ЖАЙ ОТЫНДАЙ ЖАРҚЫЛДАҒАН...

ЖАЙ ОТЫНДАЙ ЖАРҚЫЛДАҒАН...

(Ашыла алмай кеткен үлкен дарын иесі Есжан Айнабеков жайында)

 Есжан Айнабеков жайында сөйлеуім керек. Абай інімнің өтініші. Ойланып отырғаным. Есжанды еске алуым сол, мұң торлайды. Кермек мұң дәмі ауызға келеді. Неге?

Туған ауылымнан тысқары өскен жанмын. Балалық шағым бүгінгі бес аудан алабында өтті. Бәлкім, сондықтан ба, әйтеуір ауылдан шыққан азаматтардың көбінің түбін түстеп тануға, атына құлақ түріп танысуға құлықты бола қоймаппын. Бірақ, табалдырық аттап, өзімсініп келген жанға, кім болғанда да есігі ашық, кісі жатырқамайтын қазақтың бірімін. Сондықтан да мейлі Алматыда, мейлі ауылда тұрайын, жас болайын, жасамыс болайын, ешкімді жатырқап көрген жан емен. Әлдебіреулерге ілесе келіп, әуелде бастап келген кісіден де жан тартып жақын болып кетер немесе жақын жүріп те, біртіндеп суысып өзімен-өзі алыстап кете барар талай жанды көрді біздің шаңырақ. Балалық шақта ел, жер сұраспай достасып, кейін “менің үйірім бөлек екен ғой” – деген ішкі ойын сауып себеп-салдарсыз-ақ іргесін аулақ салған достар болды. 

Өмір болған соң бірде ілгері, бірде кейін жүресің. Бақыт құсың бірде көгілдір аспанды қалықтай ұшса, кейде жер бауырлап қалатын кездері болары хақ. Арымды алға салып айтсам, көкірегін ашып келген қандай да бір жандарды көкірегінен итермеппін. Достардан көрген әрбір ыстық бейіл әлі күнге суымай жүрек түбінде маздап жатыр. Ал, дос жоғалтудан қорқамын. Асылы, адам баласына дос табу – қиын, жоғалту – азалы жағдай. Пайдасына қарай келіп, кетіп жатар жігіттердің қайсысы да жанымның бір бөлшегін ала кетеді. Алайда, мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты саудаға салған саудагер жан емен.

Алматыда біраз орыстың жертөлесінде біздің ізіміз жатыр. Біз пәтер жалдап тұрмаған жер Алматыда аз. Жетпісінші жылдардың аяғында Ақтөбе көшесі 51 үйде тұрып жаттық. Аз бөлмелі пәтер, көп жан тұрамыз. Ол аз болса қонақ күтеміз әлдеқандай болып. Біздің сол үйімізде Б.Кенжебаев, Қ.Шаңғытбаев, Б.Әбдіразақов, Т.Тоқбергенов, А.Нысаналин қонақ болды-ау. Көпен Әмірбек немере ағам. Ол болса да. Аманжол Найманбайұлы, Ж.Дәдебайұлы, Серік Оразбаев, Зинол – Ғабден Бисенғали, Жақа Қожахметов, Баянғали Әлімжанов – қазан-аяғы араласқан достар болдық. Бірсыпырасы жоқ бүгінде мынау жарық дүниеде. 

Өзімсініп келетін ендігі бір буын Сапарбек, Базарбек сынды інілердің жора-жолдастары.

Өздері бір шоғыр болып келеді, бір шоғыр болып өріп бара жатады. Базарбек олардың бірін – Есжан Айнабеков, енді бірін – Қайрат Әлімбеков, тағы бірін – Жаңабек Шағатай, Бауыржан Үсенов деп таныстырып жатады. Бұла шақ. Бала шақ. Дүрілдетіп өлең оқиды. Қалғаны күрілдеп сынайды. Бауыржан гитарамен ән айтады. Тебіндеген сүйкімсіздеу мұрты бар, кемиек кетік қара бала немере інім Базарбек Түкібаевқа ілесіп келген еді үйге. 

Есімі – Есжан. Әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетіне түскен бе, түсемін деген бе, бастамай жатып-ақ шығып үлгерген бе, әйтеуір жүгенін мойнына бос тастаған бозбала. Бірде мейілінше ұяң, енді бірде кісі танымастай өр.

Оқудың жағдайы әлгіндей. Ауылға қайтарға бет жоқ. Базарбек інім «Қызмет тауып берсеңізші, аға» – деп қиылады. Жастарды қызметке ала қоярлық мен қайбір бастық. Бар болғаны – Сәбит Мұқанов музейі директоры орынбасарымын-ау. Талапты жасқа жәрдем беру керек. Қолдан келер қайран жоқ. Сондай күннің бірінде музейдің кіші ғылыми қызметкері Жанат Ыбраев басқа қызметке ауысты да, Есжанды сол азаматтың орнына қабылдадық.

Музейдің жұмысы белгілі. Өзің іздеп, тауып істеуің керек жұмысты. Әйтпесе, салақтап бос жүрем десем де еркің. Есжанды архивке, өзге музейлерге жұмсап көремін. Өте тындырымды. Не тапсырсаң да тастай етіп орындайды. Бірақ, істеп жүрген ісіне көңілі тола бермейді. Тәуір қызметке дипломы болмағандықтан ала қоймайды. Дегенде, әр кез-әр кез Қазақстан Жазушылар Одағы шарушылық басқармасында, «Арай» жорналында тиіп-қашып қызмет атқарды. Серілік ортада жүріп, сары судан жұтып, сергелдеңге түскен кездері де бар. «Арай» журналында Әшірбек Көпішевтей азаматтан ақ-адал ағалық көрді. Мұның баршасы да музейге дейін, кейбірі кейін атқарған қызметтері. Қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да “ағалап” келіп тұрады. Жазушылар одағында қарапайым жұмыста жүріп, астамшылық жасаған бір «классикке» «общым жазушы емессің ғой, көке...»-деп салыпты. Басынан сөз асырмайтын еді. Әдебиетке деген талғамы аса жоғары еді...

Музейде Есжанды шамам келгенінше, күнделікті күйбең тірліктен тысқары ұстауға тырыстым. Олай болатын себебі – жазған-сызған тырнақалды дүниелерін оқыдым. Аяқталмаған оқуы бар болсын, мына бала оқымай-ақ мықты. Жаңа жаза бастаған әңгімелерімен-ақ классик. Жасырып-жауып не керек, әдебиетке жарқырап келе жатқан талантты жасты көрдім. Шамам келгенінше, шығармашылық іске баулыдым. Түрлі тапсырма беріп байқадым. Бейімі – проза. Әңгімені шегедей етіп жазады. Классик атанып жүрген көп кісінің жазғанына көңілі толмайды. Өзімшіл қатерлі дерт меңдеген көп кеудемсоқтың бірі ме, деген күдікті ой келеді. Сынап қараймын. Өзіне де көңілі толып тұрған жоқ. Өз жазғандарын да редакцияға апаруға, жариялатуға құлықсыз.

Музей шағын мекеме болғанымен, онда да “қайда жүрсің?” – деп сұраушылар табылады. “Есжан – Жазушылар одағына кетті.” “Есжан архивте отыр”... Менің әрдәйімгі жалған жауаптарым. Бала еркін ізденсін деп бас жібін бос қоя бердім. Екеулеп қиыстырған өтірігіміз ашылып қалмауы үшін Есжан кейде архивке барады. Сондай күннің бірінде архив-адам Бейсембай Байғалиевке жолығады. Архивте қызмет атқаратын жарым Баян “менің інім”-деп таныстырады. (Баянмен рулас еді). Бейсекеңнің Есжанға ықыласы ауады. Алаш ардақтыларымен ауыратын Бейсекең Есжанды архивтегі жабық істермен жасырын таныстырады. Танауы делдиіп “Алаш...” деп әңгіме айтатынды шығарды кетік бала. Сәбит Мұқанов музейінде қызмет істегісі келмейтінін айтады күнін көре алмай жүрген кетік бала. «Алашорданы құртқан біздің Сәбең екен ғой...» дейді көститіп.

Дүниетанымы “бұзылған” кетік баланы бір күні Бейсембай Кенжебайұлына ертіп әкелдім. Бала арындап сөйлейді, Бейсекең баспалап қана айтады Алаш ардақтылары жайында. Бейсекең аузын ашса көмейі көрінетін жаны ақ қардан да әппақ қара баланы жақсы көріп-ақ тұр. Ақтарыла сөйлеуге талай бәлені көрген әкі сақтығы жібермейді. Әрдәйім-ақ келіп Алашшыл ақсақалмен әңгімелесіп кетеді. (Біз ол кісінің үйіндеміз). Есжан кетісімен: “Бала байқасын дә!” дейді Бейсекең.

Үйге келіп, қона жатып жүріп бірде кітап сөресінде тұрған, әбден шимайланған Ницшенің кітабын жата-жастана сұрап алды. “Үйден шығармай оқы!” дедім көңілін қимай. Ол кезде Ницше «жабық». Кітапты біраз мыжғылай оқыған Есжан тағы да бірқилы өзгерді.

“Гитлер сүйген философ екен ғой, ә, аға” дейді аузыма қарап.

Оқыған, білген бойға құт. Бірақ, өз бойыңдағы бардан айырылып қалма!-деймін

мен. 

Сондай күннің бірінде:

– Аға, оқып беріңізші, – деп бір қолжазба әкелді. Көлемі шағын. Көз жүгірттім. “Тасбақа” аталады.

 Сол күні кешкілік жеделдетіп оқып шықтым. Фабуласы мынадай. Тасбақа аспанда ұшып жүрген құстарға еліктейді. Ұшқысы келеді. Сырт қақпағын алдырады. Қызыл шақа шандырды бір құс іліп алып аспанға көтеріліп кетеді... Тас-түйін. Артық-ауыз сөз жоқ. Бәрі орнында. Дүние-ғаламдағы бар мақұлық құдайдың жаратқан табиғатында жарасымды. Тәмсіл формасын пайдаланып жазған философиялық әңгіме. Классика! Қайта-қайта қарағыштап мен келген ой, түйген түйін – осы болды!

Ертеңіне қайын інім екеуміздің арамызда ашық әңгіме өрістеді. “Тасбақа” әңгімесінен өрістетіп, өзінің үлкен дарын иесі екенін, өзін аямаса да, әдебиетті ардақтаған сезіммен өзін сақтай ғұмыр кешуі керектігін жеткізе айттым-ау. Ол бақытты күй кешті. “Оқуы да бар болсын, жаза жүріп оқы, оқи жүріп жаз. Дипломның бір мәнісі болар!” – дедім. Ол түсінуін-түсінді. Бірақ, барлық қанатты адамдарға тән-біле тұра ұстанбайтын, біле тұра бойындағы дарынын бағаламайтын, оңды-солды шашып ысырапқа ұшырататынын да көңілім сезді сол жолы.

Аз күнде қанаттанған Есжан тағы да бірді-екілі әңгіме жазды. Жазу столына отыруы қиын. Отырды-ақ тез жазатын еді Есжан. Аздап та болса, көңілі толарлық дүние жазса, не Әшірбек Көпішевке, не маған оқытар еді. Оның әңгімелерінен буырқанып оянып келе жатқан сұмдық дарын қуатын көретінмін. Және оның өзін-өзі ұстауы, көңіл-күйіне қарай пікірімді бірден лақ еткізбей там-тұмдап айтар едім. Кейде “ақ судан” артық ұрттап, 

– «Әшірбек ағам мақтады» – дейтін әлде бір қолжазбасын көрсетіп.

– Немене, сол мақтауды жудыңдар ма? – деймін мен.

– Енді, аға нетіп, жігіттер... – дейді қипақтап.

Заматында оқыған болып, 

– Әңгімең нашар – деймін баттитып, Әшірбек ағаң сыншы емес. Мына әңгімең нашар. Өсу жоқ, сенде кетік...

– Е-е-һе, аға-дейді ыржалақтап.

Әңгімеміз көп жараспайды мұндайда. Інім ақырын жылыстап кетіп бара жатады... біраз күн беттей алмай, әңгімеге келе алмай, оянған ұяттан аса алмай әлек болып жүреді. Одан әрі ағалы-інілі болып жарасып кете барамыз. (Жездесі бола тұра, маған “аға” деуден танбай өтті.)

Күркіреген күндей болып “Желтоқсан оқиғасы” болып өтті. Бір-ер күннен кейін Сәбең жарықтықтың музейіне көзі көгерген, басы жарылған, қабырғасы сынған Есжан келді біртықтап қисайып. Көңілсіз күндер, түнерген түндер. Үрейлене қарадық. Мәриям апай шошып кетті. Музейді басқарып отырған Сәбең мен Ғабеңнің ортақ немересі, тілі орысша шыққан Нейла Арыстанқызы тіктене қалды. Қайдан келгенін бәріміздің ішіміз сезеді. Оңашалап сұрап, істің мән-жайына қанықтым.

Мейірхан Ақдәулетов екеуі желтоқсан оқиғасы қайнап жатқан алаңға барады. Жалындаған жастармен бірге әділет іздейді. Ақыры әлгіндей... Бірін-бірі сүйрелеп, майдан алаңынан әрең шығады.

Араға апта салып, қолында желтоқсаншылардың фотосуреті бар, қызыл жағалылар келді музейге. Бұл кезде алдағы қауіпті сезіп Есжанды жұмыстан босатып, сенімді бір үйге жатқызып қойғанмын.

Әупірім-тәуірмен Есжан аман қалды.

Өзі тығылып жатып Қыздар Мемлекеттік институтында оқитын қарындасының Желтоқсан оқиғасына қатысқанын, тиісті орындарға шақыртып жатқанын айтып көмек сұрайды. Ол қарындасы да от еді жайнаған, басқыншы елге ішкі қыжылы қайнаған.

Желтоқсанға қатысқандар райында “Қазақ әдебиеті” газетіне өзінің іздеу салған фотосуреті басылды. Әйтеуір, бәрі де басылды біртін-біртін... Бірақ, Желтоқсан оқиғасы – ұлттық бітіміміз, азаматтық болмысымыздың «рентгені» болды да шықты. Ол жайында қазақтың философ ақыны Мейірхан Ақдәулетов шырқыратып тұрып жазды уақытында. Тіршілік күнгейге ауыса бастады біртін-біртін... Желтоқсаншыларды енді жақсы жағынан іздей бастады. Жасырынып жүріп, әупірім-тәңірмен аман қалған Есжаным енді халық батыры. Сұхбат бере бастады. Желтоқсаншылар ұйымына тартыла бастады. Мұхтар (Шаханов) ағасын төңіректейтін әдет тапты. Өзі бір сұхбатында “мені желтоқсан күндері бәле-жаладан аман алып қалған Құлбек ағам” – депті. Шамасы, өмірінің ақабалы сәтінде қызмет еткен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде болар.

Есжан Желтоқсан оқиғасынан біртүрлі күйректеніп шықты. Көркем шығарма жазу өнеріне де салғырт қарады. Бірде – Алматыда, бірде – Отырарда – ауылда. Алматыда бір-екі рет қатты сырқаттанғанда өзі басқаратын ауруханаға салып емдеткен қазақ, «Жедел жәрдем» ауруханасының Бас дәрігері ірі қазақ, рухани мықты қазақ – Амантай Біртанов.(Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртановтың әкесі. Қ.Е.) Тағы бір-ер рет сырқаттанғанда емдеткен “Түркістан” газеті басшысы Шәмші Пәттеев!

1999 жылы Түркістан қаласы әкімінің руханият мәселелері жөніндегі орынбасары болып үш-төрт ай қызмет атқардым. Есжаным келді еркелеп. Тілі еркелегенімен, жүзі еркелей алмай көмескі тұрды. Жүзі солғын. “Оңтүстік Қазақстан” газетінің Түркістандағы меншікті тілшісі. Бірде аз, бірде көп жазады. Не жазса да Есжанша шегедей етіп жазады. Көркем шығарма жазуға уақыт жоқ. Балабақшаның бір бөлшегін алып, бала-шағасымен тұрып жатыр екен. Бәрі жақсы-ау, бірақ бұлар мекен еткен балабақшаны бір қалталы корей қызы сырттарынан сатып алған. Енді, сауда-саттық орталығына айналдыру үшін тұрғындарды шығару харекетіне көшкен. Қарсыласқандардың жүгін далаға лақтырады... Қожаның аты – қожа. Қолында құжат.

Екеуміз Түркістан әкімі Өмірзақ Әметке барып жағдай айттық. Өмірзақ Әметұлы жадау-жүдеу Есжанға үй беруге уәде етті. Ұзамай мен облысқа «шала шенеунік» болып ауысып кете бардым. Бердібектің пәтер билігін сеніп тапсырғанын пайдаланып 224 өнер адамына пәтер бергенімізге, бере алғанымызға шүкіршілік, әрине. Қиқуы көп болды, бірақ. 

Есжанның қантамыры түйіліп ауырып, ажал аузынан қалыпты. “Сайлаубек Шалқаров ағам ажалдан арашалап алып қалды, өліп қала жаздадым” дейді Есжан көңілін сұрай келген маған.

– Ауырып тұрдың – аунап тұрдың. Әлі-ақ жазылып кетесің, – деймін сырқат інімді жұбатып.

– Қайдам аға, денсаулықты ішіп қойдым ба, тауыстым ба? – дейді ол мұңайып.

Еркөңіл романтик Есжан ұзамай жөнделді. Денсаулығына орай сақтана еңбек етіп жүріп жатты.

Алдымдағы ақ телефон жылаған баладай шар ете қалды. Суық сылдырады.

– Есжаннан айырылдық, – деді Базарбек інім.

Іле-шала Алматыдан Есжанның досы Темірғали Көпбаев інім телефон шалды.

– Құлбек аға, естідіңіз бе?

– Естідім қалқам.

– Мен шықтым.

Екеуміз барып қайғы шеккен, қаралы шаңыраққа көңіл айттық. Әкесі сөз қадірін білетін кісі. Ергөбек бабамнан бастап түп-тұқиянымды түгендеп шықты. Өзін алдарқатқаны. Біздің төбемізді көрген соң, сөзімізге иланып өзін-өзі жұбатқаны. Әйтпесе, ішкі жан-дүниесі әлем тапырақ. Ішкі күйік сыртқы күйіктен жаман. Ұзамай қарияда да бақилық.  

Есжан қазасы қабырғама қатты батты. Әуелде Алла-тағала аса дарынды етіп жаратқан Есжандай азаматтың өзін әдебиетке арнай алмағанына, сұмдық талант бола тұра, ел айта жүрер соқталы дүниелер қалдыра алмағанын ойлап ішім алау-далау уілдеді.

Дарынына сай еңбек жасай алмады. Еліне ескерткішке қалдырған азын-аулақ әңгімелері – аз. Бір жұбанарлығы аз да болса – саз! Сол саз әңгімелерді Есжанның жан досы – қазақтың философиялық ойға ұмтыла өсіп келе жатқан ақыны, баспагер Темірғали Көпбай «Ескерткіш» деген атпен бір кітап етіп бастырып шығарды. Оқыған сайын оқығың келе береді. Оқып шығып, әр әңгімесін талдап, бір-бір мақала жазғың келеді. Ал, республикалық, облыстық («Оңтүстік Қазақстан») газеттерге жазылып, жарық көрген материалдары әлі жиналған жоқ. Ортақ ағамыз, оңтүстіктің жорға жазушысы Мархабат Байғұт туралы ертеде бір мақаланы екеуміз мойынсерік болып та жазғанымыз бар. Бар, әр жанрда із бар... Бірақ, аз, аз да болса саз. 

Ол сұмдық дарынды, сұрапыл дарын еді... Әттең-ай, әттең. Сұм ажал кімді аяған, сұм ажал шіркін шырын өмірді, жаңаң жапырақ жайып жайқалып келе жатқан көкпенбек өмірді, жап-жасыл тіршілікті қылтасынан қыршын күйінде қиды да жіберді. Ол бейне шырқалмаған ән секілді, ол бейне айтылмаған сөз секілді, бейне ол айтылмай кеткен ұлттың ұлы мұраты секілді... Есжан өлді, Ұлттың бір мұраты талды... Жай отындай жарқылдаған жан еді. Амал қанша? Қолыма бала кезгі досы Темірғали Көпбаев шырылдап жүріп шығарып берген «Ескерткіш» аталатын Есжан кітабын алып кермек ой кешіп отырысым мынау... Асылында шын дарын ұлт байлығы, оның тындырары исі қазақтың ортақ қазынасы! Есжанның жарық дүниеден кетуімен ортақ қазынамыз ортайып қалғандай сезімдемін..

Бір көңілге медет ететініміз, қазақтың дарынды ақыны, қарымды қайраткері Қазыбек Иса кезінде ұлт зиялыларының қолын жинап, “Қазақ үні” газетіне Ашық хат жазып жүріп Есжан Айнабекке Түркістан қаласынан бір көше алып беруге қол жеткізгені! Алла разы болсын дейміз.

Құлбек Ергөбек,

филология ғылымдарының докторы, профессор