Назарбаев министр Дүйсеноваға: Тамара, жұмыстан шаршадың ба?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық сақтандыру мәселесін көтерді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге тура келді. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеу керек. Олар салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Былайша айтқанда, «көлеңкеде» жүр. Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім тығыз айналысып жатқан жоқ. Министр Дүйсеноваға (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі - авт.) да талай рет айттым. Не болды? Тамара, ал айтшы? Әлде шаршадың ба мына жұмыстан?», - деді Н.Назарбаев.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, осы уақытқа дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді анықтау жұмысы атқарылды. Қазақстанда 2,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәртебесі жоқ болып шықты. Олардың ішінде жұмыссыздар да бар. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің ішінде тіркеуге тұрмаған кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшыларды заңдастыру қажет.

«Ең бірінші, «өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар» деген кімдер? Осыны анықтап, заңға енгізу керек. Себебі әркім әрқалай түсінеді. Соның нақты анықтамасын беру керек», -  деп атап көрсетті Т.Дүйсенова.

Министрдің сөзіне қарағанда, соңғы бес жылдың ішінде жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 500 мың адам жұмысқа тұрып, әлеуметтік жарналарын төлеп жатыр. Алайда бүгінде «көлеңкеде жүрген» кәсіпкерлерді заңдастыру қиынға соғып жатыр. Себебі Салық кодексінде «700 мың теңгеден төмен табысы бар кәсіпкерлерге тіркеуге тұру міндетті емес» деген норма бар. Осыған байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген кәсіпкерлерді тіркеудің өзге тәртібі әзірленіп жатыр.