АҚЫН ЖАНЫН ЖАРАЛАП, АҚЫН ЖАРЫ КЕТТІ…

АҚЫН ЖАНЫН ЖАРАЛАП, АҚЫН ЖАРЫ КЕТТІ…

Көрнекті ақын, лирика дүлдүлі Исраил Сапарбай ағамыз да асыл жары Жұпар жеңгемізден айрылды. Алла ардақты жеңгеміздің алдынан жарылқасын дейміз.

Көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің үйіндегі жеңгемізді аттандырғанымызға аз ғана күн болып еді… Қазақ әдебиетінің қатар шапқан қос тұлпарына қатар келген бұл ауыр қайғыны қара орман халық бірге бөлісуде…

Жұпар жеңгей атына сай жаны жұпар жан еді. Бір жылдай ауырыпты. Аты жаман ауру ақыры алып тынды. Жан жарын Исраил көкеміз Түркияға дейін алып барып, талай жерде қаратты. Бірақ Алла үкіміне амал жоқ! Алды пейіш, арты кеніш болғай дейміз. 

Жаны жайсаң жеңгеміз Ақынға жар бола білудің жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Шайырдың шабытына тұсау салмай, қанатын кеңге жайып, қияға еркін самғауына бар жағдайын жасап, бабын тапқан, мейірлі жүзіне шуақ үйірілген ақпейіл жан еді. Аяулы жар бола білген Жұпар жеңгеміз жыр жүйрігі Исраил ағамыздың ел жатқа білетін, халық қазынасына айналып кеткен талай маржан жырлары мен әсем әндері дүниеге келуіне себепкер болып, шабыт отын тұтата білді. 

Исраил аға “Ақын жары” атты өлеңінде:

Күйбең тiрлiк...

Күйдiк, пiстiк, өртендiк..,

Ес жинадық, ел iшiне ерте ендiк.

Жетсек дедiк жағалауға ертерек

Желбiреген екi Үмiттi желкен ғып.

Жеттiк бiлем...

Мың шүкiрлiк,

Мың тəуба.

Етек-жеңдi болады ендi қымтауға.

Бiз сияқты жанып-сөнiп жанары,

Бiз сияқты өрмеледi Күн тауға.

Мəжнүн басын байлап алған Лəйлам-ау,

Қамсыз, мұңсыз, қайран, Көктем қайда анау?..

Мен сияқты мезгiлiнен ауып Күн,

Сен сияқты бозарады Ай да анау...

Ақын болу – һәм қасiрет, һәм бақыт,

Жыр болмаса, септiгi жоқ жарға түк.

Күнi бойы күбiрлесiп күллi оймен,

Түнi бойы отыратын толғатып.

Тоты құсқа тiл бiтiрiп тордағы

Тағы, мiне, келiп отыр толғағы.

...Ақын жаны ортаймаса болғаны,

Ақын жары қартаймаса болғаны!..-

деп жырлайды.

Енді міне ақын жары ақын жанын ортайтып, қабырғасын қайыстырып қайтпас сапарға аттанды…

Сексеннің сеңгіріне шыққанда өмірсерігінен айрылу - өмірдің ауыр сынағы! Берік болыңыз, Исраил көке! Алла сабыр берсін!

Артында қалған ұрпағына, өздеріңізге құдай ұзақ ғұмыр берсін!

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. 

Қасиетті Ораза айында дүние салған Жұпар жеңгеміздің жаны жұмақтан болғай!

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні