Қызыл жейделі, қызыл шырайлы ақын Төлеужан Ысмайылов ұмтылып бара жатқан жоқ па?

Қызыл жейделі, қызыл шырайлы ақын Төлеужан Ысмайылов ұмтылып бара жатқан жоқ па?

Төлеген Айбергенов туралы менен ауық-ауық сұрап, өздерін қызықтыратын түйткілдерге жауап естігісі келетіндер соңғы жылдары бұрынғыдан да көбейе түскендей. Заңды. Ол Төлегеннің қалың қауымға етене жақын боп, біте қайнасуының көрінісі. Төлеген жөнінде аз жазылды, көп жазылды демейміз. Өйткені, көп десе көп, аз десе аз. Бір жолы жарық көрген естелік-дерек, мәліметтерді біреу оқыса, біреу оқымайды, оқыған адамға таныс нәрселер, оқымағанға – бейтаныс. Сондықтан Төлеген хақында есте қалғандарды қапы жібермей қағазға түсіруге тырысамын. Айту өз алдына. Алайда, бұл жолғы аз-кем әңгіме Төлеген емес, қазақтың дара туған ақыны Төлеужан Ысмайылов жайында. Иә, сол, бүгінде аты-жөні сирек аталып, ұмытылып бара жатқан жоқ па деп ойлауға болатындай қайран Төлеужан.

Бісмілләні Төлеген ақыннан бастау себебім, ол екеуміз бозбала кезде танысқан сәттен бастап қоян-қолтық бірге жүрдік, ыстық-суықтын көбін бастан бірге өткердік, ылғи тату-тәтті жүрдік деу күпірлік болар еді, ол мүмкін емес. Тай-құлындай тебісіп, қатар жүрген соң, ащы да, тұщы да жайлар бастан өтеді. Мен тұрмақ, институтта бір курста оқып, бірге бітірген болашақ жары Үрнисамен де бір-екі жыл аралары суысып, кейін пәк махаббат құдіреті арқасында қайта табысқандарын менен өзге де білетіндер бар. Бұл да таңданатын нәрсе емес.

Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне мен 1953 жылы, Төлеген 1954 жылы түстік. Біз төрт жылда бітірдік, Төлегендерге оқу мерзімі бір жылға ұзарып, бес жылда тәмамдады. Айырма – екі жыл. Болашақ мамандық тіл-әдебиет болған соң белгілі ақын-жазушылар творчествосынан дәріс жүреді.

Ташкентте жүрсек те, құлақ үнемі Алматыға түрулі. Әсіресе, есімдері жаңа-жаңа белгілі бола бастаған қаламгерлерге ынта мол. Ташкенттік студентгер де құралақан емес, көбі өлең жазады. Ондайлар бізден кейінгі екінші курстың үрпек бастары арасында көбірек боп шықты. Болашақ профессор Айтбай Айғабылов (ҚазМУ-де істеді), Ілияс Айынов, Дарап Дәрменов, Иса Әділовтер өлең оқиды. Бәрінен белсенді – Төлеген. Ол да, басқалар да бір-бірінің дәптер, альбомдарына аяқ астынан үш-төрт шумақты төге салады. Әсіресе, қыздарға. Көктем шыққанда институт алдындағы көгалда бас қосып, кезек-кезек өлең оқиды. Сол кездің көзімен қарағанда, бұл енді аса қызықты шақ, қимас минуттар.

Алматыда тұратын танымал боп қалған жас ақындардың есімдері аталып, өлеңдері оқылады. Баға беріледі. Төлеген Ізтай Мәмбетовтің көп өлеңін жатқа оқиды. Беріліп, елігіп, әсерленіп, құлшына оқиды. Өзгелер ауыздарын аша тыңдайды. Тұманбай Молдағалиев, Шәміл Мұхаметжанов, Сағи Жиенбаевтардың есімі аталады. Тұрсынхан Әбдірахманова төңірегінде талас көп. Біреу әнші, біреу ақын дейді. Әнші деп тұрып алатындарға Тұрсынханның «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында шыққан өлеңдерін көрсеткенде, олар амалсыз тынады.

Төлеген оқитын (бізден кейінгі) курста жастары әлдеқайда үлкен Қазыбай Әзімбаев, Иса Әділов дейтін ересек жігіттер бар. Халық әңдерін бабына келтіре шырқайтын Қазыбай өлең жазбаса да, ақын-жазушыларға баға бергенде жаңылмайды, дөп түседі. Иса Әділов те сезгір, алғыр, тәубашыл. Әне, солардың қайсысы екені есте жок, бірде екеуінің бірі:

– Қазіргі жас ақындар арасында Төлеужан Ысмайыловтан асатыны жоқ, – деп сол кезде аталмыш ақыннын елді елең еткізген әйгілі поэмасын атап, бір-екі қысқа өлеңін оқыды.

Жоғарыда еске салғандай, Алматыда тұратын қаламгерлердің қай-қайсысының аты аталса да, бізге жақсы таныс болатын. Өйткені, институт кітапханасына келіп тұратын казақша басылымдарды таласа-тармаса оқимыз, іргедегі Келес, Сарыағаш аудандарынан да кітап, газет, журналдар ала келетіндер бар. Біраз басылымды Қазыбай Әзімбаев жалдамалы пәтеріне жаздырып алып, кейде бізге де беріп тұрады.

Осылайша Ташкентте қазақ әдебиетінің аруағы аспандап, жас өскіндерді тәтті сезімге бөлейтін, арманға жетелейтін.

Ал біз сырттай таныс Төлеужан Ысмайыловты шынында да пір тұтып, мірдің оғындай өлеңдерін қолдан-қолға тигізбей оқитынбыз. Ондай алыпты көреміз, тілдесеміз деп ойламаймыз, сырттай табынғанға мәзбіз, қанағат етеміз.

Оның үстіне, 1956 жылғы ақпан айында Алматыдан Зейнолла Қабдолов пен Қайнекей Жармағамбетов Ташкентке келіп, біз оқитын институттың акт залында керемет кездесу болды. Төрт-бес сағаттық басқосуда қос қаламгер ташкенттік қазақ жастарынын көл-көсір сұрағына байыпты жауап беріп, тектілік көрсетті. Сол кезде Қайнекей Жармағамбетовтің Әміре Қашаубаевтың Парижге барған сапары жайында жазған «Әнші азамат» дейтін кітабы болатын. Сол кітапта Парижде тұрып, такси айдайтын Дәулет дейтін қазақ бар. Әміре екеуі жолығады. Менің «Сол рас па?» дегеніме Қайнекей Жармағамбетов: «Бір қазақты қолдан жасағаным рас» деп жымиды.

Сұрақтар әр алуан, көпшілік жастардың жапатармағай қойған: «Қазіргі жас ақындардың ішіндегі мықтысы кім?!» дегендеріне Қайнекей де, Зейнолла да бірауыздан «Төлеужан Ысмайылов» деп жауап берді.

Төлеужан туралы естелікті Ташкенттен бастауымыздың кейбір себептері осындай.

1957 жьыы институтты қызыл дипломмен бітірген мен Ташкентке жақын Пскент ауданыңдағы қазақ-өзбек аралас орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, 1958 жылы жазғы демалысқа шыққан бойда – сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берген аяулы ағам Апбаз Қаражігітовпен (белгілі жазушы, Жезқазған қаласында тұрды) бірге Алматыға келдім. Апбаз ағаның таныс-тамыры аз емес екен.

Көпшілігімен танысып, дәм-тұздас болдық. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Балдырған» секілді басылымда қызмет ететін (маған сырттай таныс) қаламгерлерді кезек-кезек шайға шақырамыз. «Қазақ әдебиеті» газетінде істейтін, университетті Апбазбен бірге бітірген Ізтай Мәмбетов үнемі жанымызда. Жалдамалы пәтеріне қонып та жүрдік.

Әне, сөйтіп, Алматыда көптеген ақын-жазушыны көріп қана қоймай, бетпе-бет жолығып, танысып та алдым. Біз (өзімді айтамын) ойлағандай, олар сонша паң, айбарлы, адуынды емес, керісінше, бір көргеннен іші-бауырыңа кіре сөйлеп, жағдай сұрап, жатсынбастан, тең сөйлесетін қарапайым, кішіпейіл жандар екен.

Дәл бұлай деп өңім түгіл, түсімде ойламайтын мен де оларға үйреніп, өзімді еркін сезініп, төбем көкке жеткендей боп жүрдім.

Апбаздың біз Алматыға келерден бұрын маған құпиялап айтқан бір сөзі болатын: «Газеттерден көріп жүрсің ғой, Алматыда Мұқаметжан Қаратаев деген белгілі сыншы, әдебиетші бар. Ұзақ жыл айдауда болып, жақында оралды. Қазір сонда Көркем әдебиет баспасының директоры. Маған жақын туыс. Алматыға рұқсат бермей, Жамбылда тұрғанда әдейі барып хал-жағдайын сұрағанмын. Сонда ол: «Әлі көресің, бәрі дұрысталады, мен белгілі адам боламын» деп ескерткіш ретінде мына суретін берген», – деп, Мұқаметжанның суретін көрсеткен.

– Бүгін баспаға барып Мұқаметжан Қаратаевпен жолығуым керек. Өзім кіріп шығамын, сен тыста күте тұрасың, – деді Апбаз біз Алматыға келген соң үш-төрт күннен кейін.

Таңертең Пролетар көшесінің бойыдағы сырты жұпыны ағаш үйге бардық. Тыста қалып, ішке кіріп кеткен Апбаз «Мұқаң жоқ екен» деп, қайта шықты. Күні бойы болса да күтеміз деді. Саяда күтіп тұрмыз. Сәске ауа лек-лек боп ақын-жазушылар келе бастады. Іштерінде маған таныс Шәміл, Әділғазы, Сағи, Ізтай бар. Ду-ду әңгіме, әзіл-қалжың, қарқ-қарқ күлкі. Әсіресе, қызыл жейделі, қызыл шырайлы, шашы селдір, талдырмаш денелі, арықтау, қыр мұрынды жігіттің өзі де де өзгеше, кесіп сөйлеп, кесіп қайырады. Әлдене дейді де, алдымен қарқылдап күледі. Жұртты үйіріп, аузына қаратады. Тағы да біреулер келіп жатыр. Кейбірі бастарын изеп, ішке өтеді, кейбірі осы топқа қосылады.

– О, Ахат, амансың ба, кел, кел! – саңқ етті кенет қызыл жейделі, қызыл шырайлы талдырмаш жігіт.

Қалың шашын жоғары қайырған, толықтау денелі, орта бойлы, жылы жүзді ересектеу жігіт аяқтарын майдалап баса келіп топқа қосылды.

– Анау қызыл жейделі, қызыл шырайлы жігітті көрдің бе, әлі кездескен жоқпыз, ол – Төлеужан Ысмайылов, – деп сыбыр етті Апбаз. – Анау жаңа келген Ахат деген композитор Әбілахат Еспаев. Ел еркелетіп Ахат дейді екен.

Мен тағы да ойран-топыр күй кешейін. Төлеужан Ысмайылов. Сырттай табынатын ақын. Әбілахат Еспаев. Әндеріне құлақ құрышы қанбайтын композитор. Міне, мен кімдермен жолықтым! Төлеужан! Ахат! Әбілахаттың «Маржан қыз», «Жылқышы әні», «Комсомолдар жыры», «Қырманға кел, қалқатай» (сөзі Төлеужандікі) әндерін Ташкенттегі қазақтың бәрі айтады.

Ақын-жазушылардың баспаға келу себебі, іштерінде үш-төрт күннен бері кітабына тиесілі қаламақыларын ала алмай жүргендері бар екен де, қалғандары солардың шашбауын көтерушілер екен. Бұл мекемеге қатысы шамалы Әбілахат Еспаев та сол үшін келіпті. Біреу-міреудің қаламақыдан жолы болса, жабылып жудыратын дәстүр бойынша.

Ізтай Мәмбетов жанымызға келіп: «Кетіп қалмаңдар, қазір мен болайын, басқа болсын, әйтеуір, біреуіміз ақша аламыз. Сонан соң магазинге барып атаймыз», – деді Апбазға.

«Магазині несі» деймін ішімнен. Бір кезде сонадай тұстан бізге қарай маң-маң басып келе жатқан үш-төрт адам көрінді. Ортада – мен де суретінен білетін Мұқаметжан Қаратаев. Үстінде қымбат ақ костюм-шалбар, басы жалаңбас, қап-қара қою бұйра шаштары әсем, жарасты.

Олар баспа алдына жеткенде қимылы ширақ, елгезек Апбаз ұшып барып, алдымен Қаратаевпен, онан соң басқаларымен амандасып жатты. Не сөйлегендерін естігенім жоқ, бірақ Апбазға селт ете қарап, бірден қолтықтаған күйі ішке кіріп бара жатқан Мұқаметжан Қаратаевтың кісілік келбеті күні бүгінге шейін көз алдымда.

Мен әңгіме-дүкеннің отын маздатып, араның ұясындай гуілдескен топ ақыннан сәл жырақтау, өзіммен-өзім тұрмын. Қалай дегенде де, әлі олармен терезем тең еместей сезініп, тартынамын, бата алмаймын. Қайта Шәміл ме, Сағи ма, біреуі атымды атап, «бері жақындасайшы» десе де, қозғала қоймаймын.

Түс болды. Іштен түстікке баратындар асығыс-үсігіс шығып, тұс-тұсқа кетіп жатыр. Әне, Мұқаң – Мұқаметжан Қаратаев та көрінді. Жанында – Апбаз. Ол Қаратаевпен қоштасып, менің жаныма келді.

– Бүгін бос қайтпайтын болдық, аузымыздың салымы бар екен, – деді сәлден кейін Ізтай жүзі жадырап.

Ізтаймен бірге оншақты ақынның ортасына барып топ еттік. Бізді көзіне ілді ме, ілмеді ме, қызыл жейделі, қызыл шырайлы ақын жарқын- жарқын күліп, басқаларды да күлдіріп, аруақтана түседі. Өзгелер де арқа-жарқа. Әбілахат Еспаев қана жақ ашпайды.

Алақандарына «қарға тышқан» екі-үш ақын ұзамай кері шыққан бойда, тағатсызданған шоғыр төмен қарай жапырыла қозғалды. Қайда баратындары алдын-ала мәлім болу керек, ешкім қиғаш тартпайды, мен бұрын көрмеген жаңа орта, бейтаныс адамдардың өзара қарым-қатынас, құрмет ізет, тіршілік-тыныстары неткен ғаламат, мұңдайды да көретін күн бар екен-ау деп, мақтаныштан жарыла жаздап, көшке ілескен тайлақтай үнсіз келемін.

Дуылдасқан топ межелі жерге де жетті-ау, ақыры соңғы нүкте қазіргі көкбазардан сәл жоғары, Пушкин мен Горький көшелерінің қиылысындағы екі қабат үйдің подвалына орналасқан, тек ішімдік сататын магазин екен. Ізтай Мәмбетовтің мана Апбазға «кетіп қалмаңдар, ақша алсақ, магазинге барамыз» деуінің мәнісі сол екен. Демек, енді...

Бәрі жабылып қаламақы алған әріптестерін құттықтайды екен, ішеді екен. Қас қылғанда, сатушы: «Арақ таусылып қалды, вино бар» деді. Байқаймын, бұл сөз көбіне ұнамады, қабақтары түсіп, өкінгеней болды. «Ештеңе етпейді, бәрібір, құр ауыз кетпейміз, арақ болмаса, вино ішеміз», –деді бірі. «Иә, қайта мынадай ыстықта ақтан қызыл дұрыс», – деді тағы біреу. Гүр еткен дауыс шықты: «Вино ішсек көп ішейік!» деп. Тағы қайталады: «Вино ішсек, көбірек ішейік!». Мұны айтқан қызыл жейделі, қызыл шырайлы ақын Төлеужан Ысмайылов еді.

Міне, қайталап айтайын, сырттай табынып, жүздесу арман болған Төлеужанды алғаш рет осылай көрдім. Мені байқады ма, байқамады ма, білмеймін. Әйтеуір, бұл танысу да, білісу де емес-ті. Оның бәрі кейін. Әзірше... Маған кіл майталман ақындардың әзіл-қалжың, күлкілі сөздері таңсық, қызық. Олармен қосылып ішпеймін, және маған іш деп те ешкім қолқа салмайды. Апбаздың ептеп ерін тигізегіні болмаса...

Бірер аптадан соң Апбаз Жезқазғанға қайтып кетті. Аэропорттан Ізтай Мәмбетов, Әбжан Құрышжанов (мен де бармын) самолетке шығарып салды. Ізтай аға пәтер тапқанша біздің үйде тұра бер деген-ді. Сол бойынша оның Тастақ жақтағы жалдамалы пәтерінде қонып жүрдім. Таңертең үйден бірге шығып, күні бойы қасынан ұзамаймын. «Жұлдыз» журналының редакторы Жұбан Молдағалиев радиоға орналастырамын деген, бір жағы соны күтіп, әрі өзім де қарап жүрмей, о жер, бұ жерден жұмыс іздеймін. Оқуды Алматыда бітірген Апбаз Жұбан Молдағалиевпен тәп-тәуір таныс екен. Бір жолы Жұбанды ресторанға шақырғанымызда, орынбасары Қуандық Шаңғытбаевты ертіп келді, жаны жайсаң, мінезі ашық Қуандық стол басына отырар-отырмаста Жұбанды нұсқап: «Бұл – сам, мен зам», – деп жұртты ду күлдірді.

Сөйтіп, Ізтай ағаның үйіне бірге барып, бірге қайтып жүрдік. Бір күні: «Құтты болсын, «Қазақстан мұғалімі» газетінің кешегі санына сықақ өлеңің шығыпты. Әлгінде Шонамен сөйлесіп, келісіп қойдым, түстен кейін барып гонорарын аламыз», – десін.

Енді бұл мен үшін мүлде күтпеген жай. Ізағаң берген газетті ашып қарасам, ақиқатында да менің өлеңім. Көзіме оттай басылды. Ташкенттің іргесіндегі мектепте істеп жүргенде Алматыдағы газет-журналдарға «тисе тереккке, тимесе бұтаққа» деп, сықақ өлеңдерімді төпелеп жібере беруші едім, солардың бірі. Бірақ Ізағаның «гонорар» дегенін онша ұқпағанмен, шамасы, ақша болар деп жобаладым.

Түс ауа «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакциясына бардық. Орта бойлы, мығым денелі, қараторы, қалыңдау қара қасты, жүріс-тұрысы ширақ, кішіпейіл жігіт ағасымен әмпей-жәмпей сәлемдескен Ізтай мені оған, оны маған таныстырып жатыр. «Шона Смаханұлы», – деп қолын ұсынған жігіт ағасы қас пен көздің арасында: «Ауылда мұғалім боп істедім, творчество үшін Алматыға келдім, өз газетіміз ғой, қазір осында істеп жатырмын, сықақ өлеңің тәуір екен, білетін шығарсың, мен де сықақ өлеңдер жазамын ғой», –деп өзі жайлы біраз деректі ақтарып тастады да, онан соң Ізтайға қарап: «Жүріңдер, бухгалтерияға барайық, келісіп қойдым, 70 сом жазылыпты», –деп, көрші бөлмеге ертіп барды. Паспортымды көрсетіп, бұйырған ақшаны алдым (гонорар дегенің осы екен).

– Жақсы қойыпсыңдар, мынау менің бір айлығыма жетеқабыл ғой, – деді Ізтай жымың етіп.

Бұған дейін айлығым 90 сом дейтінін естіп жүретінмін. Сонда 70 сомның мол ақша екені рас болғаны да.

Ізтай Шонаның кабинетінен әлдекімге телефон соқты да: «Сонда келе бер, біз қазір барамыз», – деді қысқа қайырып. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, кәдімгі күнде барып жүретін «Алматы» ресторанынан бір-ақ шықтық (қазіргі Абылай хан мен Шевченко көшелерінің қиылысындағы өртеніп кеткен ескі ғимарат).

Онда жақындай бергенде алдымыздан жүзі таныс ашаң жігіт сылаң қаға шыға келіп, аңқылдай амандасты.

– Әй, мына жігітті білемін ғой! – деді Ізтайға мені меңзеп. – Қайдан көрдім?

– Көргенсің, білесің, – деді қысқа сөйлейтін Ізтай. – Менің інім болады. Кеше өлеңі шыққан еді, бүгін ақшасын алды, қазір соны атаймыз. Шона ішпейді ғой, сондықтан ерткен жоқпыз.

Бізді күтіп алған, мен таяуда ғана бір топ ақынмен бірге көрген Төлеужан Ысмайылов еді. Сол қалпы, сол көрініс, сол мәнер.

– Төлеужан «Лениншіл жас» газетінде мен сияқты әдеби қызметкер, – деді Ізтай аға сөз арасында.

Бес-алты күннен соң «Лениншіл жас» газетіне мен де қызметке қабылдаңдым.

– Әй, мен сені білемін ғой, – деп саңқ етті Төлеужан мені көрген бойда. – Бұл жігіт мықты сатирик, сықақ өлеңін көрген шығарсыңдар, – деді айналадағыларға нықтай сөйлеп.

Басқаларды қайдам, Төлеужанның мені бір көтеріп тастағандай болған бұл сөзіне әжептәуір марқайып, арқаланып қалдым.

Сөйтіп, онымен де, басқалармен де бір мекемеде қатар жүріп, қатар тұратын қызметгес, әріптестік дәрежеге жеткендей болдым. Тонның ішкі бауындай араластық демеймін. Бірақ түзу сәлемдесіп, сыйластықта жүрдік. Анда-санда жұртты аузына қаратып сөйлейтін сөздерінен Төлеужанның бұған дейін әлдебір құзырлы мекемеде биік лауазым иесі боп, командировкаға барғанда талайларды ықтырғаны, жауапты тапсырманы абыроймен орындағаны аңғарылатын. Ойы жүйрік, қаламы қарымды, майталман ақын екенін өзгелер де айтатын. Төлеужан көбіне-көп Ізтай және Әбілахатпен араласатын.

– Бүгін маған келіп кет, – деді Ізтай ағам бірде.

– Жұмысты қайтем?

– Жұмыстан сұран.

– Көрейін.

Түс қайта (кеңсе емес) айтқан жеріне жеттім. Айтқан жері – бес-алты түп ағаш өскен оңашалау бұрыш. Осында Төлеужан, Әбілахат үшеуіне іргедегі магазиннен шарап тасып қызмет еттім. Гәп олардың ішіп-жеуінде емес, бұл – өмір. Сондағы үшеуінің бірін-бірі көтермелеп, кимелеп, ақ жарыла айтқан ұлағатты сөздерінің құдіреті, әсері қандай еді десейші! Бәрі есте сақталмаса да, үш достың кездесу сәтіне куә болу не тұрады!

Төлеужан ауық-ауық Семейге кетемін деуші еді. Неге екенін қайдам, қызметте қамшы салдырмайтын Төлеужан ұзақ істемеді. Семейге ме, басқа жаққа ма, әйтеуір, редакциядан кетіп қалды. Өз басым оны қайтып кездестірмедім. Басылымдардан жазған-сызғандарын да көре қоймадық.

Арадан жылдар өткенде қайтыс болған соң шыққан өлеңдер мен естеліктері қоса жарияланған кітабынан кейбір күдік-күмәндер беті ашылғандай болды. Ұзақ ауырған, әркім-біркімге жазған арнау өлеңі, өкпе-наз, мұң-нала. Қысқа ғұмырының соңғы жылдары оңай болмағандай. Туған топырағында мәңгі дамыл тауыпты.

Сол кітабына жазған (рецензия емес) естелік іспетті пікір басылымдардың бірінде жарық көрді. Қайтыс болған соң жарыққа шыққан одан өзге кітабын да, ауыз толтырып айтар басқадай да пәлендей ештеңесі назарға түспеді. Бәлкім, аңғармаған, байқамаған шығармыз.

Бұл жазбада арқалы ақынның творчестволық қызметі, аз болса да саз дерлік туындыларына тоқталған жоқпыз (ол басқалардың еншісіндегі нәрселер). Төлеужан кім, болмыс-бітім, аз-кем қызметтес болған шақтар, кісілік келбет, дос-жарандары хақында шама-шарқымызша қалам тербеген жай бар. Оның үстіне, сол кезеңдердегі әдеби орта, тағдыр, жік-жапарлы жай-жапсар, қоғамдык құбылыс, ғұмырлық ұстанымдардан сипай-қамшылап болса да көкейде сақталып, санадан өшпей келе жатқан мәлімет-деректер бере кету де артық болмас деп ойладық. Әлбетте, жеке тұрғыдан.

Иә, ағайын! Төлеужан ұмыт қаларлық тұлға ма еді? Ұмыт қалмаса, олай болмас үшін жүзеге асқан, жалпақ жұртқа мәлім қандай қомақты шара, игілікті істер, кешенді нәтижелер бар? Әркімде де көретін көз, еститін құлақ бар, әйтсе де, жазатайым жаңылып, қиғаштау ғайыптан тайғандай жеріміз болса алдын-ала ғафу өтінуге әзірміз.

Ешкімге салмақ салып отырмағанымызды да қаперге алғайсыз.

Зәкір АСАБАЕВ,

жазушы

Тәбәрік

Төлеужан ЫСМАЙЫЛОВ

ҚОШТАСУ ЖЫРЫ

Шықтым кеп боз дөң басына

Қызығым қалған жасымда,

Таныдым тарғыл тасынан

Көзімнің тамған жасын да.

Іздерім жатыр жосылып,

Соқпаққа жаңа қосылып,

Белдеу боп дөңге асыла,

Жарысып жаяу шашыла,

Еңіске қарай асыға,

Құлындай құлдыр шағымда,

Ілестірмей шаңыма,

Келсем де бәйге алдында.

Бақ іздеген басыма

Осынау дөңнің қасында

Шарлай да шарлай сан жерді,

Не аңсап келдім, ал енді,

Ақ кірген кезде шашыма?..

Осы ойдан кенет шошына,

Жан бітіп дөңнің тасына,

Жауардай менің басыма!

Монтиған момын боз дөңім,

Дауыл ғып бұрқап өз демін

Сілкілеп түзді ашына

Басар ма екен ашуға.

Тіл қаттым жасым сорғалап

Балалық шақтың досына:

– Кетіп ем сенен, боз дөңім,

Шығам деп шыңның басына.

Басында мәңгі мұз жатқан

Асқардың бардым қасына,

Таң қалып қарап мұз жаққа,

Өрледім жақпар тасына.

Жүзіндей уыз қыздардың,

Алмасын алдым нуынан.

Өкірген шулап құздардың,

Бет жудым тентек суынан.

Сәлделі шыңнан ұшқанын

Қыранның көрдім қалқыған,

Сорғалап келіп дұшпанын

Болат тұяқпен тарпыған.

Гүлдерін тақтым төсіме,

Ұлы таудағы баулардан.

Сен түссең, бірақ есіме,

Жас шақтың досы – боз дөңім,

Жүрегімді жаулаған,

Кеудеме толып өз демім,

Жаңбырын төкті көздерім,

Ит көйлегім іріген,

Кіндігім сенде шіріген,

Қайран да менің боз дөңім,

Отырмын қазір басыңда.

Жоламай сенің қасыңа,

Шалғайды сан жыл кезгенім,

Жарадай батты арыма,

Жүрегіме, жаныма,

Базарлы бала шағыма,

Еңкуге күні ойысқан

Егделігіме тағы да,

Кұлпытас менсіз қойысқан

Зираттың сонау маңына,

Бетім жоқ оған баруға,

Шөп басып жазда, әр уақта.

Топырақ болған аруақтар

Зәру ме топырақ салуға.

Жер-жексен қабір теп-тегіс –

уақыт, ажал – өткен іс,

Жасамыс жан жұбанбас:

Балалық шақ – өткен іс,

Жастың шақ – жанып кеткен іс.

Қарттықты көңіл құп алмас,

– Сені ешкім мендей ұға алмас,

Ойлашы, – деді, – боз дөңім, –

ұланым едің сен менің,

Қанша қыс, қанша жаз өтті,

Толықсып күтіп көлдерім,

Жыл сайын аққу, қаз жетті,

Қалайша сен бір келмедің?..

Жол тартып менен алыста,

Шыққанда шыңға – ғарышқа,

Ақ бұлттар жүзіп алдында,

Назардан таса қалдым ба?

Алқа көл, ақ төс атырап

Құс жолындай жарқырап,

Жатпады ма жаныңда?

Алғанда түнгі ауыл дем,

Сол маңды кездің арумен,

От ойнап еді жаныңда, –

Қалды ма күлі қаныңда?

Есіңе бір кез алдың ба?

Ұмыттың ба жылдарды,

Бақытты және қайғылы,

Жетім қыз, жетім ұлдарды,

Шошытқан соғыс айбыны?!

Асқарлы даңқым таласпан,

Аспайды даңқым аулымнан.

Үстіңнен талай жол асқан,

Пана да тапқан адасқан

Мен өскем сенің бауырыңнан...

АБЫРАЛЫМЕН АРЫЗДАСУ

Армысың, туған тауларым,

Армысың, асқар биігім.

Қашпасын арқар, киігің

(Танитын шығар жауларын),

Келгем жоқ мен атқалы.

Құз-қия қиын қатпарлы.

Көруге қайта шатқалды.

Жөн сілте, асқар биігім,

Қол ұшын жалға, тауларым!

Еске сал өткен шақтарды,

Іздейін көне сүрлеуді...

Табаным тиген жерлерді...

Көзімнен жаңбыр жауғанын

Сездің бе, туған тауларым,

Баурыңа жетіп лауладым...

Қызарып күндей батқалы,

Өзіңе келдім жатқалы...

1972 ж.