Алаш әдебиетінің алып бәйтерегі құлады
2022 ж. 12 ақпан
3542
5
Алматы жұртшылығы СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапаға аттандырып салды. Классик қаламгер тоқсан сегіз жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Абай атындағы Опера және балет театрының фойесінде өткен қаралы жиынды мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов жүргізді. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, жазушы Дулат Исабеков, Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басшылығы, өзге де зиялы қауым өкілдері марқұмның ет-жақындары мен қалың қала тұрғындарына, әдебиеттегі әріптестері мен оқырман қауымға көңіл айтты.
Жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
ЕЛГЕ ЕС БОЛҒАН ЖАЗУШЫНЫҢ ЕКІНШІ ӨМІРІ БАСТАЛДЫ
Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы – сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң, қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты.
Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Замана жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды.
Ол ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды.
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.
Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының президенті.
ӘДЕБИЕТТІҢ ТҰТАС БІР ДӘУІРІ КЕТІП БАРАДЫ
Қазақ жұрты өз Әбесін жоқтап отыр. Әбенің бір ғасырлық ғұмырына талай заман енді. Алаш қайраткерлерінің заманында дүниеге келіп, қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыс нәубетін көріп, кеңес үкіметі кезінде әдебиетпен шұғылданды. Одан кейін тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға ат салысты, енді жаңа Қазақстанға қадам басқанда бақилық болды. Ағамыздың бір ғасырлық ғұмырына еліміздің, ұлтымыздың бір ғасырлық тарихы енді. Бір ғасырда қазақ халқы көрген нәубет пен жақсылықты бірге көрді, бірге көтерді, өз бойынан өткізді. Сондықтан бүгін біз Әбеңмен емес, тұтас бір дәуірмен қоштасып тұрмыз. Бұл – қазақ әдебиеті тарихындағы дәуір емес, ұлт руханиятының тарихындағы бір дәуір.
Ерлан ҚАРИН,
ҚР Мемлекеттік хатшысы
БЕКЗАТ БОЛМЫСТЫ АРДАГЕРІМІЗДЕН АЙРЫЛДЫҚ...
Алаш ұранды Ел ғасыр жасаған абызынан, әлемге әйгілі Әбеңнен айырылып қалып, ұлтымыздың ұлы тұлғасымен қош айтысып, қазақ руханиятының сайыпқыран сардарын соңғы сапарына шығарып салып жатқан жайы бар. Әдебиетіміздің классигі – Әбдіжәміл әкеміздің, бекзат болмысты ардагер алыптың дүниеден озуы барша қазақ баласының жүректерін жылатып, жандарына батқаны сөзсіз!
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауыл¬дық кеңесіне қарасты Үш¬көң деген жерде туған.
1942-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жы¬лы М.Горь¬¬кий атындағы Әдебиет институтын бітіріп, әр жылдары сан түрлі жауапты қызметтер атқарды. 1962-1964 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы, кейінірек Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті болды.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы Республи¬калық сыйлық берілді. «Курляндия» романын қайта өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен жариялады.
«Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961 ж.; 2-кітап – «Сергел¬дең», 1964 ж.; 3-кітап – «Күйреу», 1970 ж.), «Сең» және «Соңғы парыз» романдары дүние жүзі халық¬тарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» романы бойынша жасалған драмалық қойылымы М.Әуезов атындағы Академиялық Қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алып, телеэкранға да шығарылды. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» («Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықса (1972 ж.), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктерінің жинағы жарық көрді.
Ә.Нұрпейісов А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Заманында оның әдеби әлеуеті мен қаламының қуаттылығы лайықты бағаланып, КСРО және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство» сыйлығының және Халықаралық М. Шолохов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Ұлы қаламгер «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен және медальдармен мара¬пат¬талып, 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағына ие болды.
Ұлтымыздың даңқты да дара перзентінің бақилық болуына байланысты марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына, қаламгерлер қауымдастығына және барша қазақ халқына қайғыра көңіл айтамыз.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшылығы
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ МЕН АРЫ ЕДІ...
Әбдіжәміл қазақтың қаны мен тері ғана емес, қазақтың жаны мен ары еді. Ұлт руханиятының алтын дәуірі еді. Бүгінгі жоқтаудың қасіреті де, міне, осында. Десе де, «өкінішке – жұбаныш» деген. Кеудесіне нұры төгілген асылдың жанары өшсе де жақсы істері өшпейді. Әбеңнің жасаған ғасырының әр күні, әрбір сәті – тағылым. Қан майданда қару ұстап, елін қорғаса, бейбіт күнде қалам ұстап, ұлтының рухын шыңдады. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» дилогиясы сынды озық туындылары ұлттық әдебиет үшін ғана емес, әлем әдебиеті үшін де баға жетпес рухани мұра, мәңгі тозбас қазына болып қалары анық. Ел есінде де осындай, халқын шексіз сүйген ақжүрек жүзі мен өмірдегі азаматтық ізі қалды.
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
ТУҒАН ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ СОҢҒЫ ПАРЫЗЫН ӨТЕП КЕТТІ
Аралда туып, Алаштың арысы атанған Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері Аралға арнады. «Не жазсам да халқым үшін» деп қаламын тербеген Әбдіжәміл Нұрпейісов соңғы парызын орындап кетті. Қаламын найзадай білеп, сеңдей жарылып, Аралға араша түсуі – жазушы ғұмырының соңғы парызы болды. Алаш алыптарына тән ірілік, кеңдік, парасаттылық, зиялылық бір бойынан табылған. Өзгеге де, өзіне де қатаң талап қойып, көркем сөздің беделін биіктеткен Әбдіжәміл ағаның ендігі дәуірі шексіздікке ұласты. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын қаламгер халық жадында мәңгі сақталады.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысының әкімі.
ЕСКІКӨЗ ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫҢ ЕҢ СОҢҒЫСЫ
Қазақ әдебиеті үшін, қазақ мәдениеті үшін, қазақ рухы үшін Әбдіжәміл Нұрпейісов арқа сүйер бәйтерек, алып еменіміз еді. Қайда барсақ та, Әбекеңді бетке ұстаушы едік. Қазақ сөзінің қызғанышпен қарайтын сақшысы еді. Бір сөзің ағат кетсе, кешірмейтін. Ұрысатын және өзіне де солай қарайтын. «Қан мен тердің» он жеті нұсқасын жасау тек Әбекең сияқты адамның қолынан келеді. Ол шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнады. Өзінің философиялық толғамдарында адам мен табиғаттың байланысын терең суреттеп, Арал проблемасына үңіліп отырды. Қазақ әдебиетін әлемге, бүкіл Кеңес Одағына керемет танытты. «Роман- газета» деген газет болды кезінде. Оған екінің бірі шыға алмайды, соған тұңғыш рет Нұрпейісовтің «Қан мен тері» жарияланып, 1,5 млн. тиражбен тарады. Сөйтіп, қазақ әдебиетінде Әуезовтен кейін үлкен марапатқа ие болып, «Қан мен тер» мен «Соңғы парыз» қырық сегіз елдің тілінде сөйледі, ең соңғы аудармасы Америкада басылды.
Нұрпейісов – менің ұстазым, өмірдегі ақылшым, абызым, замандасым және құрдасым. Қалай қалжыңдасам да, жанына бататын әзіл айтсам да, басқа біреуге шап ете қалатын Әбекең маған күліп қана қоя салушы еді. Қазақстанда басқа жер жетпей қалғандай, Беларанда моласын салдырып қойды. Бір күні барсам, бұлқан-талқан ашуланып отыр.
– Беларандағы моламды былтыр көріп едім, мола сиқы жоқ. Құмға батып кеткен, әріптері түсіп қалған, – деді.
– Беларанға барып жататын болсаңыз, ешкім бармайды. Әбеке, ол ауданның әкімін боқтауға болмайды. Өйткені, ауданның бюджетінде тірі адамның моласын жөндеуге ақша қаралмаған. Моланы бульдозермен бұздырайын, бұздырғыңыз келмесе, ол жерге анда-санда барып жатып тұру керек, – дедім.
...Бұл күнді де бастан кешіруімізге тура келді. Адам жүз жасай ма, Лұқпан Хакім сияқты мың жасай ма – о дүниеге аттанғанда бәрі үшін қайғы. Әбекең жайлы айтылар сөз көп. Бір ғасыр жасаған, бір ғасырды түгел әдебиетке ғана арнаған, басқаға мойын бұрмаған, бір сөзі үшін кітаптарын бір айға тоқтатуға дайын Әбекең – бәріміздің ұстазымыз. Маған телефон соққанда «Әй, бала» деуші еді. «Тапқан екенсің 78-дегі адамды бала деп...» - деп күлуші едім. Енді «әй, бала» деп телефон соғатын ешкім жоқ – жетім қалдық, қартайтып кетті.
Бұл күнді де бастан кешіруімізге тура келді. Алланың бұйрығы. Адам жүз жасай ма, Лұқпан Кәкім сияқты мың жасай ма, бірақ о дүниеге аттанғанда, бәрі үшін қайғы. Маған телефон соғып, әй бала деп сөз бастаушы еді. Енді олай айтатын адам жоқ. Бізді қартайтып кетті. Әбекең жаман болса, бүкіл халық болып күңіренбес-ті. «Қан мен терді» қолына ұстамаған, тым болмаса оқымаған қазақта адам жоқ. Ал, Әбең ұлылардың, тұлпарлардың соңғы тұяғы. Ең үлкен астаудан жем жеген, солармен қатар жүрген, солармен дауласып жүрген, сөйтіп жүріп, орыс аудиториясының бетін бері қаратқан, шетел жазушыларын мойындатқан Әбдіжәміл еді.
Ал енді, Әбеке, қайыр қош! Баяғы қазақтың ұлы адамдарының ең соңғысы едің. Енді өзіңіз де солардың соңынан аттандыңыз. Артыңызда еліңіз бар. Қазақ халқыңыз бар. Солар барда сіздің сөзіңіз, Қазақтың Сөзі өлмейді.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, драматург.
ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛЕГЕН ҚАЙРАН ӘБЕҢ
Қазақ халқы тағы бір аяулы ұлынан, алып тұлғасынан айырылды. «Елім» деп соққан тағы бір үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Аядай ғана ауылдан шығып, Алты Алаштың ардақтысына айналған, адамзаттың ақыл-ой қорына асыл туындыларын қосып, көркем ойдың көкжиегін кеңейткен Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден өтті. Ол өз өмірін ұлт өнерін зерделеуге, ұлт руханиятын зерттеуге арнаған еді. Тарих тамырларына терең бойлап, тың дүниелерге қалам тербеп, кесек-кесек шығармалар жазды. Халқымыздың жадында мәңгі-бақи қалатын туындылары арқылы биік белестерге жетіп, қайталанбас қолтаңбасымен із қалдырды.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары.
qazaquni.kz