Зікіра ҚОЖАЕВ: Қазаққа қыран тектес қанат сыйлап...

Зікіра ҚОЖАЕВ: Қазаққа қыран тектес қанат сыйлап...

Дүниежүзі халықтары жазушылары одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Шағала көңіл», «Жанымның жанартауы», «Сарқылмас сезім» атты жыр жинақтарының авторы.


ОТАНЫМ БАРДА...

Парыздан қорқам, қарыздан қорқам,

Былапыт сөйлер ауыздан қорқам.

Тәубеме келем қысылған кезде

Халқыма қарап көңілі дарқан.

Өтеймін парыз иманға сеніп,

Қарыздан қашам тапқанды беріп.

Беймезгіл келер ажалдан қорқам

Қисайып жатқан жастарды көріп.

Көзімді жұмып, құлақты басып,

Былапыт сөзден құтылам қашып.

Аталар алғыс жаудырып жатса,

Кетеді көл боп, көңілім тасып.

Ағалар барда ақылын айтар,

Теңіздей терең, көңілім шалқар.

Қателік жасап, бүлдіріп қойсам,

Басымды исем, ашуы тарқар.

Жеңгелер барда қайным деп жүрген,

Тынысым кеңіп, күмбірлер кеудем.

Жанұям барда желегін жайған,

Қанеки, айтшы, кеммін мен кімнен?

Інілер барда ізімнен ерген,

Керегем берік, шайқалмас іргем.

Құрдастар барда, қабырғам мықты

Орынды жерде ойнаған-күлген.

Оттан да ыстық Отаным барда,

Қадамды нықтап басамын алға.

Халқымның салтын, елім мен жерді

Мақтаныш тұтып, қосамын жырға.

Сүрініп кейде, жатсам да құлап,

Өмірге мынау құмармын бірақ.

Бәріне өтем құмарта қарап,

Тұрғанда жанып көзімде шырақ.


ҚАЗАҚПЫН МЕН...

Желегін кеңге жайған арғы ата бір,

Халықпыз ҚАЗАҚ деген қарға тамыр.

Жаратқан ұлан байтақ жермен бірге,

Біздерге берген төзім, жанға сабыр.

Қыз беріп, құда болып бал жаласқан,

Қазақпыз бар жиғанын тойға шашқан.

Елім бар ет-жүрегі елжіреген,

Әлемнің кіндігінде орналасқан.

Тауым бар, теңізім де, өзенім де,

Өлең боп өрілетін өзегімде.

Қаншама мұхит асып кеткеніңмен,

Жүргендей болмайды ғой өз еліңде.

Көлім бар аққу-қаздар қалықтаған,

Беретін таусылмайтын шабыт маған.

Көлімде балықтармен қатар жүзіп,

Шөлімде жуасымен азықтанам.

Тілім бар ән мен күйге жарасымды,

Кең байтақ көңілім де дала сынды.

Қазаққа қыран тектес қанат сыйлап,

Құдай да үйіп берген бар асылды.

Бәйгем бар, көкпарым бар атқа мінген,

Димаштай ән шырқаймын асқақ үнмен.

Мақтанам салиқалы қарттарыммен,

Шаттанам ар-ибалы жастарыммен.

Бетімнен майда қоңыр желім желпіп,

Ағаны жағалаймын інімді ертіп.

Шәмшінің әндерімен әуелетіп,

Отырам Құрманғазы күйін шертіп.

Еремін намысымның жетегіне,

Біреудің пысқырмаймын өсегіне.

Сыйласа, басымды иіп сәлем берем,

Қарамай үлкен-кіші екеніне.

Осылай емін-еркін тыныстаймын,

Бәрімен адамзаттың туыстаймын.

Білмеймін кімнің қандай екендігін,

Бойымды қай жерде де тік ұстаймын.

Ру бөлек болғанмен, арғы ата бір,

Өйткені мен қазақпын қарға тамыр.

Қиындық атаулыға қайыспайтын,

Бергей тек бәрімізге АЛЛА сабыр.


ҚАНДАЙ САЗДЫ ЕСКІ ӘНДЕР!

Қандай сазды ескі әуен, ескі әндер,

Бүгінгімен салыстырсақ, көк пен жер.

Әләулайға қарамайды пысқырып,

Шәмші әнімен тербетіліп өскендер.

Нұрғисаның алар орны бір бөлек,

Құдіретін жеткізуге тіл керек.

Аққулардың қанатымен қалықтап,

Көз алдыңа келер дүние дөңгелеп.

Әбілақат, Әсет, Кеңес, Ескендір,

Әндері бар айнакөлдей мөп-мөлдір.

Ілия ағам Жақановпен тербеліп,

Жайлаукөлде жүргендеймін көппен бір.

Еске салар бойыңдағы парызды,

Әнмен қатар мәтіні де маңызды.

Өткен заман сазгерлері бір төбе

Біржан, Ақан, Мәди, Естай тәрізді.

Тұла бойы лапылдаған от-дарын,

Барлығының қайтем тізіп аттарын.

Ән-күйлерін тебірене тыңдаймын

Еске түсіп қимас, қымбат шақтарым.

Құлақ тоссаң, іздегенің табылар,

Әрбір әннің тәрбиелік мәні бар.

Бар дүниені ұмыттырып бір сәтке,

Сазға елтіп, ғазиз жаның жадырар.

Сары алтындай әр ырғағы бағалы,

Өміршең ән ел жадында қалады.

Бұл күндері «жұлдыздарға» жұқ болған

Даңғаза әндер улап жатыр сананы.

Жабыққанда қолтығыңнан демемес,

Ән әлемін кезіп кетті бір елес.

Жүрегіңде өмір бойы жатталар,

Бүкіл халық айтпаған ән – ән емес.


ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ!

Қайырлы таң, қайырлы күн, жамағат!

Өрдіңдер ме аман-есен, саламат?

Шашыраған алтын таңның шуағы

Келе жатыр жердің үстін аралап.

Қайырлы таң, қайырлы күн, туысқан,

Күн күлімдеп көтерілді Шығыстан.

Шуағынан бойымызға нәр алып,

Ынтымақты шығармайық уыстан.

Қайырлы таң, қайырлы күн, дос-жаран,

Сыйластықтың қасиетін сақтаған.

Әрбір үйдің керегесін күй кернеп,

Шаңырақта шарықтасын асқақ ән.

Қайырлы таң, үлкен-кіші, замандас,

Тұра сала қимастармен хабарлас.

Қиындықты қол ұстасып жеңейік,

Бірлік барда бізді ешқандай жау алмас.

Бір-біріңнен аямаңдар ақ тілек,

Сөздің дәмі бал дәмінен тәттірек.

Қараңғылық келмесе де кеткісі

Күн қуады бүйірінен түрткілеп.

Ұйқыдағы тіршілікті оятып,

Келе жатыр арайланып таң атып.

Мамыражай еркін ғұмыр кешейік,

Бар тапқанды той-думанға жаратып.

Шашу шашып Күннен – күміс табақтан,

Бұған дейін сансыз нұрлы таң атқан.

Жамандықтың бетін кері қайырып,

Жақсылығын аямағай ЖАРАТҚАН.

ЖАҒАЖАЙДАҒЫ ҚҰСТАР

Толықсып теңіз жатыр анадайда,

Батқандай көрінеді терең ойға.

Адамдар сая іздеп салқындауға

Жамырап келуде әлі жағажайға.

Ыстықтан ыққандардың бәрі осында,

Ұлы да, ұры да бар арасында.

Қиқулап қос қанатты достар да жүр

Айдынның шалқып жатқан жағасында.

Жүзіп жүр алуан құстар су бетінде,

Оларды толқын әлсін тербетуде.

Бірлігін, ынтымақшыл іс-қимылын

Болады адамдарға үлгі етуге.

Ішінде үйрек те бар, шағалаң да,

Жем іздеп жақын жүзер жағалауға.

Дыбыстан секем алып, селт ететін

Қырағы, сауысқандай сақ олар да.

Ағы да, ортасында ала да бар,

Айрықша шаңқылдайды шағалалар.

Барымды шашқаныммен қолымдағы,

Мен кетпей жоламайды оған олар.

Су бойын жағалайтын көппен бірге,

Жиналып қалатын дән сепкен жерге,

Жаныңда жолдасыңдай жорғалаған

Таң қалам кіп-кішкентай кептерлерге.

Олар да жалтақтайды адамдарға,

Тағдыры солай болса, амал бар ма?

Шашқанын пенделердің жиып-теріп,

Жүреді саябақта, алаңдарда.

Көргенде біреулерін билеп ұшқан

Көңілің елжірейді толғаныстан.

Тілі бар олардың да бір-бірімен

Ұялы желісіз-ақ байланысқан.

Бастары Үкіметке байланбаған,

Құстарға қызығамын, қайран қалам.

Көлбеңдеп көк жүзінде көсілгенде,

Келеді неше түрлі ойлар маған.


ЗИЯРАТ ҚЫЛ

Той-жиынды жүргенше қуалап құр,

Зират ішін келейін аралап бір.

Сауабым мен күнәмді жіпке тізіп,

Қос періштем иықтан сығалап тұр.

Кәрі де бар зиратта, жасы да бар,

Бөз жамылып ұйықтап жатыр олар.

Ат басындай алтының болса дағы,

Ғұмыр деген зат емес сатып алар.

Мына жалған тіршілік – адамға сын,

Біледі олар мәңгілік жүре алмасын.

Топырақпен кетеді араласып,

Топырақтан әу баста жаралғасын.

Солай ғой деп өмірден түңілмеңдер,

Қалмасын тек іздеусіз көз ілгендер.

Бізге дейін қомағай, өңеші кең

Сан ұрпақты су сынды сімірген жер.

Біреу бұғып, біреулер дәуірлеген,

Құбылмалы құбылыс өмір деген.

Шығайбайлар тапқанын тығып жесе,

Атымтайлар жиғанын бөліп жеген.

Уақыт жаппай тұрғанда шымылдығын,

Ұғынып ал тірліктің сырын бүгін.

Сын сағатта қол ұшын бере алмайды

Қызметің, байлығың, сұлулығың.

Арамызда сау да жүр, мүгедек те,

Еленеміз бәріміз бір елекке.

Тіршіліктің дәм-тұзы таусылмайды

Сыр бермесе бауыр мен жүрек, өкпе.

Мазаратқа барайын жеке-дара,

Дұға оқып қайтайын ата-анама.

Атам жатыр кезінде ел сыйлаған,

Ағаларым, інім де осы арада.

Қол тигенде қорымды аралап тұр,

Дұға арна, есіңе ал, зиярат қыл.

Армандарын арқалап ала кеткен

Біз секілді кешегі жамағат – бұл.

АНА ТІЛІ – ЕЛДІКТІҢ ІРГЕТАСЫ

Тіл жайлы сөз тілімде іркіліп тұр,

Жүрер жолын ашайын сілкініп бір.

Несібесін әр жұрттың бөліп берген,

Толастамас күресі тіршілік бұл.

Ұйқылы-ояу жүргенде ұяң халық,

Ана тілім барады шұбарланып.

Тілдің құны қалмаса, ел – мүсәпір,

Тісінде уы болмаса, жылан – ғаріп.

Самұрықтай самғаған ана тілім,

Қауырсыны түсуде қанатының.

Тіл жоғалса – елдіктің жоғалғаны,

Мәңгүрттіктің жамылып қара түнін.

Өзгермейтін замана өзгергенмен,

Ұлттық асыл тәрбие тілмен келген.

Ұлтжандылық қасиет табылмайды,

Өзге тілдің емшегін емгендерден.

Қаңсығына өзгенің құмартуы –

Ұрпағыңның дұшпанын қуантуы.

Елім, халқым қуатты бірлігімен,

Тәуелсіздік тұрақты тіл арқылы.

Келе жатқан мұра боп сан ұрпақтан,

Ана тілі – қыдырың әлімсақтан.

Түнегіне тамұқтың тығылады,

Тірлігінде діні мен тілін сатқан.

Бисымақтар – биліктің қолшақпары,

Жеме-жемге келгенде жалтақ бәрі.

Ел мен жерін қорғаған батырлардың

Ұсақталып кеткендей ұрпақтары.

Жүрген адам сәйгүлік баптағалы,

Тазалауы керек қой ат қораны.

Ұрпағымын пәленше батырдың деп,

Кейбір ездер өзінше төс қағады.

Түркілермен тамырлас арғы атасы,

Бабалардың ырыс қой әр батасы.

Сол батаны сіңірген сөзбен бойға,

Ана тілі – елдіктің іргетасы.


ӨСКЕН ӨЛКЕНІ АҢСАУ

Жерге жайып тастаған көк кілемін,

Сыр бойында жастығым өтті менің.

Оралмасын білемін, сонда дағы

Елжірейді ойласам, ет-жүрегім.

Оңтүстіктің Мырзашөл қақпасындай,

Жұмсақ зат жоқ ақ ұлпа мақтасындай.

Өскен жердің өрнекті белестері

Алтыннан да бағалы ат басындай.

Жаза жүріп бойымның құрыстарын,

Ауасымен әтірдей тыныстадым.

Сонда қалған жандардың барлығы да

Байқап тұрсам, қимайтын туыстарым.

Орман-ойдың сипалап жапырағын,

Қиялымның қымызын сапырамын.

Атам, әкем, анам мен інім қалды

Мырзашөлдің жамылып топырағын.

Үлкенмен де, кішімен араластым,

Салиқалы сөзіне құлақ астым.

Көпшіліктің табылдым арасынан

Ойламастан пайдасын қара бастың.

Көңілімнің кеңейтіп арналарын,

Бармағынан бақыттың бал жаладым.

Теңізіне шомылып шолпылдатып,

Шағаласын шулаттым Шардараның.

Шартарапқа шуағы шашыраған,

Өскен жердің қымбат әр тасы маған.

Жағасында отырып қарт Каспийдің

Мақтааралды күн сайын есіме алам.

Жерге жайып тастаған көк кілемін,

Сыр бойында жастығым өтті менің.

Оралмасын білемін, әйтсе дағы

Елжірейді ойласам, ет-жүрегім.


ҚАРТ КАСПИЙ ДЕЙМІЗ-АУ...

Қарт Каспий дейміз...

Қарт емес, теңіз жас әлі.

Болса да сондай атағы.

Буыршын түйе тәрізді

Аузынан көбік шашады.

Қарт Каспий дейміз...

Қарт емес бойын дерт жеңер .

Келтірер оған көп дәлел.

Сұлулық жағын сөз етсек,

Арудай әсем қыпша бел.

Қарт Каспий дейміз...

Үйреттік соған құлақты.

Кім екен қойған бұл атты?

Шарқ ұрған кейпін сөз етсек,

Жұлқынған жігіт сияқты.

Қарт Каспий дейміз...

Бес елге тіреп ат басын,

Ежелден шалқып жатқасын.

Теңізді егде дегендей,

Кім көрген оның ақ шашын?

Қарт Каспий дейміз...

Қарттығы сөзсіз білінген,

Көріп пе ең белін бүгілген?

Толқыны жап-жас баладай

Жағаға қарай жүгірген.

Қарт Каспий дейміз...

Қарт болса, қалай туласын?

Кеңейтіп айдын арнасын.

Тепсінер тентек толқындар

Жағаның сипап жамбасын.

Қарт Каспий дейміз...

Тұрғам жоқ көріп қарттығын.

Баса алмас әркез аптығын.

Шаршаса сәл-сәл дем алар

Басына қойып жастығын.

Қарт Каспий дейміз...

Обал-ау олай айтуға.

Көп сыр бар мұның артында.

Туса да заман әрқилы,

Қалады жап-жас қалпында.

ОРАЛМАН ДЕП АТАМА БАУЫРЛАРДЫ

Әр сүйемі көкорай, баққа оранған,

Жеріміз көп жырылып жатта қалған.

Көштің сырын білемін тарихтағы

Сонау жылғы Алқакөл, Ақтабаннан

Өзге елде өскен жұрт, ауыл қалды,

Сергелдеңге түсіріп сағынғанды.

Тал бесігін қамығып қимай келген

Оралман деп атама бауырларды.

Оралман емес олар, қандасымыз,

Бәріміз де – бір өзен арнасымыз.

Өскен жерді аңсаған кезімізде,

Еріксізден тамшылар көз жасымыз.

Мәңгүрттердің сөзіне қызықпаңдар,

Ұлтымыздың мүддесін ұлықтаңдар.

Көшіп келген қандастан қай жері артық

Отанында өз тілін ұмытқандар.

Жоғалтпаған дәстүр-салт, ана тілін,

Туған жерде қалдырған бала күнін,

Жылы ұясын іздейтін қыран олар

Қауырсыны түспеген қанатының.

Тіреледі барлығы ар-намысқа,

Жастық шағы жәудіреп қалды алыста.

Туған жерін ойлаған шетте жүріп,

Мысыр елін билеген Бейбарыс та.

Татулықты, бірлікті ту етіңдер,

Тегін таныр ұл мен қыз түлетіңдер.

Оралман боп ешқашан саналмайды

Туған жерін, дәстүрін сүйетіндер.

Қайыстырар ойласаң қабырғаны,

Талайлардың жат елде тәні қалды.

Қазағым деп құшағын жайып келген

Оралман деп атама бауырларды.

ҚЫЗЫЛҚҰМ

Бұйра құмдар бұрымы бұратылған,

Жал-жал төбе керуендей шұбатылған.

Мөлдір сағым жаутаңдап қол бұлғайды

Бойжеткендей еріксіз ұзатылған.

Орамалын таба алмай желпінуге,

Ақ шағылдар демігіп, ентігуде.

Биші құйын шығады анда-санда

Жүрген қыздай қыдырып төркінінде.

Кезек сүйіп шыққан Күн, туған Айды,

Сынап құмдар еңіске сырғанайды.

Бұзық боран жүгіріп өткен сайын

Алай-дүлей ұйытқып құм борайды.

Күн-бәһәдүр нұр шашып табағынан,

Жалын бүркіп жатыр құм табағынан.

Ерні кепкен изендер емсінеді

Дәметкендей бірдеңе жоғарыдан.

Тамырлары тереңнен азықтанып,

Селдірейді селеулер азып, қажып.

СЫРға қарай сырғанап кетпесін деп,

Сексеуілден қойғандай қазық қағып.

Қаңбақтардың тұрақты жоқ тұрағы,

Әр нәрсеге жол бойы соқтығады.

Маңдайыңның сорпасын сорғалатып,

Бетпақтанып ыстық жел бетке ұрады.

Көлегейлеп көзіңнен шұғыласын,

Көлеңкеге торғайдай тығыласың.

Құс қанаты күйетін шөлдің жайын

Қызылқұмды көргенде ұғынасың.


СІРКІРЕЙМІН, КҮРКІРЕЙ АЛМАСАМ ДА

Тұрғынымын ой-қырлы жұмыр жердің,

Бір ұлымын кең-байтақ тұғырлы елдің.

Қос ғасырдың нанын жеп мына өмірге

Біреуден кеш, біреуден бұрын келдім.

Сырларына қанықтым бұл әлемнің,

Қызғалдағын иіскедім құба белдің.

Қотыраш пен Батыраш қастық еткен

Бермегей тек тағдырын Құлагердің.

Үлкен-кіші бәрімен замандаспын,

Сапар шектім көп жерге, мазар бастым.

Жалт-жұлт еткен сиқырлы дүние бұл

Қылпылдаған жүзіндей ақ алмастың.

Досым аздау, дәм-тұздас жолдасым көп,

Қол жайып әулиелер қолдасын деп,

Арманымды арқалап жүріп келем

Үкілеген үмітім алға сүйреп.

Жанармайы жырымның қаламымда,

Төгіледі дәптердің парағында.

Толғандырған ойларым көбіктеніп,

Қайнап жатыр миымның қазанында.

Сіркіреймін, күркірей алмасам да,

Жыр тілеймін жаусын деп анда-санда.

Салтымменен үлгілі ғұмыр кешем,

Халқымменен біргемін әрқашанда.

qazaquni.kz