ҚОСЖАН МҮСІРЕПОВТІҢ ЕСКЕРТКІШ-БЬЮСТІ АШЫЛДЫ

ҚОСЖАН МҮСІРЕПОВТІҢ ЕСКЕРТКІШ-БЬЮСТІ АШЫЛДЫ

Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында орналасқан Қосжан Мүсірепов атындағы жалпы орта мектепте ақынның ескерткіш-бьюсті ашылды. 

Бар-жоғы 35 жыл ғана ғұмыр кешіп, қазақ әдебиеті көгінен жұлдыздай ағып өткен қарымды қаламгер, сыршыл ақын Қосжан Мүсіреповтің ескерткішінің ашылу іс-шарасына аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, жаңадан пайдалануға берілген 1200 орындық мектептің ғимаратында ақын ескерткішінің тұрғызылуы оқушыларға үлкен үлгі-өнеге болатынын атап өтті. 

"Бүгін 90 жылдығы аталып өтіп жатқан ақын арамызда болмаса да оның ғұмырын өзінің шығармалары, лирикалық жырлары жалғастыруда. Сондай-ақ, жаңадан пайдалануға берілген 1200 орындық Қосжан Мүсірепов атындағы мектептің жаңа ғимаратының алдына ақынның асқақ ескерткішінің бой көтеруі - оған деген халық құрметінің және де асқақтай түскенін көрсетеді. Жаңа ескерткіштің ашылуымен Сіздерді құттықтай отырып, ақынның аты және жазған хаты ешқашан өшпесін деп тілеймін!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Мұнан соң мектептің мәжіліс залында қоғам қайраткері, белгілі публицист-қаламгер Әкім Ысқақтың "Менің Қосжаным" атты кітабының тұсаукесері өтті. Мұнда ақын туралы толғаныстар, естеліктер, зерделі зерттеулер, арнаулар топтастырылған. Сонымен қатар, жинаққа қаламгердің әр жылдағы жазған әңгіме-новеллалары, өлеңдері енген. 

Іс-шара барысында ақынның көзін көрген азаматтар, жазушылар, журналистер, ардагерлер Қосжан Мүсірепов туралы естеліктерімен бөлісіп, ескерткішінің ашылуымен және жаңа кітаптың тұсауының кесілуімен қалың көпшілікті, оның ішінде мектеп ұжымын құттықтады. Сондай-ақ, жиынның соңында ақынның туған інісі, Мырзакент кентінің тұрғыны Сырым Мүсірепұлы Қосжан Мүсіреповтың әруағына арнап ас берді.  

Айта кетейік, 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының апатқа ұшырауы салдарынан суға кеткен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары үшін Мырзакент кентінен жаңа мөлтек аудан құрылып, тұрғындар үшін үйлер салынды. Инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етіліп, мұнда әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бүгінде мөлтек аудан - Мырзакент кентінің ең көрікті жеріне айналып үлгерген.  

Мұндағы Қосжан Мүсірепов атындағы мектептің 1200 орындық ғимараты - елімізде ешқандай баламасы жоқ деуге болады.