Су басып жатыр Шығыстың байтақ даласын - Әлібек Шегебай

Су басып жатыр, су басып жатыр, Шығыстың байтақ даласын. Қиналған халық шуласып жатыр Арқалап тасып баласын.
Үйлері құлап үйінді болды, Үрейдің есіп дауылы. Көңіл мен күмбір күйімді бөлді Қайғының азап ауылы. Екпіні қатты, есер мінезді Қызыл су деген осы ма? Тап қылды қандай кеселге бізді, Табиғи апат қосыла. Жылауда ана, жылауда бала Кіре алмай қалған үйіне. Шеберміз кейде сынауға ғана Шекпен мен шенді, күйіне. Сыйлайтын жанға айдыны сезім, Көлдерім жатыр, обал-ай... Қызықтап тұрар, қайғының өзін Қарекеті жоқ, қоғам-ай! Адасып қалған тектілігінен, Жасаурап бір сәт жанары. Тасыған судың екпініменен Ауылдар ағып барады. Мұның да ертең сұрауы болар, Құстарым қайта қонсыншы. Алланың салған сынағы болар, Адамдар аман болсыншы! Әлібек Шегебай