Орынбасары ұсталған Бозымбаев орнын босата ма?

Баяғыда миллиондап жегендерді естуші едік, қазір миллиардты «ап» деп асай салатындарға етіміз үйренді. Тамағымызға тұрып қалады-ау дейтін біреуі болсашы. Қаншасын қамады – тыйылатын түрі жоқ: бір басын кессең, екіншісі өсіп шығатын ертегілік айдаһардай аузына түскенді жалмап жатыр. Ертегі демеске лаж бар ма – күн сайын небір қиял-ғажайыпты көріп келеміз.

Әңгімені әріден бастайық. Бірер күн бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековті тұтқындады. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Сәдібеков «Аймақ» мердігер ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен астыртын сөз байласып, Щучинск-Бурабай шипажайы аймағындағы көлді тазалауға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырған. Қолды болған 1 миллиард теңге тінту кезінде тәркіленді.

Бағынышты орынбасары осылай ұсталып жатқанда бастығы не істеу керек еді? Егер азаматтық ұстанымы айқын, мемлекетшіл тұлға болса, кісі бетіне қарай алмай, кірерге тесік таба алмай қалуы керек еді. Мұндай ұяты күшті адамдар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылар еді. Кінәсіздігіне ешкім күмән келтірмесе де, өз еркімен дереу отставкаға кетер еді. Өйткені қоластындағы қызметкерінің жемқорлық айыбымен тұтқындалуы – бетке салық, сүйекке таңба, жусаң кетпейтін қара дақ. Мансабынан бас тартуға соның өзі жеткілікті.

Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан ондайды байқамадық. Орынбасарының істі болғанымен ісі жоқ па, әлде үйінде қара жамылып, қайғырып отыр ма, әйтеуір міз баққан министрді көрмедік. Жалпы Бозымбаев пен Сәдібеков дуэтінің саяси сахнада жүргеніне сегіз жылдан асыпты. Оны дәлелдеп арамтер болғанша әлеуметтік желіні кезіп кеткен мына суретке назар аударайық.

Бозымбаев пен Сәдібеков

Қанат Бозымбаев 2009 жылдың 30 қарашасынан 2013 жылдың 20 желтоқсанына дейін Жамбыл облысының әкімі лауазымын атқарды. Ал Ғани Сәдібеков 2009 жылдың желтоқсанынан 2013 жылдың желтоқсанына дейін Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі, әкімнің орынбасары болды. Бозымбаев 2013 – 2016 жылдары Павлодар облысын басқарғанда Сәдібековті өзіне орынбасар етіп тағайындады. 2016 жылы 25 наурызда Бозымбаев энергетика министрі қызметіне кіріссе, 2016 жылы 3 мамырда Сәдібеков орынбасар болып шыға келді. Бұл кездейсоқтық па? Біздің ойымызша, әсте олай емес. Екеуінің ілік-шатыстығы көзге бадырайып-ақ тұр. Сегіз жылда әбден сыралғы болып, аяқ-табағы араласқандай жақындыққа жеткені анық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына мынау – тегін «подсказка».

Биліктің қай бұтағына бұт артса да, артына мінгестіріп алатын Сәдібековтің не кереметі бар? Жамбыл облысын айтпай-ақ қояйық, күллі Кереку өңірінде, мұқым Энергетика министрлігінде Сәдібековтен басқа іске ілінетін ешкім табылмағаны ма? Мұнда бір гәп бар-ау...

Жарайды, жұмысына көңілі толса, соңынан сүйреп жүре берсін. Әркім өз лағын теке қоятын заман. Бірақ сенімді серігінің жай-жапсарын Бозымбаев мүлде білмей ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Сегіз жыл деген – адамды жаттап алатындай мерзім. Мейлі, білмейді делік. Сонда өз мекемесіндегі былық-шылықтан бейхабар бұл қандай министр? Танауының астында не болып жатқанын көрмейтін басшыны бір күн де ондай лауазымда ұстамаған жөн.

Негізі бізде бірінші басшының басын қорғап, бар кінәні орынбасардың мойнына іліп жіберетін үрдіс қалыптасқан. Жемқорлық айыбымен бастықтар емес, орынбасарлар жиі сотталатыны да сондықтан. Біреуді жазалау керек болса, ұсақ шенеуніктер шырылдап кете барады. Бұл – жалпы саяси жүйедегі ахуал.

Ал Бозымбаевтың жағдайында неге бұлай болды деп бал ашып, бас қатырмаймыз. Желідегі желауыздар неше түрліні қопсытып жатыр. Біз көргенімізді ғана айтамыз. Көргеніміз – кейінгі кездері бұл кісіге де орынбасар құтаймай қойды. Былтыр күзде еліміздегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты Қанат Бозымбаевқа сөгіс жарияланып, оның орынбасары Әсет Мағауов қызметінен босатылған болатын. Мемлекет басшысы Бозымбаевпен кездесу барысында: «Тез арада төртінші зауыт салу қажеттігін айтқан кезде, сіздер оның қажет еместігін, бізде жанар-жағармай жеткілікті болып, қайда жіберерімізді білмей қалатынымызды айтып, дәлелдедіңіздер. Үкіметтің ұсынысымен мен сізге сөгіс жарияладым. Бұл деген – қызметтен босатумен бірдей шара», – деді. Сонда Бозымбаев ойланса керек еді. Ол орайлы сәтті өзінше пайдаланып қалды. «Менің тағдырым президенттің қолында», – деп Елбасыға адал берілгенін көрсетіп бақты. Өйтіп мәймөңкелегенше азаматтық танытып отставка сұраса, біз білетін президент бетін қайтармас еді.

Энергетика министрі сарай интригасын игергенше неге халықтың мәселесін шешуге бас қатырмайды деп қынжыласың осындайда. Күзде жанар-жағармай тапшылығына жол берген кім? Бозымбаев. Қыстың қақ ортасында көмір тапшылығына жол берген кім? Бозымбаев. Осыған тікелей жауапты болған соң кінәсін мойындаса жақсы ғой. Жоқ, ол біресе «көмір тапшы деген – жалған сөз» деп халықты өтірікші қылды, біресе жергілікті әкімдіктерді айыптады. Әйтеуір өзіне шаң жуытпай қойды. Қазақстан – әлемде жан басына шаққанда көмірді ең көп өндіретін ел. Бозымбаев энергетика министрі ретінде жоқтан бар жасаудың орнына, бардың өзін ұқсата алмады. Ендігісі мынау. Қайда барса, қасынан тастамайтын жанторсығы жемқорлық айыбымен тұтылып жатыр.

Айтпақшы, жақында президент Қанат Бозымбаевқа жариялаған сөгісті алып тастады. Арада үш күн өтпей жатып орынбасары тұтқындалды. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын ішіңіз сезген шығар. Бұдан кейін Бозымбаев қызметінен кете ме деп сұраудың өзі қисынсыздау сияқты. Ертегі демей көр енді.

Дереккөз: «Қамшы»