БАТЫР БАУЫРЖАННЫҢ БОЛМЫСЫ

БАТЫР БАУЫРЖАННЫҢ БОЛМЫСЫ

Белгілі бауыржантанушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы, университет қабырғасында сабақ берген ұстазым Мамытбек Қалдыбай ағаммен сырласып келе жатқаныма, қарап отырсам, қырық жылдан асыпты. Жолыққан сайын көбіне телегей теңіз Бауыржан Момышұлы тақырыбын қаузаймыз. Бұ жолы да әдеттегідей Панфилов саябағындағы Баукең ескерткіші түбінде отырып ұзақ әңгімелестік. Енді сол сөздің бір парасын оқырман назарына ұсынайын.

***

Мамытбек аға айтады:

– Сұңғақ бойы аздап еңкіш тартып, шөге түскен, ер мұрынды тоқсан жастағы психолог-ғалым Жолмұхан Түрікпенұлы қарт екеуіміз жұмыс бөлмесінде сөйлесіп отырмыз.

– Баукең жаратылысын түсіне білу керек. Ол жай адам емес, психологиялық күрделі тұлға, – деді о кісі.

– Ой-толғамыңызбен бөлісіңізші?

– Бөлісейін бе?

– Өтінем...

  – Ендеше тыңда. Адамдардың, жануарлардың табиғатында өзін өзі сақтау инистинкті, яғни миында басқа біреуге бағынбайтын түбір болады. Ол арамза арандатушының «сен олай істе, былай істе, өйт, бүйт, ананы соққыға жық, мал-мүлкін тартып ал, не аяғынан шал» дегеніне көне бермейді. Бұл тума батырлықтың белгісі.

Қазақ кімнің кім екенін жақсы білген. Жастау кезімде ауылымның қартының бозбала жігітке «әй, батыр» деген сөзін естігем. Қарт ол сөзді жайдан-жай айта салды деуден аулақпын.

Ғылымда «автоиратарлық психология», «авторитарлық психологияға бағыну» деген ағым бар. Сол ағымдағы ғалымдар мидан түбір тауып, оның күні бүгінге дейін аңдарда сақталғанын анықтаған.

Қоғам мәдениеттеніп, мемлекет құрылып, әскер, сардар, сарбаз жасақталып, халық, хан, би деген тәрізді ұғымдар пайда болғаннан бастап, адамдар бірнеше әлеуметтік топқа бөлініп, бір-біріне бағынған. Әр топ өз мүмкіндігінше өмір сүрген. Бұрын бұл құбылыс жаратылыста жоқ еді. Мұндай ахуалға әлеуметтік жағдай мәжбүрлеп, адамдарды өз дегеніне бейімдеді. Мың, әлде миллион жыл ма, адам баласының мәдениетімен бірге жасап келе жатқан қоғам қай жолмен жүр десе, адамдар сол жолмен жүре бастады. Қоғамның айтқанына қарсы шығу мүмкін емеске айналды. Бұл Америка, Австралия, Израиль, басқа да көптеген елдердің психолог-ғалымдары ұзақ жыл зерттеген ерекше маңызға ие ғылым. Мен көпірме қызыл сөзге емес, ғылыми тұжырымға иек артып, сен түсінсін деген оймен айтып отырмын.

  Мысалы, бір ел екінші елді жаулап алғысы келсе, хан, не патша «көршіміз шабуыл жасап, бізді өзіне қаратып алмақ. Ниеті жаман. Біз соғыспасақ, қапы қаламыз» деп жанындағыларға түсіндіріп, сендіреді. Оларды сендіріп, өз дегеніне көндірген соң:

 – Дайындалыңдар, соғысты бастаймыз, – дейді.

– Бұл әділетсіз, басқыншылық соғыс. Ол елде менің достарым тұрады. Мен бармаймын, – десең де, сен барасың.

– Түрмеңе жапсаң, жап, атсаң, ат! Мен мұндай әділетсіз соғысқа қатыспаймын! – деп қасарысып, қарсы болғандарды психикалық ауруға шалдыққандар, сатқын, опасыздар дейді атып, немесе түрлі ауруханаға жатқызып, абақтыға қамайды. Ғайыптан ғайып аман қалғандары бейбіт тұрмыста да өз дегендерінен қайтпайды.

 Қазақ ондайларды қырсық деген. Олар туғанынан солай болып туады. Өйткені, қырсықтық әке-шешесінде, тегінде бар. Қайсыбірі:

– Әй, өйтпе, бүйтпе, тыныш отыр, үніңді шығарма! – деп ұрсып, не алдап-сулағаннан, тіпті ұрғаннан биліктің айтқанына көніп, тегін жоғалтады. Бір жағынан діни кісілер де:

– Әке-шешеңді, мұғаліміңді, жасы үлкен кісілерді сыйла, тыңда, билікке қарсы шықпа, – деген тәрізді уағызын үзбей айтып, құлағына құйғанның әсерінен әркім қоғам талап-тілегін екі етпеуге дағдыланады. – Дәлел келтіріңізші?

 – Дегенің болсын. Әуелі өзім жақсы білетін, жан дүниеммен сыйлайтын танысым, Совет Одағының Батыры туралы айтайын. Майданнан оралып, біраз жыл жауапты қызмет істеді. «Халық жауы» деген жаламен жиырма жыл түрмеде отырып келген, кезінде белгілі азаматтарымызға, өзіне де ұстаздық еткен психолог-ғалым Сәлкен Балубаев қабылдауында болып:

 – Ақталдым, міне, қағазым. Мені жұмысқа ал, – дегенде, ол қипақтап, өз бетінше шешім қабылдай алмай: «Сіз әуелі жоғары жақтың рұқсатын әкеліңіз», – дейді. Ол ең құрығанда: «Қазіргі біздің қоғам талабын білесіз. Мен жауапты қызметкерлермен кеңесіп көрейін. Олар не дейді? Келісімін бермесе, маған ренжімеңіз» деуге батылы жетпейді.

Екінші жағдай, ол Қазақстан Орталық партия Комитетінің тапсырмасымен өзінің тағы бір ұстазын үлкен жиында қаралап сөйлейді. Бұл деректер сол кездегі газет-журналдарда жарық көрген болатын. Мен ойдан құрап емес, оқығанымды айтып отырмын.

  Енді Бауыржан Момышұлы іс-әрекетіне зер салалық. «Халық жауы» деген жаламен сотталып, айдауда қайтыс болған мектептегі ұстазы Тәңірберген Отарбаевтың қызы мен күйеу баласы жеті жылдан бері кезекте тұрса да, бір бөлмелі пәтерін үлкейте алмай жүргендерін айтып, Баукеңнен көмек сұрайды. Баукең Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысына: «Мен сізге өзімнің мұқтажымды айтып ешуақытта хат жазған емес едім. «Халық жауы» деген жаламен Сібір абақтысында қаза болған мектептегі ұстазым Тәңірберген Отарбаевтың қызы мен күйеу баласының өтініш-құжаттарын сізге жолдап отырмын. Жағдайды зерттеп біліп, оң шешім шығарарсыз деген үміттемін. Сәлеммен Бауыржан Момышұлы». Арада екі жарым ай өте, Тәкеңнің қызы мен күйеу баласы үш бөлмелі пәтерге ие болады.

 Жиырмадан жаңа асқан кезінде қарамағында қызмет етіп, көп өнеге алған Баукеңнің екінші ұстазы, Жуалы аудандық атқару комитетінің төрағасы Дүйсенғали Бұрабаев «халық жауы» деген жаламен ұзақ жыл азап шегіп, елге аман оралады. Ол кісі Баукеңмен сөйлесіп отырғанда «қалай десең де, қалауым – коммунист болып өлу» деген сөзді айтып қалады.

Ертесіне Бауыржан Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына барып, ақылдасады. «Бұл бірден шешіле салатын мәселе емес. Ұстазыңыз сабыр сақтап күтсін. Мен тиісті орындарға хат жазамын»,¬¬ дейді бірінші хатшы. Үш айдан кейін «Дүйсенғали Бұрабаев коммунистік партия қатарына қайта қабылданды» деген қуанышты хабар келеді.

Әрине, әлем халықтарының тағдыры шешілген дүниежүзілік екінші алапат соғыста Бас қолбасшы бұйрығын мүлтіксіз орындап, аты шыққан батырларымыздың бәрін ерекше құрметтейтініміз табиғи заңдылық. Олардың жаратылысын өзара салыстырып отырғандағы байқағанымыз – қоғам әмірімен ерлік жасап, көзге түсіп, Совет Одағының Батыры атанғанымен бейбіт өмірде биліктің тапсырмасын орындаудан арыға бара алмағандардың көп екендігінің де, бірен-саран Бауыржан Момышұлы сияқты адамдардың қақпайлағанға көнбей, таңдаған жолынан таймағанының да куәсіміз.

Майдан төрінде ерекше ерлік танытқандар батыр атанады. Көзге түскендерге орден, медаль береді, алғыс жариялайды. Қазақстанда Совет Одағының Батыры атанған сарбаздар бес жүздей. Ал Бауыржан Момышұлы біреу-ақ. Оның басқалардан ерекшелігі¬¬ тұла бойында тума батырлық пен қоғам тәрбиелеген батырлықтың тұтас болуы.

Мұндай адамдар миллионнан біреу табыла ма, табылмай ма, кесіп айту қиын. Исатай, Махамбет. Кенесары тәрізді ерлер нағыз тума батырлар. Солардың бірі – өр рух иесі Бауыржан Момышұлы.

 Баукең соғыста да, бейбіт тұрмыста да, орынсыз әрекет етіп, әділетсіздікке барғандардың бетін бірден қайтарып тастайтын. Басқаны еске алмай-ақ қояйын, ең жақсы көрген шәкірті сенің өзіңе: «Мына ойың, не ісің дұрыс емес. Мұндайды маған екінші рет естіртпе. Естіртсең, шеніме жолама, аулақ жүр!» – деген. Ол кісі барлық уақытта шындықты сүйген, шыншыл болған. Бұл оның тегінде бар, арғы бабаларынан, әке-шешесінен сақталып келе жатқан, өте сирек кездесетін, тұқым қуалайтын тума батырлық қасиет. Дүниеден өткен соң, жарты ғасырдан кейін ғана Баукеңе Совет Одағының Батыры атағы берілді. Шовинистік биліктің бұл әділетсіздігіне халық басшылардың «ақсақ қой түстен кейін маңырайдының керін келтіргені несі, кім жеңді, кім жеңілді» деп мысқылдай күліп, онша мән берген, тіпті, керек еткен де жоқ. Өйткені, оны сұрап, не сатып алғандай сезінді. Ол атақты өзі барда бергенде орынды болар еді. Бауыржандай тума батырларға атақ, орден, медаль марапаттың қажеті шамалы, оларға ел өз бағасын әлдеқашан беріп қойған. Менің бұл пікіріме не айтасың?

– Сіздің пайымдауыңызға толық қосыламын. Бауыржан Момышұлының генерал, маршал деген атағы жоқ. Соған қарамастан әлем халқы оны кез келген генерал, маршалдан артық сүймесе, кем сүймейді. Себебі, ол адамзат баласына: «Әр күніңді, әр қадамыңды ойланып жаса, әдепсіз, арсыз істен аулақ бол. Бойыңдағы қайрат-жігер, ақыл-ой, айла-амалыңды халық мүддесі жолына жұмса. Бабаларыңды, замандастарыңды сыйла», – дей білген қамқор жан. Оның әскери, адами тәжірибесін шетелдіктердің оқып, үйренуі сондықтан.

Баукеңнің: «Өзінің кім екенін біле алмаған кісіге мен құрмет көрсете алмаймын», – деуінің астарында адамның ең үлкен қателігі – қабілетіне көңіл бөлмеуін, ақылдымын деп бос қиялға алданып, өзінің не нәрсеге бейімділігін сезбеуін мінеп, әркімнің, әсіресе жастардың қабілет-қарымының неге жетіп, неге жетпейтінін тани алуы керегін талап етуі – тілеулес жанның ақ ниеті.

     Бауыржан кез келген адамның атағын емес, адамгершілігін жоғары бағалаған адам. Ой өрісі тар, жылпос жандарды барынша жек көрді. Өйткені олар аласаны биік шың, шала сауаттыны данышпан санайды. Баукең дүрбімен қарағандай кімнің кім екенін тез танып қояды. Ішкі мәдениеті өте бай. – Дұрыс. Менің пайымдауымша, Бауыржан Момышұлы тұлабойында тума батырлық пен қоғам тәрбиелеген батырлықтың екеуі де бар, – Жолмұқан ақсақал толғана, толқи сөйлеп. – Баукең соғыста да, бейбіт өмірде де басыңды кесем десе де, жасқанып қипақтамай, өз пікірін айтудан тайынбаған. Мұндай тума батырлық қанымызда бұрыннан барын Исатай, Махамбет, Кенесары, тағы да көптеген ерлеріміздің жаратылысынан жақсы білеміз.Сөзім дәлелді болуы үшін Исатай, Махамбет, Жәңгір хан араларындағы қақтығысқа тоқтала кетейін. Жәңгір хан Махамбетке: – Әй, батыр, сен райыңнан қайт. Екеуіміз шайқасқанда не ұтамыз? Қайғы-қасіреттен басқа халқымызға келер түйір пайда жоқ. Іргемізде қара орман аңдып тұр емес пе? Біз олардан асып ешқайда кете алмаймыз, – дейді. Махамбет оның дегеніне көнбейді. Екеуі көп арбасады. Жәңгір хан Махамбетті райынан қайтармақ болып түрлі айла-шарғыға барады. Ол қанша үгіттесе де, Махамбет алған бетінен қайтпайды. Мұндай тума батырлық қасиетті Кенесары тұлабойынан да байқаймыз. Қырғыздар жан-жағынан қоршап алғанда, інісі Наурызбай:

– Мен шепті бұзамын, қашып құтылайық, – дегенде:

– Хан басыммен қалай қашамын? Қашпаймын, – деп ар-ұятын, намысын ардақ тұтып, қырғыздардың ортасында қалып қояды. Егер қашқанда, шепті бұзып құтылып кетуіне мүмкіндігі бар еді.

Ол ар-ұят, намысын ажалдан биік қойды. Бұл тума батырлықтың басты белгісі.

Адам миында ар-намысты ардақ тұтатын биологиялық түбір болады. Ол жоғарыда айтқанымыздай біреулерде әке-шешесінің, өмір сүрген оғамының ықпалымен жойылып кетеді. Біздің көбіміз сол жағдайда өмір сүріп жүрміз. Әміршінің айтқанына көнбейтініміз бірен-саран. Өйткені олардың миында ар-ұят, намысын реттеп тұратын түбір тұқым қуалап сақталып қалған. Ол өте сирек. Бұрын бізде тума батырлар әр әулетте, тіпті әр отбасында болған...

 Көпті көрген, көп ойды көңліме түйген менің түйсік-түсінігімше, Исатай, Махамбет, Кенесары сияқты қаһармандар қақпайлағанға еш көнбеген. Бұл тума батыр Бауыржан жаратылысына да тән қасиет.

Жазып алған Құлтөлеу МҰҚАШ