"Қазақты Назарбаевтар династиясы билеуі керек" деген ақынның сөзі дауға айналды

"Қазақ халқын Назарбаев династиясы басқару керек" деген жас ақын Балтабек Нұрғалиевтің сөзі әлеуметтік желіде үлкен дауға айналды. Келесі президенттің Дариға Назарбаева болуы керектігін айтып, оған өлең арнаған Нұрғалиевтің әрекеті қоғамның наразылығын тудырды.

– Келесі президент Дариға Назарбаева болуы керек. Өйткені Нұратамыз бізге өзінің нұрлы екенін дәлелдеді ме? Дәлелдеді. Тәуелсіздік тарихындағы әр жылға сараптама жасасақ, Дариға Назарбаева ел перзенті ретінде іске кірісті. ...Президенттің басқа да қыздары бар, бірақ мен олар туралы айта алмаймын, - деді ол "Қамшы" порталына берген сұхбатында.

Б. Нұрғалиевтің бұлай сұхбат беруінің себебі не екенін білмейміз, алайда, желі қолданушыларының көбі оның пікіріне қарсы.

– Мен мемлекетті жаңаша басқару жүйесін ұсынғым келеді. Ол жүйе «Президенттік монархия» деп аталады. Біз монархияның әр түрін білеміз. Абсолюттік монархия бар, парламенттік монархия бар, басқа да монархия бар. Ал менің таңдауым – президенттік монархия. Тәуелсіздікті алып берген, нұрлы жолды салып берген Нұратамыздың ұрпақтары, Назарбаевтар династиясы ғана бізді билеуі керек, - деді ол.

Еске сала кетейік, Б. Нұрғалиев Халықаралық "Шабыт" фестивалінің "Әдебиет" аталымы бойынша Гран-при иегері.