын араластық, жақсы, жайсаң жиі жиналатын дастарқанынан Сара Латиева екеумізді қалдырған емес. Ауылдан келген сайын ағайын, туған, анамызды қонаққа шақырып, бауырларымызға шейін құрмет көрсетті. Бертінде қайтыс болған Ғазиз (әкемнің інісі) ағам Сағат пен Шәрбанудың төрінде Өтежан Нұрғалиев және басқаларымен өткерген сәтін ертегідей есіне түсіріп, Бәтима анам да ризашылығын білдіріп отыратын. Мектепте оқитын Алмагүл сіңлімді алғаш көргенде «мына баланың көзінде от бар, кешке қарай бірге келіңдер» деп, аядай пәтерлерінде түннің бір уағына шейін думандатқанымыз есімде. 

Анасы қандай еді, шіркін! Қолынан дәм таттық, шама-шарқымызша өзіміз де ілтипат көрсетіп үлгердік. «Сұлулығына қызығатынбыз Сәйімжамал апамыздың, – деп еске алатын тоқсанға жақындаған Бәтен Ноғайбайқызы, –бойы сұңғақ, түр-тұлғасы ерекше қыз болатын жасында».

Шүкір, ауыл-аймағы сыйлаған осындай ана перзенті елінің мақтанышына айналды. Жылдар алға жылжыған сайын Сағат феноменіне арналған толғау, эссе, зерттеулер көбеюде. Төл туындыларынан сан жағынан әлдеқашан асып түссе керек мұндай дүниелер. 

Бұл нені аңғартады? Аға ұрпақтың да, жастардың да Сағат Әшімбаев шығармашылығына айналып кеп үйіріле беру себебі неде? Гәп осында!

«Әдебиеттегі әркімнің орны да оның адамтану іліміне әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қосқан жаңалығының мән-маңызына қарай айқындалады» – деп ұлы Абайға қарата жазғанын өзіне қатысты саралап байқайықшы. 

Бұл орайда өзім үшін жаңалық аштым: шығармаларында түбегейлі сипатталып көрініс тапқан Сағаттың рухани жаңғыруы өткен шақтың емес, бүгіннің, ертеңнің де бағдаршамы екен. Арамыздан аттанғанына ширек ғасырдан асса да Әшімбаевтың ой, пікірлері, сыны, телехабарлары, ірілі-ұсақты мақалалары ұлттық идеологиямыздың өзегіне айналғаны таңғаларлық жәйт. Туындыларын оқы да тоқы, идеяларын жүзеге асыр, ойларымен қаруланып, Отаныңды сүй, ана тілін сақта, салт, дәстүріңді қадірле. Кез-келген сөзі дәлел бұған:

■ Елдің сәні өз тіліне деген шынайы сүйіспеншіліктен көрінеді; Тілге деген немқұрайдылық – айналып келгенде болашаққа деген немқұрайдылық; 

■ Тоғышарлық тоқырау басталған жерде қарақан бастың қамы күйттеліп, азаматтық асыл мұрат мансұқ етіледі, қоғамдық сана санаттан шығады; 

■ Әдебиет ақиқаттың мәнін айғайға бармай ашуы, шындықты шыңғырмай айтуы керек; 

■ Азаматтық пен адамгершіліктің биігінде тұрған адам ғана алдына ұлы міндет – халқына қаламмен қызмет еті міндетін асқаралы мақсат етіп қояды. Үлкен жүрегі бар адамнан ғана үлкен өнер туатындығын тарих тағылымы көрсетіп келеді; 

■ Азаматтық жоқ жерде азаматтық позиция қайдан болсын! Сондай-ақ азаматтық позиция үстемдік алған жерде азаматтық көзқарастың жеңіске жеткені, азаматтықтың күні туғаны деп есептей беріңіз; 

■ Сұлулық та сұлу сезім бар жерге ғана қоныс тебеді; 

■ Нағыз әдебиет туындысы белгілі бір көркемдік эстетикалық, философиялық заңдылықтардың негізінде, азаматтық үлкен ойдан, терең парасатты дүниетанымнан, әлеуметтік қажеттілікке жауап ретінде адамгершілік қажеттіліктен туады; 

■ Сынның аты – шындық, заты сүйіспеншілік...

Інжу-маржан тіркестерін іздеп, осылай тере бастағанымда, қасиетті ұямыз «Лениншіл жаста» қатарласа, жарыса қалам сілтеген өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «жазғаның кілең цитата, біреулердің айтқаны, ішіңді жарып шыққан ештеңең жоқ, ал мен өзгелердің ой, пікіріне сүйенгім келмейді...» деп, айтысып қалғанымыз есіме түсті. Қызық, енді өзім оның жүрекжарды сөздерін бірінен соң бірін мақалама қосуға талпынып отыр- мын. Алайда телегей-теңіз тебіренісін толыққанды сыйғызып жеткізудің мүмкін еместігін түсінгендеймін. Жастықтың жалыны ма, дәл сол кезеңде әрқайсымыз өзімізше мықты, бір-біріміздің қадірімізге жетпеппіз. Газеттегі материалдарымызды тым қатты, ашық сынайтынбыз. Кек сақтамай содан кейін думандата жиын-тойларымызды жалғастыратынбыз. «Коллонтайдан аумай қалыпсың... Мынадай темір құрсау, тері киімдерді қайдан табасың, онсыз да қасыңа жақындауға батпайды ешкім, – дейтін, – мінезің қиын, кіндік балаң ғой, Мәулен саған ұқсаған, қайсар, айтқанынан қайтпайды, ішімдегіні тап деп тұрады, Дәурендей емес...». 

Қайран, сол жылдар, Сағат пен Шәрбану пәтерден пәтер ауыстырып, қайда көшсе де қонақ арылмайды, есігі жабылмайды, біз де күн құрғатпай тәтті, дәмдісін жеуге әбден дағдыланғанбыз. Әлдеқалай Шәрбану шаруалармен шығып кетсе, ол келгенше Сағат бүкіл тағамды, тіпті сыйлы қонаққа деп сақтағандарына шейін алдымызға толтырып қоятын. Пейілі кең, жаны жомарт, қолы ашық, қимылы тез еді! 

Соңғы рет аяулы ұстазымыз Тауман Амандосовты соңғы сапарға шығарып салғанда бәз-баяғыдай ширақ, сергек қалпында кездестірдім. Өнбойынан, көзқиығынан арқа сүйейтіндей бауырмалдықты, жылуды сезіндім. Арнайы барып, мұң шағып, жылағым келді басымнан кешкен түрлі жағдайды айтып. Үлгермедім, Тауман ағамен қоштасқаннан кейін бір айдан асар-аспаста өзінен де айырылып қалдық...

Міне, арада жарты ғасыр өткенде, Сағаттың жарқын жүзін мұңая да сағына елестетіп, соншалықты қысқа ғұмырында жүз, мың жылға татитын мұра қалдырғанын дәл сол шақта еш ұқпағанымды мойындауға мәжбүрмін. Артық кетіп, дарақылық танытқаным да біртүрлі жүрегімді сыздатқандай. 

Жалғыз Сағат емес, ірі тұлғаға айналған замандастарымның қадір, қасиетін өмірім өте шыққанда, енді ғана білгендеймін. Шашылған қағаздарымның арасынан әлдене іздеймін кеп алаңдап, Сағаттың жазып берген кітабы, күнтізбе дәптер, маңызды тағы бір нәрселер бар сияқты еді, табыла қоймады. Жүйесіз үйілген хат, хабар, қолжазба папкаларынан іздегенімді таппай быт-шыт шаршап отырғанымда, жарым-жартысы жоқ алақандай блокноттан Сағаттың қолтаңбасы жарқ етіп шыға келді. 

Не деген сәттілік. Айы, күні белгіленбепті, шамасы студенттік кез болса керек. Алғашқы парағын Сағат «Арман биік асқар шың, арман баспалдақтарындағы менің ыстық демдерім» деп бастапты. Сол ыстық демінің ара-арасынан сыр суыртпақтасақ:

■ Мақсатың жалпыға ортақ болса – сен азаматсың; Әрқашан оптимист болмаққа керек; Нағыз бақыт – өз басыңды сыйлау. Ал, ең үлкен бақыт – өзің сүйген мамандықты сүю; Алдымен адамдықты жете меңгер, сонан соң мамандық шыңын игер; Бақыттың қыры да, сыры да көп, өмірлік бақыт өмірден өз орныңды табу да сол орынға лайықты теңіңді (жар) табу ма деймін; 

■ Мәртебең өссе құлди сені қуалар, құлдиласаң мәртебең бірге сырғанар; Бос уақытты күтіп жүре алмаймын, уақытты қолдан жасауға тиіспін; Адамның өңі секілді ары да әртүрлі: жібектей жұмсағы да, көндей қалыңы да болады; 

■ Ұлы адамның қатесін сынаған артық емес, бірақ сол үшін оның өзін айыптау – ағаттық. Ұлы адамды ұлы қалпында тұтас ұғыну керек; 

■ Ғұмыры қолым тимейді деп, шыр-пыры шығып жүретін адам – асылы ештеңе тындырмайтын адам; 

■ Түбі саяқ адамның болған-толған жері – жақсы жандардың қатесін іздеу, соған жармасу; Оңашада ұрлап ішіп, жұрт көзінше мас боп жүретін жандарды көргенім бар; Жан тебірентер кітап жазу үшін көздің жасы мен айлы түннен гөрі күштірек нәрсе керек; Өткір теңеуге тән бітіретін – жазушы да, жан бітіретін оқушы; 

■ Жан тыныштығын іздеген кісінің жанынан шығар ақылы болмайды.

Қызғаныш мұны әркім әр қалай түсіндіреді, менімше, бұл құбылыс сенімсіздіктен әлі терең түсінбеушіліктен туындайтын секілді; Өмір жөнінде әркімнің әр түрлі, сан қилы түсінігі, пікірі болады, ол ойлар бір түзудің бойында жатпайды; 

■ Өмір – математикалық формула емес; Әрқашан ақыл, парасат жеңеді; 

■ Біреуге ақыл айту бір ерлік, ал сол ақылды өзің қабылдау – іс жүзінде мың ерлік. Сезімді ақыл тізгіндейді, ақыл ойды сіз, біз дейді; Сөз шындығын өлшейтін таразы – уақыт; Уақытты минуттап санайсың да, ал өмірдің минуттап өтіп жатқанын санай алмайсың; 

■ Мен үшін үлкен бақыт – оқу, іздену...

Әрі қарай осы блокноттағы студент Шәрбану жалғастырған «Көңілдегі кейбір түйгендеріне» назар аударайық:

■ Көлгірсіген мың ақылдан орынымен қолданған бір ақылдың артық болатын кездері болады; Адамның бір рет көзге жарқ еткен жақсылығынан –

жақсы деп, сондай-ақ бір ісіне қарап – жаман деп қортынды шығару өте асығыстық па деймін! ...Жақсы деген адамның бойында да бір жаман қасиеті болуы мүмкін де, жаман дегеніңнің де бойында бір жақсы қасиеті болуы мүмкін. Меніңше: жақсылық асқан қарапайымдылық пен кішіпейілділік. Жамандық – өзінің тұрақты пікірі мен көзқарасы болмағандық және жағымпаздық; Ұлы сөзді жазу даналық та оның өз санаңда қалыптасуы асқан даналық қой. Махаббат түйсігіңде (санаңда) бейнеленетін әрбір затқа деген сүйіспеншілігіңнің биік шыңы ма деймін. Санаңда қалыптасқан жақсы ойдың мызғымас түйіні, жақсы көрудің, түсінісудің биік дәрежесі емес пе екен! Осының өзі әр адамның әрбір затқа, жанға деген тұрақты пікіріне, оның түсіне білу қабілетіне байланысты бола ма деймін! 

■ Ойланып отырсаң өмір деген қызық қой! Кейде түсініскен, тіпті толық түсінемін деген адамыңмен де түсініспей кетесің, ал осымен ортақ тіл таппаспын дегеніңмен де өте тамаша ұғыса аласың. Оның бәрі екі адамға бірдей байланысты ғой. Дегенмен, қалай десең де, ол адам, оның ішкі дүниесіне үңіле біліп, бойлап бағдарлау керек қой. Әр адамның жан дүниесіне табиғи қырағылықпен қарап, көңіліне жол таба білу өте бір қажет нәрсе ғой. Ол жамандық, яғни көрінгенге бір ұрынғандық емес, адамтанудың бір қыры ма деймін; 

■ Сұрақ: геометриядағы бір жазықтықта жатқан екі түзудің қиылыспайтыны секілді бір бастан шыққан екі ойдың да қиылыспайтыны неден? Жауап: Әлі де болса дұрыс түсінбей қортынды шығарғандықтан.

Сұрақ: Ал кейде екі бастан шыққан екі ойдың бір арнада тоғысуы қалай? Жауап: Шындық болғандықтан...

***

Ойларының осылай бозбала, бойжеткен шағында тоғысуы Сағат пен Шәрбанудың мызғымас одағына ұласып, қазақтың рухани кеңістігінде қатарласа ұшты. Екеуі де оқырманын мол қазынаға кенелтті.

Академик Серік Қирабаев жазғандай: «...қалам қызметін сыпайы бастап, әдепті мінезбен даурықпасыз жалғастырып келе жатқан бүгінгі көрнекті жазушының бірі Шәрбану кейіпкерлері – үлкен қайраткерлер емес, қазақтың қарапайым Әйелі. Әр салада еңбек ететін, әрқилы отбасылық өмір кешкен топтың өкілі. Автор солардың тұрған ортасы мен қарым-қатынасы, тіршілігі негізінде шын бейнесін танытуға, көзқарасын, өмір туралы ұғым-түсінігін ашуға ұмтылады.

Журналистік қызметте жүріп өмір таныған Шәрбанудың шындықты терең түсінуі мен адамдарды тануы оның жазушылық қаламына жел бергені оның шығармашылығынан анық байқалады. Қаламгерге тән байқағыштық, құбылысты сурет күйінде көру де оған көмектескен. Сөйтіп, Шәрбанудың сәтті шығармашылық еңбегіне жол ашқан. Оның характері де дара, суреттейтін оқиғалары (сюжет, фабула) да нанымды, тілі де құнарлы, ойлы. Айтары бар, ұсынар сабағы мен ғибраты да мол. Оны қазақ әйелі табиғатының жыршысы деуге әбден болады». 

Заря Жұманова, Жанат Әскербекқызы және басқа да белгілі қаламгерлердің Шәрбану туралы зерттеулері бар. Том-том көркем шығармалары, аудармалары, мақалалары әдебиетіміз бен мәдениетімізге қосылған зор олжа. Бұл жайлы айтар сөз де әлі алда.

«Сөз шындығын өлшейтін таразы – уақыт» деп Сағат бекер айтпапты. Бұдан отыз, қырық жыл бұрынғы шығармаларында, сұхбат, телехабарларында бүгінгі заманның талап, тілегінің қамтылғаны қайран қалдырады. Сағаттың ой, пікірлері, қанатты сөздері уақытпен тұлпардай жарысып, кешегінің, қазіргі күннің тірлік тынысын қалай толықтырса, келешекте де дәл солай жалғаса бермек. Өйткені Сағат Әшімбаевтың дүниелері өміршең, ұлтымыздың игілігіне тұрақты түрде қызмет етіп, мәңгілікке ұласпақ. Қысқаша қайырсақ: С.Әшімбаев мұрасы тәуелсіз Қазақстанның моральдік бет-бейнесін айқындайтын кодексін, адамзаттың гуманистік, жасампаздық бүкіл сыр, сипатын қамтыған ғажап әлем.

Сол ғажап әлем иесі, шексіз дүниенің ой, орманын армансыз шарлап, оттай жанып кеткен Сағат Әшімбаев пен әдепті мінезбен әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан Шәрбану Бейсенова екеуінің үпір-шүпір немерелері үшін қуанамын. Алтынай, Айғаным, Әлиманың жайдарман жүздерінен Сағаттың қайран анасының таныс, бейтаныс белгілерін шырамытып, іштей толқимын. Болашақтары жарқын, мақсаттарына жетіп, аман-есен жүрсе екен деймін. 

Немерелерінің қылығын мөлтек әңгімелерінің өзегіне айналдырған Шәрбанудың да тілегі осы: «Ауыр сөмкенің салмағымен жас шыбықтай бір жағына майысып, мықшыңдап кетіп бара жатқан немересіне қарап, әжесінің жүрегі елжірейді. Құлыншағым-ай! Иығыңа осы жүк артқаның артқан-ай! Осыдан бастап, өмір бойы өз жүгіңді өзің көтересің. Тек сол жолда ұлы Тәңірім өзі демесін. Жүгің жеңіл, ғұмырың ұзақ болғай! – деп тілейді әжесі көзі жасаурап». 

Тілегің орындалып, немере, шөберелеріңнің қызығына тоймай ұзақ ғұмыр кеш, Шәрбану! Өзің үшін де, Дәурен, Сағат үшін де!


Өмірдерек

Сағат Әшімбаев (1947-1991) 1 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол ауданы) дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Баспасөз бетіне оның алғашқы тырнақалды мақалалары 1966-1967 ж.ж. аудандық «Советтік шекара», облыстық «Жетісу» газеттерінде жарияланды. Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған ол кейін сол бөлімнің меңгерушісі болып істеді. 1973 жылы «Жас Алаш» газетінен «Жұлдыз» журналына сын және библиография бөлімінің бөлім меңгерушісі болып ауысады. Ол біраз жыл бойы осы әдеби журналдың алқа мүшесі болды. 1976-1979 ж.ж. «Жас Алаш» газетінде редактордың орынбасары болып істеді. 1974 жылы жарық көрген «Сын мұраты» атты алғашқы кітабына Қазақстан Жастар одағыныц (Қазақстан Ленин комсомолының) сыйлығы берілді (1976). 1979-1980 ж.ж. «Жалын» баспасында қызмет істеді. 1980-1986 ж.ж. Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің (ВААП) Қазақ бөлімшесінің бастығы. Осы жылдары қоғамдық негізде тағы бірқатар қызметтерді қоса алып жүрді: Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, СССР Жазушылар одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі болды. 1986-1991 ж.ж. Қазақ ССР Телевизия және радиохабарын тара- ту жөніндегі мемлекеттік комитеті төрагасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеді. Ол 1980-ші жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті багдарлама жүргізді. Өзі теледидарга қызметке келген соң осы хабарлардың өзектес жалғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарлама енгізіп, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. Қазақстаннан тыс тұратын қандастарымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары да кезінде өте жогары багаланды. С.Әшімбаевтың негізгі тақырыбы – сын жанры. Оның қаламынан туған зерттеу-талдау тұжырымы, көңілге қонымды сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жүйелі жарияланып тұрды. Туған жері Райымбек ауданында өзі оқыған мектебі С.Әшімбаевтың атымен аталады. Алматы қаласындағы бір көшеге оның есімі берілген. Қазақстан Журналистер одагы тағайындаган С.Әшімбаев атындағы ең үздік телехабарларға берілетін жүлде бар. Шығармалары: «Сын мұраты». Әдеби сын мақалалар. «Жазушы», 1974; «Талантқа тағзым». Әдебисын мақалалар. «Жазушы», 1982; «Парасатқа құштарлық». Әдеби сын мақалалар, портреттер. «Жазушы», 1985; «Шындыққа сүйіспеншілік». Әдеби сын мақалалар, портреттер, эссе. «Жазушы», 1993; «Ақиқатқа іңкәрлік». Әдеби сын мақалалар. «Ана тілі», 1997; 2 томдық шыгармалар жинағы. Портреттер, зерттеулер, толғаныстар. Астана, «Елорда», 2006; Азаматтыққа адалдық. Әдеби сын мақалалар, зерттеулер, толғаныстар. Астана, «Раритет», 2007.


Шәрбану Бейсенова (14 қазан 1947 жылы Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы) – жазушы, журналист. Қазақ мемлекеттік университетін 1969 жылы бітірген.

Еңбек жолын республикалық «Парасат» (бұрынгы «Мәдениет және тұрмыс») журналында 1968 жылы әдеби қызметкер болып бастаган, кейіннен бөлім меңгерушісі болды. 1980 жылы «Қазақстан әйелдері» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысты.

Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің Баспа істері жөніндегі денартаментінде бас маман әрі жаңадан жарық көрген кітаптардың насихатымен айналысқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кітап әлемі» қосымшасының редакторы болды.

Алғашқы әңгіме, новеллалары облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газеті мен «Қазақстан әйелдері» журналында тұрақты жарияланып тұрды. Төл туындыларымен қатар аудармамен де айналысады. Украин жазушысы В.Дроздың, эстон жазушысы Е.Ермановтың, әзірбайжан жазушысы Анардың, латын жазушысы Д.Рукшаненің, армян жазушыларының жекелеген шығармаларын, Х.Андерсеннің ертегілерін, латиноамерикандық қаламгер Ж.Амадудың «Құм жағалаудың капитандары» атты романын қазақ тіліне аударған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1985) марапатталды. «Тағылымды тағдырлар» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2007). Шығармалары: «Тойға келген келіншек». Әңгімелер жинағы. А., «Жалын», 1980; «Қызғалдақтар». Ұжымдық жинақ «Зағипа» повесі. А., «Жазушы», 1983; «Топжарған қыздар». Деректі әңгімелер. А., «Жалын», 1985; «Қазақ ауылы». Ұжымдық жинақ –

«Темірқазық» әңгімесі. А., «Жазушы», 1985; «Сезімтал жүрек». Повесть және әңгімелер. А., «Жазушы», 1988; «Тағылымды тағдырлар». Аст; «Елорда», 2000; «Нарық нақыштары». Ұжымдық жинақ – «Қарлыған піскен шақ», «Қамсыздандыру агенті». Әңгімелер. А., «Қайнар», 2003. «Мизамшуақ». Әңгімелер жинағы. А., «Өлке», 2006, «Сүзгенің соңғы күндері». Хикаят, әңгімелер жинағы. А., «Ан Арыс», 2008. Т.б.

Жыр-аза

САҒАТПЕН СОҢҒЫ СЫРЛАСУ

Жарасқан Әбдірашевтың Сағат Әшімбаев қабірінің басында оқыған өлеңі 

Әй, Сағат-ай, қадіріме жетпедің, 

дәл өзіңдей досым көп қой деп пе едің?! 

Мақтау өлең жазайын деп жүргенде, 

Жоқтау өлең жаздырғаның неткенің! 

Түседі еске баяғыдай келсе күз: 

ептеп енді көтерілген еңсеміз – 

бозбаламыз, аз ғанамыз өзіміз, 

жас шамамыз: он жеті мен он сегіз.

Алматыға жиналғанбыз алыстан, 

арманымыз – айға атылған арыстан!

Бетімізден ешкім қағып көрмеген, 

шетімізден сияқты едік данышпан! 

Арамызда жоқ болса да сорлымыз, 

айғай-шусыз алатынбыз жолды біз... 

Ел күлері айдан анық – естісе, 

екеуміздің белгілі еді орнымыз. 

Салт екен ғой – жастық шақта сілкінбек, 

шарт екен ғой – тас құрсақта іркілмек! 

Ойдан қияс – көрдік небір зәбірді, 

қойдан жуас қоңыр болдық біртіндеп... 

Уақыт кейде – Атымтайдай жомарт-ау, 

бақыт кейде – хамелеондай нәмарт-ау, 

Бұққанменен, ыққанменен сыртымыз,

ішімізде жатты тулап жанартау! 

Мен оңаша жырдың қамын жеуші едім, 

сен оңаша сынның қамын жеуші едің. 

«Аһ ұрғанда өлең жазып аршылар – 

ақындарда арман бар ма!» деуші едің.

Тауыспай тым тілеулестер тағатын, 

сағатымыз туды ақыры соғатын.

Менің кенет минуттарым іркіліп, 

сенің кенет тоқтап қалды сағатың!.. 

«Қырды асатын кездеріміз – алда әлі, 

сырласатын кездеріміз – алда әлі!» – 

деген ұдай көңіл бізді алдады... 

Неге бұлай өмір бізді алдады?!. 

...Әй, Сағат-ай, қадіріме жетпедің, 

дәл өзіңдей досым көп қой деп пе едің?! 

Мақтау өлең жазайын деп жүргенде 

Жоқтау өлең жаздырғаның неткенің! 

Өжеттіктен өрмелеген өрдегі, 

өшпек емес өміріңнің өрнегі! 

Есіміңнің өлмесіне ел кепіл, 

бесігіңнің жұмсақ болсын жөргегі! 

Мағира Қожахметова, 

жазушы