ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕЗ ҚАНАТТЫ ЖЕЗКИІГІ

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕЗ ҚАНАТТЫ ЖЕЗКИІГІ

Қалтқысыз адамгершілігімен құрметке бөленіп, «аққушыл, гәккушіл жезкиік ақын» атанған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы ақын Кәкімбек Салықов тірі болса биыл тоқсан жасқа келер еді. Елі: «Салықтың ұлы емес, халықтың ұлы» деп әспеттеген Кәкең әке-шешесінен ерте, сәби шағында көз жазып қалады. Оны анасы Ақықтың ағасы Айтахмет Салықов тәрбиелеп өсірген көрінеді.

Жарық дүниеге келіп, әлі көзін де ашып үлгермей жатып тағдырдың тәлкегіне түскен шақалақты бауырына тартып, тегін берген Айтахмет Кәкімбектің туған әкесіндей болған. Бозбала шағына дейін шындық шымылдығының ашылмағанын Кәкімбек Салықов шау тартқан шағында журналистердің біріне берген сұхбатында былайша еске алады: «Ата-ананы көп айта бермеймін, себебі, 1932 жылы әкем мен қырқымнан шықпай дүниеден өткен. Анам он жеті жаста екен. Әкем жарық дүниеден баз кешерін біліп, мені анамның ағасының қолына апарып тапсырыпты: «Қарындасың жастай қалып барады, мына кішкентай бауыр етімді саған бердім, екі дүниеде сұрауым жоқ, асырап алыңдар» депті. Сол кезде Айтахмет әкемнің үйіндегі баласы шетінеп кеткен екен, мені бала қылып бауырларына басыпты. Мен сол үйдің баласы болып өстім».

Ақынның балалық және бозбалалық шақтары Көкшетау жеріндегі сұлу айна көлдері мен тәкаппарлана көкке ұмсынған таулардың арасымен буырқана аққан өзендері талай ақындардың жырына арқау болған табиғаты әсем жерде өтеді. Бұл өлкенің әрбір сүйем жері қазақтың ұлы ақын-сазгерлері Біржан сал мен Үкілі Ыбырайды, Ақан серіні еске салады. Осындай ортада өскен Кәкімбек Салықов зерделі де зерек болып ержетеді. Ерте хат танып, жазу-сызуды үйренеді. Заманның жетегіне ілесіп, әліппе есігін орыс тілінде ашса да, орта білімді қазақша үздік оқып бітіреді.

Төменде ақынның замандастары мен інілерінің естелігі ұсынылып отыр.

МЕН ОНЫМЕН ШАХТАДА ТАНЫСТЫМ...

Медеу Сәрсеке, жазушы

Кәкімбек Салықов екеуміздің достығымыз жарты ғасыр және бес жылға созылды, яки 1958 жылдың күзінде басталып, өмірінің ақтық сағатына дейін жалғасты. Сол достықтың өрбуіне «Лениншіл жас» газетінің тапсырмасымен 1958 жылдың қара күзінде, қараша айының орта шамасында Жезқазғанға шығармашылық сапармен барып, он бес тәулік бойы мысты өңірдің жерасты байлығын игерушілердің игі еңбегімен танысуым себеп болған-ды.

Кәкімбек Салықұлымен мен «Покро» шахтасының жер астында, кен қазылатын участоктың камерасында таныстым. «Покро» – о күнде аса сапалы, құнары ерекше мол мыс тасын беретін ескі шахта. Мемлекеттік жоспарды да асыра орындап, соңғы жылдарда осы жердегі жиырмадай шахтаның алдыңғы легінде екен. Естуімше, осы табысқа ұжым байырғы кенші, жоғары білімді инженер Далабай Ешпановтың ерекше қатаң әрі қажыр-қайраты мол және іскерлігімен жеткен-міс («Дәкең жөпшеңді кісімен сөйлеспейді мәнсіз сұрауға жауап бермей, діңкеңді құртатын дөңайбаты мол кісі, тегінде байқап сөйлес!» деген ескертуді маған Қазақ Кен-металлургия институтында (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҰТУ) бірге оқыған кенші һәм геолог достарым айтқан-ды). Сол қамқоршыларым және тағы: «Далабай Оспанұлы өзіне көмекшілікке кәрі-қырқылжың, ерқашты болған ескі мамандарды емес, Мәскеудің Түсті және алтын металдар институтын 1955 жылы бітірген, жап-жас Кәкімбек Салықовты шақырып, үлкен шахтаға бас инженер етті. Бұл – жиырма үш жастағы жас маманға жасалған үлкен сенім. Әсіресе, ауыр өндіріске келгеніне небәрі үш-ақ жыл болған инженер үшін... Демек, ол жас инженердің озық білімін ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетіне де сенім артқан. Жасыратыны жоқ, жігерлі жас қайратты күні-түні жұмысқа жегіп, бірер жыл өзіне тыным беруді де ойлаған...», – деп те сыр шерткен-ді.

Әрнеге еліккіш жас кезім, «Покро» шахтасының қайратты қос басшысын іс басында көруге ынтығып, күзгі қара суық ерекше өршіген қараша айының үшінші аптасы екені есімде, кеніш кеңсесіне бардым.

Ертеңгілік мезгіл еді, сірә, сағат тоғыз шамасы. Бас инженер күндізгі ауысыммен бірге жер астына түсіп кетіпті. Директор орнында екен. Бірден қабылдады. Артық-ауыс сөз болған жоқ:

– Сізге кім керек? Жастар ма, әлде біз сияқты мосқал кеншілер ме?.. Кімді жазбақсыз?.. – деп Далабай Оспанұлы бетіме қадала қарады.

– Оны енді бірден айту қиын, ағасы. Мақтаулы шахтаңызды көруге құштармын, одан арғыны көз көрген жайттар, тілдескен адамдар тағдыры шешер... – дедім.

Кабинет иесі әлдекімді шақыртты. Отыз жас шамасындағы қазақ жігіті екен. Кәсібі – техника қауіпсіздігін қадағалайтын инженер.

– Мына жігітті шахтаға түсір. Көңілі қалаған участоктарды түгел көрсет. Өзі қайтайық дегенше қасында бол, – деді бастық.

Директордың кабинетіне жапсарлас бөлмеге барып, кеншілердің брезент киімдерін киіп, аяғыма керзі етік, басыма каска іліп, аккумуляторы мен жолыңды жарықтандырар шам алып, жер астына аттандық.

Кен жүлгелері тараған қабаттарды горизонт дейді, әр горизонт камераларға бөлінеді, олар әдетте электровоз жүретін қабаттың үстінде болады. Бұл енді Жезқазған кеніштеріне тән ерекшелік.

Камераны жұмысқа дайындаушылар – проходшы бригадалар. Ал кен қабатын ұңғып, сол жерде сіресіп жатқан мыс тастарын кәдімгі бұрғылау станоктарымен әрлі-берлі тесіп, тереңдігі бірер метр ұңғымалар дайындау, оларды жарылғыш заттармен атып, скрепер күректермен арнаулы құдықтарға түсіріп, төмендегі вагонеткаларға тиеу – кеншілер бригадасының міндеті.

Сол сапарда мен осы жұмысты атқаратын кеншілердің бірнешеуін бақылап, қол күшімен қоса шеберлік те тілейтін ауыр жұмыстың жай-жапсарына біршама қанып, соның бәрі қандай бейнетпен орындалатынын көңіліме түйдім. Содан бір сәтте, бұл енді тағы бір горизонтқа ағаш сатымен тар қуыс арқылы көтерілген едік, дембелше денелі, ашаң өңді қазақ жігітінің бұрғылаушылар бригадирін әлдебір ағаттығы үшін аяусыз бүріп жатқанын көріп, сөзіне құлақ түрдім.

Жолбасшым: «Шахтаның бас инженері осы жігіт» деген-ді.

Жер астында тегінде бос-тағай жүрген қыдырмашы бол майды. Әркім өзіне тапсырылған міндетін атқарады. Менің бөгде адам екенімді бас инженер де аңғарды. Бірақ, бұрғылаушыға шүйілген қату қалпын өзгерткен жоқ. Содан бір сәтте:

– Әзірше сөгіс жариялаймын, екі тәулікте мына камераны ретке келтірмесең – өкпелеме, айлық сыйлықтан да қағыласың! – деді де бізге жа- қындады.

Қауіпсіздік инженері мені таныстырды. Мен де:

– Сіз туралы Садық Асатовтан және біраз азаматтардан естіген едім. Танысайын деп іздеп келдім, – дедім.

Шүңірек көзі күлімдеген бас инженер менің ықыласыма ризалық білдіріп, есімін айтып, қолын ұсынды. Іле-шала:

– 300 метр жер астында, қараңғы қуыста тұрмыз. Бұл енді қазақы рәсімге келмейтін танысу. Сөйтсе де айтыңыз, менен не тілейсіз? – деді.

Мен де ашық сөзге көшіп:

– Кәке, «Покроның» бас инженерініңжер астындағы әрекет-қимылын көзбен көріп, көңілге түйсем деген ойым бар. Рұқсат етсеңіз, бірер сағат қасыңызға ерейін. Ал, сіз, маған алаң болмай, күнделікті жұмысыңызбен шұғылданыңыз, – дедім.

Кәкімбек Салықұлы келісті, серігіме тек әлдебір тапсырма беріп, үстіге қайтарды. «Лениншіл жас» газетінің таралымы сол кезде 200 мың шамасында болатын: газеттің бірнеше мыңын Ұлытау өңірі де алады екен... «Покроның» бас инженері» очеркім басылған газет Жезқазғанға жеткенде, Кәкең достарымен бас қосқан дастарқан басындағы бір мәжілісте: «Біздің жер астындағы еңбегімізді түсініп, алғаш қалам тартқан Медеу інімізден тегінде байланысты үзбейік. Түптің түбінде біздің атағымызды сол жігіт көтереді. Мені тек очеркінде тым әсірелеп, тәпелтек бойымды едәуір көтеріп ұзын бойлы етіп, бет пішінімді де қушық демей, байсалды, ажарлы, маңдайлы деп көтере суреттепті» – деп әзілдеген сөзін маған Садық Асатовтың туған інісі Яхия хабарлаған еді.

АЙТЫЛМАҒАН СЫРЫ КӨП

Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ар жақ, бер жағында туып, кезінде Мәскеу жоғары орындарынан білім алған сол буын өкілдері – Қаратай Тұрысов, Сауық Тәкежанов, Шерхан Мұртаза, Шота Уәлиханов, тағы басқалары – еліміздің екі дәуірінде де білік-тілікпен еңбек еткен көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері.

Кәкімбек Салықов ағамыз да жоғарыда аты аталған құрдастарындай оқу таңдағанда алдындағы ағаларын үлгі тұтты. Мәскеудегі түсті металл және алтын институтын үздік бітіріп, еңбек жолын Жезқазған тау-кен металлургия комбинатында кен мастері қызметінен бастады. Сол кезеңде Совет одағындағы ең үлкен мыс, басқа полиметалл өндіретін комбинатта (бүгінгі «Қазақмыс») участок бастығы, бас инженер, шахта бастығы қызметтерін біліктілікпен, абыроймен, адамгершілікпен атқарды. Және өлеңінен қол үзген жоқ. Жас білгір инженердің адам жанына жақындық, адам жанын түсінгіштік қасиеттері үшін Кәкімбек Салықұлына үлкен комбинаттың жұмысшылары, инженерлері, мамандары, түгел ұжым зор сенім көрсетіп, комбинат партия ұйымына хатшылық қызметке сайлады.

Ол кезде комбинат хатшысы аудандық партия ұйымының құқығын иемденетін үлкен ұйым болатын. Бұл қызмет Қазақстан Орталық партия комитетінде шешіліп, Мәскеуде КПСС Орталық Комитетімен келісілетін. Осы комбинатта Кәкімбек ағамыз қатардағы мастер, инженерден бастап, партия хатшысына дейін ұзын ырғасы он үш жыл қызмет атқарды.

Жұмысшылардың еңбек, тұрмыс, әлеуметтік жағдайын шешуде, ұжымда технологиялық жабдықтаудыңдер кезінде жүргізіліп отыруына, инженер-техникалық мамандардың әділ бағасымен жауапты қызметкерлерге өсіріліп отыруына, тау-кен, комбинат цехтарында қазақ жастарының кәсіби мамандығымен тұрақталып жұмыс істеуіне, оларды өнеркәсіп, техника саласына көптеп тартуда жас маман, жас басшы – ақын ағамыздың сіңірген еңбегі мол болғанын замандастары, оның шарапатын көрген адамдар осы күнге дейін ризалықпен айтады.

Оны айтып отырғанымыз – Кеңес заманында Қазақстанда Мәскеудің құзырындағы Жезқазған мыс, Өскемен титан-магний, Өскемен мыс-қорғасын, Павлодар алюминий, Қостанайдағы Соколов-Сарыбай тау-кен комбинаты, Қарағанды-Теміртау металлургия комбинаттарында қазақ жастарының үлес салмағы өте төмен болатын. Өндіріс орындарында, цехтарда инженерлік басқару жүйелерінде басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болады да, барлық үдерістер жұмыста да, жұмыстан тыс тұрмыста да тек орыс тілінде жүргізіледі.

Әдетте, өндіріс басшылары өздері басқа ұлт өкілі болғандықтан, қазақ жастарын қатарға тартып, өндірісте көбейтуге мүдделі болмайды. Осы жағдайда қызмет еткен Кәкімбек ағамыз кезінде өнеркәсіп саласында қазақ жастарының тұрақтанып, кәсіби мамандығын жетілдіріп, қызмет бабында лауазымды, жауапты орындарға өсуіне тікелей қамқорлық жасай алды. Бұлай жасау да оңай болған жоқ. Өйткені, басшы қазақтың сөзіне де, ісіне де сын көп, шешуші тетіктерде қазақ мамандары көбейіп бара жатса, «ұлтшыл» деп сыртынан «таңба» салып қоятын.

Бүгін ұлтшыл болу – мәртебе, ол заманда оған теріс ұғым, теріс баға берілетін. Жауапты, басшы қызметтің өзінің де адамнан талап етері көп болады. Ұжымның өндірістегі еңбегін сәтті, тиімді ұйымдастыру, негізгі қорды құрайтын базалық техниканың ақаусыз жұмыс істеуін, жұмыскерлер мен инженер-техник қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін мерзімімен қадағалау, оның өсуіне, өнімді еңбек етуіне жағдай жасау, адамдармен жұмыс бабында кездесу, әртүрлі қоғамдық шаралардың уақытында, нәтижелі өткізілуін қамтамасыз ету, тағы басқа күнделікті шегі, шеті жоқ, өмірі бітпейтін тіршіліктің өзі де аз уақыт алмайды.

Осындай қарбаласқа тәулігіне кемі он екі сағат уақыты кететін басшы қызметкердің жұмыстан кейінгі уақытында бір сәт өзімен-өзі болып, тұнығын тазартып, адам жанына, сезіміне әсер ете алатын сөзге жүгінуі қияметтің қиыны болар.

Кәкімбек Салықов жас кезінде өндірістегі техникалық басшылық қызметтің барлық сатыларынан абыроймен өтіп, өсті. Ол кезде ондай білікті мамандар Коммунистік партия қатарына қабылданып, қоғамдық саяси жұмысқа тартылатын. Оған әртүрлі салаларда тапсырма берілетін. Негізі, адамдармен сөйлесе білу, әртүрлі әлеуметтік топтармен араласып-құраласып, өзің шұғылданатын істің мән-жайына, жан-жағына, ұңғыл-шұңғылына көз жеткізіп, оның қиындықтары мен шешілуге тиісті мәселелерінен анық мағлұматты болып, кем-кетігі болса, ілкі уақытта оларды жою жолдарын қарастыру да жинақы іскерлікке тәрбиелеп, бейімдейді. Болашақ ірі лауазымдағы қызметкер үшін мұндай мектептен өтудің де маңызы зор.

Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымды басшы (яғни қаланың бірінші, облыстың екінші басшысы) қызметтерінде жүргенде негізінен, өнеркәсіп, экономика салаларын дамытуға жауапты болса да, өңірдегі тұрғындардың барлық мәселелерімен, әсіресе, әлеуметтік-мәдени хал-ахуалымен, тұрмысымен, жастар тәрбиесімен жан-жақты күнделікті шұғылданды.

Кәкімбек Салықов кен комбинатында, өндірісте, шахтада, қалада, облыста ел игілігіне қызмет еткен жылдарын ерекше сүйіспеншілікпен еске алып, адалдықпен атқарған қызметтерінің сол кездегі одақтық дәрежеге көтерілуіне қуат болғанын ерекше бағалайды.

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАТЫН

Қуанышбай Башаров, белгілі дәрігер

Мен Қарақалпақстанда көп жылдар бойы медицина саласында қызмет атқардым.

Біз, сол жерде тұратын қазақтар, елден жеткізілетін газет-журналдарды, кітаптарды үзбей алып, оқып тұратынбыз. Сондықтан Кәкімбек ағаны ақын ретінде жақсы білетінмін, өлеңдерін қызыға оқитынмын. «Қарақалпақ деген елді көрдім, қара терге малшындарған әр танды» деп өзі өлеңге қосқанындай, ол Қарақалпақстанға бірінші басшы болып 1984 жылдың 13-ші тамызында облыстық партия комитетінің пленумында сайланды.

Поэзияның төрінен дүйім елге танылып үлгерген Кәкімбек аға саясаттағы қызметін де мығым ұстады. Ол жылдар «қайта құру» басталған қым-қуыт қиын заман болатын. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттардың қат кезі.

Осындай аласапыран уақытта қара бастың қамын ойламай, ел-жұртының қалың ортасында болған азын-аулақ басшылардың бірегейі болып Кәкімбек ағаның өзінің жүргені бұқара халықтың иығына түскен ауыртпалық жеңілдетілгендей болды. Бұлай дейтінім, Кәкімбек аға өзін халқынан биік ұстаған емес. Мен: «Әр адам қарапайымдылықты Кәкімбек ағадан үйренсін» дер едім. Мәселен, Кәкімбек ағаның қолына бидон алып, сүттің кезегінде тұратынын өзім талай көрдім.

Оны жүзіне қарап ешкім танымайтын. Кейін жұртшылық оның бірінші хатшы екенін білгенде аса кішіпейілділігіне тәнті болды. Ол кісі басшы ретінде алдын ала баратын нысандарын «жария» етпей-ақ кез келген мекеме-кәсіпорындарға келіп, олардың хал-ахуалымен танысатын. Тіпті жол-жөнекей көліктермен де жүре беретін.

Бір күні «ЗИЛ-130» автокөлігіне отырып, Нүкістің іргесіндегі қырық шақырым қашықтықтағы Пакетаж қаласына барады. Сондағы ұн комбинатына таң ертемен келсе, есіктің алдына су сеуіп, сыпырып жүргендерді көреді. Қарапайым киінген адам егде жастағы біреуіне: 

– Амансыз ба, ақсақал? Таң атпай бұл не жұмыс? – деген сауалына қарт:

– Әй, Кәкімбек деген бір дөкей келеді деген соң, тазалап жатырмыз, – деп жауап береді.

Сыпырушының сөзін жымия тыңдаған бірінші басшы ішке еніп кетеді.

Кейіннен жиналыс болғанда таң ертемен кездестерген жанның кім екенін енді аңдаған адамдар демдерін іштеріне тартып, не істерін білмей қалыпты.

Кәкімбек Салықов ағамыздың Мәскеуде қызмет істеп келгені Қарақалпақстанның дамуына, өркендеп-өсуіне көп ықпалын тигізді. Ол өзінің «жоғарғы жақтағы» байланыстарын ұтымды пайдалана білді. Арнайы Қарақалпақстан үшін Өзбекстаннан тысқары Орталық Комитет пен Министрлер Кеңесінің «Қарақалпақ АССР-іне көмек беру» туралы біріккен қаулысы шықгы. Біріншісі – 1986жылдың наурыз айында, екіншісі – сол жылдың қыркүйек айында. Бұл Қарақалпақстан үшін Одақтан қаржы бөлуге арналған арнайы шара болатын. Соның арқасында Қарақалпақстанға қомақты қаржы бөлініп, бұрын-соңды болмаған үлкен құрылыстар басталды, тұрғын үй салу жүйелі қолға алынды. Ауыл тұрғындарын газбен қамту 92 пайызға көтерілді. Бұған дейін оның деңгейі 12-ақ пайыз болатын. Барлық елді мекендерге электр желілері тартылып, жарық берілді. Нүкіс қаласында тұңғыш опера театры ашылды.

Кәкімбек Салықовтың бастамасымен Арал теңізіне байланысты көтерілген келелі мәселелер сол кезде өте маңызды және уақытында қағылған дабыл болатын. Амударияның суын ішіп, пайдасын көріп жатқан Қарақалпақстанға Арал теңізінің тағдыры шет болған жоқ. Күріш өсіру қолға алынған соң мақта өсіруді игеру де жоспарланған. Ойына алған, жоспарланған істердің міндетті түрде жүзеге асырылуын қатты қадағалайтын.

Кәкімбек аға басқарған бес жыл Қарақалпақстан үшін өрлеу жылдары болды десем, артық айтқандық болмас. Сондықтан ол кісінің атқарып кеткен еңбегінің өнбегі орасан зор.

ОЛ ТАҢҒАЖАЙЫП АУДАРМАШЫ ДА ЕДІ

Қайролла Мұқанов, ҚР Мәдениет қайраткері

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам болатын. Кәкеңнің сыршыл ақын, қаламы қарымды жазушы, журналист, өткір публицист, сұңғыла тарихшы, әнші, сазгерлігін де білеміз.

Бұған қоса Кәкімбек ағамыз білікті аудармашы екенін де көрсетті. Басқаларын былай қойғанда, ол орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» атты әйгілі поэмасын да қазақ тіліне жоғары деңгейде аударды және ол әдебиет сыншылары оң бағасын алған.

Менде Кәкеңнің «А.С.Пушкин. Қанатты сөздері мен нақылдары. Крылатые слова и афоризмы» атты кітабы бар.

Автордың алғы сөзінен оның Пушкиннің шығармаларын сонау мектептегі оқушы кезінен бастап, студент кезінде және одан кейінгі есейген жылдарда да бар ықыласымен оқып, оның ұнаған қанатты сөздері мен нақылдарын дәптеріне жазып алып отырғанын білдік. Сонымен қатар ол ұлы ақынның қанатты сөздері мен нақылдарын аударумен де айналысады. Бұл туралы аудармашының өзі: «Зейнеткерлікке шығып, қауырт істерден қол босаған соң сол еңбектеріме зейін сала кірісіп, оларды ел қолына жеткізуге ішкі сезім мен ақылдың келісімін тапқандаймын» –¬ дей келе аударудың қиындығы туралы:

«Азабы мен ғажабы қатарласқан Пушкиндей дананы аударудан қиын не болмақ?! Пушкиннің қанатты сөздері мен нақылдары топтастырылып отырған бұл жинақ та аз күннің тартуы емес, өмір бойы теңіздің терең түбінен жинап жүрген інжу-маржандай ұлылықтың шашырап жатқан ұшқынын терген қымбат қазынам».

Шынында да, Кәкімбек Салықұлы бұл жинақты шығаруды кіріскенге дейін көп ізденген. Ақынның бірқатар өлеңдерін аударған, Пушкинге байланысты атақты жерлерді аралаған. Пушкинге арналған өз өлеңдерін жазған. Бұған қоса әдебиет зерттеуші библиографтар М.Г.Ашукина мен И.С.Пушкиннің 1955 жылы шыққан «Крылатые слова» кітабынан және орыстың белгілі жазушысы Игорь Шкляревский құрастырған «Пушкиннің қанатты сөздері мен нақылдары» (М., 1999) атты арнайы жеке жинағынан Пушкиннің 175 қанатты сөзін алып аударыпты. Оларға қосымша ретінде 2001 жылы Минск қаласында шыққан «Крылатые слова» жинағынан және Мәекеуде шыққан «Русская классика в афоризмах» жинағынан Пушкиннің тағы бірқатар қанатты сөздерін теріп алып аударыпты. Сөйтіп, ол Пушкиннің 315 қанатты сөзі мен нақылдарын аударған.

ӨЛЕҢНЕН БІР ЕЛІ ДЕ АЖЫРАҒАН ЕМЕС

Бақытжан Қанапиянов,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Кәкімбек аға менің шығармашылық өмірімде айрықша орын алады. О кісі сонау 1970-1980 жылдары жас ақын ретінде шығармашылығыма ерекше ықылас танытып, мені СССР Жазушылар одағының мүшелігіне ұсынғаны ғұмыры есімнен кетер ме!

Кәкең соғыс жылдарында Сырымбет ауылының мектебінде еңбек еткен менің әкемнің шәкірті екенін және өзін Мәскеуге оқуға аттандырған да сол кісі екенін әрдайым мақтанышпен еске алатын.

Арада талай жылдар өткенде мен де сондағы Әдебиет инстутына түстім, ал Кәкімбек аға сол тұста Москвада қызмет атқаратын-ды. Бір күні ол мені іздеп келіп Ескі алаңда ұзақ әңгімелестік, сонда ағайдың ұстазы сенімін ақтағанын толғана айтқан сәті көз алдымда әлі тұр...

Кәкімбек Салықовтың ақындық ғұмырбаяны өзінің жастық шағы өткен және алғашқы жыр жинақтарын арнаған Сырымбет, Көкшетау, Қызылжар, Жезқазғанға тікелей қатысты. Бұдан соң ол Мәскеуде, Қарақалпақстанда, одан қайтадан Москвада лауазымды қызметтер атқарды, СССР Халық депутаты болды, Жоғарғы Кеңестің экология мәселелері жөніндегі Комитетіін басқарды. Алайда оның өмірінде Поэзия әрқашан басты орында тұратын еді. Ақын ұрпақтары мен қалың оқырманына он екі томдай шығармалар жинағын қалдырды.

Кәкімбек Салықов әлдеқашан халықтық сипатқа ие болған әйгілі «Аққу» және «Жезкиік» әндерінің авторы, сондай-ақ оқырман оны А.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романының аудармасышы ретінде жоғары бағалайды...

Ол таңғажайып ақын еді және өлеңнен өле-өлгенше бір елі де ажыраған жоқ.

ӨЛЕ-ӨЛГЕНШЕ ТЕК ҚАЗАҒЫМ ДЕП ӨТТІ

Марат Нәбиев,кәсіпкер

Ертеде мен студент боп жүргенде, біздің әкеміз Әскен Нәбиев, Кәкімбек Салықов туралы жиі айтып жүретін. Қарақалпақстанның бірінші хатшысы, ақын, біздің жерлесіміз сегіз қырлы, бір сырлы азамат деп мақтан тұтатын.

Ағамызбен бірнеше рет таныспақшы болып жүргенмін. Жақын досым, марқұм Юра Айтжанов таныстырмақ болып, реті келмей, телефон арқылы ғана сөйлескенбіз. Кейін өзім інімдей көретін Адам Хәкім ретін тауып, Кәкімбек Салықовпен кездестіріп, таныстырды. Адам Хәкім екеуміз келеді деп, бізге арнап күй шығарыпты.

Әңгіме барысында білгеніміз, әр жылдары Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылып, орындалған атақты әндер бір ән жинақ болып шықпаған екен. Бізге бірден ой келіп, ойымызды ағамыз құптап, ән жинақты шығаратын болдық. Алғашқы ән жинақты құрастырып шығарғанымызды мақтан тұтамыз.

Кәкімбек ағамыз – біртуар азамат, ақын, қоғам қайраткері. Өмірінің соңына дейін ел үшін, жер үшін, халықтың қамын ойлап, еш байлық жинамай, қазақтың болашағы үшін еңбек етіп өтті.

Осындай азаматтар елімізде көп болса рухымыз биіктеп, қазақ елі бар әлемге әйгілі болар еді.

qazaquni.kz