Иманғазы Нұрахметұлы. АБАЙТАУЫ

АБАЙТАУЫ Ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер, (Ұрпағына  одан биік талғам бер). Жер кіндігі,  әулиенің мекені, Шыңғыс тауда ақыл – дария , арман – көл. Ақын туған, ойы – теңіз, сөзі – бал, Парасаттың сарқылмайтын көзі бар. Бұланайдың  даңқы шыққан  ертеден, Биіктікті боймен ғана өлшеген жандар үшін, солай  шығар, ал, бізге, Одан көрі  биік сенің мәртебең. Жаралыпсың ақынменен  сен егіз, Абайтауы дей салмаймыз неге біз?! Абай  барда сен шөкпейсің мәңгілік, Ақынға  әлем бас иетін таңды күт! Жыр оқыса бір қазақтың баласы, Масаттан сен,  ұран шақыр, жаңғырық!   Жерде Қазақ бола білді мұңдасың, Дауысыңды көкте Тәңір тыңдасын! Шыңғыс тау ма, Шың - құз тау ма? Ол жағын, Мен білмеймін, жоқ ешқандай  болжамым. Бас иемін  қасиетіңе тек қана, Көкке ұшырған ұлылардың  арманын. Бересің бе, бермейсің бе, келісім, Сенің атың Абайтауы мен үшін! АБАЙДЫҢ ЗИРАТЫ Ақын өтіп  дүниеден, қайғы құшқан ел қалды, Толқын атқан көл сарқылып, тозаңы ұшқан шөл болды. Қасіреттен  «Қасқабұлақ» құрып бара жатқандай, Ызыңдайды жылай-жылай тамағы іскен жел мәңгі. Дейді үлкендер, шын ақынды жоқтаған жөн осылай, Дегенменен, одан жақсы-ау, қайрат қылған  жасымай.   Ұлылықты сағындық біз, күндіз-түні іздедік, Үміт қой  бұл сарқылмайтын, не істесек бізде ерік.   Жазда жаңбыр, қыста қармен бірге түсер аспаннан, Көктемеде гүл боп көктеп, жел боп келер күзге еріп. Ал, сол сәтте, жер бусанып, тастар балқып,  көл тасыр, Бұл даланың киесі – Абай, сезімі – бал, серті  – асыл.   Ей, адамдар, тыңдаңдаршы, шындық болса керегі, Ақиқаты айту парыз, тыңдау бақыт, себебі. Жидебайда тұрған мазар ақын қайтыс болғанда,   Ауылдастар  мәйітін көміп, белгі қойған жер еді. Қабіріне бас июді  әрбір қазақ қалайды, Пенде көңіл тек сол жерден іздеп таппақ Абайды?   Елге мұра, таусылмайтын ұрпаққа ырыс өлеңі, (Ей, адамдар, тыңда мені, бұл -  ақиқат, себебі), Қайран ақын қалмасын деп қу мазарға қамалып, Өз қолыммен жүрегіме жерлеп алғам мен оны. Жасырмаймын бұл шындықты өзімнен де, елден де, Ұлы аруақ рахат тауып жатыр міне кеудемде.   «Жаны үріккен сал денесін орап аппақ кебінге, Қара жерге берген халық, куәгер көп»,-  дедің бе? Таласым жоқ, дегенменен, ұлы ақынның зираты   Жүрегіңде  тұрғаны анық сенің де! Нәпсіменен арбасқанда  билік айтар төрешің – арың  болса, аруақтың аппақ жүзін  көресің.   Қайран ақын, тірісінде  шарапатын ел көрген, Қажыры – тас, ақылы – өрт,  тілі – қылыш сермелген. Абай –  Қазақ, Қазақ – Абай, мәңгі бірге бөлінбес, Өйткені, ол әр қазақтың кеудесіне жерленген. Шыныменен сүйе білсең біреуіңді  біреуің, Абай сенің өз бойыңда, зираты оның – жүрегің. Иманғазы Нұрахметұлы, Қазақ үні