НҰРЛАННЫҢ КІТАБЫ НЕГЕ КЕШ ШЫҚТЫ? - Қазыбек Иса

НҰРЛАННЫҢ КІТАБЫ НЕГЕ КЕШ ШЫҚТЫ? - Қазыбек Иса

КЕМЕЛДІККЕ ҰЛАСАТЫН ТЕРЕҢДІК

Ақын Нұрлан Әбдібек туралы алғаш рет бізді өзінің күшті жырларымен ғана емес, Алматының түрлі сыраханаларымен де таныстырған шайыр Шаһизада Әбдікәрімов айтқан болатын. “Өлеңдері күшті, сондықтан болар тәкаппарлау көрінеді”-деген еді. “Танысып алыңдар, мықты ақындар бірге жүруі керек” деп қосып қойды сол кезде дүрілдеп тұрған ақын гүрілдеп… 

Біз 1980 жылы, ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінің екінші курс студенттері тағы да Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылына темекі жинауға бардық. Көрші ауылда, “Маловодный” дейді екен, ҚазПИ-дің филология факультетінің бірінші курс студенттері жүзім теріп жатыр екен. Бір күні қалай, кім алып барғаны белгісіз, сол ауылға жүзім жеуге барып қалдық. Бізді сол кезде бірінші курста оқитын Жетпісбай Қойшығұлов, Бақтияр Тайжан, Асқар Алтай, Алпысбай Тамаев тб жігіттер қонақ етті. Кешке кәдімгідей өнер сайысы болады ол кезде. Далаға алаңқайға жиналып алып, біреу ән айтады, біреу күй тартып, жыр оқиды. Бір жылдың ішінде ҚазҰУ-дағы жыр кештерін жағалап, өлеңдеріммен таныла бастаған мені де олар ортаға шақырды. Ол кезде ақиық ақын Мұқтар Шахановтың өлеңдерін оқу сән болатын. Алдымен “Ғайша жеңгейді” оқып беріп едім, ел гу ете қалды. Шабыттанып алған мен одан соң өзімнің махаббат туралы жырымды оқып едім, жұрт тіпті қиқулап кетіп, тағы бір-екі жырымды қолқалап оқытты. Ақыры, не керек, ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінде оқитын суретші ақынға риза болған филфактың жігіттері мені аспанға лақтырып жатты… 

Нұрланның өзі де мен туралы “худграфта бір күшті ақын бар” деп, сол Жетпісбайлардан естіп жүрген екен, кейін институттағы бір кеште кездесіп, танысып қалдық. Әйтеуір, бір көргеннен бұрыннан бірге жүргендей бірден тіл табысып, ажырамас достарға айналып шыға келдік.

Нұрланмен бірге ақын Қадырбек Құныпияұлы,жазушылар Шараф Әмір, Серік Қойтелиев және тб танысып, қандыкөйлек достарға айналып кеттік. 

Осылай өткен ғасырдың сексенінші жылдары ҚазПИ-де бір топ ақын-жазушылардың басы қосылды. Ұзынағаштан келген Нұрланның “Қара шалын” тыңдайтынбыз. Қадірбектің Кегеннен төбесіне көтеріп келген “Әке” портретін тамашаладық. Қарақалпақтың Қоңыратынан жеткен Шарафтың “Батсайы көйлек киген қызына” қызықтық… Серік Қойтелиевтің өз сыры өзінде, Асқар Алтай құлашын кеңге сілтеп жатты… 

Нұрланның өрнекті өлеңдерінен ұлттық бояу бұрқырап тұратын. “Қара шалымен” танылған ол “Өрік гүлімен” бірге өсті. 

Кезінде Нұрлан, Қадірбек, Шараф және мен төртеуміз әйгілі Фариза апамыз басқарып тұрған “Пионер” журналына (қазіргі “Ақ желкен”) бардық. Фариза апайымыз бәрімізге өлең оқытты да, ақ батасын беріп, бірден журналына жариялады. Өлеңдеріміз туралы пікір айтқанда Нұрланның “Қара шалын” ерекше мақтап кетті. 

Нұрланның жыр жолында төрт аяғын тең басқан жорғадай көсіліп келе жатқанда тіршілік тауқыметімен бәрін тастап базарға кеткені өкінішті болды. Иә, ол кезде бәріміз де базар жағалап кеткен ауыр жылдар еді. Тіпті, ғылым кандидаты, докторлардың өзі дипломдарын сандыққа салып тастап, саудамен айналысып кеткен қиын кезең болатын…

Нұрлан арқылы Ұзынағаштағы ақындар Есенқұл Жақыпбек, Нүсіп Әбдірахым, Рәтбектермен таныстық. Ауыл аралап, жата қонып жүре беруші едік ол кезде. Есенқұлдар да біз секілді шайыр інілерін Алматыға іздеп келіп, тар пәтерлерімізді кеңітіп жататын… Алғаш айтыс басталғанда Алматыға келіп жүрген Есағаң біздерге келіп, қонып кетіп жүретін… Алғаш Ғылым академиясында ақын Тұрсынай Оразбаевамен айтысты. Есенқұл марқұм баладай ақкөңіл жан еді. Шақпа тілімен шағып алып, елді күлдіріп отыратын. Ауылында да талай болдық. 

Сексенінші жылдары институттар арасында да студенттердің айтысы жандана бастаған кез еді. Сол кезден бастап айтысқа араласқан Нұрлан 1982 жылы ең алғашқы республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Біз институт бітіріп кеткесін, айтысқа бел буып кіріскен ол арынын күшейте бастады. 1989 жылы Жамбылдың өзі “жырдың қара жорғасы” атаған ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста да бас жүлдені иеленді.

Сондай-ақ айтыс өнерін насихаттап, бірнеше рет республикалық ақындар сайысын ұйымдастыруға қатысты. Халықаралық Жамбыл сыйлығы лауреаты атанды (1996 жыл).

Көдек, Әбдіғали, Үмбетәлі секілді халық ақындарының жырларын архивтік нұсқадан жинап-теріп, зерттеп-зерделеп, әрқайсысын үш томнан, тоғыз том кітап шығарды.

Өзінің өлеңдерін шығаруға асықпаған, алдымен қараусыз қалған халық ақындарын зерттеумен айналысқан Нұрлан 2020 жылы ғана “Күрең үн” атты поэзиялық кітабын шығарды. Ал “Алаш Алаш болғанда” атты прозалық жинағы баспада жатыр…

Тележурналист ретінде терең білігімен ерекшеленді. Әйгілі тележурналист, марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы бастап кеткен алғашқы ток-шоуларымыздың бірі “Көкпарды” кейін Нұрлан Әбдібек редакторы ретінде дамытты. Бұл ток-шоудың қоғамдық-саяси салмағының арта бастаған кезі еді. Ол кезде оны журналист Серік Жанболат жүргізіп жүрді.  

2010 жылы бір күні Нұрлан Кеден одағы туралы хабарға “Ақ жол” партиясы төрағасы Әлихан Бәйменовты шақырады. Кәнігі саясаткер, білім-білігі терең Әлекең Кеден одағының болашақта тигізер кесір-кемшіліктерін саралап, ашық айтып берді. Бұл хабардан соң сол кездегі вице-премьер Өмірзақ Шүкеев наразылығын білдіріп, бұның ақыры сол хабардың жабылуымен тынды. “Көкпарға” қатысы бар бірнеше журналист жұмыстан кетті. “Қазақ үні” газеті бұл туралы 

“Ұлт мүддесін қорғаған редакторлар...Ұлттық арнадан қуылуда...”-атты сын мақала жариялады.

“Кеден одағы мәселесі бойынша «Қазақстан» арнасының «Көкпар» хабарында «Ақ жол » партиясының төрағасы Әлихан Байменов Мәжіліс депутаты, «Нұр Отанның» өкілімен сайысқа түсіп, Кеден одағының күмәнді тұстары көптігін, бұл Тәуелсіздігімізге қол сұғу екенін тайға таңба басқандай нақты дәлелдеп берген болатын. Онда ол бүгінгі үкіметтің, Кеден одағындағы біздің делегациямыздың ел мүддесін қорғауда табандылық көрсетпей отырғанын ашық айтты. Біздің редакция ақпараты бойынша 2010 жылы 16 наурыз күні «Көкпар» көрсетіле салысымен, Үкімет пен Президент әкімшілігінен нұсқау түсіп, осы хабарды эфирге шығарғаны үшін «Қазақстан» арнасының бас редакторы Асылбек Ықсанов және «Көкпардың» редакторы Нұрлан Әбдібеков жұмысынан қуылыпты. Ұлттық арнадағы ең рейтингі жоғары, көпшіліктің сүйікті хабары «Көкпар» жабылыпты. Содан бері дайын тұрған үш хабар эфирге шыққан жоқ.

       Редакция бұл мәселе бойынша Байланыс және ақпарат министрі А. Жұмағалиевке, Президент Әкімшілігі басшысы орынбасары М. Әшімбаевқа және «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы төрағасы Ж. Омаровқа хат жолдады”-деп жазылған осыдан он екі жыл бұрынғы газет ақпаратында.

Біз сол кезде оқиғаның бас кейіпкері Әлихан Байменовке телефон арқылы хабарласып, пікірін жарияладық. Ол “Халық үнін білдірген хабарды жабу – елді егемендік егесі деп танымау...”-деген атпен жарияланды.

Нұрлан Әбдібек сол кезде біраз жұмыссыз жүріп, ақыры “Қазақ үні” газетінің араласқасын қайта жұмысқа алынды… 

Нұрланның ауылы Алматы облысы Жамбыл ауданы “Прудки” ауылында талай болдық. Нұрлан да біздің Шардараның шаңын шығарған кезі аз емес. Қызылқұм кеңшарын құраған белгілі ел ағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылық қайраткері Батырбай Сейданов кеңшар басқарып тұрғанда ауыл туралы телефильм түсірді. Арыста көкпар туралы күшті фильм жасады. 

Әке-шешеміз Нұрланды жақсы көретін. Әсіресе, апам марқұм Нұрланды Әнәпия әпкесінің қайтыс боп кеткен баласы Қалдан бөлемізге ұқсатып, әрі ұлы жүздігін айтып, ерекше іш тартып, “інім” деп қоятын… 

1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, Түлкібаста өткен Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерейтойында Нұрлан ақын Ұлықбек Есдәулеттің айтуымен, сол кезде мақта ісіне байланысты қудаланып жүрген тергеуші Мейірхан Мейірманқұловпен танысады. Кейін Түлкібасқа Нұрлан екеуміз арнайы бардық Мейірхан ағамызға. Шым-шытырық оқиғаға құрылған тағдыры, өзінің әсем әншілігі мен сазгерлігі ерекше назар аудартқан Мейірхан туралы мен мақала жаздым, Нұрлан телехабар түсірді. Менің “Тақсірет тартқан тергеуші” атты мақалам сол кездегі “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінің екі номеріне шықты. Ел қызығып оқыған, қоғамдвқ пікір тудырған мақала болды. Бұған Нұрланның сол кезде түсірген телехабары қосылып, ауылда жұмыссыз жүрген тергеуші Мейірхан Мейірманқұловты Бас прокурор Жармахан Тұяқбаев Алматыға шақыртып алды. Бас прокуратураға жұмысқа тұрғызды. 

Мейірхан ағамыз кейін құқық қорғау мен заң саласында үлкен қызметтер істеп, қазір зейнет демалысында. Астанада Әзиза әпкеміз екеуі нәсіптерін тауып жатқан кәсіптерін айналдырып, әнін айтып жүріп жатыр. 

Нұрланның түсірген телехабарлары тереңдігімен, мән-маңызымен ерекшеленіп тұратын. Не жасаса да, біліктілікпен жасайтын. Тілі де төгіліп тұрады. Нұрланның телеарнада жүріп жасаған еліміздің тарландары туралы портреттері өз алдына бір көркем галерея. Жыр алыбы Жамбыл, күй атасы Құрманғазы, “қара жорға” атанған Үмбетәлі Кәрібаев, Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов, ерекше ақын Есенқұл Жақыпбек тб туралы фильмдері көркем дүние ретінде көптің көңілінен шықты. 

Нұрланның “Орбұлақ шайқасы” мен “Қарқара көтерілісі” киносценарийлері өз режиссерін күтіп жатыр… 

Бұл туралы белгілі ақын Қадірбек Құныпияұлы “Қазақ үні” газетіне шыққан “Сегіз қырлы, бір сырлы” мақаласында былай дейді: 

-Жабудың астындағы хас жүйрікті тап басып танитын әулие бапкерлердей иә режиссер, иә продюсер кезіксе кез-келген голливудтық шедеврлермен иін тірестіре алар фильмге өзек болғалы тұрған «Орбұлақ шайқасы» киноповесі мен бес сериялы «Қарқара көтерілісі» деректі фильмінің сценариі уақытын күтіп тартпада жатыр... Бір ғана пікірге жүгініп көрейік. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Кино және телевизия» факультетінің доценті, Еуразия телевизия академиясының ( Мәскеу ) академигі Әсия Байғожина «Қарқара көтерілісі» туралы былай дейді: «...Сценарий сериала написан автором, глубоко вникшим в тему: это драма, основанная на реальных событиях, с привлечением огромного массива архивных документов, мнений компотентных специалистов, личностной интонацией и художественным воплощением. Прослеживается четкая структура, есть ритм, а главное – есть характеры и герои, так необходимые сегодня нашему зрителю – автору удалось «раскопать» истории конкретных людей и показать их живо, ярко, убедительно, не впадая в дидактику и риторику. ...Новизна, актуальность сценария не вызывают сомнений. Осмысление трагических и доблестных событий нашей истории именно в художественном ключе крайне необходимо сегодня для нашего коллективного сознания». Албан көтерілісінің 100 жылдығына арналып, сол қарсаңда жазылған ғажап дүниеге жоғарыда келтірілген маман пікірінен асырып ешкім ешнәрсе айта алмас. Десек те советтік диктатураның сойылынан сескеніп ғұмыр кешкен кей ағаларының кесірінен аталмыш киносценарийдің қанаты кесіліп, тірсегі қиылған күйі қалды...-деп, аталмыш дүниенің артықшылығын атап көрсетеді. 

Қарқара көтерілісі демекші, 2016 жылы Торғайдан, Қарқарадан бастау алған қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын көрші елдің көлеңкесінен қорқумен келе жатқан біздің бейшара билік мемлекеттік деңгейде атай да алмады. Тек Алматы облысы Кеген ауданында Қарқара көтерілісі бір облыстың көлемінде ғана аталып өтті. Осы шараға біз Нұрландардың шақыруымен белгілі журналист Шараф Әмір екеуміз бардық. Әйгілі Ереуілтөбені көрдік. Ата-бабалардың Азаттық үшін күрескен ерлігі шабыт берді. Бір киіз үйде қонақ болып отырғанда сөз бергенде ойыма келіп қалған жыр шумақтарын сол жерде төгіп жібердім. Кейін “Қазақ үні” газетінде жарияланған “ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ” атты жыр мынау еді: 

Тәуелсіз ел, алған ба тұзақ байлап, 

Ұлтшыл біткен, шығамыз біз-ақ қайнап... 

Амангелді батыр боп атысқан ек, 

Ұзақ батыр секілді ұзақты ойлап... 

Қарсы шыққан патшаға күнді атамай, 

Қалтыраймыз, қона алмай жүз атқа ойнап...   

Біздер күткен атады таңдар алда, 

Тұяқ серпи алмаса, мал болар ма? 

Ұлт азаттық дегеннен шошитындай, 

Ұлт азаттық әлі де ел алмаған ба?   

Патшаға бас ұрмайтын ұлдар қорған, 

Болған елге қол бұлғар жылдар да алдан!

 "Барлығы өлер - бала өлсе",- деп бабалар, 

"Шал өлсін"- деп шайқаста құрбан болған! 

Тұтпайды ма, Торғай да аза мұны, 

Найзасы жоқ намыскер жазады ұлы! 

Хан Тәңірі Алашқа сауын айтып, 

Қарқарадан естілді Қазақ үні!   

Құлдық құлық - іздемей ізден ақпар, 

Аттанамыз! 

Дайын тұр бізге де аттар! 

Желтоқсанда өртеніп жастарымыз 

Мұзқамалды құлатты мұзбалақтар!  

 Өз елінде өз тілім өгей міне, 

Тілсіз елді тірі жан елейді ме? 

100 жыл өтті! - Тәуелсіз елге айналдық,

 Азайды ма, қорлығым, көбейді ме?!.   

Елді сақтап қалатын ерлік ұғым, 

Ұран салар ел үшін келді күнің. 

Ерімізді қорғаған Ер Қазағым, 

Жерімізді қорғауда енді бүгін!   

Жат тілде өссе - жақын ба жаттан олар, 

Балық бастан шірісе, бақ па болар? 

Атын дұрыс жаза алмай жатқан елде, 

Аттан десе, қайда ұрпақ Атқа қонар!   

16-ның өшпеген ұшқындары, 

86- жалын боп қыстың кәрі.. 

Мұз үстінде алаулап ұшқындады. 

Тасқамалды қиратты күштің бәрі!!!   

Жүз жылдан соң - не деген бөгет көп бұл?.. 

Енді тағы- 16! 

Себеп те өткір! 

Жермен бірге Ел сатар елірме көп... 

Еліме бір Ереуіл керек боп тұр!   

Тұлпарымен жайлаған ен ғаламды, 

Әлем түгел біледі Ер бабамды! 

Әр қадамын қорғайды әрбір қазақ, 

Мен ешкімге бермеймін кең даламды!

 Шабыттана оқыған өлеңім шалқып отырғандарға қатты ұнап, қанаттанып кетті бәрі. Нұрлан: “Керемет жыр екен қазір суырып салған өлеңің! Отты жырыңнан от алған Албандар атқа қона жаздап, зорға тоқтаттық қой!”-деп дән риза болған еді…

Нұрлан мен Ердің жасы - елуге толғанда елге келіп, менің шығармашылығым туралы да “Сырымды айттым далаға” атты фильм түсірді. Ол сол кездегі “Мәдениет” телеарнасынан және Алматы арнасынан көрсетілді. 

Нұрланның “барлауға бірге баратындай” досқа адалдығы мен әділдігін атап айту керек. Азаматтығы зор, адамгершілігі мол, көкірегі көмбе, білім мен білік иесі. Кез келген тақырыпты саралап, салмақтай біледі. 

Кейін Нұрлан біздің “Қазақ үні” газетінде бірер жыл бас редактордың орынбасары болып істеді. Не жазса да, саралап, салмақты жазатына риза боласың. 

Нұрекең ғылыми зерттеулермен айналысып жүр қазір. Ол да жеміссіз емес. Бірнеше құнды дүниелер шығарды. 

Нұрлан Әбдібек шығармашылығы туралы белгілі ғалым, фольклорист, халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, терең мұхиттай теңдессіз асыл мұрамыз “Бабалар сөзі” 100 томдығын құрастырушы Тоқтар Әлібектің жазғанын келтіре кетейік: 

“Нұрланның ақындығы - өзінше бір әлем. Оны арнайы зерттеу керек. Ал оның азаматтығы, нағыз кісілігі, зерттеушілік қасиеттері де алабөтен, көп адамдарда кездесе бермейді. Бұны да дер кезінде бағалау керек деп ойлаймын. Әдеби мұра жөінде Нұрлан қарастырған тақырыптарға ғалымдардың көпшілігі кіріге алған жоқ. Сондықтан Нұрланның атқарған еңбектері есімін айқындап беріп, ұрпақтар санасында қала беретініне кәміл сенімдімін.”-дейді білікті ғалым. Тоқтардың тоқтамы елдің де ойындағы сөз екеніне кәміл сенімдіміз. 

Иә, Нұрланның ақындығы да өз зерттеушісін күтіп жатқаны анық. Дарынды ақын, терең тележурналист, зерделі зерттеуші Нұрлан Әбдібек досымыз бүгінде алпыстың асуынан асты. Яғни, тереңдігі кемелдікке ұласар шақта. Тыныш жүрсе де, тыным жоқ Нұрекеңде. Зерттеушілік зердесін жақсы білетіндер жан-жақтан құда түсіп, түрлі тақырыптарға тартып жатады. 

Шабысың да, шабытың да талмасын Нұрлан дос! 

Қазыбек ИСА, ақын, 

Халықаралық С. Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” ордені иегері, 

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.