Тұрсын Жұртбай: Өзге елдің тілінде сөйлеген жан еш уақытта тәуелсіз мемлекеттің қабырғасын қалауға ат салыспайды

Қазақстан «рухани жаңғырып» жатыр деседі. Ниет дұрыс. Бірақ баяғы «науқаншылдық» сарыны ұрып тұр. Бәзбір жерде бір іс-шара, жиын өткізілсе де оны «Рухани жаңғыру» деп ұрандатады. Бұл жаңғыру ма, әлде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп даурығу ма? Бір ақиқат дүние, әр адам өз санасында «рухани жаңғыру» жасамай іштеңе бітпейді. Рухани жаңғырмас бұрын ең бірінші жөргектегі сәбиге мән беруді ұмытып кетіп жатырмыз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе». Біз жаңғыруды сол кезден бастағанымыз дұрыс-ау. Өйткені
баба дәстүрдің уызына жарып, ана тілін жетік меңгеріп өскен ұрпақ қана өз елінің шаңырағын тіктеп, керегесін бекіте алмақ. Ал өзге елдің тілінде сөйлеген жан еш уақытта баянды тәуелсіз мемлекеттің қабырғасын қалауға ат салыспасы хақ.
Бұл – қарсы уәж айтқыза алмайтын шындық. Белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің бір сұхбат әңгімесінде бұл жайында былайша ой толғағаны бар. – Саясатты сыртқа қалдырып, тек рухани тәуелсіздікке шырматылған сана мен түйсіктегі шырмауыққа тоқталайықшы. Шындығында, Абай айтқандай, «өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың» деген сөзді жиі еске алғызатын қандай құбылыс, оның себебі не? Басты кесірлі киепет – ұлттық діл мен тілдің, дін мен дәстүрдің рухымыздан ұясын таппай, иенді кезіп ұшып жүрген бозторғай құсап иесіз қалуы. Менің ойымша, қазір қазақтың рухы қазақтың жүрегінен қонатын орын таппай, иман іздеген ғайыптың құсына айналып бара жатқан сияқты. Рухымыздың ұясынан жерінуінің басты кілтипаны – сәбилердің түйсігіне ұлттық тәрбиенің тамшысы тамбауында. Қазіргі жат тілдің еміздігін еміп, туған ұлтының тілінен жерініп жүрген қарадомалақтар мен қарақастылардың дені – тәуелсіздік алған соң туғандар. Бұл кесірлі құбылыс неге орын алды? Өйткені
осы ұрпақтың әке-шешелері кеңестік және ұлы орыстық империяның басыбайлы тәуелді міскіні болып тәрбие алды. Сол міскіндік психология олардың түйсігі мен санасына, жұлыны мен жүйкесіне кетпейтін тат болып жабысқан.
Ал ол тат – ұрпақ ауыспай, тазармайды. Жалпы, ғылымда лингвистиканың нейролингвистика деген тарауы бар. Осы бағытты зерттеген шетелдік бір ғалым ХХІ ғасырдың басында ұлы жаңалық ашты. Сөйтсек, бүгінгі туған сәби және оның миы, жұлын мен жүйке талшықтары, бейімділігі өзінің жетінші атасы қандай болса, тура сол «қалыпта» туады екен. Қазақтың жеті ата ұғымына ерекше мән беруінің сыры да осында жатса керек. Жетінші атасының түйсік, санасы, ой иірімі қалай болса, жас сәбидің қоймалжың болып тұрған ми талшықтары да солай иініп тұратын көрінеді. Ал, тілге, көзқарасқа, өмірді қабылдауға, тілдік ортаға бейімделуге, құбылыстарды қабылдау үдерістеріне мидың сол жақ жартысы және соның ішінде алдыңғы қабатындағы ақуыз жауап береді екен. Сәби өз ұлтының тілін еш қиналмай біліп, игеріп кетуінің сыры осында. Өйткені өзге тілде тәрбиеленген сәбидің дыбысқа, дауысқа жауап беретін ми талшықтары бесікке бөленгеннен бастап өзінің миындағы үлкен өзгерістермен күреседі. Яғни, «кейін» 4-5, 8-9 жаста іске кірісуге тиісті түйсік талшықтары енді алдыға, алдыңғы лектегі бұрынғы жеті атасы сөйлеген тілге бейім талшықтар артқа қарай жылжиды. Бұл – миллиардтаған армияның орын ауыстыруы сияқты. Міне, осы тұста, өзге тілді жатсынған ми талшықтары үлкен қозғалысқа түседі де, бала ашуланғыш, шамданғыш болып өседі екен. Жеті-сегіз жасында арт жақтағы ми талшықтары алдыға ауысып болғаннан кейін, енді әуел бастағы өзінің ана тілін үйренуге жауапты тамырлар мен талшықтар енді қайтадан сол тілді үйренгенде үлкен түршігулер пайда болады. Қалай ма, қаламай ма, ол бір нәрседен әбден запы болған адамның жүйкесі сияқты ашуланшақ келеді. Міне, осындай үлкен өзгерісті жеңген сәби енді өзінің ана тілін үйренуге келгенде үлкен түйсіксіз қарсылықтарға тап болады. Демек, әлгі сәбидің өзінің түйсігіне, бабасына, ұлтына жатсына қарауы – табиғи құбылыс. Сондықтан да кеңес заманы тұсында ми талшықтары мен жұлын талшықтары «қызмет орнын» ауыстырып үлгерген ата-ананың сәбилері өз тіліне, дәстүріне, мәдениетіне жатсына қарайды. Мұндай кілтипаннан айығу үшін міндетті түрде ұрпақ ауысуы керек. Бірақ ол қашан болады, болма ма өзі, ең жан түршіктірер жай – осы. Бесікке бөленген сәбиден бастап, белі бүгілген қарияларға дейін тіл тітіркенісін сезінгенде ғана ұлт пен ұлттық сана өзінің әуелгі қалпына қайырылып келуі мүмкін. Біз бұны ұлттық қауіп-қатер ретінде қабылдауымыз керек. Нағыз мәңгүрттіктің басы осында.
Қазір осы санадағы, түйсіктегі құбылыстың екінші толқыны баласын тәрбиелеп жатыр.
«Қазақтардың қазақ тілін үйрену үшін сапалы қазақ тілі оқулығы, білімді ұстаз керек емес, ең бірінші психологиясын түзету керек» деген пікірін дәлелдеп жүрген профессор Жантас Жақыптың пікірі дұрыс. Ең бірінші санадағы татты тазарту керек. Сонда ғана ойымыз азат, рухымыз еркін, жанымыз бостандықта болады. Бұған сіз не дейсіз? Ақшарқат Ахметбек,  Дереккөз: kaz.365info.kz