Талғат Теменов. Либерти

Талғат Теменов. Либерти

Бұл қалаға көктем келсе де, көк әлі шыға қоймады. Күн көзі ала бұлттың арасынан жасырынбақ ойнаған баладай анда-санда сығалап қояды. «Менсіз тоңып қалған жоқсыңдар ма?» дегендей бір мезет жарқ ете қалады да қайта жоқ болады. Және жарқ еткені маңайды күйдіріп жіберердей. «Жаманнан шыққан сөз ащы, бұлттан шыққан күн ащы» деген осы екен ау- деді парктің ішіндегі орындықта отырған арықтау еркек. Ол салалы саусақтарымен сигаретін сәндене қысады. Қоңыр фильтрлі темекіні аялай әлпештей ұстайды. Ернінен еріне шыққан сигареттің фильтрі сәл суланған. Салалы саусақтардағы көкпеңбек боп сандар көзге түскен.. Әр саусаққа бір-бір цифр қонжыя қалған. Қандай сан екені белгісіз тек сигарет қысқан қос саусақта ғана 1..9 деген белгі тұр. Екі санда ескірген тәрізді. Жазулар ет пен теріге әбден сіңген сыңайлы. Бұл елулерді еңсерген арық кісі. Қыр мұрынның сәл қисықтығы болмаса, жазық маңдай, қою қас. Көзі көк те емес, қара да емес, қара көк секілді. Ұп-ұзын кірпіктерінің астындағы мұңлы жанар әлде-қайда алаңдайды. Өзіне жараса қалған жұқалау сақал-мұрты бұл еркектің тектілігін паш еткендей. Бір қарағанда кино актер деп қаласың. Аяғындағы ескілеу крассовканың мәні кеткен. Бір кездегі ақшыл аяқ киім қоңып қара түске айналған . Бұтындағы қара шалбардың да иесіне ерінбей қызмет еткені көрінеді. Бұл жер қаланың ортасындағы үлкен саябақ болатын. Парктің бір бұрышындағы үлкен еменнің түбіндегі орындықта әлгі еркектен басқа ешкім жоқ. Орындық дегенде кәдімгі аралары ашық ағаш орындық. Дем алған елдің емін-еркін сөйлесуіне, қала берді түнгі жастардың махаббат бесігі болған ескі орындық. Әлде қайдан бір құйын көтерілген. Ол маңайдағы былтырғы -жапырақ, шаң тозаңды, ескі қағаз-қоқысты әуеге көтере жөнелген де қайта басылған. Саябақтың арғы жағынан радионың даусы естіледі. Дұрысы бұл радио емес, тек музыка ойнап тұрған радио күшейткіш. «Миллион, миллион алых роз....» бұл ән еркектің жақсы көретін әуендерінің бірі. Әні де, сөзі де таныс. Бірақ та әуеннің даусы үзік-үзік.... Былтырғы гүлзардың орны кішігірім төбе тәрізді. Тек солған гүлдің түбірлері ғана көзге ұрады. Жас өзек әлі көгермесе де, көктеуге жақын. Бір кезде әлгі дөңнің артынан бала сүйреген кемпір көрінді. Кейуананың бір қолында итерген арба да, екінші қолында телефон сампылдап сөйлеп барады. Шамасы келіні ме, туысы ма әйтеуір жақыны жайлы. «Баланың басын әбден қатырды. Косметолог екен, «салон красотасы бар» дегені қып-қызыл өтірік болды. Бәсе неге ұзату тойын жасамады десем? Ана құдалар да алаяқ екен. » Кемпірдің даусы мына парктің жартысына жетердей. Еркек қалтасынан сигаретін алды да, бір бұрышынан шертіп ойнап уақыт өткізбек болған сыңайлы. Ол сигареттің қорабына тағы да үңілді. Никотин... қанша екен? деп шұқыды. «Керегі жоқ. Мама...Мама...» деп еркектің дәл ту сыртынан өксіп жылап жүгірген қыз көрінді. Беліне түскен қолаң шашы желмен жарысқандай желбірейді. Шамасы бір нәрсеге қатты ренжіген сыңайлы, жүгіріп өте шықты. Бірақ қыздың соңынан қуған да, іздеген де жан көрінбейді. Көк түтін таза салқын ауаға араласып, әлде-қайда асыққандай жөңки көшеді. Ер адам табанының астындағы темекі тұқылын крассовкасының ұшымен итерген. Сосын қолындағы сіріңке қорабын жұқа курткасының қалтасына сала бергені. Бір сәт сіріңке ұстаған салалы саусақтар оң қалтаның аузына жете бергенде кідірді.... Осы кезде манадан алысқа сонау реклама бағана жақтан көз алмаған еркектің түсі өзгерді. Электр фонарь ілінген бағананың артынан жұқалтаң ұзын бойлы бала көрінді. Ап-арық, жасы 14-15-тер шамасы. Ер адам қалтасына сала берген сіріңкесін қайта шығарды. Боз бала да мұны көрді. Жүрісін тежеп еркекке тесіле қарағандай. Үстінде латынша жазуы бар көк футболка, бұтында тізесі жыртылған джинсы. Тізесінің үсті жыртылған. Аяғында қызыл крассовка. Жас жігіт көзіндегі көзілдірігін жөндеді де сәл кідірді. Екеуі де бір-бірінен көз алмайды. Жас жігіттің көкшіл қара көздері , бұйра шашы, тіпті мұрны, әсіресе иегі де ер адамнан аумай қалған. Еркек орнынан қозғалып барып, сигаретін қайта тұтатты. Ескілеу қораптағы сіріңкенің алғашқысы бірден тұтана қоймаған. Тарамыс салалы саусақтар сәл дірілдегендей. Еркек ескі қораптан екінші сіріңкені алып тұтатты. Оны да қайта-қайта үйкеп барып тұтатқан. Құмарта сорғанда көк түтін қолқаға барып тіреліп, сосын аузы-мұрнынан бұрқырай жөнелді.

Иә амансың ба? – деді еркек орнынан сәл көтеріліп жай ғана.  

-Привет! – деді жас жігіт. Не істерін білмегендей, әсіресе екі қолын қайда қоярын білмей. 

Екеуі де бір-біріне үнсіз қарап қалды. Радиодағы әуен қайта естіле бастады. Шамасы үзілген жері желмен тербеліп қайта жалғасып кеткен сыңайлы. Ер адам темекісін тағы сорған. Бірақ екі көзі балада. 

Отыр, - деді жай ғана. Тіпті сыбырлағандай дауысы қарылып шықты. 

Жас жігіт орындықтың шетіне ала жайғасты. Екеуі тағы да үнсіздіктің көшесіне енген. «Апыр-ай» деді ер адам іштей,- сенімен кездессем, сөйлессем, құшақтап мауқымды бассам» дегендегі кездесу осы ма? Ер адам темекісін қайта тартты. Көк түтін екеуінің арасына жаймен маңып, сосын лезде әлде қайда ұшып, көзден ғайып болды. 

Мамаң қалай? – деді еркек жай ғана.

Пойдет – деді жас жігітте сәл кідіріп барып. 

Өгей әкең қалай?- деді еркек.

Мы с ним не общаемся... -деді жас жігіт А я делаю вид что его вообще нету. 

Тағы да екеуі үнсіз отырған. Жас жігіт еркектің аяғының астындағы темекі тұқылын байқады. Сосын ол да қалтасынан сигарет суырды. Өзінің ержеткенін, есейгенін жігіт болғанын мына кісіге көрсеткендей. Қалтасынан әдемі оттық (зажигалка) алып шырт еткізіп темекісін тұтатқан... Еркек ештеңеге көңіл аударған жоқ. Жас жігіт те темекіні будақтатуда. Екеуі де Үнсіз... Тілсіз... Тым-тырыс қалде... . 

Неге тартасың? – деді еркек.

Ты же сам куришь...- деді жас жігіт.

Маған ақыл айтатын адам болған жоқ.- деді еркек. -Мен жетім өстім

Мен де сол – деді бала жұлып алғандай тап-таза қазақ тілінде..- Тірі жетім.-деді. Тағы да үнсіздік басты. 

Мен сені осындай жігіт болады деп ойламаппын. – деді еркек, сеніңкіремей тұрғандай. –Біз бір-бірімізді көрмегелі 12 жыл 4 ай, 9 күн болыпты. 

Мен сен жайлы анамнан былтыр ғана естідім. – деді бала. – Сен кісі өлтіргенің үшін отырдың ба? 

Иә-деді еркек. Тағы да үнсіздіктің таксиі қайта оралды.  

«Иә балам мен ұзақ отырдым. Онда да байқаусыздықта емес, өзімнің бастығым генеральный директорды өлтіргенім үшін. Сені сүндетке отырғыздық. Азамат болды деп қуандық. Ел жұрт, дос жаранмен жуайық деп саяжайға барғанбыз. Он шақты адам шақырдық. Бастығым да болды. Мамаң сол комбинатта бухгалтер ал мен инженер едім. Бәріміз де көңіл көтеріп, іштік жедік. Сол кезде Италиялық әншілер Альбано мен Ромино Тауэрдің «Либерти» деген әніне жұрт қайта-қайта биледі. Мен болсам билемей, қонақтарға арақ, сусын құйып жүрдім. Ал менің бастығым мамаңмен ғана биледі. Мамаң ол кезде өте сұлу да, сымбатты болатын. Үстіндегі қызыл көйлегі тал бойына жараса қалған. Бір қарасам екеуі бұрышта құшақтасып, сүйісіп тұр. Не керек төбелес басталып, ақыры оған пышақ сілтегем»– деп айтқысы келген. Бірақ айтқан жоқ. Бір кезде еркекті жөтел қысты. Тоқтай алмай ентігіп, есеңгіріп ұзақ жөтелді. Жас жігіт қанша көңіл аударғысы келмесе де болмады. 

Что болеешь?-деді қайта орысша.

Еркек басын шайқады. 

Жоға, кеше моншадан соң суық тиіп қалған сияқты. 

Ребята говорили что в зоне 70 процентов ЗЕКИ болеют туберкулезом. 

Айта береді ғой. – деді еркек. – Мысалы бізде ешкім ауырмады. Тек бірен саран болмаса...

Ааа- деді жас жігіт.- Ладно я пойду- ол орнынан жәймен көтерілді де, әкесіне бұрылып, - А почему за это время ты ни разу не писал мне? – деді. 

Әкесі таңдана қарады... Баласын жаңа көргендей бажырая тесілген.   

Мен осы уақытқа дейін саған 51 рет хат жаздым. Әр үш айда бір рет, туған күніңде де.... Видимо....

Может быть.- деді жас жігіт ер адамның сөзін бөліп. – Пока! – қолын бермеді. Екі-үш қадам жасап тұрып қалды. Сосын қалтасындағы от тұтатқыш-зажигалканы әкесіне ұсынды. – Тебе пригодиться...

Ер адам жас жігітті құшақтады. 

Алтын балам, - деді ер адам. -Сен.. Сен... нағыз атаңа тартыпсың. Ты молодец. – деді ол тамағына келген өксікке жыланғандай. – Мен саған бір-ақ нәрсе айтайын... Сен... Сен... бір нәрсені еп... Қадірле... Ол сенің арың... сосын бостандығың... Ер адам баласын құшағына қатты қысып маңдайынан, бетінен сүйді. – Енді менде арман жоқ.

Спасибо! – деді жас жігіт сосын ол еркектің арқасынан қақты. Үлкен бір қимас сезіммен ерекше бір жақындай арқасынан сипаған. Сосын тез басып кете барды.   

Еркек көңілі жайбарақаттана орындыққа шалқайып, қалтасынан темекісін алды. Үлкен бір жұмыс бітіргендей жанары жалт-жұлт етіп қуанғанын кімге айтарын білмегендей. Ол жаңа ғана баласы сыйлаған зажигалкамен сигаретін тұтатқан. Көк түтін көкке өрмелеп еркектің маңынан бір жаққа асыққандай. Ол темекісін ернінен алып сол қолына ұстаған. 

 Ех, балам,- деді іштей ол... «Мен сенің атыңды Марғұлан қойдым.. Әлкей Марғұлан қазақтың үлкен ғалымы, данасы... Елінің жоғын жоқтаған шырақшысы.. Ал сен тамаша жігіт боп өсіпсің.. Арғы атаң Жұмағазы іспетті.. Осы кезге дейінгі өкпеңді, назыңды, сағыныш пен ренжуіңді балалық махаббатыңды көзіңнен көрдім, құлыным.. Өкінетінім осындай бақытты шақтың аз, тіпті аз болғанына... Бірақ осыған да шукір...» Бір сәт еркектің сол жақ кеудесі қатты ысыған, шаншыған... Дәл төсінен атып шығып әлдеқайда... мынау паркке жо жоқ сонау өзі өскен баяғы шаң-шаң боп жататын ауылына Адырнаға алып ұшардай... Шынымен осы ма..? Не уже ли инфаркт... ?? Оның санасында найзағайдай ой жарқ ете қалды... Дей тұрғанымен мен бақытты екенмін деді ол... Либерти.. Бостандык... Еркіндік... Және намыс... Біз арлы Жұмағазының ұрпағымыз... Алыстан тағы ән естілді. Либерти... Надо же как эти итальянцы поют хорошо.. Хорошо....

          Сосын сол қолын сүйеніп отырған орындықтың арқасына асып қойды. Қос саусақтың ортасындағы сигарет жаймен будақтайы. Бір сәт сигарет сусып жерге түсті. Бұл кезде күнде ала бұлттың арасына тығылып үлгерген. 

Белгілі қаланың, белгілі саябағында, белгісіз еркек, белгілі мекенге

кеткенін ешкім байқаған жоқ. Тек әлдеқайдан Италиялық әншінің «Либерти» әні естіліп тұрды...

Талғат Теменов, 

Қазақстанның Халық артисі