Қарағанды тұрғыны балаларды өрттен құтқару үшін төртінші қабаттан лақтырған

Қарағандыдағы Майқұдықтың 12 ықшам ауданындағы көп пәтерлі үйлердің біріндегі пәтерден өрт шығып, көршілер 3 баланы құтқарған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Кеше Қарағанды облыстық ТЖД-ға көпқабатты үйлердің бірі өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Өрт 4-қабаттағы пәтерден шыққан. Пәтердің өртеніп жатқаны туралы көршілері хабарлаған. Сондай-ақ, олар өртеніп жатқан пәтерде балалардың бар екенін біліп, оларды құтқаруға көмектескен. 3-қабатта тұратын Тахир Закизьянов деген азамат үйінен кілем алып шығып, басқа көршілеріне төменде сақтық үшін оны керіп ұстап тұруды тапсырған. Содан кейін ол өз пәтерінің балконынан өртеніп жатқан үстіңгі қабатқа қарай өрмелеп барып, жылап тұрған балаларды біртіндеп өрттен құтқарған. Алдымен, қолына 2016 жылы туған қыз баланы алып, төменгі қабатта тұрған әйеліне қарай түсірген. Содан кейін 2011 жылы туған егіз ұлды төменге түсірмек болады. Бірақ, оның әйелі қорқып, балаларды көтеруге шамасы келмейтінін айтқан. Содан соң ер адам екі баланы кезек кезек төмендегі кілемге қарай лақтырған», - дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Дәуренбекова.

«Өзімнің емес, балалардың қауіпсіздігін ойладым. Ұлдар қатты қорқып қалған. Маған жабысып алып, жібермей қойды. Екеуін кезек кезек төменге қарай түсіруге мәжбүр болдым», - дейді Тахирдің өзі.

ТЖД қызметкерлері қазір Тахирді марапатқа ұсынып жатқандарын айтып берді.

«Өрт сөндірушілер жеткенше қырағы көршілер үш баланы құтқарып үлгерді. Балалар қатты зардап шекпеді. Олар «жеңіл деңгейлі иіс тию» диагнозымен ауруханаға жөнелтілді. Құтқарушылар 15 тұрғын мен екі баланы қауіпсіз жерге көшірді. Өрттің шығуына балалардың отпен ойнауы себеп болған. Қазір біз 3 баланы құтқарған Таир Закизьяновты марапатқа ұсынып жатырмыз», - дейді Жанна Дәуренбекова.