Әбдіжәміл Нұрпейісовтың соңғы сөзі

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың соңғы сөзі

Әбені соңғы рет екі жеті бұрын көрдім. Үйінде төсегінде сарғайып, құр сүлдері жатыр екен. Мені көріп түсі жылып төсектен басын көтергісі келді. Басын сүйеп төсегіне отырғыздық. «Ер арыса аруақ» деген. Қаңқасы қалыпты. Сөйлей алмады. Ауызына «Айналайын!», деген сөз түсіп соны қайталай берді. Қайталай берді. Мен іштей тіксініп: «Ойпыр-ай, бұ шал маған бұлай деп мейірленбеуші еді ғой!! Бұнысы несі?!» деп, секемдендім. Секемденген үстіне секемдендім. Ол бұзылған патефондай сарнай берді. Әлгі сөзді қайталай берді. Мен, ақыры, бір нәрсені ұқтым. Бұ кісінің бұл бақылдасу сөзі екенін ұқтым. Бақылдасу керек екенін ұқтым. 

- Әбе! – дедім, қолын қысып. Ол сонда да «айналайынды» тоқтатар емес.

- Әбе!- дедім, тағы. - Азды-көпті жарты ғасырдай аға-іні болыппыз. Өмір деген ойқы-шойқы нәрсе ғой. Бірде болмаса бірде көңіліңізге тиіп ренжіткен болсам, кешіріңіз!!! – дедім.

Ол мені есітті ме, есітпеді ме, білмеймін. «Айналайынды» қайталай берді. Қайталай берді. Жарты сағаттай қайталады. Мен қоштасуға ынғайландым. Сонда ол:

- Әй! – деді, маған көз қиығын салып. – Үмітім бар! Үмітім бар! – деді. 

- Аумин!! Айтқаныңыз келсін Әбеке! Айығып кетіңіз!!! – дедім.

Басын сүйеп жастығына жатқыздық. Ол тесіліп қарап қала берді. Осылай қоштастық. Ақпаның бесі күні таңертең келіні Айгерімнен хабар келді. «Ата дүниеден өтті» деген. Біз сонда түсіндік. Сөйлесуге тілі келмей жатып абыздың соңғы сөзі неге «айналайын!» болғанын түсіндік. Бұл сөз, екі дүниенің арасында жатқан Әбенің біз арқылы алыс-жақын ағайынға, халқына деген аманаты, соңғы сөзі екенін сонда түсіндік. Құрметті ағайын! Әбе сіздердің бәріңізге «айналайын!» деп өтті өмірден. Жүрегі халқына деген махаббатқа толып өтті. Алла ағамызды алдынан жарылқасын!

Смағұл ЕЛУБАЙ, 

Қазақ үні