САФУАН ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ

САФУАН ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ

Өмір шындығы өнер өзегі екені рас, бірақ ол қаймағы бұзылмаған қаз-қалпында көркемдік шындыққа айнала бермейді. Жазушы өмірдің шындығын реализмнің негізгі заңы – типтендіру принциптеріне сәйкес көркем шындыққа айналдырудың көркемдік тәсілін жақсы білуі керек. Типтендірілген көркем шындық, яғни реалистік шығарма ¬– өмірде болмаған немесе болуы мүмкін беймәлім жағдайлар мен бейтаныс характерлерді нақты өмір шындығындағы таныс оқиғалар мен белгілі адамдардан әлдеқайда әсерлі әрі нанымды көрсету деген сөз. Өйткені көркем шығарма ¬– өмір шындығының нақты көшірме көрінісі емес, қайта көркем шындық өмір шындығының типтендірілген концептуалдық көрінісі. Көркем шығармадағы таныс-бейтаныс характерлер өмірдегі беймәлім жағдайлар мен құбылыстар туралы жазушы жауабы.

Жазушы Сафуан Шаймерденов өз кейіпкерлерінің ұлттық әлемін аша отырып, кейіпкерінің өсу, толысу жолын, оның іштей ширығып, шынығуын, қиындық, кедергілерді жеңу үстінде кейде тіпті сүрінсе де, өмірден түңілмей жүріп есейетін ұлттық мінезін ерекше ынтамен бейнелейді. Шығармадағы кейіпкер іс-әрекетінің сипаты да оның өскен ортасына, бастан кешкен жағдайына берік байланысты екендігін көркемдік жағынан дәйекті түрде дәлелдейді.

Жазушының асыл парызының өзі – өмірдегі жат қылықтарды әшкерелеп, адам жанының рухани байлығын арттыруға көмектесу, моральдық тазалығын көздің қарашығындай қорғауға үндеу. Оның әрбір жазған туындысы дүниенің астан-кестеңі шығып, заман толқындарының жалында өтіп жатқан әлеуметтік, саяси өмірдегі ұлы өзгерістер мен жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас, қайшылықтарға, сөніп жатқан, өніп жатқан жаңа тіршілік-тағдырлардың қақтығысына арналған.

Қазақ прозасына соғыстан кейінгі жылдары келіп қосылған майталман жазушылардың бірі Сафуан Шаймерденов өз шығармаларында адамдық асыл мұраттарды әңгімелеп, ұлттық нақыштағы нағыз адамгершілік жыршысына айналды.

Кейіпкер және адамгершілік мәселесі – әдебиеттегі мәңгілік мәселелердің бірі. Кейіпкер – әдеби-эстетикалық категория болса, адамгершілік – моральдық-этикалық категория. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөліп қараудың жөні жоқ. Өйткені, кейіпкерсіз әдеби шығарма болмайтыны сияқты, кейіпкердің де адамгершілік қасиетінсіз мәні болмас еді» [1, 3 б.].

Сафуан Шаймерденов әдебиет майданына араласа бастағаннан-ақ өз шығармасының тақырыбын адамды зерттеп тануға, оның сан қилы мінез-құлқын, толғаныс-тебіренісін, ұлттық қасиетін, қоғамдық орта мен жеке адамның өзара байланысын, қарым-қатынасын көрсетуге құлаш ұрды. Өз туындыларында кейіпкерлерінің адамшылық болмыс-бітіміне ден қойып, адамгершілік парасат мәселесін шынайы шеберлікпен көтере білді.

Өмірдің түрлі жағдайларынан көркем шығармаға өзек болатындай тақырыптар мен характерлерді, саналуан бейнелерді алып, оны ұлттық тұрғыда оқырманға тұтас күйінде, етек-жеңі шымыр шығарма етіп ұсыну – жазушының басты міндеті. Әдетте, шығармаларындағы сөз қолданыстарынан, кейіпкерінің іс-әрекет, бітім-болмысынан оны жазған автордың жеке басының сипатын аңғаруға болады. «Меніңше, көркем шығармада жалғыз ғана кейіпкер бар, ол – жазушының өзі, яғни оның айтайын, уағыздайын деген ойын арқалап жүрген кейіпкер» [2, 69-73 бб.], – деп Орлхан Бөкеев айтқандай, шығармасын оқу арқылы автордың өз характеріне де баға беруге мүмкіндік бар деген сөз.

Ендеше, өз туындыларында адамгершілік асыл мұраттарды жыр етіп, адамдық қасиет пен моральдық болмысты уағыздайтын Сафуан Шаймерденовтің өзі де осы бір абзал қасиеттерді бойына жинаған адам екені анық. «Көркем әдебиетгегі басты тұлға – суреткер. Сондықган қандай да бір әдеби шыгарма, құбылыс жайлы әңгіме еткенде, оның авторына соқпай өту қиын. Әдебиет туралы пікір білдіру – белгілі бір дәрежеде жазушы жайлы да әңгімелеу» [3, 142-145 б.б.].

Повестеріндегі Қарғаш, Лезбай, Бағдан мен Әспет, Сапар – осылардың қай-қайсысын алсақ та, жазушының өз замандастарының мұңы мен қуанышын шынайы суреттеуге тер төккені көрініп тұр. Сафуан Шаймерденов өз кейіпкерлерінің іс-әрекетінен гөрі ішкі әлеміне, жан дүниесіне көбірек үңіледі. Олардың жан тазалығы, сезімтал сергектігі, жақсылыққа жаны құштар екендігі бірден-ақ көзге ұрып, сүйсінтпей қалмайды. Повесть авторы әлеуметгік шындықтың, адам өмірінің драмалық тартысқа толы тұсын, оқыс өзгеріске ұшыраған кезеңін жеке-дара түрінде алып бейнелеуге өте бейім тұрады; адам тағдыры қалайда ұрымтал тұстан танылатындай, қоғамдық құбылыстар қалайда айқын ашылатындай оқшау оқиғаларды, басты мәселелерді шапшаңырақ суреттеуге құлшына ұмтылады, бір ғана проблеманы, жалғыз тақырыпты баса бейнелеуге барынша күш салады. Автор әуел бастан-ақ алдына сондай мақсат-мұрат қоятындықтан, повесте тіпті кейде жалғыз емес, әлденеше проблема қатар көтеріліп, соған орай әлденеше сюжет қатар дамығанның өзінде де, олардың бәрінен емес, тек біреуінен ғана көркемдік қорытынды шығарылады. Адам мен қоғам қарым-қатынастарының осындай диалектикалық байланыстары шығармада шынайы суреттелсе, яғни кейіпкер тағдыры өзі өмір сүрген ортадан оқшауланбай, қайта сол заманның нақтылы тарихи жағдайларымен, елеулі-елеулі қоғамдық құбылыстарымен берік байланыста бейнеленсе, онда туындының әлеуметтік салмағы айтарлықтай артып, идеялық-эстетикалық сапасы да жоғары болады.

Әдебиетте замандастың рухани әлемін, характерін бейнелеудің көркемдік әдіс-тәсілдері жетіліп артылады. Образ сомдау жолдары, жанрға тән көркемдік шарттардың үйлесімі мұндайда көп рөл атқарады. «Замандас тұлғасы!.. Өз дәуірінің үні болып табылатын жазушы атаулының ең абзал, ең асыл мұрасы – осы» [4, 265 б.].

Замандастың жан дүниесін, ой сезімі мен арман мүддесін, іс-әрекетін, характерін жазушы қалай көрсетеді? Мұның мәні терең. Гуманистік, адамгершілік қасиеттерден бастау алған адамның ұлттық дүниетанымы, сана-сезімі, азаматтық позициясы, міне, бүгінгі замандастың ұлттық мінез-құлқын айқындайтын факторлар осылар.

Өмірде жақсы адамдар көп екеніне сөз жоқ. Тек олардың адамгершілік қасиеттерін терең суреткерлікпен аша білу керек. Айналып келгенде, адам факторының шешуші мәнін табу қажет. Рас, олар ел игілігін жасап жүр, тер төгіп жүр. Бірақ өмірдің натуралдық көшірмесін жазудан шынайы көркем шығарма тумайды. Халық өкілдері қаламгер үшін таптырмайтын объект болуға тиіс. Ал оны жинақтау, типтендіру, даралау сияқты көркемдік-поэтикалық шарттарды үлкен творчестволықпен игеру – борыш. Сондықтан кең ойлап, мол пішетін және өмірлік ой қорытындыларын екшейтін талант қашанда қажет. Нағыз жазушы ғана замандас бейнесін жан-жақты, толыққанды бейнелей алады.

Көркем әдебиеттің нысанасы, түптеп келгенде, адамды гуманизмге тәрбиелеу, ішкі жан дүниесін байыту, арам пиғылдан, озбыр ойлардан жаңарту, тазарту дейтін болсақ, Сафуан Шаймерденов шығармаларында бұл айтылғандардың үнемі оқырман ойымен үндес шығып отырғанын айтуға болады. Өмірдің қандай тосын жағдайларында да адамдық болмысын сақтай білген адал жандар Қарғаш, Лезбайлардың тағдыры оқырманын көп ойларға жетелері анық. Бір-біріміздің жүрек түкпірімізге үңіле қарап, бір-бірімізді терең түсіне білуге ұмтылдыратын туындылар адамдар арасындағы күрделі қайшылықтар мен байланыстардың сырын шынайы ашып көрсетеді. Адамдық парыз, рухани борыш дегенге мән бермейтін дүниеқұмар, тоғышар Шәмшігүл («Өмір нұры») мен Шәрбандардың («Селдің екпіні») қазір де ортамызда жүргенін ескерсек, аталған туындылардың бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да өзектілігін жоймайтыны анық.

Жалпы, Сафуан Шаймерденов повестері айтпақ ойымен де, жазылу мәнерімен де, характер ашу ерекшелігімен де, әрі нәзік, әрі сыршыл лиризмімен де құнды. Шығармаларындағы рухани өмір шындығы, шынайы мінез, талғампаздық пен сезімталдық оқырманын ой әлемі кең, жан сезімі бай адам болуға жетелейтіні сөзсіз.

Сафуан кейіпкерлері жасанды бейнелер емес, оларда динамика бар, олар адамның нақ өзі, өкініш-қайғысы, күйініші, қуануы, күлуі – бәрі де табиғи. Бәрі адамды шыншылдығымен баурап алады. Оқырман қаламгердің повестерін оқып отырып, адам жанының сыршыл пернелерін дөп басатын шеберлігіне, парасаттылығына, «осы айтқаным мынадан қуаттырақ, пәрмендірек, эмоциялық әсері молырақ» дегендей оқырманға ықпал ететін штрих, әдіс-тәсілдерді таба білетін көрегендігі мен тапқырлығына тәнті болады.

«Жыл құсы» повесінде даланың еркін өскен ұлы Битабардың бейнесін мейлінше шынайы өрнектеген. Өмір ауылдағы қатынастарды ыдыратып, елдің бәрін қалаға, өндіріс ошақтарына қуа бастаған тұста өндіріске жұмысқа барған Битабар өз танымынан жат ортаға көндіге алмай, ауылына қайтады. Кең далада еркін өсіп, күші мен қолына сенген ол ешкімге тәуелді болуды қаламайды. Өз ортасының олпы-солпысын, бірбеткей доғалдығын сақтап өскен адамның қыр баласы екені бірден танылады. Мұнда жазушы көшпелі қазақтың революцияға дайындықсыз келіп, оны қабылдаудың қиындыққа түскенін бүкпесіз аңғартады.

Сафуан Шаймерденов шығармаларында адамдар арасындағы тартыс та, кейіпкерлердің жан-дүниелеріндегі қайшылықтар да, сезім иірімдері де адамгершілікті насихаттауға кұрылған. Автор повестерінің жазушының өз жүрегімен сезінген өмірлік құбылыстардан бастау алғаны сөзсіз.

Кейіпкерлерін осылайша өмірдің түрлі ситуацияларында көрсетіп, оларды адамгершілік пен ар безбеніне салып, ішкі сырларын психологиялық тереңдікпен суреттеген шығармаларының қай-қайсысын да сәтті туындылар қатарына жатқызамыз. Әрқашан адамгершіліктің биік мұраттарын жырлап, өз замандастарының жан сұлулығын, рухани байлығын суреттеу тек қана азаматтық позициясы айқын, мәдениетті де сарабдал, талғампаз жазушының қолынан келетіндігі дау туғызбайды.

Кезінде сыншы Сағат Әшімбаев адамгершілік тақырыбына әр жанрда жазылып, әр жылдарда жарық көрген бірнеше үлкенді-кішілі шығармаларды идеялық, көркемдік тұрғыдан зерттей келіп: «Бұл шығармаларды оқып отырғанда ондағы адал ниетті, ақшаңқан сезімді, ақжарқын жүзді, парасат пайымы терең, адамға жақсылық жасауға тырысып жүретін замандастың образ-характерлеріне сүйсіне отырып, сырттай қарағанда «сен тимесең, мен тимен» – жылмиған жып-жылмағай мінезі, қоп-қоңыр момын тіршілігі бар, ал іштей үңіле түссеңіз сөзінен де, көзінен де арамдықтың күлімсі иісі шығатын, дүние-мүліктің басыбайлы құлына айналған, қоғам дамуына кесір-кесапатынан басқа мысқалдай да пайда жоқ, «тұйық шарбаққа» қамалған рухани жарымжан эгоист тоғышар жандардың түр-тұрпатын, кескін-келбетін көріп жүрегіңіз айниды, зығырданыңыз қайнайды» [5, 476 б.], – деп жазып еді.

Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесінде король догі мен барақы жүнді маңғұл овчаркасынан будандастырылып алынған ақ тұмсық Марғау өмірін баяндағанда, тектілігі, өмірге бейімділігі, сезімталдығы, жанын қияр адалдығы, сенгіштігі жағынан ит баласы деуге аузың бармайтын біраз сәтті штрихтар тапқан. Марғаудың басынан өткенін бейнелей отырып, сол тап болған ортаның шындығын айтуды мақсат етіп қойған. Кейбір замандас бойында кездесетін мансапқорлық, екіжүзділік тәрізді айқайлап көрінбегенімен, ара тұра бас көрсетіп қалатын әрекеттерді әшкерелейді. Повестің экспозициясында-ақ еңбек адамы, момын Лезбайдың асын ішіп, аяғына түкіріп, намысын таптаған ферма меңгерушісі Қарғабек әрекеті шенеледі.

Шебер өрілген фабула арқылы автор шопан Лезбайдың басына түскен тауқымет сырын, Қарғабек секілді кейбір арам ниетті адамдардың іс-әрекетін, мінез-құлқын қазбалап ашып беруді мақсат еткен.

Жазушы нысанасын ескерсек, Лезбай мен Қарғабек секілді қарама-қарсы екі образдың қақтығысынан туған әрекетті суреттеу авторға өмір құбылыстарындағы кейбір қайшылықтарды оқушыға қолмен ұстатып, түстеп танырлықтай айқын, бояуын қанық етіп, өз ойларын, толғамдарын едәуір жақынырақ жеткізуіне мүмкіндік берген. Повестің көркемдік-идеялық мәнінің өзі осыдан шығады. Контрасты екі тұлғаны суреттеу авторга өмір қайшылығын өткірірек суреттеуіне қызмет еткен. Оқушының саралауына, салмақтап салыстыруына қолайлы жағдай жасаған.

Кейіпкерлер басындағы адамгершілік асыл қасиеттерді, гуманизмді көрсету идеясы жағынан автор алдына қойған мақсатына жеткен сияқты. Адал қырғыз дос Сәршеннің, Лезбайдың өз басында да тазалық, мейірімділік барынша мол көрінеді. Әке жолын қуған балалары да түзу, дұрыс тәрбиемен өсіп келеді, әсіресе, Қанат бойында қайырымдылықпен бірге қайраттылық басым. Шығармадағы оқиға-тартыс осылай образ ашуға, характерлер жасауға көмектескен,

С.Шаймерденовтің тағы бір үлкен адами проблеманы көтеретін повесі – «Өмір нұры». Повестің драмалық шиеленісіне, ойы мен эстетикалық сазына ден қойсақ, бақытты өмірінің қадіріне жетпей, «тойып секіруге», «семіздіктің сергелдеңіне» көбірек түскен адамдар жайында баяндайды. Автор мұнда адам жанының қатпар-сырларына барлау жасап, терең психологиялық талдауларға барады. Кейбіреудің тойымсыз құлқыны ұшырататын бақытсыздық сырын баяндай отырып, күлкі шұғыласымен бедерлеп, былайша сырты түзу азаматтардың дүниеқорлықтың құлақкесті құлына айналу себебіне сендіреді және адасқан адамның бойында адамшылық сәулесі жоғалмаса, ол келе-келе беті бері қарайтынына мегзейтін шешім ұсынады.

Үлкен моральдық тақырыпқа жазылған бұл туындының кейіпкерлері Жантуар мен оның әйелі Шәмшігүл – ғылым жолында жүрген адамдар. Бір жобалау институтында бөлім бастығы болып істейтін Жантуар мен жоғары оқу орнында сабақ беретін, ғылым кандидаты Шәмшігүл табаны күректей он екі жылды әй-шәйсіз өткізген, бір-бірінің айтайын дегенін қабақ қағыстан білетін, бір-біріне қатты сөз айтып көрмеген тату жандар, табыстары да мол. Олардың қоршаған ортасы: қызметтестері де, жора-жолдастары да – ешбір замандастарынан қалмай келе жатқандар. Осындай ұйыған өмірдің барлық уақытта қуаныштан ғана тұрмайтынына шығармамен таныса келе көз жеткіземіз. Өзімшілдік пен дүниеқоңыздық Шәмшігүл образы арқылы шымыр да шынайы көрсетіледі.

Дүниеқоңыздық пен тоғышарлықтың шырмауына түсіп кеткен Шәмшігүл образы – типтік образ деп айтуға болады. Мұнда да типтендірілген жеке адам тағдыры арқылы жалпы адамдық эгоизмнің сыр- сипаты ашылады. Повесте тоғышарлық дерт жайлаған ортадағы әркімнің тек қара басының қамын ойлап кететіндігі ұтымды детальдармен дәл берілген. Тоғышарлық індет үстемдік алған жерде адамдық сезім мен сенім қақпақыл көріп, ой мен парасат аяққа басылатындығы жазушы көтерген үлкен мәселенің бір ұшығы. Ең бастысы, жазушы адамның өзін-өзі алдарқатып, мән-мағынасыз күнделікті күйкі тіршілік күйбеңімен күй кешіп, жоқтан өзгеге мәз болып өмір сүру трагедиясын ашып берген.

Сәл ойлана түссек, ондағы ситуациялар бүгін де айналамызда болып жатқан сияқты. Жазушы бір отбасында болған жайды емес, қай кезде де әркімнің басында болуы мүмкін өмірлік шындықгы көркемдік шындық арқылы елестетіп отырған сияқты. Әйтсе де, адам бар жерде жат мінез өмірде алма-кезек ұшырасып отыратындығын ұмытпаған жөн. Повесте кәдімгі өзіміз күнделікті өмірде жиі ұшырасатын замандастар өміріндегі, жан дүниесіндегі парасатты қасиеттермен қатар, кесапатты қылықтар, адамның моральдық жетістігі мен кемшілігі, осыдан келіп туындайтын ұнамды, ұнамсыз әрекеттер ұлттық адамгершілік тұрғысынан өз бағасын алады.

Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» жинағы расымен де ағалардың шынайы әрі ыстық алақанын сезінген, енді сол жылылығы үшін інілік мейірімін төге жазған естеліктерге, эсселерге толы. Сол эсселерде ағалардың тамаша адамгершілік қасиеттері танылады.

Шеберліктің шыңына шыққан Сафуан Шаймерденовтің әдебиетіміздің шын жүйріктері жайында толғаған эссе-естеліктері оқырман жүрегін толқытпай, толғандырмай қоймақ емес. Қысқа ғана естеліктерде аталмыш алып ағалардың адамгершілік мінез-құлық, барша жұртта болатын сияқты өкпе-наз, әзіл-қалжың, адамдарға, жора-жолдастарға, дос жаранға көзқарасы, қарым-қатынасы әдемі зерленіп, көркем берілген. Ұлылардың бүкпесіз, бұлыңғырсыз жарқылдаған көңілдері, кіршіксіз пейілі, адамдарға деген сүйіспеншілік – бәрі-бәрі аса шыншылдықпен суреттелген.

Өзінің ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов жайында жазылган «Тау алыстасаң биіктейді» атты эссе-естелігінде де автордыц ғұлама ғалым, парасат кемеңгерлігі кемел адамға деген кұрметі айқын бой көрсеткен. Халқымыздың ардақтысы аталған саңлақ жазушылармен күнбе-күн кездесіп, жүздесіп, олармен талай-талай сапарлас болған, абзал ағалардың ұлағатын алып, дәрісін тыңдаған олардың шәкірті, інісі, әріптесі болуға ыждаһаттылық танытудан тайынбаған, айнымаған, оны жоғары мәртебелеп, құрмет тұтқан Сафуан Шаймерденовтің байқағыштығы, сезгіштігі, тапқырлығы, кез келген адам аңғара бермейтін характерлерді ашудағы шеберлігі оқырманды толғандырмай, ойландырмай қалмайды.

Жазушы өз кейіпкерлерінің ұлттық әлемін аша отырып, кейіпкерінің өсу, толысу жолын, оның іштей ширығып, шынығуын, қиындық, кедергілерді жеңу үстінде кейде тіпті сүрінсе де, өмірден түңілмей жүріп есейетін ұлттық мінезін ерекше ынтамен бейнелейді. Бір сөзбен айтқанда, шығармадағы кейіпкер іс-әрекетінің сипаты да оның өскен ортасына, бастан кешкен жағдайына берік байланысты екендігін көркемдік жағынан дәйекті түрде дәлелдейді.

Гүлсім Нұрекешова, профессор.


Әдебиет:

Бекниязов Т. Кейіпкердің адамгершілік проблемасы: Оқу құралы. –Алматы: Қазақ университеті, 1997.-150-б.

Бөкеев О. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1994. – 1 т, 440-б.

ЬІсқақұлы Д. Сын жанрлары. – Алматы: Санат, 1999. – 232-б.

Қабдолов 3. Жебе. – Алматы: Жазушы, 1977. – 379-б.

Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. – Алматы: Жазушы, 1993. – 476 б.


Смағұл ЕЛУБАЙ

САФУАН АҒАМА БАС ИЕМІН!

1989 жылдың наурыз айы. Колбин басқарған Қазақстан Компартиясының Бюросы Қазақстанда орыс және қазақ тілдеріне мемлекеттік тіл мәртебесін беру жөнінде шешімге келгенін естідік. Бұл – біздің төбе шашымызды тік тұрғызды. Дереу Мұхтар Шахановтың кабинетіне жиналып, бұған қарсы қандай шара қолдану кажеттігін ақылдастық. Алдымен болғалы жатқан Қазақстан Жазушылар

одағының пленумында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы мәселе көтеру керек деп шештік. Бұл туралыб мінбеде кім сөйлеу керек?

Ақылдаса келе, Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовке тоқтадық.

Ол кісі сөзге келмей, келісімін берді. Сөйтіп, қазақ тілінің Қазақ еліндегі мүшкіл жайы туралы келелі сөз сөйледі. Сондай-ақ қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру жайында да айтты. Зал толы Қазақстан жазушылары бұл ұсынысты ду қол соғып қолдап, орындарынан тұрып кетті. Ол кезде «Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру керек» деген сөз тосын жаңалықтай қабылданатын.

Міне, осы пленумынан кейін Сафуан аға екеуміздің жұбымыз жазылмайтын болды. «Колбиннің солақай шешіміне қалай тосқауыл қою керек, оған қалай қарсы күресеміз» деген мәселе төңірегінде ақылдастық. Сөйтіп, республикадағы күллі зиялы қауымның жетекшілері қол қойған мәлімдеме жасауымыз қажет деген тоқтамға келдік. Ол мәлімдемені екі тілде дайындап, Сафуан аға екеумізге Қазақстандағы әртүрлі ұлт өкілдерінің мүйізі қарағайдай жетекшілерін жағалап, олардың емен есіктерін ашуға тура келді.

Бір қызығы, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болуы керек» деген хатқа атағы дардай біраз зиялысымақ жетекшілер шошына қарады. Тіпті, қейбіреулері бізбен кездесуден ат-тонын ала қашты. Бірақ бізді қазақтың марқасқа азаматтары қолдап, хатқа қол қойды. Нәтижесінде, сан ұлттың өкілінен құралған 100 адамның қолын жинадық. Оған бір ай уақытымызды сарп еттік. Сол кезде бізге «Болмайтын істі қолға алған Дон Кихот пен Санчо Панса» деп күлгендер де болды. Қалай болғанда да, қазақ тілінің мәртебесі үшін ұлттың атынан бір адам бас көтеруі керек еді. Міне, сол адам Сафуан ағамыз болды. Сол үшін мен ол кісінің алдында бас иемін.

Себебі ол кезде «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болады» дегенге қазақтың өзі сенбейтін. Қысқасы, біздің дайындаған мәлімдемеміз «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Ұмытпасам, содан бір күн бұрын Колбин қызметінен алынып, оның орнына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Жұма күні газетті қолына алған ұлтымыздың аяулы азаматы Өзбекәлі Жәнібеков қабылдауында отырған киногерлерге: «Сіздер не бітіріп жүрсіздер? Міне, жазушылар үлкен іс тындырып отыр», – деп «Қазақ әдебиеті» газетін жоғары көтеріп, ерекше рухтаныпты. Оны бізге сол киногерлердің өзі айтты. Естуімше, сол мәлімдемені марқұм Өзбекәлі Жәнібеков Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырыпты. Сонда Нұрағаң: «Егер халық сұрап жатса, беру қажет», – депті сөзге келмей. Міне, сөйтіп, біздің бастамамыз ел басшыларынан қолдау тапты.

Негізі, Сафуан ағамыздың бойында батылдық қасиет болатын. Колбиннің қылышынан қан тамып тұрған кезде, оның шешіміне қарсы тұру

үлкен батырлық деп бағалауымыз қажет.

Өкінішке қарай, Сафуан ағам Саян деген допты хоккейден КСРО-ның он дүркін чемпион атағына ие болған арыстай ұлынан айырылған кезде едәуір мүжіліп қалды. Осы орны толмас ауыр қаза батыл тұлғалы жазушы Сафуан ағаның бойына дерт жамады. Осыдан кейін мен ол кісінің қабағы ашылғанын көре алмадым. Бәрінен де сол өкінішті.

Мұхтар ШАХАНОВ

САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВТІҢ РУХЫНА

Зиялы кім, зиянды кім?

                Бұл – күрделі сын-сұрақ.

Келе жатыр ұлтымыздың

                 ар-намысын шымшылап.

Күрт шегеріп қалың жұртқа өтімін,

Біздің кейбір зиялылар биліктің лас етігін,

Мұртыменен шөткелеуге көшкен рухсыз ғасырда.

Кешегі асыл бүгін әлі асыл ма,

Кешегі дос бүгін әлі досың ба?

Кім шегініп, кім қалды,

Ұлтымыздың зардап шеккен

              Тіл мен Рухы қасында?!

Аға, сенің қайсарлығың, адалдығың осында!

Тұрған шақта тұғырынан сенім қашып,

                                                             дос тайып,

Өзің едің Колбинге де қарсы шыққан қасқайып.

Қатал науқас төсегіне жатсаң-дағы таңылып,

Жүрегіңде болат балқып, күш қайнап,

Тілін сатқан басшыларға тіс қайрап,

Елдік дара бағытыңнан көрмедің бір жаңылып.

Ұлттан биік тұру үшін биіктетіп мінбесін,

Тіл мен ділден алыс салып іргесін,

Талай қазақ иеленді ұлтсыздық жүлдесін...

Сан тонналық топырақтың кірсең де енді астына,

Сен, ағатай, сол күресте бізбен әркез біргесің!

ЖАЗУШЫ СӨЗІНЕ КОЛБИННІҢ ЖАУАБЫ

«Я уже отмечал, что сама жизнь заставляет нас учиться демократии... Но любое политическое руководство начинается с политической оценки ситуации. Собственно, все последующие шаги зависят именно от точности такой оценки. Вот в этом контексте я и хотел бы поразмышлять на тему, которая весьма популярна ныне в определенных общественных кругах, – о государственности коренного языка, на чем, в частности, настаивают казахские писатели М.Шаханов, С.Шаймерденов...

В беседах с ними я понял главную причину приверженности этой идее. Она заключается в благородном стремлении людей создать с помощью закона твердые правовые гарантии родному языку...

Я часто беседую по душам с известными представителями казахского народа о государственности языка, и многие из них говорят: утверждение казахского языка как государственного не принесет пользу нашему народу».

Г.КОЛБИН,

первый секретаръ ЦК Компарии Казахстана («Литературная газета». 7 декабря, 1988 г.)


qazaquni.kz