Қуандық ТҮМЕНБАЙ. АЛА ТАЯҚ

Қуандық ТҮМЕНБАЙ. АЛА ТАЯҚ

(Әңгіме)

Оңтүстік пен солтүстіктің ауасы да, адамы да өзгеше. Табиғат жер мен көкті екі бөлек ғып жаратса, сол қара жерді басып, суын ішкен адамзат та екітүрлі. Оңтүстіктің пендесі Күннің ыстығындай жайдары болса, солтүстіктің болмысы аяздай қытымыр. Адам деген жаратылыстың еншісіне Аллатағала осылай күйбең тірлік кешіп, күнелтуді жазса керек.

Еркін солтүстікте туып, кемел шағына дейін солтүстікте қызмет етті. Жер қыртысын ақтарған агроном болды, еңбегі еленіп, атқа да ерте мінді. Совхоз басқарды, шаруашылықтың бүтіні мен жарымын бақылап отыр деп атқару комитеті мен аупарткомге апарды. Министр боп топырақ малалап, ауылдың тіршілігін бақайшағына дейін бажайлап, резеңке етік киіп ап қара шаруамен бірге жүрді. Бір күні Орталық өзін тірлікке араластырған туған облысына бірінші басшы ғып жіберді. Мұнда да істің көзін тауып, соқа салып, мылқау боп жатқан жердің тілін шығарды. «Агроном жердің бермесін алды» деген журналистер сөзіне қатты қамықты, «жердің бермесін тартып ала алмайсың. Оны адамша аяласаң ғана жер саған қарай иіледі. Артық сөзге қашан тосқауыл қойылар екен» деп күйінді. Бұл облыстың да бағын жандырды. Еңбектің кілті, ең әуелі, еңбек етуші қолға жағдай жасау, күсті қолдың дегеніне жығылу, сонан кейін ғана тұралап тұрған жерді шұқып, кетпенді адал шабу, сонда ғана алысты алыстан, жақынды жақыннан көресің. Бұны Еркін өзінше ауру көзге дер кезінде көзілдірік кию дейді. Ел жылда миллиард пұт астық беріп жатты, соның бір бөлігі осы Еркін басқарған облыстың үлесі. Мәскеу миллиард десе де, демесе де, жоспарды асыра орындап, міндеттеменің маңдайынан сипауға біз дайынбыз. Солтүстік кетпен шауып, қызыл дәнді қоймаға домалатса, республика басшылары тізілтіп Алтын Жұлдыз тағып, Қазақ елі әрі миллиардер, әрі «достық лабораториясы» боп Одақта осқырынып-ақ тұр. Облыстың да саны он тоғызға жетті. Енді Торғай жеке шаңырақ көтеріп, облыс боп отау тігіп еді, Бірінші өзін шақырып, Аманкелді мен Жанкелдин жатқан жерге өзің ие бол, жаңа отаудың тамызығын тұтатып, түтінін Көкке өрлет», - деді. – «Өзіңнің солтүстігің, аулыңа да алыс емес», - деп, әрі өтініп, әрі батырып сөйледі. Бұл бас изеді, жаңа отаудың жабдығын түгендеу оңай емес, бірақ партия сөзін орындау – парыз деп, ат-әбзелімен Есілдің бойына ентігіп жетті. «Бұл жердің жәдігері көп-ақ. Жәдігерді жаңғыртатын да қол керек» деп, «кім бар осы?» дегенде, үйілген тас пен топырақ, атылған садақ пен сыңсыған сазсырнай деп тапырақтап тұратын комсомол Өзбекәліні өзімен бірге ерте кетті.

Ал бүгін сұңғақ та шым құдықтай терең Бірінші өзін тосын шақырып, бетпе-бет тілдесті. Өңінде біртүрлі жалтақтау бар, бетпе-бет келгенде бәрі көз жанарынан көрініп тұр. Оның тереңдігі қауға жетпес шым құдық дерсің, өзгені ішкі иіріммен өзіне тартып, өзегін баурап отырады. Жылда миллиард пұт астық тапсырып, ел мерейін асырып, Алматыға кеп, тізіліп отырған өзінің жібін есе алмас бюро мүшелерінің бетіне қарап, есеп бергенде Біріншінің езуіне білінер-білінбес күлкі үйірілетін. Бірі – қаланың дуанбасынан бірден облысқа секірген кең қолтық болса, бірі – бір күн кешкі мектепте оқып, бір күн асаба боп көзге түскен көсеуші, енді бірі – сырттай оқып, іштей еңбек етіп, тәжірибе жинақтап жүрген құсбегінің қолындағы қарлығаш еді. «Заочниктерді» көргенде Еркін өсімдік десе жанын берген Тимирязев ақсақалдың атын алған Ауылшаруашылығы Академиясындағы студенттік күндерін сағына еске түсіреді, іштей оқып, сырттай бітіргендерге есеп беріп отырғанына кірпияз адамның кісілік болмысы кірбің ете қалады. Солтүстіктен оңтүстікке ат сабылтып кеп, көңілі енжар тартып қайтады. 

Бірінші алдынан шығып қарсы алды.

– Еркін, шаруа қалай? – деді ә дегенде. – Торғайдың қара торғайы шырылдап жүр ме? 

– Иә, қара торғайға да, қара қарғаға да жем шашып жүрміз. Әрине, қара торғайға көбірек шашамыз. Екі жүз жыл жасаған қара қарғаның жұмырына ештеңе жұқ болмайды.

Бірінші суық жымиды.

– Иә, қара қарғалар саған қарап қарқ-қарқ етіп қарқылдап жүр. Құлақ асар емессің. Сен бәрібір қара торғайдың қамын ойлайсың ғой, - дегенде, Еркін бір нүктеге қадалып, үнсіз қалды. «Иә, қарқылдағандар жетіп-артылады. Қара қарға қара торғайдың жемін қашанғы шұқып жейді. Бұған да бір тиым болар» деген ой жылт етіп, тіліне сөз боп үйіріле бергенде сұңғақ кісі орнынан кілт көтеріліп, алдындағы шағын үстелге қарама-қарсы қонжиды. 

– Осы, Еркін, біздің ауыл шаруашылығымыз бұрынғыдай емес, жыл өткен сайын құлдырап барады. Миллиардты сен бересің, басқалар не бітіреді? Жер де тозып барады. Басқалар осы бидай мен күрішті де жөнді ажырата алмайды-ау деймін. Баяғыда, өзің ауатком төрағасы кезіңде, аулыңа барған Бас хатшыға бидайдың сабағында қанша дән болатынын, оның Канада бидайынан қанша есе артық екенін айтып, таң қалдырып едің. Соны Бас хатшы әлі ұмытпапты. Анда-санда сұрап қояды. Айтпағым, министр боп қайта келсең әрі Алматыға жақындайсың, – деп сөз күтіп, тосылып қалды.

Еркіннің өңі күреңітіп кетті. Бір күні бюрода ауыл шаруашылығына жауап беретін Орталық Комитет бөлім меңгерушісінің білместігін бетіне басып еді, бұл соның бодауы. Сөз төркіні - топырағын басып, табанын тоздырған іс білетін қазақ неге ауыл шаруашылығына бас ие болмайды деп, оның қазақтың нанын жеп, суын ішкен жөйттігіне де сайған. «Алматыға жақындайсың дегені – балаға кәмпит беріп алдарқату, оу, мен министр тағынан облысқа бірінші боп кеткен жоқпын ба? Облыс басшысы өзі би, өзі қожа, Орталық Комитет мүшесі әрі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, яғни тізімде тұрар тақ мұрагерінің бірі. Бұл – жан ашу емес, көлгірсу, маңдайдан сипаған боп бүйірден соғу».

– Қырыққа жетпей министр болдым, елудің бел ортасында көшке ілесе алмай қалған тайлақ болғым келмейді, - деді солтүстіктің ызғарына тән турашылдығына салып. Үнінде ызаның әуені де бар.

– Иә, солай, – деді Бірінші маңдайын сипап.

– Осы Қызылорда құлдырап тұр. Сырдария сарқылып, Арал тартылып барады. Байқоңыр дейміз, ол енді Мәскеудің иелігінде. Мұнайы мен ураны тағы бар. Ауыл шаруашылығы күйреп кетті. Соны өз қолыңмен қалыпқа келтірсең... Саған солтүстік те, оңтүстік те бірдей ғой.

– «Қазақтың Сыр бойынан шыққаны анық» демей ме Шәкәрім. Сенімнен шығуға тырысамын, – деді Еркін еркін сөйлеп.

Бірінші қуанып кетті. Қабылдау бөлмесінен шай алдыртты.

– Өзіңдей үш адамым болса ғой, – деп естілер-естілмес күбірледі.

– Онда келесі аптада пленум өткізіп, Сыр бойына барып қонжиясың. – Бірінші жаны жадырап, тоғайған көңілінің тізгінін тарта алмай отыр. Орнынан ұшып тұрып, қолын ұсынды. Бұрынғы беттесулерде қоштасарда қол бермеуші еді, бұ жолы салалы саусақтарымен алақанын қыса ұстап, «Ал, жол болсын!» – деді. Ол есіктен шығып бара жатқанда тығыршықтай қазақ баласының қақпақтай жаурынына көз алмай қарап тұрып көкірегі күмбір қақты. «Солтүстіктен оңтүстікке кеттің, енді іскерлігіңді көрсетерсің» деген бір кереғар сауал да оң бүйірін тепкілеп тұрды. – Әйтеуір Алматыдан шалғай кеттің. Сыр бойы сені де өз заңына бағындырып алар. Бағынбасаң бағыңның тайғаны» деп бір рахат сезімге бой алдырып, шалқасынан ашылған есік жабылғанша селт тұрып қалды.

***

«Сыр – қазақтың анасы» десе де, бұл өзі ешқандай ережеге бағынбайтын салты мен дәстүрі бөлек өлке. Күні шақырайған таза оңтүстік деуге де келмейді, бір жағы қараңғыны баяу күтіп алар батыс болса, қос ендікті көлбеп, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан елдің тіршілігі де өзгеше. Қан тамырындай тартылған темір жолда арлы-берлі пойыз зулап, құлан даланы сәт сайын дабырға бөлесе, құмды далада айыр өркеш түйе көш-керуендей лықсып-толқып жүреді, аспанға тіп-тік боп шаншылып, Жер мен Көкті улаған Байқоңыр деген ғарыш айлағы тағы бар. Жер кіндігі – Байқоңырдағы шүлдірлеген қазақты көріп тұрып, мынауың оңтүстік емес, Ресейдің бір пұшпағы дерсің. Мұнайлы алқаптарында қысық көз қытай басшы-бағлан боп қарауындағы қазаққа қол бұлғап сес көрсетсе, Құмкөл деген уранды өңірде шашы түсіп қалған қазақтар күнкөріс үшін жер бұрғылап, нәпақа тауып жүр. Анда-санда қазба байлыққа иелік етіп, тарпаң қаққан қысық көздердің қысымына шыдай алмай жұдырық сілтеген екі-үш жергілікті темір торға тоғытылып жатады. Қазақ қылмыскер, қытай жәбірленуші, тағы бір қазақ куәгер боп аяқталған сот үкіміне ел-жұрттың еті үйренген. 

Бұл өлкеде күнде қырғын, күнде төбелес. Үш жүздің өкілі қырық сідік боп қырылысып, ата-бабасының әруағын атойлатып, бір-біріне өктемдік жасаса, қожа ағайын аятын оқып, дәсбісін тізбектеп, «шоқ-шоқ» деп шекесінен қарап тұрады. Төре мен сунақ денемізге дақ жұғып кетпесін деп өздерін аулақ ұстағанмен, бір-біріне қырбай жұрттың желөкпелігін көру олар үшін сутегін қойылым, жарнамасы жоқ жан ләззаты.

Еркін бәрін біліп, бәріне терең тұжырым жасады. Өзінің алдындағы басшының мұнайға иелік еткен қытайларды қазақша сөйлетем деп жоғарыдан ескерту алғанын да естіді. Бас ие болмай кеткен Байқоңырдағылар кәріз суын халық күнкөріп отырған өзен-көлге ағызғанын естігенде, «бұларды тек Мәскеу арқылы құрықтамаса болмас» деген тұжырымға келді. Бұл жерде ауызбірліктің жоқтығы, «аққу Көкке, шортан көлге, бақа шөлге тартатыны» ә дегеннен көзге көрініп қалды. 

Алғаш Ақмешіт деп аталған шаһарда бұрын болмаған еді. 1925 жылға дейін астана боп тұрған кәрі қаланы келген бетте қасына тек көмекшісін ертіп, жаяу аралады. Байдан – кедейге, ақтан – қызылға ауысқан елдің тірі тарихы да осында екен. Мынау Сәкен Сейфуллин, мынау Ахмет Байтұрсынов тұрған үй, мынау тұңғыш қазақ театры, мынау тұңғыш қазақ қыздар педагогикалық училищесі деп жазылған ескерткіш-тақталар «мен тарихпын» деп тіл қатып тұрғандай.

Ертең күн – жексенбі. Арлы-берлі өткенде үйінің дәл түбіндегі «Сыр сұлуы» деген көлемі үлкен азық-түлік дүкенінің атауы көзіне оттай басылды. Бір күн бұрын дүкенге не түскенін тұтынушылар одағы арқылы біліп алды да, жұбайына «біраз серуендеп қайтайын» деп «Сыр сұлуының» есігін ашты. Сөре жұтаң, ет пен май атымен жоқ. Бір күн бұрын «500 кілә ет, 300 кілә сары май мен 250 кілә шұжық, 100 кілә «Қазалы» кәмпиті жіберілді» деп жазылған тапсырыс-қағазға тағы да бір көз жүгіртіп, сөрелерді асықпай аралап шықты, тек «Камбала» мен «Кильки» консервісі, екінші сортты ақ ұн мен «Барбарис» кәмпиті сөренің көркін келтіріп тұр. Үш бөлімдегі үш сатушы да бұтында ақ жолақты спорт шалбары, үстінде көне қоңыр тері куртка, басында әтеш боп шақырған «петушок» қалпағы бар сұлбаға секемдене қарады. Суық қол ма дейін десең, қимылы жайбарақат, тұтынушы ма десең, бұрын бет-әлпетін көрмеген бейтаныс бейне. Осы жердің көкжалы – кәрі сатушы әйел темекісін тұтатып ап, қарлығыңқы дауыспен бұйрық райда тіл қатты.

– Сен не іздеп жүрсің, алсаң тезірек алмайсың ба?! – деп танауынан көк түтінді бұрқ еткізді.

– Мен ет пен май іздеп жүрмін.

– Ет пен май әлі түскен жоқ.

– Меңгерушіні бола ма екен?

– Сен кімсің, меңгерушіні сұрайтын?!

Ол ішкі қалтасына қолын сұғып, қызметтік куәлігін көрсетті. Сатушы темекісін шертіп, қатырма куәліктегі суретке бір, қарсы алдында тұрған жұпынылау киінген жұқа өңді, талдырмаш кісіге бір қарады. «Иә, обкомның үйі жақын жерде деп естігем. Жақында қылышынан қаны тамған жаңа обком келді деп те естігем».

– Сонда, сіз Әуелбексіз бе? – деді үсті-басына сынай қарап.

– Куәлігімді көрсетіп тұрмын ғой.

Ол түкпіргі бөлмеге еніп кетті де, телефонмен тілдескен ащы даусы естіліп жатты.

– Ойбай, Құреке, обкомның өзі кеп тұр. Сізді іздеп жатыр. Тез келіңіз. Құримыз!

Іле-шала ентігіп, меңгеруші Құрманбай да жетті. Бір күн бұрын дүкенге түскен азық-түліктің есебін көрсетті. Тұтынушылар одағы берген цифрмен бәрі де сәйкес кеп тұр.

– Осының бәрі бір күнге жетпей өтіп кеткені ме? – деді Еркін.

– Халық аш қой, талап алып кетті ғой.

– Ет түскенін естімей жатып алып кетті ме? Ертең сағат кешкі бесте, соңғы бір айда сатылған азық-түліктің есебін ала келіңіз. Қызметкерлеріңіз түгел келсін. Бір де біреуі қалмасын, еден жуушыға дейін ертіп келіңіз.

Бәрі бірдей айтылған уақытта қаздай тізіліп обкомға келді. Бірінің сөзін бірі бас изеп қостап отыр.

– Бір-біріңді қостайсыңдар, бұл жақсы-ақ қасиет. Сіз кеше «халық аш қой» дедіңіз. – Меңгерушінің өңі әлемтапырақ боп өзгеріп шыға келді. – Халықты тойындыру үшін осы «Сыр сұлуы» ашылған жоқ па? Дүкеннің атына заты сай болсын, Сырдың атына кір келтірмейік. Сөреде тамақ тұрсын, сөренің астынан ештеңе сатылмасын. Жұманы ет сататын күн, сенбіні сары май сататын күн деп белгілеңдер. Бұл күнді атап айтып, есік алдына жазып қойыңдар. Барыңдар, жұмыстарыңды істеңдер. Тірліктерің де сұлу болсын, – деп бәрімен орнынан тұрып қоштасты. 

Бәрі кілем төселген кеңседен жадырап шықты. Қаңтарбай «құрыдым ғой» деп қызметтен күдер үзіп келіп еді, бәрі басқаша болды, «бізді де бағалайтын біреу бар екен ғой, енді бұдан былай қолымды былғамаймын» деп өзіне-өзі серт берген сыңайлы. «Енді ешкімнен де қорықпаймын, прокурор мен сот, нәшәндік мілитсаның әйелі ет сұраса, келіп сатып алыңдар, Әуелбековтен жандарың артық емес» деп айтам» дегендей, жотасы күжірейіп, әлдекімдерге сырттай қыр көрсетіп барады.

Бірінші хатшының демалыс күні үй түбіндегі «Сыр сұлуына» барғаны осылайша Сыр жұртының аузында аңыз боп қалып қойды.

Қала көшелерін жаяу аралап болғасын іс жүзінде қызметтік аралауды қай жерден бастасам екен деп біраз ойланып, өзіне-өзі сауал қойды. «Қызылордада бұрын республикалық жетімдер үйі болған, талай-талай қасқа мен жайсаң осы үйдің қабырғасынан түлеп ұшқан. Жетімдер үйі әлі де бар. Әуелі жәутең көздердің жағдайын білейін». Дуанбасына телефон соғып, «шұғыл келіп кетіңіз» деп өтініш айтты. Дуанбасы алып-ұшып жетті, көңілінде күдік бар, оның үстіне атқан оқтай турашылдығымен ел аузында сөз болған бөгде адам не дер екен деген сауал да жанын жеп әбігерге түсірді. Ол келгенде бірінші кеңсе алдында жеңіл көлігінің есігін ашып қойып, әрлі-берлі жүр екен. «Ассалаумағалейкүмнен» кейін мәшинесін нұсқады.

– Менің көлігіме отыр, жетімдер үйін көрейік, – деді. – Жетімдер үйіне, – деп шопырына иек қақты. 

– Ол қай көшелердің қиылысында еді? – деді шопыр аспай-саспай.

– Менің Қызылордаға келгеніме жеті күн болды. Сенің келгеніңе ше? – деді дуанбасыға қарап.

– Биыл бесінші жыл.

– Саған ше? – деді шопырына жүзін тіктеп.

– Мен судай жаңамын. Жаңа мәшине, жаңа шопыр, – деді бастығынан ықпай. Көзінде «көп болса шығарып жіберерсің, шопырға бір мәшине табылар» деген сенімнің ұшқыны көрініп тұр. 

– Сонымен, қай көшеге шығайын, – деді артта отырған дуанбасыға мойнын бұрып.

Ол үндемеді.

– Бес жылда детдомға бір рет жолыңыз түскен жоқ па? – деді бірінші жылдамдықты азайтып, қайда бұрыларын білмей алабұртқан жүргізушіге қарап. 

Дуанабасының мүләйім даусы шықты.

– Жол түспей жүр. Айналысатын орынбасарым бар. 

– Жетімдердің саны қанша?

– Үш жүзге таяп қалар, – деп міңгір етті де, жүргінші жолында кетіп бара жатқан сәбилерге қарады.

– Жетімдіктің не екенін білмейтін боп тұрсың ғой. Тоқта! – Еркін мәшинеден ытқып шығып, жол жиегінде таяққа сүйенген кейуананың қасына келді.

– Шешей, аман-есенсіз бе? – деді қолын ұсынып. – Детдом қай жерде екенін білесіз бе?

Қалт-құлт етіп тұрған кейуана қолын шошайтты.

– Тура жүр де, солға бұрыл. Майлин мен Полторацкий көшесінің қиылысында. Онда не боп қапты? Тыныштық па? Өзім шыққан үй ғой, – деп кейуана бақырайып қарап қалды.

– Рахмет, шешей, баратын жеріңізге жеткізіп салайын.

– Жоқ, қалқам, мен бой сергітуге шықтым.

Дуанбасы мәшине ішінде отырып жүрегі дүрсілдеп, терезе әйнегін төмен түсірді.

Жетімдер үйінде 530 мұңлық бар екен. Бәрі де бір-ақ нәрсені сағынады, ол – ата-ананың мейірімді кейпі мен жылы сөзі. Тосыннан кеп өздерін еркелете сөйлеген кісіге бәрі ауыздарын ашып қарады.

– Суға түсесіңдер ме? Жүзу білесіңдер ме? – деп сұрады жаутаң көздерге қарап.

– Жоқ, бізге оны кім үйретеді?

– Сырдарияны білесіңдер ме?

– Білеміз. Бізге тиіп тұр, өте жақын. Бірақ, бізді оған кім жібереді.

– Бәрің сол өзенге түсіп, жүзу үйренесіңдер, – дегенде, «Ур-ра!» деп шу ете қалған дауыс төбе құйқасын шымырлатып жіберді.

Осы тосын келісі Еркіннің көңілін құлазытып, болмаған балалық шағын көз алдына тартты, біраз мәселені бағдарға алып, күн тәртібіне жоба жасады. Қамкөңілдердің тамағы мен дене тәрбиесінен кейін ертең осы жерден түлеп ұшқандар қай кәсіптің тізгінін ұстап, қандай мамандық таңдар екен, сол үшін не істеуіміз керек деген түйінді де жүрек қалтасына салып қайтты. 

– Жетімдік пен Сырдарияның қадірін білмейді екенсіңдер, – деді қайтар жолда артқы орындықта қатар отырған дуанбасыға сөз сілтеп.

Ол көйлегінің үстінгі түймесін ағытып, терезені барынша ашты.

Күн бата дуанбасының жүрек талмасы ұстады...

Енді аудандарды аралау керек. Сегіз аудан бар екен. Оңтүстігі – шипалы батпағымен жер-жаһанға мәлім Жаңақорған болса, батысы – «балығы тайдай тулаған» Арал. Ресейге іштері қабысқан аштық жылдарында аралдықтар отыз вагон балық жібергенін солар біле ме екен? Ортасында ақ күріші жайқалған Шиелі. Ауыл шаруашылығы Академиясында оқып жүргенде Сырдың ақ күріші жайлы тамсана айтқан академик Бараевтың бейнесі көз алдына келді, ел-жұрты «қазақы салы» деп атаған әйгілі ақ маржанға ғылым «Узрос» деп атау беріп, 269 деп нөмірмен тізбектеді. Соғыс жылдары осы Сыр күріші майданды асырап, тіпті өнім күріштің Отаны – Куба мен Вьетнам, Жапония мен Қытайдан да асып түсті. Сонда өмірден өтіп кеткен диқан Ыбырай Жақаевтың бейіті бар. «Сол кісінің басына барайын. Мәскеуде, студент кезімде ауыл шаруашылығы көрмесінде көріп едім. Екінші рет министр кезімде бір кеңесте кездестім. Еліне келген кәріс ұлтынан күріш егудің сырын үйренген біртуар ғой. Басына барайын». 

Шиелі қаладан 120 шақырым жер екен. Қан тамырындай тартылған темір жолмен қатар жүйіткіген жеңіл көлік отарбамен жарысқа түскендей қалысар емес. Қос рельс Сібірге дейін барып тіреледі. Қазақ темір жолының құдіреті де осы. «Осы... әліге дейін пойыз көрмеген қазақ балдары бар, соларды пойыз бен самолеттің оқуына оқыту керек ғой. Солар қашанғы нәшәндік мілитса, ГАИ, сот пен прокурор болуды армандайды екен? Солар өз пойызын өзі айдап, өз самолетін өзі ұшыратын кезге жеткен жоқ па?» деп жүйіткіген пойызға қарап ой кешіп отырғанда, қыстаққа кіре берісте алдарынан отарбаға жол беріп тұрған «Тоқта!» деген жазуы бар темір жолдың ала таяғы тартылды. Шопыр «обкомдығын» көрсетіп, қоңыздай тізілген көлікті баса-көктеп, алға тырмыса бергенде Еркін шаңқ ете қалды.

– Тоқта, кезекті күт, – деді шопырға. – Сенің мәшинеңнің қай жері артық? Сенікі де бір мотор, төрт дөңгелек емес пе?

Шопыр жігіт тежегішті кілт басып, қатарға тұрды, тұмсығы дәл алдындағы төрт тонна салмағы бар жүк мәшинесін жанап өтті. Жүк мәшиненің жүргізушісі есіктен басын шығарып:

– Әй, неге кезек күтпейсің, не, өлуге асығып жүрсің бе? Өй, шешеңнің... – деп шорт қайырды.

– Біздің ауыл осындай, – деп артына мойнын бұрып, хатшыға қарады.

Хатшы тыңайтқыш тасыған шопыр жігіттің сөзіне разы боп езу тартты.

– Кезек күту керек, обкомның мәшинесі аспаннан түскен жоқ, – деді жәй ғана.

«Сен де анау екенсің ғой.» Дегбірі кетіп, құмырсқаша жылжыған мәшинеге сығырая қараған шопыр жігіт жанқалтасынан алған насыбай шақшасын түбінен қағып, бір атым көк бұйра кәйіпті ерніне тастады...

Диқан атаның аулы аудан орталығына тиіп тұр екен, бар болғаны екі-ақ шақырым. Аупарткомға кіріп, нөкерлерін ертіп, осы ауылға келді. «Жиналысқа асықпаңдар», – деді тақырыпсыз мәслихат күтіп, тапырақтап жүргендерге қарап. Диқан ата зираты да ауыл ортасында екен, гүл қойып, тізе бүгіп, тағзым етті. Дәл түбінде «Құрмет тақтасы» ілулі тұр. Кесенеден кетерде: «Өліге деген құрметтерің зор екен, мына тірілер тізілген «Құрмет тақтасын» әруақтан аулақтау жерге ілуге болмай ма?» – деп сөз тастады. Іле тізілген еңбек озаттарының бейнесін жұлып тастап, «Құрмет тақтасының» орны үңірейіп бос қалғанын кетіп бара жатқанда көзі шалып қалды. «Е-е-й, жоспарды асыра орындап, міндеттемені мойнына ілген қара қазағым-ай, қалай жылдамсыңдар, сендердей орындаушы да, науқаншыл да халық жоқ шығар жер бетінде» деп үңірейіп бос қалған көп суреттің орнын көріп, көңілі тағы да ойсырап, ойға шомды. 

Түс әлеті боп қалыпты. Диқан атаға тәу етіп, бейіт топырағын ұстап, көңілін демдеді, енді аудан жұртшылығымен кездесіп, бұ кісінің күріш өсірудегі тәжірибесін, топырақпен өзінше тілдесіп, соның арқасында жапон мен қытай, вьетнам мен қубалықтардан гөрі сабағынан иілген салмақты дәнді қалай артық өсіргенін айтуым керек деп ой түйіп келе жатқанда аупартком бірінші хатшысы: 

Түс боп қалды, Ереке, Ыбекеңнің үйіне барып дәм татайық, – деді тосырқай қарап.

– Мен біреудің үйіне барып түстік ішетін қонақ емеспін. Асханаға барып ауқаттанайық, – деп солтүстіктің мақамына сап тоқ етерін айтты.

Ауылда асхана жоқ. Ыбырайдың қара шаңырағында буы аспанға көтеріліп, былқылдап ет қайнаған қара қазанды бәрі жабыла көтеріп, балалар бақшасының асханасына алып келді. Жақын жердегі кеңсе мен клубтағы арқалығы бар отырғыштың бәрін осылай қарай тасыды. 

Облыс басшысының алдына тісін ақситып қара қойдың басын қойды. «Көре-көре көсем болған» жаңа басшы әбден қайнап пісіп, терісі сыпырыла бастаған қазақы қойдың құлағында дөңгеленіп ізі қалған сырғаның таңбасын көзі шалып қалды.

– Мынау колхоздың қойы ғой, шоққа үйітіп, қазанға қайнаса да, сырғаның ізі қалып қойыпты. Таңбаның қасиеті де осы емес пе? Демек, колхоздың қойының саны бір басқа кеміді. Оның орнын енді қалай толтырасыңдар? Сойсаңдар қораларыңдағы жеке малдарыңды неге соймайсыңдар? Мен қой соятын қонақ емеспін, қызмет бабымен жүрген адаммын. Бәйімбетов жолдас, – деп аупартком басшысына қарады, – тек соңғы бір жылда қонақ үшін колхоз-совхоздан қанша малдың басы кесілді. Мен кеткенше соның есебін беріңдер. Оның санын анықтау түк те қиын емес. 

Аупартком басшысы қипақтап ауатком төрағасына қарады. Ауатком төрағасы бозарып басын изеді.

Бастың құйқасынан бір кесіп ап аузына салған Еркін тағы да тіл қатты:

– Іргелі елсіңдер, миллионер колхозсыңдар, бір Жақаевтың атының өзі неге тұрады. Осы ауылға менің министр кезімде Мирсаид Миршакар да келді. Сонан бері жиырма жыл уақыт өтіпті. Сыр бойына табан тіреген қасқабас ғалым да, қаламы жүйрік ақын-жазушы да осы ауылға бас бұрмай кетпейді. Қонаев та талай келді. Неге бір асхана соғып алмайсыңдар? Қашанғы Жақаевтың үйінен жабылып қазан көтеріп жүресіңдер. Қазір де, міне, кішкентайлардың орнын тартып алып отырмыз.

– Дұрыс-ақ, жөн сөз, – деді аупартком басшысы.

– Келесі жылдың бюджетіне кіргіземіз, – деді ауатком төрағасы.

– Құрылысты биыл бастаңдар, қосымша бюджетті бекіте жатасыңдар.

– Жөн, жөн сөз, – деп дастархан басы жамырап кетті.

...Сонан бері бұл ауыл мен бұл өңірде жаяу қонаққа қойдың басы қойылмайтын болды.

Еркін Шиеліден еркін ескен самал желдей көтеріңкі көңілмен қайтты. Қаншама қазақы сөз естіп, мән-мағынасын қарапайым тіршілікпен салыстырды, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» деп біреу айтып қалған мәтелдің тұжырымын іштей талдады, арамза пейілі жоқ аңқау жұрттың болмысына тәнті болып, өзінің кіндік қаны тамып, қанатын қомдаған солтүстікпен де салыстырып көрді. Қаланың жарты жолына дейін шығарып салмақшы болған әкімқараларды пойызды өткеріп жіберер тораптағы ала таяққа жеткен жерде тоқтатты. 

– Сендер мені шығарып салам деп әуреге түспеңдер. Уақытты өлтірмеңдер. Бұған кеткен уақыттарыңды тиімді нәрсеге жұмсаңдар. Мен мына ала таяқ көтерілгенде өзім-ақ өтем, шопырым жол біледі. Жалпы, аэропорт пен вокзалдағы шығарып салу мен күтіп алуға тиым салу керек. Әркім өз міндетін атқарсын, – деп мәшинесіне отырды.

 «Гө-ө-к!» деп ел-жұртқа бір сәлем беріп, дүрсілдеп пойыз кеткесін, 11 деген жергілікті нөмірі бар обком мәшинесі қос рельстің кедір-бұдырын қойқаңдап басып өтіп, Ақмешіт қайдасың деп тартып отырды. Көңілі пәс аудан басшысы пойыз бен мәшиненің түтініне малынып, ақ жолағы қарайып, қызыл жолағы көрінбей шолтаң етіп көтерілген ала таяққа көзін сата қарады. 

– Мынаны сырлап қоймайсыңдар ма? Қызылы да, ағы да көмескі тартып кетіпті ғой, – деп көлігінің алдына сылқ түсіп отыра кетті. 

Көнерген ала таяқ қан тамырындай тартылған қос рельстің төбесінен көрінер-көрінбестей боп кірге малшынып төніп тұр. 

Ауатком төрағасы күркеге тығылған өткел күзетшісін қол бұлғап шақырып ап, ала таяқты нұсқап, бір нәрселерді айтып жатыр...     

Қуандық Түменбай,    

Қазақ үні