Дос КӨШІМ: Мораторий деген солқылдақ мәселеге нүкте қойылсын

– Жер мәселесі – қазақтың ең жанды жері. Оны да түсінуге болады. Жер болмаса – мемлекет, тіл болмаса – ұлт болмайды. Алашты алаңдататыны да осы емес пе? Астанада өткен жерге қатысты жиынға қатысып келген бетіңіз осы. Қоғамның көптеген өкілдері бас қосқан отырыстан қандай ой түйіп қайттыңыз?

– Түйгенім бір-ақ нәрсе – бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, Желтоқсаннан да асып түсетін жарылыс болады. Қазақ – бәрін ішінде сақтайтын халық. Олар бес жылдық мораторийдың халыққа емес, билікке берілгенін жақсы түсініп отыр. Бірақ биліктің бұл бес жылды неге тиімді пайдаланып, заңға осы екі даулы мәселе жөніндегі өзгертулер мен қосымшалар енгізбей отырғанын біле алмай, дал болуда. Бұл түсінбестіктен – сезік пен күмән туады. Біреулер «бес жыл өткен соң, халықтың айқай-шуы басылған соң, жерді сатуға шығаруы мүмкін» десе, енді біреулері «осы бес жылда үнсіз-түнсіз, жердің бәрін сатып бітеді екен» деп, аттан салып, қауіп төндіреді. Әсіресе, «Жер кодексіне» өзгертулер мен толықтырулар енгізуге кіріскеннен бері, халықтың арасында сан түрлі пікірлер өрши түсуде. Жиында да айттым, тағы да қайталаймын – өз басым, нақты да түсінікті, бес ауыз сөзбен жазылған екі бапты көре алмадым. Біздің әңгімеміз «мен не деймін, домбырым не дейді» дегенге келеді; Жиынға келген билік өкілдері, заң шығару органның өкілдері «Жерді сату, шетелдік құрылымдарға көп жылға беру дайындалып жатқан өзгертулердің ішінде жоқ» десе, қоғам өкілдері «халық наразы болған екі мәселе заңнан неге көрініс таппады» деген сұрақ қояды.

– Жерге мораторий жариялан­ғанымен кейбір облыстарда ауыл­шаруа­шылығы жерлерін сату фактілері көрініп қалып жатыр. Шетелдіктерге жалға беру де тоқтамаған сыңайлы. Бұл қалай болғаны? Заңның тойымсыз­дарға түк те әсер етпегені ме?

– Ондай әңгімелерді әлеуметтік желіде кездестіретініміз рас. Бірақ оның дұрыс-бұрыстығын біздер тексере алмаймыз. Ондай мүмкіншілік азаматтық қоғам өкілдерінде жоқ. Меніңше, осындай дерек жарияланған уақытта мемлекеттік органдар, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдерінен құралған комиссия құрылып, ашық тексеру жүргізілуі шарт. Соның нәти­жесінде не дерек анықталып, жерді шетелдіктерге жалға берген лауазымды адамдар жазаланады, немесе халықты дүрліктірген, сол деректі жариялағандар заң алдында жауап береді. Біз қазір базардағы ұрысқақ әйелдер сияқты «сен-ақымақсың», «жоқ, өзің ақымақсыңнан» аса алмай отырмыз. Меніңше, біреулерге қоғамдағы осы теке-тірес қажет сияқты...

– Ғаламторда Астанада өткен аталмыш жиынға ішіп келгендер туралы айтылып қалды. Бұл арандатудың амалы емес пе?

– Біреулердің ішіп келгенін заң жүзінде анықтамай, сөз қозғау – құқықтық мемлекеттің дәстүріне жат. Әрине, аса қажетті келелі кеңеске мас болып келу – барып тұрған ақымақтық, бірақ ондай адам­дарды жиынға жібермеу – ұйымдас­тырушылардың міндеті болуы керек.

– Жер мәселесінің түпкілікті шешілері әлі де бұлыңғырлау болып тұр. Әрбір қазақтың көкейінде «енді не істеуіміз керек?» деген үлкен сұрақ тұр. Оған нақты жауапты кім бере алады? Билік басындағыларға халық күдікпен қарайды. Қазақтың көңілі қайткенде орнығады?

– Меніңше, «билік басында­ғылар» емес, халық билікке күдікпен қарайтын сияқты. Бұл күдіктің пайда болуының да нақты негізі бар. Осы уақытқа дейін айрылған жеріміздің барлығын билік таратып берді. Тарихымызда Өзбекстанға кеткен, Ресейге кеткен жеріміздің барлығы «еңбекшілердің талабы мен өтініші бойынша» деп басталатын құжаттармен рәсімделген. Сондықтан халық билікке сенімсіз­дікпен қарайды. Алайда, қазір, дәл осы мәселе бойынша, билікке тамаша бір мүмкіндік берілген сияқты. Халықтың наразылығын тудырған екі мәселені түсінікті тілмен заңға енгізіп, қоғамның алдына жайып салсын да, мораторий деген солқылдақ мәселеге нүкте қойсын.

Кез-келген мемлекет эконо­микалық, әлеуметтік мәселе шиеленіскен уақытта тағы басқа мәселелерді көтеріп, халықты шулатпайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың аксиомасы. Біздің билік экономикалық дағдарыстан қалай шығарын білмей отырып, біресе жер мәселесін қозғайды, біресе жоғарғы сыныптарда негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деп айды аспанға бір-ақ шығарады, әйтеуір бүркітті құйрығынан түртуді қоймайды! Қыйыншылық кезеңінде халық пен билік бірге болуы керек, Қазақ елінің болашағының кепілі болатын жол – осы ғана.

Зейнолла АБАЖАН,

Қазақ үні