Президент нұсқауы мүлтіксіз орындалуы қажет

Біздің мемлекетте қазақ тілінде сөйлеу үшін барлық жағдай жасалған. Енді, міне, мемлекет басшысы Парламент пен Үкімет мүшелеріне нақты тапсырма берді. Меніңше, өте аталы да баталы сөз – осы. Тек мұны міндетті түрде орындау қажет. Менің осы жердегі түсінбейтін жағдайым – түкке тұрғысыз дүниелерді ұрандатуға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Осындай елдік, халықтық мүддеге келгенде кейбіреуіміздің кежегеміз кейін тартып қалатыны қынжылтады. Мұны халықтың 99 пайызы қолдап отыр. Енді бір керітартпа шенеуніктер бар «маған орыс тілінде сөйлеген қолайлы» деген желеумен қазақ тілінде сөйлеуге әлі күнге дейін құлық танытпай келеді. Бұл тұрғыда олардың әрбірі Елбасы тапсырмасын мінсіз орындау қажеттігін түйсінетін кез жеткен сияқты. Елімізді мекендеген өзге ұлттар қазақ тілінде туған тіліндей таза сөйлеп жатқанда атқамінерлердің бұл әрекеті санаға сыймайды. Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп жетер жеріне жеткізіп айтып кетті емес пе?! Сондықтан сөзіміз де, өзіміз де жоғалмау үшін «Мәңгілік ел» боламыз десек, ана тіліміздің бүгінгі хал-ахуалын жақсартуға атсалысуымыз керек. Биліктің тізгінін ұстаған шенділердің әрбірі қазақ тілін өз тұғырына қондыру жолындағы жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын. Өзі бастаған осынау игі бастаманың орындалу барысын Елбасымыз да қадағалап отыратыны анық.

qazaquni.kz