ЖЫР ЖАҒАЛАУЫНАН ЕСКЕН ЛЕП

ЖЫР ЖАҒАЛАУЫНАН ЕСКЕН ЛЕП

Адамзат өмірінде рухани құндылықтардың маңызы өте зор. Бір ғана материалдық игіліктер қоғамды жеке-дара дамыта алмайды. Рухани құндылықтар болмаса адамның айуаннан айырмашылығы да болмай қалар ма еді. Руханияттың қатарында әдебиеттің адам тәрбиесіне ықпалы мол. Оның ішінде «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» деп Абай айтқандай поэзияның алар орны ерекше. Қазақтың жаны жаратылысынан жырға жақын ұлт екені белгілі. Соның бір айқын көрінісіндей Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында қазақ ақындарының «Мезгіл әуендері» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. 

«Мезгіл әуендері» жыр жинағы Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығына орайластырып, «MoLia & DOS» баспасынан жарық көрді. Аталмыш жыр жинағы ұлтымыздың мерейтойына маңызды тарту десек те болады. Құрастырушы - белгілі жазушы, баспагер, «MoLia & DOS» баспасының директоры Баян Болатхан. Айта кетуіміз керек, осыдан 21 жыл бұрын «Абитуриент», «Турист» газеттері мен шағын анықтамалықтарды шығару үшін құрылған шағын ғана баспа бұл күндері түрлі өнімдерді өздері басу мүмкіндігіне ие полиграфиялық кешенге айналып, қалың жұртшылыққа танымал деңгейге жетті.

Осы орайда тағы бір ерекше атап айтатын нәрсе – еліміздің рухани ордасы болып отырған ҚР Ұлттық кітапхана қызметкерлерінің еңбегі. Өздеріңіз білетіндей бұл кітапханада түрлі қоғамдық шаралар, әдеби, мәдени және өзге де тақырыпта шығатын кітаптардың тұсаукесер рәсімі жиі өткізіліп тұрады. Жаңа басылымдарды оқырмандарына таныстырып, оның кең қолданыста болуына үнемі септігін тигізіп келеді, кітапхана ұжымына айтар алғысымыз шексіз.

Тұсаукесер рәсімін осындай игі істерге ұйытқы боп жүрген белгілі ақын, ҚР Ұлттық кітапханасының жауапты үйлестірушісі Мұратхан Шоқан жүргізді. «Мезгіл әуендерінің» тұсауын Қазақстанның Құрметті баспагері, «Рух-БГ» баспасының директоры, аудармашы, қаламгер Балжан Хабдина, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Қызжібек Жарқынбаева, Қазақтың белгілі ақыны, кәсіби математик, ардагер ұстаз Шаяхмет Қали кесті. 

Жыр мерекесіне өлеңдері жинаққа енген бірқатар ақындар қатысты. Жердің шалғайлығына қарамастан шырайлы Шығыстан Айжан Имантаева, сонау Батыстан Үмітгүл Нұрмұхан, Астанадан Қалқа Анарбекова сынды ақындарымыз арнайы келді. Түрлі себептермен келе алмаған Талдықорғаннан Гүлбақыт Қасен, Астанадан Бақытгүл Мадиярова сияқты қаламгерлер онлайн байланысқа шықты. Алматыдан сексеннен асса да рухани күш-жігерімен оқырмандарын қуантып жүрген Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қызжібек Жарқынбаева апайымыз бастаған, Шаяхмет Қали, Айсұлу Рүстемова, Жәния Ералиева, Нұргүл Маулина, Әуелбек Искақов, Еркін Нұрбай, Әбдібек Әбдіманапұлы іспетті жыр жинағына өлеңдері енген қаламгерлер қостаған бір топ ақын өз өлеңдерін оқып, жинақты жарыққа шығарған баспа қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Мұқабасы әдемі безендірілген, көлемі 31,5 баспа табақтан тұратын, 505 беттік көлемді жыр жинағының өзіне келетін болсақ алыс-жақын аймақтарда тұратын отыздан аса ақындардың жырлары топтастырылған. Кітаптың бір ерекшелігі бұл жинаққа жастарына қарап емес, авторлардың қалауына орай жырлары жарияланған. Жинаққа есімдері елге танымал Қызжібек Жарқынбаева, Әбдіғали Асанғожаұлы, Лұқпан Бегәлітегі, Ерғали Мұхамедиұлы секілді аға буын қаламгерлермен бірге оқырмандарға жақсы таныс, бұрындар да бірнеше кітап шығарып үлгерген Әнуарбек Әуелбек, Ерсайын Жапақ, Айсұлу Рүстемова, Жәния Ералиева, Айжан Имантаева, Әуелбек Исқақов, Еркін Нұрбай, Бақытгүл Мадиярова, Мағираш Тұрсынова, Әбдібек Әбдіманапұлы, Шаяхмет Қали, Бауыржан Шормақұлы, Бақыт Мерғазыұлы, Бекқожа Жылқыбекұлы сияқты орта буын өкілдері саналатын ақын жырлары енген. Сол сияқты поэзия саласына өздерінің үлкен үлесін қосып жүрген Гүлбақыт Қасен, Тоқтарәлі Таңжарық, Нұргүл Маулина, Ербол Бейілхан, Үмітгүл Нұрмұханның есімдері де оқырмандарға жақсы таныс. Ал, кейінгі буын Зылиха Әуезова, Күлшан Нұрбекова, Меруерт Жартыбаева, Қайрат Құматай, Қалқа Анарбекова, Ернар Тастанұлы, Рысбек Жанболат, Қуанбек Тынымханұлы сияқты жас ақындар жыр атты дарияның жағалауын кеңейте түсті. Әрине, жастар өздерін таныту үшін осындай мүмкіндік ауадай қажет. 

     Ұжымдық жинақ болғандықтан әр ақын өзінің ең таңдаулы өлеңдерін ұсынатыны түсінікті. Кітапқа енген жырлар оқырман жүрегінен өз орнын табады деп сенеміз. Жарық көрген жырларға талдау жасап, баға беруден аулақпыз, оны әдеби сыншылардың еншісіне қалдырайық. Ең бастысы, мынау ұшпағынан қыспағы көп нарық заманында жинақтың жырсүйер қауымның көзайымына айналуында дер едік. Осы қырынан қарағанда бірнеше мәселеге қатысты өз пікірімізді білдіре кетсек артық болмас.

     Қазір газет-журнал, кітап оқылмайды деген сөздер жиі айтылады. Оған да негіз жоқ емес. Қолына қалам ұстаған аға буын өкілдері бұрындар жас қаламгердің тырнақалды жинағының өзі кем дегенде он мың данамен шығатынын жақсы біледі. Ал елге мәлім ақын-жазушылардың кітаптары жүз мыңдаған данамен таралатын. Ол заман келмеске кеткен секілді... 

      Алдымен айтайын дегеніміз, жинаққа енген ақындардың географиясы өте кең. Бүкіл еліміздің алыс-жақын аймақтарын қамтыған десек болады, арасында алыс ауылда тұратындар да бар. Алматы мен Астанада тұрып кітап шығарудың өзі оңай емес. Демек, шалғайдағы шайырларымызға қалың оқырмандарымен қауышуға мүмкіндік жасалған.

    Екіншіден, жинақта авторлардың жас ерекшеліктеріне қарай шектеу жасалмаған. Әдетте әдебиет әлеміне таныстыру үшін жастар шығармалары жеке топтастырылып, шығарылып келгені белгілі. «Жастар» мен «жасамыштарды» қатар берудің өзіндік ұтымды тұстары баршылық. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» дегеніміздей, аға буын өкілдерімен бір жинаққа шығу жастарға үлкен серпін береді. Түсіне білгенге бұл үлкен мәртебе, соларға еліктеп өлең өлкесіне еркін енуіне септігін тигізеді, бойында сенім ұялатады. Осы тұста жинаққа өлеңдерін ұсынған аға буын өкілдеріне де ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Оларды көбісі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы. Соған қарамастан «Жастардан әлдеқайда жоғары тұрмын» деп өздерін классиктердің қатарына қоспай, менсінбеушілік танытпай, ұжымдық жинаққа «ұялмай» енуі, жастардың көшін бастап оларға жол көрсетуі қуантарлық іс дер едік.

    Үшіншіден, жеңілдетілген бағамен «Мезгіл әуендері» атты ақындар өлеңдерінің жинағын шығарған "Моlia & DOS Баспа-баспахана ұжымына алғысымызды білдіре отырып, оқырмандар атынан бұл игі істі жалғастыра берсе деген тілегіміз бар. Проза, драматургия әсіресе балаларға арналған шығармашылыққа көңіл бөлінсе қазақ әдебиетінің көкжиегі кеңи түсер еді. Мәдениет пен әдебиетіміздің дамуы Ұлтымыздың өркендеуінің басты белгісі екенін әрқашан есте ұстайық!..

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні