Тарихтың титтей сынығы

Танымал қаламгер, балалар ақыны, марқұм Сұлтан Қалиұлының қолтумаларына қарап отырып ойға қаламыз. Бұлар жансыз фотообъективтің қапияда қақшып ала қойған ию-қию, аласапыран өмір-өзеннің миллионнан бір мезеті емес. Суретшінің байсалды пайымы, қиял дүниесі араласқан ғұмырдың мағыналы бір сәті… Тіршіліктің бөлшегі… Бәлкім, тіпті, өзі куә болған ел тарихының бір түйір сынығы шығар… Мәселен, сонау жетпісінші жылдары күтпеген жерде қылқалам шеберінің назарына іліге қалған Шәмші Қалдаяқов дәл осы тұста уақыт озған сайын туындыларымның абыройы аспандап, әуендерімнің бірі күндердің күнінде еңселі Қазақ мемлекетінің әнұранына айналады деп болжады ма екен? Немесе суретшінің: «Кескініңізді салып алайын, Мұқа!» деген тілегін орындап: «Ой, қызталақ, сенің осындай да өнерің бар ма еді?!» деп жымиып отырған Мұқағали Мақатаев дәл сол шақтарда өзін де, өлеңін де «күресінге бір итеріп» тастай салғысы келетін көпшіліктің кейін мұның қағаздағы бейнесіне ғана емес, қоладан құйылған таудай ескерткішіне бас иеді деп ойлады дейсіз бе!

Сұлтекең бірде осы суреттердің мән-жайын баяндап бергені бар. Шәмші Қалдаяқов бейнесін өзін Нұрғиса Тілендиевтің Дінмұхамед Қонаевқа қалай ертіп барғаны жөнінде әңгімелеп отырған сәтінде салып алыпты.

– Әңгіме түйінделгенде кескіндемені өзіне ұсына қойдым. Өзі де, қасындағылар да көріп, менің атыма қолпаш сөздер айтып жатты. Сол кезде Шәкең: «Мен де саған бір сурет салып берейін» деп блокноттың келесі бетіне штрихтар түсіре бастады. Бір емес, бірнеше суреттің нобайын салды да: «Бұлар – жұмбақ суреттер. Қане, әрқайсында не бейнеленгенін таба қойшы!» – деді. «Кәне, кәне?» – деп басқалар да дәптерге төнді. Әркім әрқалай долбарлап жатты. Бірақ дәл шешімі табылмаған соң, Шәкеңнің өзі түсіндіріп берді... Немесе ақ қағазға бейнесін түсіріп бітірген соң Мұқағали мен автор арасында болған әңгімеге көз жүгіртейік: «Салып болған соң өзіне көрсеттім. Не айтар екен деп тағатсыздана күтіп тұрмын. – Иә, қатты ұқсайды. Мұндай да өнерің бар екен-ау... – Ендеше, Мұқа, астына бірдеңе деп жазып беріңізші! – дедім. Мұқаң менің қаламсабымды алды да, суреттің астына: «Мен – мен едім, Мен едім… 13.06. 74» деп жазып, қолын қойды. Махамбет өлеңінің келесі жолын мен ойша жалғастырдым: «Мен Нарында жүргенде…». Мұқаң өзінің туған ауданы Нарынқолда өткен күндерін есіне алып отырды ма екен?.. Нарынның символикалық жер атауына айналғаны қашан! Әйтсе де жер атаулары қандай ұқсас. Нарын, Нарынқол. Ал Махаңа – Махамбетке Мұқаңның ұқсастығы бар ма? Екпін, ырғағы бөлекше болғанымен, ақындық ұқсастығына таласым жоқ. Махаң – батыр. Мұқаң ше? Алпамсадай денесі батырға лайық-ақ. Ал Махаңды суретінен ғана көріп жүрміз. Онда да дене бітімі тұтас бейнеленбеген. Сірә, Махаң да денелі, ірі тұлғалы болса керек. Батырлық деген найза ұстап жауға шабу ғана ма екен? Ал қан төгіссіз, бейбіт кезеңдерде батыр болмай ма? Неге болмасын! Семсер сөзін найза етіп, шыңғырған шындықты қорғап қалған хас ақындарды қалайша батыр демессің. Сол жаужүрек ақыныңыз, бәлкім, осы Мұқаң болар!»... Міне, бір қарағанда «әшейін» ғана көрінетін кескіндемелер осындай түрлі толғаныстарға да бастап кетіп отырады. Қаламгер әр нәрсеге әуестенген сонау балғын шақта жүгерінің паясы мен қамыс сабағынан автомобиль, желкенді қайық, бесік модельдерін қиюды, себет тоқуды жақсы меңгергенін аса бір қимас сезіммен еске алды. Бірақ біршама қиын өнер саналатын мардан (төсеніш) тоқуды әжептәуір игергенімен, кейінірек бұл іспен айналысуды доғарып, шеберлік шыңына жете алмай кеткеніне өкінді. Соғыстан соңғы жылдары бүкіл елдімекендегі жалғыз іс машинасының иесі ретінде ауыл тұрғындарының киімдерін бір өзі бүтіндеп беріп жүретін Айғаным ананың ұлы болғандықтан, тігіншілікті де ерте үйреніпті. – Әскерден келген көрші жігітке тым үлкен шалбарды қайта сөгіп, жіптіктей, шап-шақ қылып қайта тігіп беріп, риза қылғаным әлі есімде. Қазір де ол шеберліктен құралақан емеспін, – деп еді жұмсақ жымиып. Сондықтан шығар, Сұлтекеңе балалары мен келіндері ылғи: «Егер құнттасаңыз, сізден ғажап модельер шығар еді» деп тамсанатын көрінеді. Бұған қоса қол боста ағаш жонып, түрлі бұйымдар жасауға құмар болған. Кезінде балаларына да сан алуан ойыншықтарды әп-әдемі қылып қолдан жасап беріп жүріпті. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, біз мұндай ісмерлік ұзақ жыл балалар басылымының басшысы болған кісі үшін аса бір таптырмайтын, жарасымды қасиет шығар деп ойлап едік. Себебі, расында да, жас ұрпаққа арналған барлық жақсылықтың үлгі-өнегесі осындай орындардан басталмай ма.

Сәкең, ең алғаш графика мен сұң­ғатқа, кісі келбетін бейнелеуге деген құштарлығы сонау 1952 жылы екінші класта оқитын кезінде Сталиннің суретін салудан басталғанын әңгімелеген-ді. – Кітаптан «халықтар көсемінің» алтын жұлдызын тағып, фуражкамен отырған әйгілі суретін қайта-қайта көшіріп, ойдан да сала беретіндей деңгейге жеткенмін. Бірде, үйде сондай оншақты кескіндеменің ортасында шұқшиып сурет салып отырғанымда үстімнен шыққан бригадир Оршыбектің төбе шашы тік тұрды. Көзі ежірейіп: – Өй, салуға болмайды мұн­дайды! Атады ғой! Құртады ғой бәрімізді! – деп алды-артына қарамай безе жөнелді. Сұлтекең «осыдан кейін өзім де біртүрлі үрейленіп, оны салмайтын болдым. Аң-құстарды кескіндеуге көштім» – деді. Бірақ бәрібір адам келбетін, олардың бет-жүзіндегі ерекшеліктерін, түрдегі сезім сәулесін зерттеп, бейнелеуге деген құштарлық тарта бергендей. Есейе келе Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне түскенде жақсы суретші ұстаздар кездесіп, шеберліктің қыр-сырына дендей бойлауға мүмкіндік туады. Қылқаламды су бояуды қойып, майлы бояуға да матыруды үйренеді. Сөйтіп бертінге дейін қолдан қағаз-қарындаш түспейтін әдет тауып, лездемелерде, жиналыстарда... құрылтайларда отырып, жүздеген замандастың кескінін бейнелейді. Ал әр кезеңдерде журналист, балалар ақыны, суретші Сұлтан Қалиұлының алдынан өтіп, кескіндемесіне кейіпкер болған белгілі де, белгісіз тұлғалар жүздеп саналады. Мысалы, суретші назарына іліккен ақын Өтежан Нұрғалиев те Сұлтан салған өзінің суретін бірталай ұстап көріп, астына: «Мынау менің тура образым. Ғажап дәлдікпен орындалған» – деп қол қойыпты. Композитор Әсет Бейсеуов те: «Сұлтанға рахмет» – депті... – Мұндай кейіпкерлер арасында Сапарғали Бегалин, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Айбергенов сынды өзге де көптеген тау тұлғалардың болуы – мақтанышым. Осы бейнелерді көргенде дәл сол сәттегі көріністер көз алдыма айна-қатесіз орала қалады, – деп еді өзі. Біздіңше, Сұлтекең әуескер суретші саналғанымен, оның қолтумалары кәсіпқой мамандардың еңбектерінен ешбір кем емес. Қайта бұлар қарапайымдылығымен көз тартып, орындалу дәлдігімен, шынайылығымен, кейіпкер характерін сәтті аша білуімен ерекшеленеді. Бұдан соң «Етті қолмен жеп, өлеңді қаламмен жазғанға не жетсін!» деп Қадыр Мырза Әли айтпақшы, әуескер адамның сондайдағы көңілі қалаған кісінің суретін қарапайым қаламсаппен салып алуында да тартымдылық бар. Және, аңдасаңыз, дәл жұмыс үстінде суретші мен кейіпкер арасында көзге көрінбейтін әлдебір тылсым байланыс орнай қалады. Одан соң, бәлкім, кескін нақты адам келбетінен қолма-қол көшірілетіндіктен бе, қылқалам арқылы қағазға түскен бейнеге кенет жан бітетіндей әсерленесіз. *** Қазір арамызда Сұлтекең жоқ. Таяуда мәңгілік мекеніне аттанды. Бірақ артында жас ұрпаққа үлгі-өнеге, білім, тәрбие беретін көптеген кітаптары мен мынандай бағалы мұрасы қалды. Аңдасаңыз, бір сәт, аса елеусіз көрінетін осындай «ермектің» өзінде қаншама сыр жатады екен. Құлтөлеу Мұқаш

qazaquni.kz