Енді жүргізушіге қағаз түріндегі сақтандыру полисін алу міндеттелмейді

Елімізде көлік жүргізушілерге сақтандыру полисін онлайн сатып алу енгізілмек. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Данияр Ақышев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысында Ішкі істер министрлігімен онлайн-сақтандыруды енгізу, атап айтқанда жүргізушіде полистің бар екенін тексеру жұмысы талқыланғанын айтты.

«Автожүргізуші сақтандыру полисін сақтандыру компаниясының сайтынан онлайн режимде сатып ала алады. Осыдан кейін клиент сақтандыру шартына меншіктелген бірегей нөмірді алады. Нөмір Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен беріледі. Барлық дерек осы дерекқорда сақталады», - деді ол.

Оның айтуынша жол полициясы тәулік бойы және кез-келген уақытта жүргізушіде сақтандырудың бар екенін Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан тексере алады. Яғни, қағаз полис сұралмайтын болады.

«Онлайн-сақтандыруды енгізу сақтандыру компанияларына қатаң қауіпсіздік талаптарының сақталуын талап етеді. Қазіргі таңда дерекқор мемлекеттің меншігінде және сақтандыру құпиясын сақтаудың барлық талапқа жауап береді. Бұл ең алдымен ақпараттың сақталуына және жеке деректерге қол сұғылмауына барынша жауапкершілікке тиесілі», - деді ол.