Менің де көкем бар еді...

немесе жазушы Жүсіп Алтайбаев жайлы үзік сыр

Сонау бір жылы елдің түкпір-түкпірінен тоғысып келіп, ҚазМУ-дің Журналистика факультетіне түскен бір топ жігіт-желең алғашқы курсқа табан тіреп, ес жиып, жан-жақты бағдарлай бастаған тұсымызда: – Бәленнің түген жерде тәтесі бар екен, түгеннің бәлен орында көкесі отырған көрінеді ғой, ә, – дегендей сыр тартысып, сан-сақты әңгіме шетін қылтитысар едік. Әрине, мұндай сөз үшін ешкімді сөге де алмайсың, үлкен мақсат биігіне көз тіккен әрбір талапкер жастың: «Шіркін, менің де сондай бір арқасүйер демеушілерім, жебеушілерім болса ғой» деп қиялдауы аса қисынсыз емес шығар. Ондай әңгіменің үстінде менің есіме кезінде Талды­қорған, Семей облыстық газет­терін, кейінірек республи­калық «Лениншіл жасты», Қазақ Телеграф Агенттігін басқарып, одан сол шақтардағы аса айбынды да азулы, абыройлы «Ара» журналының Бас редакторы болған Жүсекең... Шешемнің бір бұтақтан тарайтын ағасы... Белгілі журналист, танымал жазушы Жүсіп Алтайбаев оралып, үнсіз қалатынмын.

Бірақ бұл ағаммен оқу орнын бітіргенге дейінгі ара-қатынасым осы ұзақ үнсіздікпен ғана шектеліпті. Басымыздан небір оқиғалар өткен осынау бес жыл ішінде Жүсіп ақсақалға осында едім деп мен де төбе көрсетпедім, өз жолын қуып қалам ұстауға ниеттеніп жүргенімді бұл кездері тым шаруабасты болып елге келуді сиретіп кеткен ол да білмей келді. Сонда осынша «жасырын­бақ» ойнауға құштарлануымның сырын қазір өзім де түсіне бермейтін сияқтымын. Мүмкін үркек жылқыдай саяқтау жүруге дағдыландырған кісікиік мінезден бе, әлде өзара ағайындықты орынсыз алдыға тартып үлкен кісінің мазасын алмайын дедім бе екен, бәлкім, ешкімнің көмегінсіз-ақ өзім болсам деген өркеуде балаңдықтан шығар... Әйтеуір, осы аяулы ағадан, сол үйдегі Раушан тәтем айтатындай, «жынды кісіше» себепсізден-себепсіз сырттай беріппін ғой. Осыныма қатты өкінемін бүгін. Ылғи бір-бірімізді жер бетінде мәңгі-бақи жүре беретіндей көріп, тірлікте қадірлесуге қасиетіміз жетіңкіремей, айрылысып қалысқан соң барып қана ес кіргендей бармақ шайнап, сан соғып жататын ежелгі әдетіміздің кесірінен-ау. Әйтпесе етене жуыссақ, Жүрсекеңдердей дегдар азаматтардың мол парасат пен ұшан-теңіз білім иелерінен, көпті көрген талғампаз қаламгерлерден алатын ұлағат та ұлан-асыр болмас па еді.

Қаламгер зайыбы Раушан Есмәмбетқызымен

Дегенмен, көз алдында туып-өсіп жанынан бірде алыс, бірде жақын жүрген жазушының өмір үзіктерінен қадау-қадау жайларды біршама біледі екем. Енді, міне, Жүсекең о дүниеге кеткеннен кейін де қаншама жылдар өткен соң барып ағамыздың қаламгерлік тәлімінен бөлек қалың қауымға кейбір беймәлімдеу қалтарыс қырларын әңгімелейтін сәт келген сияқты. Туғанына сексен жыл толғанда ниеттес болған қаламдас жолдастары Жүсіп Алтайбаевтың болмыс-бітімін айшықтай түсетін тағылымы терең естеліктерін жазған. Алайда олар айтатындай, жазушының кіндік қаны тамған жер – Көгалсақал емес, Көкаласақал аталуға керек еді. Жүсекең топырағы құйқалы бұл мекеннің қақ өзегін тіліп ағатын Жанысқа талай шомылды ғой, біз де қара қайыстай болып, осы өзеннің балығына айналып кете жаздап жүріп өстік. Жаныстың арғы етегімен жазушы ұдайы мақтан тұтып, ерліктерін аузынан тастамай отыратын өзінің бертінгі батыр бабасы Дулаттың Қарашілік қыстағы басталады. Жапсарлас төбеде Арқаға әйгілі Нұрлан жомарттың анасы – Зылиха шешеміздің зираты тұр. Жұрт ғасырдан астам уақыт бұзылмай сақталып, құрылысы кішірек екі отау үйді қасына қанаттастыра қондырған алты қанат ақ орданы елестетін бұл күмбезді қастерлеп «Бәйбіше бейіті» деп атайды. Жүсекең елге келгенде өзеннің екі жағасын қуалай өскен қалың шіліктің көлеңкесіне жайғасып, көз жанарын сол зират тұрған төбеге қарай тігіңкіреп қойып, көнекөз қариялармен елдің ескі тарихынан сыр суыртпақтап, әңгіме-дүкен құрағанды ұнататын. Ол туған өлкеге келген әр сапарында болашақ шығармаларының кейіпкерлерімен жолығатын, бал жинаған арадай боямасыз өмір көріністерін көкейіне көшіретін, бір-біріне ұқсамайтын характерлер қақтығысын, тіл тартысын қызықтап, нағыз қайнаған ауыл тірлігінің ортасына тап болғанына қуанып, кейде қарқ-қарқ күліп рақаттанып, кейде тұнжырап, мұңайып отыратын. Үлкендердің бұл абың-гүбің сөзіне тиіп-қашып құлақ түрісіп, суы мұздай өзенге қайта-қайта сүңгіп шығып, дірең қағысып, о кездері әлде екінші, әлде үшінші класта оқитын бір топ сидаң бұт – біз жүреміз... Қазір Жүсіп Алтайбаев шығармаларындағы кейіпкерлердің дені кезінде «Оныншы ауыл» атанған сол Ақшатау өңірінің адамдары десем қателеспеймін. Жазушы елде біраз аунап-қунап қызмет орнына аттанған соң көп ұзамай біздің ағайындар оның біртіндеп мерзімдік газет-журналдарда шыға бастайтын әңгімелерінен аттары өзгерген өз кейіптерін, немесе өзге туған-туыстарының кескіндерін байқар еді. Оны, әрине, әркім әрқалай қабылдап жататын. Біреулер күлетін, біреулер ренжитін. Менің де ағайындарым бір күні жазушының кезекті «Нақ-нақ» кітабына енген әлдебір әңгімеден үлкен әкеміз Сағатты «таниды». Онда Мәстек деген ұстаның дүмше молдалықпен ел үстінен күн көргісі келетіні айтылады. Жұртты алдап жүрген сол шала діндар Өтелбай деген нағашысының басына мінәжат қылмақ болып барып, шатып-бұтып жаттаған «құранын» бастай бергенде «ясиннен» сүрініп, Құдай ұрады. Осы тұста бейіт ішінен біреу: «Өй, нағылет, мұның не?!» деп дүрсе қоя беріпті. Сонда қулығым ашылып, әруақ соққан екен деп зәресі зәр түбіне кеткен Мәкең сылқ етіп, қылжия құлайды. Сөйтсе, зират ішінен арамза алаяқты тәубасына келтірейік деп дауыс берген ауыл жігіттері Кәртай мен Тәкен екен... дейді. Сағат әкеміздің темірден түйін түйген ұста... Нағашы­сының Өтелбай емес, Өтебай... Аттары өзгертілмей алынған Кәртай мен Тәкеннің Жүсе­кең­нің өз бауырлары екенін білетінбіз... Соғыстан келе салып бригадирлік жұмыс атқарған Сағаттың да егістікті аралап жүріп бейіт басына дұға жасай кетуге ниеттенгені... рас көрінеді. Бірақ бір кісідей сауаты бар оның ешқашан діндар болмағаны, еңбекқорлығымен, қайырымдылығымен жерлесте­рінің құрметіне бөленгені елге аян-тын. Ал зиратта жолыққан еріккен анау екі жігіт емес, майданнан қашып бой тасалап жүрген атақты дезертир Дауылбай бастаған топ екен. Сондықтан ол жазушы әңгімесіне арқау болғандай сатиралық көріністен гөрі салмақты драмалық оқиғаға келетін-ді. Сол тұста Сағат шалдың балалары әлгі әңгімені оқыған соң: «Жүсекеңнің мұнысы қалай? Жазғаны шындыққа мүлдем жанаспайды ғой. Мазақ қылғаны ма екен?!» деп кәдімгіше ренжімей ме. Ол кезде әдебиеттегі типтік образ дегенді қайдан біліппіз. Оның үстіне ру жағынан біздің әкемізге де нағашы болып келетін Жүсіп Сағат бастан өткерген сонау бір оқиғаны ұтқыр деталь ретінде жиынтық кейіпкерінің кескініне пайдаланып жіберіп, жиенін бір «қатырайын» деген секілді. Соңында Жүсекең ауылға бір келгенінде нағашылы-жиенді ағайындардың: – Ой, ит-ой, шығармай­ты­ның жоқ-ау! – деп шаттана күлісіп, шұрқырай табысып жатқан сәтін де ұмытпаппын. Жүсекеңнің жұрт біле бермейтін бір өнері – домбыра­шылығы. Шертпе күйдің айтулы шеберлері – Әбди, Әбікен, Мақаш, Қыздарбек, Сембек сынды өнерпаздар өмір сүрген ортада өскен оның бала жүрегін күй сазы да ерте баурайды. Көкірегі сергек, құймақұлақ Жүсекең осы күйшілердің жұрт жадынан ұмыт бола жаздаған кей дүниелерін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Елге келгенде домбыраны қолға алса: «Мынау Қызекеңнің Қарқаралыда шығарған күйі екен... Бұл – Әбікеннің Сәкенге арнап тартқаны!» деп, әр күйдің тарихына тоқталып алатын. Аса ыждаһаттана орындайтыны Әбдидің «Қосбасары» еді. Сай-сүйегіңді сырқырататын бұл мұңлы, шерлі шығарманы өзі «Әбдидің зар Қосбасары» дейтін. Кішіпейіл Жүсекең өзінен көп кіші менің әкем Мағаздың да күйшілігі мен домбырашылығына тәнті болып, бас иіп өтті. Әр кез қаумалаған жұрт күйге қолқа салғанда: – Мен музыкалық мәдениеті жоқ адаммын ғой. Бізге Мұқаштың балаларындай болу қайда? Дегенмен, қиқалақтатып көрейін, – деп қоятын.

Ортада жазушының қызы Шолпан «Ән қанаты» фильмінде

Шебер орындаушы Жүсекең өзі де күй шығарған адам. Солардың ішінде есімде қалғаны – «Күнімай» күйі. Бұл күйдің дүниеге келу тарихы туралы сөз қозғалса көзіме со-н-оу отызыншы жыл­дардың маңайында үлкен әке-шешелеріміз куә болған қасіретті бір оқиғалар елестейді. Толығырақ баяндауға көп уақыт кететін ол әңгімені қысқа қайырғанда, со кезеңдері қылышынан қан сорғалаған жүйенің шаш ал десе, бас алған жандайшап жендеттері адамгершіліктермен, ақындық­тары­мен аттары алысқа жайыл­ған Арқаның ардақты азаматтары – Диа қажы, Бағай, Баттал сынды кісілердің де малдарын тәркілеп, өздерін халық жаулары деп бірінің желкесіне бірін қаратып қойып жалғыз оқпен атып, бала-шағаларын тентіретіп, жер аударып жіберген екен. Осылардың ішінде Жүсіптің өмірінде айрықша орын алатыны – Меккеге барып қажы атанған, өзі шалқар шайыр, өзі шөптен дәрі жасай білген дарынды дәрігер Диа (азан шақырып қойған аты – Мұхамедия) болашақ жазушыны мұнымен қатарлас ұлы Қажыкенге серік етіп, Қарқаралыға жіберіп оқытып, келешегіне жол ашады. Осы екі бала әлгі қанды зоба­лаңнан аман қалып, кейінірек оқуды Алматыда жалғастырып, есейіп, елге оралғанда сол қайғылы шақтар есіне түсті ме екен, Күнімай деген шешеміз көз жасына ерік бере алмай, дауыс салып жылапты. Күнекеңді бала күнімізде біз де талай көріп, қолына су құйдық, жарықтық кемпір кезіне дейін кербездігін сақтаған, жүзі нұрлы, аса таза, сәнді киінетін, ешкімді бетіне қаратпай сартылдап сөйлеп отыратын тілді адам еді. Жүсекең «Күнімай» күйінің шығуына осы кісінің жоқтауы ой салды дейтін де қоятын. Кейін ойласам, қанша іштен тынғанмен, әлгіндей хайуандық пен қатыгездіктің мұң-зары кеудесіне сыймай жүреді екен ғой. Бірақ оны жазып әшкерелеу мүмкін болмағаны түсінікті. Кеңестік үгіт-уағыздың дәуірлеп тұрған кезі емес пе, бертінге дейін тарихтың кез-келген ақ­таңдақ тұсын хатқа түсіріп жариялау тұрмақ, біреулерге естіртіп айтудың өзі қауіпті еді ғой. Алайда, Жүсекең тауыпты – көкейдегі күйінішін күй тіліне көшіріп, перзенттік борышын өтеген. Осындай солақай күшке көнуге мәжбүр болған ол сонша жуастардың да тобынан емес еді. Әлдебір ірі шен-шекпенді қызметінен ығыстырып, астанадан алыстау үшін, Ақтөбенің газетін басқаруға ұсыныс айтқанда бас тартып, онда Ақмола басылымына қалай қарайсыз дегенде: «Қызық екенсіз, төбеге бармағанда, молада нем бар?!» деп қырсығатын ер емес пе, қисынсыздық шектен шыққанда ширығып, ызаланып кететін жазушы идеология қыспағына қарамай Ақжолтай Ағыбай жөнінде, сондай-ақ жоғарыдағы нақақтан «халық жаулары» атанған Диа мен Бағайлардың атасы Керней Жарылғап батыр туралы тұңғыш болып қалам тартты. Бірақ бұлары кедергіге көп ұшырады. Әсіресе Ағыбай батыр жайындағы шығармасына байланысты жүйкесін бірталай тоздырды білем. Солай бола тұра сынға да қыңа қоймайтын. Итальян жазушысы Рафаэлло Джаваньолидің «Спартак» романын тәржімалағанда «Жүсіп Алтайбаев көлемді дүниені тым тез арада, алты-ақ айдың ішінде аударды» деп сыналғаны есімде. Сонда: – Ә... айта береді ғой бұлар. «Мықты» болса өздері оны алты жыл жүріп аударсын!» – деп күлген еді. Бір қызығы, қоғам алдындағы азаматтық принципіне мейлінше адал қаламгер өзінің шығармашылық өміріне қысым жасап, көлеңкесін түсірген коммунистік партиясына кір жуытпайтын. Ағылшын, испан, итальян, француз тілдерін еркін меңгерген білімді қыздары: – Әке, Компартияның келеңсіздіктерін көріп жүрміз ғой, соны неменеге дәріптей бересіз? Тарату керек қой оны! – деп «диссиденттік» көзқарас­тарын айтқанда: – Қой, олай демеңдер! Ұйым­ның арасына кіріп кеткен жекелеген жаман адамдар үшін бүкіл партияға топырақ шашуға болмайды. Ол өз қатарындағы жағымсыз құбылыстармен аяусыз күрес жүргізіп отыруы тиіс, – дер-ді. Осы орайда Жүсекеңнің жас ұрпақтың тәрбиесі жайына да бей-жай қарамағаны еске түседі. Ол отбасымен елге демалысқа келген сайын бізге арнап шамадан-шамадан кітап әкелетін. Олардың ішінен балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері Бердібек Соқпақбаевтың, Сейітжан Омаровтың, Мұзафар Әлімбаевтың, орыс жазушылары Корней Чуковскийдің, Ангия Бартоның, Самуил Маршактың, Сергей Михалков­тың шығармалары шығатын. Бүгінде ел жақта Жүсекеңнің тікелей шапағат-шуағын көріп, жоғары білім алып, үлкен маман­дық иелері болып шық­қан іні-қарындастары көп қой деп ойлаймын. Жастай жетім қалып, тағдыр тауқыметін көп көрген аса бауырмал, балажан ағамыз өз ұрпақтарын да лайықты тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Сәуле Мәскеудің инженерлік-сәулет институтын тәмәмдап, оның аспирантурасын да аяқтаған. Көп жыл Қазақтың политехникалық, Алматы сәулет- құрылыс институттарында қызмет етті. Бір кездегі КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі. Астанадағы көптеген сәнді ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған дарынды сәулетші. Ал Саида, Дана, Шолпан деген қыздары шет тілдерінің мамандары, ғылым кандидаттары. Кішісі Карина да Мәскеуден оқып қайтты. Ағылшын, испан, итальян тілдерінің маманы. Бұлардың ішінде Дана мен Шолпан студент кездерінде киноға да түсті. Көпке белгілі «Тақиялы періште» мен «Ән қанатында» кинофильдерінде қалыңдық болып басты рөлдерді ойнайтын осы Шолпан Алтайбаева екендігін біреу білсе, біреу біле бермес. Дана да сол «Тақиялы періште» картинасында Тайлақтың анасының жас шағын кескіндеген. Кейін «Әзілге де, шындыққа да саяды» кинофильміне түсті. Бірақ Жүсекең қыздарының кино өнерінде бақ сынай беруін аса құптай қоймаса керек. Осындай творчестволық әулеттің жемісті еңбек етуі, әрине, үйдегі береке-бірліктің ұйтқысы Анаға да тікелей байланысты. Дуалы ауыздардың бірі Виктор Астафьев айтатындай, талант дегеннің өзінің ең алдымен мінез екендігін ескерсек, үнемі іштей ширығып, маза таппай, терең толғаныс үстінде жүретін өнер адамына жар болып, оның шығармашылық өмірінің ыстық-суығына төзу де оңай емес шығар. Отан соғысының алдында қосылып, елу жылдан астам уақыт ағамыздың қайғы-қуанышын бөліскен Раушан тәтеміз өле-өлгенше көргендігі мен көшелігінен жазған жоқ. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, үлкенге ізетті келін, кішіне қамқор жеңге бола білген осынау жарқын жүзді жұбайын Жүсекең де өле-өлгенше аялап, қастерлеп өтті. * * * ...Бесінші курсты бастап, «бес минутсыз журналиспіз» деп жүргенде Жүсекеңмен қазіргі «Дәуір» баспасының дәлізінде кездейсоқ, ұшырасып қалған­быз. Қолындағы тор қалтада әлдебір көлемдірек шығарманың қол­жаз­басы бар, асығыңқырап, әбіржіңкіреп шығып барады екен. Сәлем бергенімде: – Оу, қайдан жүрсің?! – деді сасыңқырап, таңданыңқырап қалып. Мен оқуды аяқталғалы жатқанымды, өзіне диплом қолға тиген соң бір-ақ барып, «сенсация» жасамақ болғанымды айтып, күлдім. Өңі қабаржып: – Өй, өйткен сенсацияң бар болсын. Ағатай-ау, осындай да кісілік бола ма екен?! – деп бірталай ренжіді. Содан соң: – Жүр, үйге барып әңгі­мелесейік! – деді зекіңкіреп... Осы кездесуден бес-алты ай өт­кенде ел жақта жүріп, ағатайы­мыз­дың қайтыс болғанын естідім. Қазір Жүсекең жоқ. Үлкендер «тереңдігі – үш түйенің бойы, жоқ, төрт түйе болатын» деп дауласып отыратын Жаныс та тартылып кеткен. Бірақ асқар таулардың алыстаған сайын асқақтай беретіндігі секілді уақыт ұзаған сайын елдің жерлес қаламгерге деген қадір-құрме­тінің арта түскенін аңғарамын. Қазір біз оқыған Карл Маркс атындағы орта мектепке Жүсіп Алтайбаевтың есімі берілген. Бүгінде ауыл ішінде «Ол сенің көкең емес, менің көкем еді ғой» дейтін жігіттердің де көбейгенін білемін. Мейлі. Оған қуанбасам ренжімеймін ғой. Ағамыздың тірі күнінде пайдаланбаған атақ-абыройына бұ дүниеде жоқ кезінде жармасып қайтемін. Осы естелікті қағазға түсі­рерде де едәуір толғандым. Әсіресе, ұзақ уақыт ағамды еске аламын деп жүріп, өз телпегімді жылтыңдатудан сақтанып-ақ келіппін. Бірақ мұны мен жазбағанда кім жазады?!

Құлтөлеу МҰҚАШ

qazaquni.kz