ШҚО әкімі Даниал Ахметов неге өтірік айтты?

Танымал отандық блогер Өркен Кенжебек ШҚО әкімі Даниал Ахметовке сын айтты.

“Даниял Ахметов неге өтірік айтты? Қазір Шығыс Қазақстанда Голливудтың қартайған жұлдыздары қонақта жүр. Марк Дакаскос, Бай Лин, Кэрри Тагава, Эрик Робертс, Майкл Мэдсон – осы бестік. Шамасы, эскорт компанияларға біреуін шақырғаннан гөрі, бесеуін әкелген арзан-ау – «оптом дешевле». Былай ниеттері жақсы. Облыс әкімімен кездесті. Енді төрт күн бойы облыстың төрт ауданында болып, тарихи және табиғи тамаша жерлерін аралап, 15 минуттан 4 сериялық деректі фильм түсірмек.

Оны тағы National Geographic және BBC-да айналдырмақ. Бұған қазір қайта ораламын. Мәселе – Даниял Ахметовтың өтірік айтуында. Немесе, оған өтірікті айтқызуында. Міне, сол кездесуде айтқан сөзінен үзінді: «В эпоху цифровизации интерес к Казахстану нужно развивать, приглашая таких популярных личностей, у которых любой пост в социальных сетях набирает более 60 млн лайков. Пример тому демонстрирует наша гостья актриса Бай Линг». Жақсы, Бай Лин. Біз оны көбіне «Такси 3» не «»Адреналин 2» фильмдеріндегі жауыз, ауыш, сәйкесінше, голливудтық типология бойынша ақымақ персонаждарымен білеміз.

Бірақ, оның атын шығарғаны бұл фильмдері де емес, әртүрлі кеш-бешірлердегі бір лыпамен шығуы, жалаңаш перфоманстары еді. Егер мен Байзақованың орнында болсам, «Рухани жаңғыруға» тура сол амплуадағы Бай Линді шақырғанына тас-талқан боп, ренжір едім) Ок, әлеуметтік желідегі кез-келген посты 60 миллион жинайды деді ғой, әлгінде, Даниял… Инстаграмын қарайық –@iambailing – 33 мыңға да жетпейді.

Алматының бір саунасында қыздырынып жатқаны 2 200-ақ көрілім жиған, Қазақстанға келдім деген посты 597 лайк қана. Лентасын қарап шықтым – ең жалаңаш деген фотосының 2 500 лайк жинай алмаған. Қайда 60 миллион лайк? Қайда, миллиондар? Қып-қызыл өтірік. Ахметовке өтірік айтқызды, білмедім, баспасөз хатшысы ма, әлде продюсерлер ме… Бұл үлкен мәселе десеңіз, қателестіңіз”, – деп жазады блогер парақшасында.