Есенқұл Жақыпбектің жыр жинағы түрік тілінде жарық көрді

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының иегері, Мәдениет саласының үздігі, ақын Есенқұл Жақыпбектің «Жазғы таңда» жыр жинағы түрік тілінде жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кітап Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен, жазушы Якуб Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан шығып отыр. Таңдаулы топтамаға ақынның әр жылдары жазған өмірдің өзінен алынған ой-толғамдары, лирикалық шығармалары, әнге айналған өлеңдері кірген.

Баспа базарлығы Абзал Сапарбекұлының «Тәңіртаудың дауысы», Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының «Махаббатты сүйген ақын» атты кіріспе сөзімен басталған. Сондай-ақ Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор, руханият жанашыры Қайрат Сатыбалдының «Елін сүйген, елі сүйген ақын» деген тақырыппен алғысөзі берілген.

- Өтпелі кезең деп аталатын Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бұрын және кейінгі жылдары аты аңызға айналып, өлеңдері халыққа кең тараған ақындардың бірі - Есенқұл Жақыпбек. Қазақтың қара өлеңін қастерлеп, айтыс аламанында талайдың таңдайын қақтырған бірегей талант өзінің ақындық мектебін қалыптастырып, композиторлық қырын танытты. Ел-жұртпен етене араласа жүріп, сөз өнерінің інжу-маржанын теріп, қазақ поэзиясының көркем үлгісін жасады. Дәрежесін көтеріп, жаңа биікке шығарды. Суреткер ақынның жыр жинағының түрік тіліне аударылуы қазақ әдебиетінің ғана емес, түркі әлемі әдебиетіне қосылған алтын қазына деп есептеймін.  Түбі бір туыстас елдерде де өз оқырманын тауып, сүйіспеншілігіне бөленеріне сенемін, - дейді елші Абзал Сапарбекұлы.

Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы, жазушы Якуп Омароғлы:

«Бүгінгі таңда қазақ ақын-жазушылары өз шығармалары арқылы әлем әдебиетінің дамуына, ұлттар арасындағы достықтың нығаюына өз үлесін қосып келеді. Абай, Мағжан, Қасым, Қадыр, Тұманбай сынды ақындардың дәстүрімен ағартушылық көшті жалғастыра білген ақынның бірі - Есенқұл Жақыпбек. Ол философиялық көзқарасымен, ұлттық позициясымен өз ерекшелігін көрсетті. Ақын поэзиясындағы өмір мен өлім, ой мен сезім, күн мен түн Тәңіртаудың айналасында өріледі. Әр туындысында табиғатпен біте қайнасып, таудың етігіндегі өмірдің шынайы бейнесін, түрлі-түсі бояуын анық көруге болады. Есенқұл - шынайы ақын, өлеңдерінің формасы бұрынғы қазақ ақындарының стиліне ұқсайды, дәстүрлі поэзияның жалғасы іспетті. Болашақта өлеңдері әлем тілдеріне аударылып, оқырман жүрегіне жетеді деп үміттенемін», - дейді.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор, руханият жанашыры Қайрат Сатыбалды «Есенқұл Жақыпбектің қай туындысын оқысаңыз да көркем ой, кестелі тіл, сыршыл суретімен ерекшеленеді. Әнге айналған шығармалары бір төбе. Шығу тарихы аңызға айналып, халықтың аузында жүрген бірегей туындылар. Артында қалған мол мұрасын ендігі жерде елге жеткізу, келер ұрпаққа насихаттау, жинақтарын шығару, мұражайын ашу, ескерткішін тұрғызу - рет-ретімен атқарыла беретін шаруалар. Ел ықыласына ерекше бөленген көрнекті ақынның жаһұт жырларының түрік тіліне аударылып, Түркия төрінде насихатталуы еліміз үшін зор қуаныш, қазақ әдебиеті үшін үлкен жетістік, ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес деп білеміз» деп, кітаптың жарық көруіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіреді.

Өлеңдерді түрік тіліне аударған жазушы, дипломат Мәлік Отарбаев. Редакторы - түріктің танымал ақыны Атаман Калебозан.