САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН САҒЫМ БЕЙНЕ

Мектеп қабырғасында жүргенде шығармаларын сүйсіне оқып, сыртынан тамсанып жүретін ағамызбен танысудың сәті біз әбден ат жалын тартып, азамат болған шақта ғана түсіпті. Алматыға көшіп келіп, етек-жеңімізді енді жинақтай бастаған тұста кездейсоқ жолығысып қалдық. Бұл «Алматы ақшамы» газетіне жаңадан жұмысқа тұрған кезім. Әңгіме барысында аңғарғаным, сыртымнан біраз мәліметтерді жинасатырып, мен туралы едәуір дүниеге қанығып алған тәрізді.

– Жұмыс қалай? – деді әлден уақыттан соң сынай қарап.

– Жақсы, аға, – дедім.

Телефонын беріп, екі-үш күнде хабарласуымды өтінді.

Сөйтсем «Жұмыс қалай? – деп бекер сұрамаған екен. Ағамыз Алматы облыстық «Қазақ тілі» қоғамының «Ақиқат» деген апталық газетін ашқалы жүріпті. Қасында аға досымыз, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы. Келесі бір кездесуімізде екеулеп отырып, осы газетке жұмысқа шақырды. Шақырып отырғандар, анау-мынау емес, атағынан ат үркетін белгілі жазушылар – Баққожа Мұқай мен Жұмабай Шаштайұлы. Мына жақта «Ақшамдағы» басшыларым менен мүлде айылылғысы жоқ. Екі оттың ортасында қалдым. Әрнені сылтауратып жүріп 2-3 ай да өте шықты. Шақырудан Баққожа ағам, қашқақтаудан мен шаршай бастаған тұста ағамыз басқа жұмысқа ауысып, тәмамдалғандай болды, әйтеуір...

Басқа басшылар сияқты емес, ағамыз қоғамдық көлікке жиі мінеді. Жұмысқа бара жатқанда көбіне-көп автобустың ішінде жолығысып қаламыз. Білегімнен қыса ұстап қасына тұрғызып алады. Амандық-саулықтан кейін әдеттегісінше түсін суытып алып ( не әзілі, не расы екенін аңғару мүмкін емес) әңгімесін бастайды:

– Сөйтіп мен қызметке шақырғанда келмедің ғой, иә?..

– Жоқ, аға, мен енді барғалы жүргенімде өзіңіз басқа жұмысқа ауысып кеттіңіз емес пе?

– Соқ өтірікті!..

– Шын айтам, аға! – деп шыр ете қалам.

Әңгіме басқа тақырыпқа ауысқанда да сырбаз, қатал қалпынан танбайды. Сауалдары мық шегедей. Ойланбай жауап бере алмайсың. Әгәрәкім жеңіл жауаппен құтылмақ болсаң, опық жеп, бармақ тістеп қаларың анық.

...Аяулы анамның қырқын өткізіп келіп қамкөңіл күйде жүрген күндер-тұғын. Бірде кешкісін телефон қоңыраулатты. Баққожа ағам екен.

– Кәдірбек, хал жақсы ма? Шешең иманды болсын. Кіріп көңіл айтып шығуға тиіс ағаларыңның бірі едім, мына бір ауруы құрғыр айналдырып алды да, бара алмадым.Ананың қадірін енді түсінесің. Балалығың мен жастығыңның бәрі артта қалып, басқа бір тірлігің басталады. Өмірдегі көптеген құбылыстарға да енді басқаша көзқараспен қарай бастайсың. Сен

дегенде емешегі үзіліп, жанын да қиюға әзір тұратын жалғыз адамның бұл дүниеде жоқтығын мойындаудың өзі де қаншалықты азап екенін басынан өткізген адам ғана толық сезіне алады...

Ағаның даусы тым-тым әлсіз еді. Қарлығыңқы, шаршаңқы. Мен көңіл айтқанына алғысымды білдірдім.

– Аға, өз денсаулығыңыз қалай? Бір топ інілеріңіз кіріп, көңіліңізді сұрап шықсақ па деп жүр едік? – деп ем,

– Қазір әуре боп қайтесіңдер, керегі жоқ. Жақын арада бір шетелге барып ем алып келгелі жатырмын. Содан кейін жолығармыз, – деді.

Шешемді қайда қойғанымды, қонақасына не сойғанымды, бәрі-бәрін өзіне ғана тән әдетпен мұқият сұрап алды. Жылы қоштастық. Тезірек сауығып кетуін тіледім. Телефон тұтқасын қойғаннан кейін көзіме жас үйірілді. Есіме еріксіз мен «Жетісуда» жүргенде шалдардың даусын салып телефон шалатыны түсті. Құдай-ау, қазіргі даусы тап сол дауыс.

– Кәдірбек балам, амансың ба? Кешірек мазалап отырғанымды айып ете көрме, айналайын. Мен Нарынқолдың Әубәкір деген шалы боламын. Өзіңнің алыс ағайындарыңның бірі болып келемін. Біраз өлеңдерімді алып өзіңді әдейі іздеп келдім. Бір сөзін өзгертпей кәзитіңе басатын бол. Ертең жолығайық, жарай ма?

Қала қарттарының, әсіресе, түк татымы жоқ ауыл шалдарының шимай-шатпақтарынан әбден мезі болған байғұс басым, жүрегім май ішкендей кілк ете қалады. «Әуелі оқып көрейін енді»,-деп жайдақтатып, сипай қамшылай жөнелем. Өлеңі әлі жарияланып үлгермеген әлгі ақсақал енді ауылда зейнетақыны кешіктіріп беретінін айтып, қаламақы мәселесіне көшеді. Жарияланбаған дүниелерге ақша төленбейтінін түсіндіріп, без-без еткенімді құлағына да ілмейді.

– Бәрің осындайсыңдар. Әнебір Нарынқолдан шыққан Баққожа да жорналының маңына жолатпайды. Қандай адам өзі сол жігіт?

Мақтап кеп берем. Алматыдағы, жалпы Қазақстандағы беделінің зор екендігін тілімнің майын төгіп жеткізем. Жабысқақ «шалдан» телефонның тұтқасы қыза бастағанда әрең құтылам.

Осылай бірнеше рет қайталанды. Төртінші, әлде бесінші мәрте, бір сөз арасында менің пұшайман болған халіме, шыдамай кетсе керек, қарқылдап күліп жіберді. Інілеріне деген осы тақілеттес қалжыңдары өзіне бек жарасып жүруші еді.

Онда қазақ газет-журналдары түгелдей дерлік «Дәуірдің» Көк базардың қарсысындағы ғимаратында. Алтыншы қабаттағы мені өзінің кабинетіне, жоғарыға шақырып алады. Ананы-мынаны әңгіме етіп біраз отырамыз. Біраздан кейін жалыға бастаймын.

– Жәйша шақырдыңыз ба, аға?

– Жәй. Сенімен қол күрестірейін деп едім.

– Жеңіліп қаласыз ғой, аға. Ұят болады.

– Ұят болса – ұяты өзіме. Кел!

– Жоқ, аға, ұяты сізге емес, маған тиеді. Ағасын інісі жеңіп кетіпті деген қайбір жақсы сөз дейсіз...

– Әй, сен осы сөзді шынымен шамаңа қарап айтып отырсың ба, жоқ қалжыңың ба?

– Қайдағы қалжың? Шын!

– Онда кеттік!

Әлденеге іштей бекінген Бәкең кабинетті іштен кілттеуге дайындалып орнынан тұра бастайды.

– Ойбай, қалжыңым, аға! Сізбен қол күрестіріп өле алмай жүр деп пе едіңіз?-деп есік жаққа тұра қашамын.

– Ее, бәсе, солай демейсің бе! Кел, онда желкемді уқалап жібер, – деп Бәкең де заматта жібіп сала береді.

Марқұм Бейсекеңді – Бейсебай Кірісбаевты әжетханаға қарай өткізбей тұрушы еді.

– Екеуміз күресеміз. Жеңсең – өтесің, – дейді Бәкең дәліздің қақ ортасында тұрып ап. Бейсекең сөзден қалған ба,

– Қазір жамбасқа алып лақтырып жіберсем «Парасаттың» қыздарының алдында босқа күлкіге қаласың ғой,- дейді жымың-жымың етіп.

Қызмет отаулары бөлек інілеріне әзіл-қалжыңдары қандай жұмсақ болса, қол астындағы қызметкерлеріне талабы соншалықты қатаң болды. Бірақ осы қасиеті арқылы ағамыз талай-талай таланттарды тәрбиелеп шығарды.

Көңілін сұрап баруға талай оқталдық. Еш рұқсат бермеді. Осының өзі тектілігі еді. Біздің көз алдымызда балуан денелі, өр тұлғалы қалпымен қалды.Осы қалпымен сағым-бейнесі сартап сағынышқа айналды...

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

Алматы облысы