Прокуратура «зорланған» баланың ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы ОҚО Сарыағаш ауданының Абай ауылындағы жеті жасар баланың «зорлану» ісі бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Прокуратурада хабарлағандай, аталған факті бойынша қаңтар айынан бастап Сарыағаш ауданының ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды, олар әлі аяқталған жоқ. Олардың қорытындыларын алған соң, Астанада осы бейіндегі мамандарды тарту арқылы кешенді сот-медициналық сараптама жүргізіледі», - деп жазылған хабарламада.

Прокуратура өкілдері жас баланың жеке өміріне қол сұғушылықтан қорғау мақсатында Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес шаралар қабылданғанын айтты.

«Жас баланың жеке өміріне қол сұғушылықтан қорғау үшін Қылмыстық-процестік кодекстің 96-бабына сәйкес тиісті қаулы қабылданды. Оңтүстік Қазақстан облысының құзырлы органдарының өкілдері және психологтар жас бала және оның туыстарымен кешенді психологиялық жұмыстар жүргізіп жатыр. Қылмыстық істі тергеу барысы облыс прокурорының бақылауында тұр. Тергеу әділ жүргізілуін қамтамасыз ету үшін барлық шара қабылданады», - дейді прокуратура.

Іске қатысушылар кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер болғандықтан, прокуратура олардың жеке құқықтары, тергеу құпиялары бұзылуына жол бермеуді сұрайды.