БАЯНЖҮРЕКТЕН БАСТАЛҒАН БИІК БЕЛЕС

БАЯНЖҮРЕКТЕН БАСТАЛҒАН БИІК БЕЛЕС

       Жақында Жетісу облысы, Ақсу ауданы орталығы Ілияс Жансүгіров ауылындағы Молықбай Байсақұлы атындағы мәдениет үйінде белгілі жазушысы, ақын, сазгер, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Дарабоз байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстанның Құрметті азаматы, «Баянжүрек» баспасының директоры Арасанбай Жексенбек ұлы Естеннің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. 

        Шығармашылық кешке Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаттары ақындар Ғұсман Жандыбаев, Болат Үсенбаев, жазушылар Ділдәр Мамырбай, Қанат Қайым, ақындар Қуат Қайранбаев, Қайрат Бестібаев жас жазушыларымыз, әдебиеттанушы ғалымдар Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, белгілі журналист Гүлнар Жапарғалиқызы сияқты зиялы қауым өкілдері мен аймақ тұрғындары қатысты. Мерекелік шара шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Күлайхан Тұрсынбекқызы ашып, Арасанбай Жексенұлының иығына шапан жауып, аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады.    

    Мерейтойға арнайы келген қазақ әдебиетінің бүгінгі өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, мерейтой иесін құттықтады. Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы жинақтаған Арасанбай Жексенұлына арналып жарық көрген «Үркер ауған шақ» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманарға тарту етілді. Шара барысында «Балалар әдебиетінің дарабозы» және «Баянжүрек баспасында жарыққа шыққан әдебиеттер» атты 2 бөлімнен тұратын кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалынды. Жазушы шығармашылығынан деректі фильм көрсетілді. Баянжүрек баурайындағы балалық шағынан бастап, күні бүгінгі тұлғалық келбеті қалыптасқанға дейінгі жолдарынан парасатпен сыр шерткен кинотуындының авторы телестудия иесі, сатирик жазушы Доғдырхан Тұрлыбек. Мәдениет үйі сахнасында жергілікті өнерпаздар Арасанбай Естеннің ертегілері желісімен шағын театрландырылған көрініс қойып, ақын өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.

       Арасанбай Естен әдебиеттің сан саласында адал тер төгіп, ізденіспен еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Қай тақырыпты алса да, кейіпкерлердің психологиясына терең үңіліп, мінез ерекшеліктерін жанды түрде көрсете алатын шеберлігімен танымал. Мәселен, «Үшкемпір сайы» деп аталатын әңгімесінде сол жердің атауына себепші болған үш кейуананың қызықты сапары әңгіме болады. Оқиға нанымды, табиғи, сонысымен де әсерлі. «Шоң апа» әңгімесінде де жалғызілікті болса да үйінде қарап отырмай, ауылдағы тойдың көркі болып, қолынан келген көмегін аямайтын, тіптен іргелі тойды өзі басқарып, дәстүр-салтты бүге-шүгесіне дейін сақтап, керемет той өтуіне себепкер болатын әр ауылда да кездесер Шоң апалардың ортақ бейнесін сомдаған. 

         Қаламгер алғашқы тырнақалды туындыларымен-ақ әдебиет сүйер қауымның назарына іліккен-ді. Классик жазушымыз Сайын Мұратбеков сонау 1980 жылы жас толқын өкілі Арасанбай Естеновтың «Бір бала» әңгімесін «Қазақ әдебиетінде» айқара бетке жариялап, сәт-сапар тілеген болатын. Сол сияқты М. Әлімбаев, Ш. Мұртаза сияқты қазақ әдебиетінің белгілі тұлғалары жас жазушының шығармашылығына оң баға беріп, пікірлерін білдіргені белгілі.

       2021 жылы Арасанбай Жексенбекұлының «Алашапқын» деп аталатын хикаяттар мен әңгімелер жинағы жарық көрді. Қайта құру кезеңі. Еліміз басынан өткен, қоғамдық формация ауысар өтпелі кезеңде халықтың аласапыран заманға тап болып, жан күйзелісіне түскені анық. Жазушы «Үкім» әңгімесінде осындай қоғам ауысқан кезеңде қарапайым ауыл адамдарының, еңбеккерлердің небір қиындықты бастан кешкенін сыршыл суреткерлікпен баяндайды. Кейіпкері жылқышы Жүргенбайдың өлімі арқылы талай түйткіл ашылады. Не себептен өзін-өзі өлтіруге мәжбүр болды? Кім кінәлі? Қаламгер кейіпкерін өз жанын өзі қиятындай тығырыққа әкеліп тіреген сол кездегі қоғамды зерттеп, бар шындықты терең көрсетеді. Бүгінде көз алдымызда көбейіп кеткен жемқорлардың сол өтпелі кезеңнің басында қалай бас көтергеніне куә болып, жаныңыз түршігеді. Еңбекқор, жалғыз басты жылқышыға деген әділетсіздік жүрегіңді ауыртады. Пысықай басшылар қарапайым адам еңбегін социалистік қоғамда да, капиталистік заманда да өз дәрежесінде елеп-ескеріп, мәртебесін көтеруге асықпайтынын, тіпті қаперлеріне алмайтындығын байқайсыз. «Ай жаңғырық» әңгімесінде де осы өтпелі кезеңдегі адамдар арасындағы адалдық пен арамдық, атқамінерлердің қоғам мүлкін талан-таражға салуы оқиға кейіпкерлерінің әрекеттері арқылы шыншыл көрініс табады. «Төтенше жағдай», «Парторг» әңгімелерінің де тілі көркем, ойнақы әзілге құрылған, жеңіл оқылады. Арасанбай Естеннің кейіпкерлері ойдан шығарылмаған, өмірде бар екеніне, тірі, жанды образдар екеніне сенесіз. Мұның өзі жазушы шеберлігіне тән көркемдік шынайы табиғаты екені сөзсіз. Оқырманды жалықтырмайтын, керісінше оқиға ізімен мінез қақтығыстарын барлап, қаламгер сомдаған көркем туындылар әлемінде өмір сүресіз. 

    «Шырғалаң» хикаяты тар жол, тайғақ кешуді бастан кешкен қазақ халқының тартысты тағдырын кейіпкерлер өмірі арқылы көз алдыңызға әкеледі. «Адам аласы ішінде» деп, біресе ақ боп, біресе қызыл боп, сан құбылған бір адамның әлегі ауыл аймақты дүрбелеңге салып, шырғалаң заман күрмеуін шиеленістіре түседі. Жалпы бүкіл еліміз көрген ауыр, мехнатты өмір қаламгер шерткен ақиқат сырмен астасып, жандүниеңді астаң-кестең етеді. Тәуелсіздіктің қадірін сезе түсеміз. 

      Арасанбай Жексенбекұлының тағы бір қыры – ақындығы. Бір ерекшелігі, өлеңдерінде табиғат және азаматтық лирика басым. Прозалық шығармаларындағы лирикалық сазды ырғақтың бастауы – қаламгердің туа бітті ақындығында екені сезіледі. Қара өлеңнің шебері өлеңді қиналып құрастырмайды, құйылып түскен шумақтар. 

«Ақ еркемдей алғашқы сүйген менің, 

Қайыңыңмен сырласып, күйге енгенмін.

Сабырлық пен айбарды таудан алып, 

Жомарттықты далаңнан үйренгенмін» - деп жырлаған ақынның «Туған жер» деген өлеңінен-ақ аңғаруға болады.

       Балалар әдебиетіне үзбей қалам тартып келе жатқан А.Естен «Біздің батыр бабалар» кітабында балаларға арналған тарихи тілашар әліппе бастан-аяқ өлеңмен жазылған. Әр бетте тарихи тұлғалар сомдалып, қазақ ауылының көріністері, туған жер табиғаты кескінделеді. Жұмбақтар, өлеңдер жарияланған. Кітап көркем безендіріліп, тақырыптық суреттер мол салынған. Түсіндірме сөздік сабағы, сұрақ-сынақ сабағы, сұрақ-жауап сабағы сияқты тақырыпшалармен белгілі тұлғалар туралы өлеңдер құрастырылған. Кәнігі баспагердің бұл ізденісі де құптарлық. Оқушылар қаламгер туындыларынан танымдық мол мағлұмат алады. Бұл кітапты тіпті балаларға арналған энциклопедия деп атауға лайық. 

      Қай істеде де ыждаһаттылығын, жан-жақты білімділігін, іскерлігін байқататын қаламгер өзінің баспагерлік қарымымен де танымал. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, «Балалар әдебиеті» баспасының директоры, жазушы марқұм Шәкен Күмісбаев пен Арасанбай Естеннің әріптестік әрі іскерлігі арқасында дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесі дүниеге келді. Белгілі меценат, «Zhersu» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов қос қаламгердің балалар әдебиетінің даму, өркендеуі үшін «Дарабоз» халықаралық бәйгесін ұйымдастырайық деп айтқан ұсынысын қолдап, қатарынан 10 жылдан аса демеушілік көрсетті. Бұл бәйгеге қатысып, жеңімпаз атанған жазушылардың шығармалары «Баянжүрек» баспасынан «Кәусар бұлақ» деген атпен жүйелі түрде жыл сайын шығарылып тұрды. Бұның өзі әдебиетке үлкен серпіліс әкелді. Көптеген қаламгерлер осы байқаудан жүлде алып, ары қарай да шығармашылық ізденістеріне жол ашты.

       Арасанбай Естеннің енді бір қыры – сазгерлігі. «Баянжүрек», «Дариға арман», «Көгілдірім», «Ақберен», «Бозарал», «Биші қыз», «Елесіңді іздедім сағынғанда», «Елік-қыз», «Айналайын балдыздан», «Маралым», «Балзура», «Күлімкөзім», «Бала арман», «Қаһарман ұлы қазақтың» сияқты әнін де, сөзін де өзі жазған шығармаларын айтсақ та жеткілікті. «Алматы оттары», «Алғашқы махаббатқа хат», «Асыл айым», «Болмасын соғыс», «Мәңгілік алау алдында», «Тамашалы туған жер», «Гүл сүйген», «Студенттер вальсі» өлеңдеріне Мэлс Керейбаев ән жазған. Балаларға базарлық ретінде жазған «Бесік жыры», «Жеңімпаздар жыры», «Жасұландар әні» әндерін жазған Мұратжан Шомбалов. Одан басқа да балаларға арналған көптеген сазгерлер ән жазған өлеңдері бар.

        Қырық жылдан астам қазақ баспасөзінде баспа саласында қызмет атқарып келе жатқан белгілі жазушы Арасанбай Жексенбекұлының балалар әдебиетінің жанашыры әрі өзі де көптеген кітаптар шығарған автор екені белгілі. «Ауыл таңы» (Жалын 1985), «Баянжүрек баурайында» (Жазушы 1987), «Айжаңғырық» (Жазушы 1996), «Жансауға» (Жазушы 2002) атты хикаяттар мен әңгімелер жинақтары бар. Сонымен қатар «Әліппемен қоштасу» (Рауан 1997), «Мектептегі мейрамдар» (РБК 2000), «Жеті саны киелі» (Олжас 2003) тәрізді балаларға арналған өлең кітаптары мен кітапшалары жарық көрген. Халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше қайтара жеңімпазы атанған. 

                 Арекеңнің сатиралық шығармалары өз алдына бір әлем. Біраз өлеңдері «Күлкіңіз көбейсін» деген топтамамен «Дариға арман» кітабының ішінде жарық көрді. «Жаңаша түсіндерме сөздік» деп аталатын сатиралық қос қақпай өлеңі де терең астарға құрылған. Арасанбай Естеннің сатиралық топтамаларын оқып отырып, жазушының тағы бір қырына тәнті боласыз.

    Өмір жолында әркімнің шығар шыңы мен көтерілер белесі болары белгілі. Баянжүрек баурайындағы балаң арманнан бүгінгі биік белеске көтерілген Арасанбай Естенге ұзақ ғұмыр, қалың оқырмандарын әлі де қуанта беретін шығармашылық табыстар тілейміз!

 Баян БОЛАТХАНОВА,

жазушы-баспагер, 

Халықаралық «Дарабоз» 

әдеби сыйлығының иегері