Шардарада Қазыбек Иса оқулары өтті (ФОТО)

«Кәрі құданың» соңғы аяқ серпер кезеңінде, көк желекті көктем көңілге қуаныш сыйлап, табалдырығымыздан аттар тұста шағалалы өлке – Шардарада жастардың рухани әлемін байыта түсердей мазмұнды шара өтті. Нақтылап айтсақ, осыдан тура төрт жыл бұрын «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігі» құрылған күні болатын. Бірлестік мүшелері осыған орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет «Қазыбек Иса оқулары» байқауын ұйымдастырды.

Мұндағы мақсат – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жастар арасында қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын насихаттау, Қазыбек Исаның ақындық талантын шәкірттер жүрегіне ұялату арқылы мәнерлеп жатқа айтуға, поэзияны сүюге, оны бағалай білуге үйрету, оқу дағдысын жетілдіре отырып, рухани танымын кеңейту.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Шермұхамед Қапбаров пен аталған бірлестіктің төрағасы Сәбит Лахановтар іс-шараның маңызы мен мазмұнына, мақсатына кеңінен тоқталып, осы өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығына шолу жасады.

Аудандық байқау өтпес бұрын білім мекемелерінде мектепішілік іріктеу кезеңдері өткендігін айтып кеткеніміз жөн шығар. Іріктеуден іркілмегендер аудандық байқауға жолдама алды. Сонымен аудан деңгейінде алғаш рет өткізілген өнер бәйгесіне көркем сөз оқу шеберлігін меңгерген 13 өлеңсүйер өрен қатысып, өзара бақ сынады. Байқаудан байқағанымыз – жастар жыр оқуға құмар екен, өлең сөзді өбектеп, сүйеді екен, біз соған қуандық.

«Өлең – сөздің патшасы» деп ұлы Абай айтып кеткендей, үміттерін үкілеп келген жас оқырмандар Қазыбек Исаның өлеңдерін, толғау-поэмаларын өз таңдаулары бойынша мәнерлеп жатқа айтып шықты. Бір үміткер ақынның екі өлеңін оқып берді.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, қазылар алқасының шешімімен «Жаушықұм» мектеп-лицейінің оқушысы Ақбота Кенесары ақын атындағы арнайы жүлдеге ие болды. «Шардара» мектеп-лицейінің оқушысы Әйгерім Ақберді жүлделі үшінші орынды иеленді. «Қызылқұм» жалпы орта мектебінен келген Жанерке Жарылқасын екінші орынға лайықты деп танылса, бірінші орынды №3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Әсел Қалмұрат қанжығасына байлады.

Байқау барысында екі оқушы (№3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары – Динара Әділбек пен Перизат Бейсенбай) байқаудан тыс «Қазыбек Иса шығармаларын талдау» еңбегімен таныстырса, №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің бір топ жырқұмар жастары ақын ағаға деген лебіздерін жүрекжарды жырларымен жеткізді. Аудандық

мәдениет сарайының әншілері жерлес ақынымыздың сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.

Жыл керуені алға жылжыған сайын ақындардың өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түседі. Асыл сөздері келешек заманымызда да гауһардай жарқырап, көзі ашық көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ.

Олай болса біздің де осы тақылеттес мазмұнды шараларымыз алдағы күні жалғасын таба беретіні сөзсіз.

С.Қоспанұлы,

Шардара ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.