ТІЛІП СӨЙЛЕГЕН "ТІЛІМ" ДЕП

ТІЛІП СӨЙЛЕГЕН "ТІЛІМ" ДЕП

Қазыбек Исаға арнау


Жиделі байсын жерінде,

Ежелгі еркін еліңде,

бір батыр ғана бір ұлтты

Аман сақтайтын тегінде.

Жарылқасынның баласы

Бес қаруың беліңде.

Биіктен шыққан дауысың

Алысқа кетті-ау сенің де.

Азаттық жолы сыяқты

Жолдары ескі қиссаның.

Азаттық таңы сыяқты

Шуағын шүлен құйса күн.

Таңдайы тітім-тілім боп,

Тіліп сөйлеген “тілім” деп

Парламентінен қазақтың

Қазыбегі ғой Исаның.

Аузына маржан салдырған

Өңшеңде “жақсы, жайсаңым”.

Партадан бойы аспайтын

Парламентімді айтамын.

Саңқ етіп те бір қол сермеп,

Сен тұрмасаң орныңнан

Ондай да орда бар жоғын

Білмес те еді байтағым.

Құмдауыт сортаң топырақ

табанын нықтап тірері.

тамырын кернеп соққан қан

Жөңкіліп аққан Сыр еді.

Сырға бұл қарап сырт бойын

Түзейтін сонда қыр елі.

Ұйық бір мекен ұлтстан,

Аяулы алтын Түркістан

Тұранның түкті жүрегі.

Жүрегі түкті бір ұлың,

Жүрегі күпті бір ұлың

Алдыңа келіп тұр еді.

Күмбезі асқақ кесене

Қазыбек деген қайсар ұл

Имене аттап кірері.

Жиделі байсын жерінде,

Ежелгі тұран елінде.

бір батыр ғана бір ұлтты

Аман сақтайтын тегінде.

Туған жерім деп тебіренген,

Тұран елім деп еміренген.

Жаңғырып тұрсын дауысың

Түркістаныңның төрінде.


Алмас АМЕТБЕКҰЛЫ

Түркістан қаласы

12.10.2022ж.