Ғарифолла Әнес: ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА КІТАП ҚАЛҒАН

Ғарифолла Әнес: ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА КІТАП ҚАЛҒАН

Бүгінгі қазақ баспасөзі мен ақпарат кеңістігінде Қытайдан келген жас буын қандастарымыздың үні менмұндалап тұратындай. Солардың бірі, әдебиет айдынына қайығын түсірем бе деп талпынып жүрген талапкер ініміз менің қол астымда істейді. Бұл жақта бола алмаған кезінің орнын жауып, қоржын-қоймасын толтырсам деп күні-түні оқиды, ізденеді. Бір жолы: «Аға, Сіз туралы бір жақсы лебізімді білдірейін десем, мына ғаламторды сүзіп ештеңе таппадым. Мерейтойларыңыз тойланбаған ба? Ешкім ештеңе жазбаған ба?» – деп төтелей сұрақ қойды. Ойланып қалдым.

Ойланғанда өзім туралы емес, отыз-қырық жыл бойы қазақ кітабының қазанын қайнатып, отын өшірмей келе жатқан, бүгінде көпшілігі аттан түскен, марқұм болған баспагерлер хақында, ұлтқа олжа салатын ғұмырлы кітапқа сөз иесі авторынан бетер жаны шырқырап, бірлесе қырнап, жонып сәулетті туындыға айналдырғанша тыным таппайтын тісқаққан редакторлар туралы, өңінде де, түсінде де тек кітап көріп, сонымен сырласатын кітапқұмар қазақтың ішкі дүниесіне үңілген жазбаны соңғы рет қашан, қайдан оқығанымды есіме түсіре алмай ойланып қалдым... Өз қотырыңды тек өзің қаси бермейсің ғой!.. Сенің өзің олар турасында не айтып, не жазып едің?!. Өзің сынды «Кітап... Қазақ кітабы... Ұлттық құндылық...» деп жанкешті тірлік кешіп келе жатқан әріптесіңді ұлықтасаң несі айып?!. Қолға қалам алдық, сөз-нысана баспагер іні-дос Темкең, Темақаң – Темірғали Көпбаевқа бағышталды.

* * *

Көптің алдында жүріп танымал болған талантты жан жаныңа жақын, жыға танысаң да, танымасаң да көз алдыңда өркештене, тұлғалана түседі. Жазған-сызғанынан-ақ баяғыдан таныс-біліс, сырласыңдай көп сырға қанығасың. Әсілі, әр адам бір-бір кітап қой... Қашанда маңдайына бақ біткен дарынды жан көпқырлы, көпсырлы. Көп моторлы ұшақ сынды күш-қуаты да, алысқа самғауы да ерекше ерен. Біздің Темкеңнің төрт моторы, төрт қанаты бар сынды: мамандығы журналист ол – ақын, ол – ғалым-ұстаз, ол – баспагер. Ең бастысы ол – кәсіпкер!

Кәсіпкер десе қазақтың құлағы елең ете қалады. «І-і.., кәсіпкер екен ғой!». Ыңыршағы айналып, тұйыққа тірелген ашкөз көптің біразы кәсіпкерді ғайыптан қазанына ас салатын қайырымды жан санаса, енді біреулері өзінің кедейлігіне, кепшілігіне тап сол кінәлідей өшіге шүйлігеді. Ата-бабамызда бай болса, бағылан болса болған шығар, бірақ кәсіпкер дегенді соңғы отыз жылда ғана көріп-біліп жатырмыз ғой. Сұрақ туындайды: уақыт, замана туғызған шағын бизнес, кәсіпкерліктің өңін айналдырып, ұғым-түсініктің өзін ту-талақай етпедік пе? Арам байлықтан ісіп-кеуіп, мелдектеп, өз қолы өз аузына жетпей жатған олигарх-акулалар болмаса, соңғы отыз жылда кәсібімен нәсіп тапқандардың тыныш ұйықтап, беймарал тірлік кешкендерін көрмедік.

Баспа саласының тым ауыр тегершігін Темкең кәсіпкер ретінде дөңгете алды ма, алмады ма, ол басқа жайт. Бірақ баспагерлікті заманауи қазақы кәсіпкерлікпен ұштастырып, руханиятымызда өз атын, өз затын қалдырғаны және әлі де көп нәрсе тындырсам деген арманмен ғұмыр кешіп келе жатқаны ақиқат.

* * *

     Біреу біледі, біреу білмейді, тек бір Алматының өзінде құзырлы орындарға тіркелген 300-дей баспа мекемесі бар. Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа болмағанымен, бұл шағын бизнестің (кәсіпкерлік деп ұғыңыз!) жоқты-барды бәсекелестігі бар. Отыз жылда қолына отыз қазақы кітап ұстап көрмеген шен-шекпенді билігіміз бар, телефон мен телеэкранға телмірген миллиондаған кітаптан жеріген бейоқырман жұртымыз бар. Алтынмен апталып, күміспен күптелген он-жүз дана (оны кітап деп ауыз толтырып айтуға келсе) кітабы, аннан-мыннан қаржы тапса бір мың данаға жетіп жығылатын тиражы бар. Осындай әлем-жәлем қазақы кітап әлеміне жаңадан бас сұққан жеке баспа, арманшыл кәсіпкер не істеуі керек?!. Можантопай біреу болсаң, әрине, жарасар. Бірақ, Темкеңдей тұлғалы жігіт телпеңдеп көштің соңында емес, қасқайып басында жүргені орынды. Ол үшін не керек?!. Әрине – идея! Одан соң – ақша, қаржы, тағы да қаражат...

      Қасиетті Қазығұрттың атын иеленген «Қазығұрт» баспасы дүниеге келгенде бәріміз елеңдеп қалдық. Темірғалидың алысты болжап, жақынды қармап ешкімнің ойына келмеген бір нәрсе ойластырғаны анық! Мына, бірі кем дүние аяқасты жүзі жоқ алмағайып аласапыранға айналғанда жарқ етер жаңалық табу да оңай емес-ау...

* * *

      Апта сайын ешкі сүтінің кезегінде шүйіркелесіп қалатын Қадыр ағам бір күні мені шалқамнан түсіре жаздаған жаңалығымен бөлісті. 15 томы шықпақ! 15 том!.. Алдында ғана тірлік-кәсібіме тілекші Қадекеңнің бірді-екілі балаларға арналған өтімді кітапшаларын шығарғам. Совет заманының жаназасы оқылғанда бар жиған-терген байлығынан бір сәтте сыпырылып жалаң аяқ қалған ақылман ақын ағамның арманы орындалып, шынында көптомдығы шығып жатса, қалайша қуанбайсың?!. Тілі тіліп түсетін Қадекең: «Сендердің ешбіріңнің, ешқашан қолынан келмейтін бұл шаруаны кім атқаратынын білесің бе?.. Темірғали Көпбаев!» – деп лепесіне леп белгісін қоя доғал мұрнын бір сипап қойды. Түсінікті болды – Темақаң «темасын» тауыпты.

* * *

     «Қазығұрт» баспасынан одан соң қаншама классик ақын-жазушыларымыздың, ғалымдарымыздың көптомдығы жарыққа шықты. Халық игілігіне жарар бір кітапты бір тайтұяқ сом алтынға баласақ, «Қазығұрт» дүниеге әкелген жүздеген том, мыңдаған кітаптың да қазақ қазақ болып тұрғанда ұлт қазынасы деп бағаланар күні туары сөзсіз. Керме – кезек, терме – тезек. Жел сөзге қарық қылған нарықтың орнына жаңа ел, әділетті қоғам орнар деген сеніміміз өшкен емес. Қазығұрттың басында заманында тек кеме ғана қалған жоқ, кітап та, адамзаттың ақыл-ойы да, салт-санасы да қалған ғой... Ауылымен бірге құрыған қазақ кітабының қисапсыз мол тиражы, кім біліпті, қайтадан ортамызға оралар. Қазақ көші қалаға ғана құйылуы керек, сонда ғана өркениетке жетеміз деп теріс бағытқа ұрынған ел басы ағалар да ойланар. Қойнында кітабы, қонышында «Жұлдызы» жүрген қойшы аталарымыз заманына қайта оралмасақ та, бақ-дәулетімізді кіндігіміз байланған ауылдан тауып, дала қыранынша көкке самғар күн де туар, бәлкім...

* * *

Кітапханамның төрінде тұрған «Қазығұрт» баспасы ұжымының тер исі сіңген Сәкен Сейфуллиннің 13 томдығы, Б.Майлиннің 15 томдығы, Ілияс Жансүгіровтің 10 томдығы, әсіресе сол Қадекеңнің кітаптары мен Жұмекен Нәжімеденовтың 7 томдығын парақтауға уақыт табуға тырысам. Осынау қазына-байлық тұрғанда қолыңа қалам алып, тыраштанып, бірдеңе жазып-сызуға да ұяласың... Әрине, адамзатты құтқарған Қазығұрт кемесі өз бортына кімнің сөзін, кімнің өзін алары жұмбақ дүние... Бүгін мәңгілікке деп ескерткіш орнатып, ертең оны сүйрелеп құлатып жатқан біздің бейдауа қоғамда мәртебелі Кітап патшалығы билік құрса ғана мына сұм өмір өзгеретін сияқты болып көрінеді кейде.

Қалай десек те, Қазығұрттың басында кітап қалған...

Ғарифолла ӘНЕС,

Қазақ үні