Қамнұр Тәлімұлы: ТІЛ – ТІРЕГІ, ТІЛ – ЖҮРЕГІ ХАЛҚЫМНЫҢ

Қамнұр Тәлімұлы: ТІЛ – ТІРЕГІ, ТІЛ – ЖҮРЕГІ ХАЛҚЫМНЫҢ

Ақын, сазгер Қамнұр Тәлімұлы ҚХР Текес ауданы, Шолақтерек ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері, «Халық мұғалімі», Талғар ауданының Құрметті азаматы.

1995 жылдың 12 қыркүйегінен бастап 2007 жылға дейін Талғар ауданы, Қарабұлақ (Ключи) ауылындағы № 22-ші орыс орта мектебінің директоры әрі жоғары санатты мұғалімі қызметін атқарды. 2007 жылдан бастап Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарайтын Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры қызметін атқарып келді. 

 «Дәркембайдың дегендері» (2006), «Көңіл көзі» (2010), «Мінәжат» (2011) атты кітаптардың авторы. 

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒАЖАП ТІЛІ ҒАЛАМНЫҢ!

Сырын ұғып, мұңын ұғып даламның,

Дарқандығын паш ететін балаңмын.

Қобыз үнін күңіренткен Қорқыттай,

Қазақ тілі – ғажап тілі ғаламның!

Түп атасы Майқы бидей данамның,

Түгел сөздің түбін ұққан балаңмын.

Екі-ақ ауыз сөзбен шешкен ер құнын,

Туған тілі ол – Төле бидей бабамның.

Тағылар мін табылса да маған мың,

Бүгін ешкім таға алмас-ау саған мін.

Қалтыратқан қонтайшысын қалмақтың,

Қаруысың Қазыбек бидей бабамның.

Алдарынан кесіп өтпей ағаның,

Құнын жоймай аға берген бағаның.

Тыным көрмей тыныштықты күзеткен.

Ана тілі ол – Әйтекедей бабамның.

Нұрын шашқан таңғы шапақ арайдың,

Тілдің өткен кеткеніне қараймын.

«Қайран елім, қазағым!» – деп кешегі,

Тілісің сен, күңіренген Абайдың.

Тіл – тірегі, тіл – жүрегі халқымның,

Тіл тұрғанда құны да жоқ алтынның.

Жаны ауырып іздейтұғын жоқшысы ол,

Дәстүр-ғұрып, ата-баба салтымның.

Тілім барда, мөлдір ашық аспаным,

Тілім барда, мәңгі жарық жас жаным.

Туған тілден бойға қуат нәр алып,

Туған тілден үлгі алады жастарым.

Толқын атып бойдағы бар жас қаным,

Сол тіліммен жауымды да жасқадым.

Қазақ тілім – семсері мен қылышы ол.

Махамбеттей – маңғазым Марғасқаның!

Тілім барда маған мінді тағар кім?

Тіл – құдірет, тіл – қаруы қоғамның,

Ғарышқа өрлеп «Ғасыр ақыны» атанған,

Қанаты ол – Мұқағали ағамның.

ҰРШЫҚ

Білінбей сонша жіптің жиылғаны,

Ұршықтың үдей түсіп құйындары.

Ақ әжемнің сезімтал саусағының,

Біркелкі бұзылмайтын күй ырғағы.

Түтілген төрден шүйке жиылмайтын,

Әжемнің кезі жоқ ед сыйынбайтын.

«Тілеуін жалғызымның бер, Тәңір!» – деп,

Көзінен тамған жасы тыйылмайтын.

Қажет қып мұң қойнына бір түнеуді,

Әжем де әдет қылған уһілеуді.

Ниетпен құлдық ұрып сұрасаңыз,

Құдайым береді екен шын тілеуді.

Бұл күнде әжеміз жоқ, ұршығы аман.

Тараған жалғыз ұлдан бүршігі аман.

Әжемнің ұршығындай шыр айналып,

Өсіңнен тайып кетпей тұршы ғалам!

Елінің күн-түн тілеп тыныштығын,

Тауыпты әжем, мәңгілік тыныс-тыным.

Дәлелдеп тұрар маған сол ақ ұршық,

Әжелер тілеуінің дұрыстығын.

ТІЛ ҚАДІРІ

От ауызды, орақ тілді күрмейтін,

Бабам қазақ «өнер алды – тіл» дейтін.

Екі-ақ ауыз сөзбен шешіп ер құнын,

Тірі күнде тіл қадірін біл дейтін.

Десек те біз, бүгін ондай сөз қайда?

Бұл сауалым жан шеріңді қозғайды, ә!

Сөзден кие кеткен жоқ қой бірақ та,

Оны ұғатын көкіректе көз қайда?!

Шырадай боп жанғанымен көздері,

«Әулие» де, «әнбие» де өздері.

Сөз қадірін түсінбеген тереңдеп,

Кейбір жандар кінәлайды өзгені.

Дәріптедік десек те біз көнені,

Көп қой бізге жетпей жатқан дерегі.

Қадірлісі-ай, қайран қазақ тілімнің,

Бір сөзімен балқытатын денені.

Бар мақсаты адалдықты көздеген,

Алла берген құдірет қой сөз деген.

Өнерліге өріс кең деп мерейін,

Өнерпаздың биік қойған өзгеден. 

ТАҒДЫР ДЕГЕН...

Тағдыр – деген ар қамшы осқылаған,

Деме мені жай жүрген бос бір адам.

Өлеңім-ақ домбырам өмір күйін,

Келтіре алмас құлағын бос бұраған.

Бозінгендей боздаған босағамда,

Әнге буаз домбырам – Дос аман ба?

Беубеулеген қос ішек, тоғыз перне,

Ұқсайсың кейде ұстатпас қашағанға.

Басына ер жігіттің қонса бағы,

Ата-баба ізімен жол салады.

Сүйкімді ұлдың ісіне сүйсінгендер,

Сырттан қарап, сүйсініп тамсанады.

Қалыспай қашсаңдағы мен де сенен,

Пернеңе қол созбас ем келмесе өлең.

Аманат-ақ домбырам аттағыға,

Айтарсың менен сәлем, өлмес өлең!

НЕМЕРЕМ

Райянға

Адамдар өмір сүрер ұрпақ үшін.

Бақытқа бөленсін деп ұрпағы шын,

Ғұмырыңның жалғасы немерелер,

Ататын келешектің нұр таңы шын.

Тағдырдың тайталасып құрығымен,

Кәусардың шөл қандырып тұнығымен.

Шаршаған шағыңды да ұмыттырар,

Немерең балдай тәтті қылығымен.

Иесі деп жайылған керегемнің,

Тілеуін тілейсің сен немереңнің.

Ұқыптап ұрпағыңнын қамын ойла,

Десеңіз келешекте көгеремін.

ЗАМАНА ЗАРЫ

(Әбікен Хасеновтің рухына)

Қағасың күңірентіп майда ғана,

Кім білген қадіріңді қайран аға...

Қажытай Ілиясұлы

Бар шындығын айтқызбас адамдарға,

Не дер едің зымиян замандарға.

Аштықты қолдан жасап діңкелеткен,

Сұрқия саясатқа шараң бар ма?

Құры бекер судай-ақ құмға кеткен,

Шілдеде де жетпеген қырға көктем.

Шындықты айтып шырқырап, шыр-пыр болып,

Талай боздақ қу жанын құрбан еткен.

Күй қайда күңірентіп күмбірлетер,

Жарық күн мың күн жанған бір күн өтер.

Денеңді дертше талап заман зары,

Бірауыз сөз сөйлеуге ділгір етер.

Мінеки, кеше осындай заман болған,

Қанша қазақ қырылды арам қолдан.

Елінің ертеңі үшін есті жандар,

Ұйқысыз таң атырып алаң болған.

Билікке келгеннен соң жаман қарғаң,

Бұл теңдік болған саған, маған да арман.

Тексіздерге тиген соң ел тізгіні,

Жазықсыз талай жайсаң тәмамдалған.

Тамызар таңдайына тамшы бал ғып,

Бұл қазақ күйші халық, әнші халық.

Баурайтын сахараны сахнадай

Күйлерін күмбірлетіп, ән шығарып.

Бағасы айтқызбай-ақ бағамдалған,

Әбікен Хасеновтей ағам болған.

Тәттімбет, Құрманғазы жалғасы боп,

Киесі күй өнердің соған қонған.

Күй қайда Әбікеннің «Қоңырындай»,

Қоңырдың ауыр болмас жолы мұндай.

«Қоңыр» маған елестер аштық жайлап,

Қырылған үш миллионның қорымындай.

Қоңырдың болса да ауыр жолы мұндай,

Өнердің кім кеседі жолын ұдай?

Еңіреген ел мұңын естіртіпсің,

Күйіңмен қойдан жуас қоңырым-ай!

Кім ойлаған Крестің жорығындай,

Аштықтың құрылар деп торы мұндай?

Тіл айтпаған шындықты күйің айтып,

Ажалыңа болыпсың жолығардай.

Ажалыңа болсаң да жолығардай,

Кім бар еді сол кезде соны ұғардай?

Сұм заман сұмпайының сөзін сөйлеп,

Елім деген ерлердің көбін алды-ай.

Ер еді ел деп туған көбі нардай,

Жағатын жалпақ жұртқа сөзі балдай.

Мағжан мен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің,

Ел есінде өшпестей сөзі қалды-ай.

Жандай-ақ жеті атадан кегі бардай,

Жауыздық жетегіне ап жегіп алды-ай.

Құрам деп, «Кіші Октябрь» Голощекин,

Күн-түні өрекпіді демін алмай.

Жанымды жаулаған соң сезім балдай.

Әлі де айтылмайтын сөзім бардай.

«Қоңырды» құйқылжытқан Қажытайдың,

Қолына қарай берем көзімді алмай.

ТУҒАН ЖЕР

Туған жер өзіңдегі туылған мың,

Төсіңдегі құлақ түрмес шуылға кім?

Ғажайып сыр ұғатын тасыңнан да,

Қандай бақыт ақын боп туылғаным!

Мені өзің өсірген соң ерке қылып,

Жарасар тал бойыма ере қылық.

Қымтармыз топырағыңды мезгіл жесе,

Қыста аппақ, жазда жасыл көрпе қылып.

Астынан сол көрпенің тұншығуды,

Білместен бәрін сезіп тылсымыңды.

Аман болсаң туған жер, жырың болып,

Жыл сайын жарып тұрам бүршігімді.

ЖАЙЛАУ ТАҢЫ

Атқан соң жаздың жайлап сұрша таңы.

Күн сұлу көктен күліп нұр шашады.

Суырылған сүмсуірден күміс сымдай,

Үзілердей үлбіреп нұр шашағы.

Нұр құйып жанға осы бір күн шуағы,

Оятар жүрегімді шымшып әлі.

Тербетер терең ойдың жетегіне ап,

Сайраған бозторғайдың сыршыл әні.