ТЕГІН ЖОҒАЛТҚАН – БӘРІН ЖОҒАЛТАДЫ

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты «Қазақстандық ұлт» идеясының, одан кейін «Қазақстандық бір текті ұлт» ұғымының саяси айналымға енгізілгеніне біраз уақыт болса да мемлекеттік басқару орындары мен сараптау орталықтары осы саяси әлеуметтік тың байламдардың ғылыми-практикалық нақты анықтамасын берген жоқ. Бұл мәселе жөнінде әредік ой білдіріп жүргендер жекелеген саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері. Олардың баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында аталған идеяға ашық қарсылық та, ішінара қостау да, басқа балама ұсыну да бар. Қарсы шығушылар бұл идея жүзеге асса, қазақ ұлтының тарихи этникалық тамыры үзіліп, жер иесі ретіндегі мұрагерлік құқынан айырылатындығын, елдегі диаспораларға сіңіп кететіндігін алға тартады. Отанымызда тұрып жатқан ұлттар өкілдерін біріктіріп, ынтымағын жарастыруға «Қазақстандықтар», «Қазақстан азаматы» деген саяси да, әлеуметтік те мәні зор атаулар жеткілікті деп есептейді. Ішінара қостаушылардың ой - байламдары анық емес. Олар бұл идеяны бірде америкалық, енді бірде ғылыми дәйектелмеген осы замандық тәжірибелер мен талаптарға үйлестірмек болады, бірақ сол тәжірибелер мен талаптардың Қазақстан үшін қазіргі күндерде қаншалықты қажет екендігін айқын дәлелдей алмайды. Балама іздеушілердің де тұжырым - пайымдары толқымалы, бұлар атажұртымыздағы диаспораларды біріктіруге қызмет ететін ортақ атауда «ұлт» ұғымының болмауын қолдайды, «халық», «ел» деген сөзбен ауыстыруды ұсынады. Осы пікірдің дұрыстығына көз жеткізу үшін бірі қазақтардың ұлт деңгейіне көтерілмегенін дәлелдеуге күш салады. Енді бірі ұлттың этникалық мән-мазмұнын «халық» пен «елден» төмен қояды. Оның ғылыми - философиялық анықтамасын талдап - саралап жатпайды. Ұлт – адамдардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік - этникалық қауымының жоғары түрі екенін, құрамына енгендердің тұрмыс дағдылары, салт-дәстүрі мен мәдениеті сол ұлтқа бейімделетінін ескерусіз қалдырады. Ал халық дегеніміз – бір елдің барлық тұрғын жұрты, тарихи өзгеріп отыратын қауымы. Ұлт мәселесі төңірегінде бізден бұрынғы зиялылар да аз толғанбаған. Алаш көсемі Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялы» деген мақаласында неміс ғұламаларына сілтеме жасайды. Атақты алман философтары Кант пен Фихтлердің түсіндіруінше: «Халық бірін-бірі және өзін-өзі басқара алмайтын, басқалардың басқаруында ғана болатын тобырлар. Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы. Философияның тұжырымдауынша, халық – объект, ұлт – субъект». Халық пен ұлттың аражігі әлемдік ауқымда баяғыда осылай ажыратылған. Олай болса,  тәуелсіз мемлекеті, дүниежүзілік қауымдастық мойындаған территориясы мен дербес саясаты, бай тілі мен мәдениеті бар қазақтың ұлт екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Оны елемеу немесе жоққа шығару бос әурешілік.Әңгімемізге өзек болып отырған мәселенің қиындайтын жері де осы. Бұл орайда қалың ойда жүрген ел этникалық тамыры атажұрттарымен жалғасып жатқан және олардың тарапынан саяси қолдауға ие, барыс-келісі үзілмеген диаспораларды әлгіндей терең астарлы ұлтқа жоспарлы мерзімде қалай айналдыруға болатынын білмей іркіледі. Мұның үстіне олардың кейбірі саны жағынан мемлекет құраушы ұлтқа жуықтаса, экономикалық әл-ауқаты кем түспесе, белгілі бір аймақтарда тығыз отырса, әлеуметтік-рухани талаптарын батыл көтерумен бірге орындатып жатса, туған тілі мемлекеттік тілмен тең тұрса, мәселе күрделене түседі. Жасыратыны жоқ, елімізге ХҮІ ғасырда келе бастаған, қоныс аударған жерінің саяси-экономикалық билігін ұзақ жылдар қолында ұстаған диаспора  сырттан таңылған этникалық өзгерістерді оңай қабылдамайды. Оның қазақ жерімен байланысты ұзақ тарихы да, бүгінгі еділ - жайық өмірі де  этникалық дербестігін сақтап қалуға ұмтылдырады. Біз бүгінде Қазақстандағы ұлыстар тарихының күншуағын бөліп алып дәріптеуге құштармыз. Дұрыс әрине, заман ортақ, тағдыр ортақ болған соң бірлікке қызмет ететіннің бәрін игілікке  жаратуымыз керек. Алайда ұлт мәселесі, этникалық төркін саяси айналымға түскен кезде тарихты да, қазіргі кезеңді де барлық ақиқатымен тұтас зерделеуге тиіспіз. Онсыз бірігуге тиістілерді біріктіретін дәнекерлерді түгендей алмаймыз. Өткен төрт ғасырға жуық уақыт  негізінен қазақ жеріне сырттан келген, жай келмей қалың келген жұртқа қызмет етті. Жаңа қоныста империялық екпінмен, державалық қарқынмен асқақтатты. Режим ауысты, бірақ бұл бағыттағы саясат өзгерген жоқ. Терең ойластырылған идеология арқылы үсті-үстіне күшейтілді. Біз осы тарихи ұзақ кезеңнің зардаптарынан әлі күнге арылу үстіндеміз. Ал одан тазарып болмай бір ел, бір ұлт идеясының көсегесі көгермейді. Ашығын айтсақ, қосарланған тілі бар, қос - қосынан діні бар ұлт болмайды. Болған күнде де идеологиялық жарнама түрінде көрініс табады. Осыдан кейін тағы да ойды ой қуады. Атажұртымыздағы бір емес, екі емес, жүзден астам ұлыстар өкілдерінің саяси және рухани мақсат-мүддесі қылаусыз үйлескен, қоғамдық өзгерістердің барлық сілкіністерінде тегіне тартып толқымайтын бір ұлт болуды былай қойғанда, саяси субъект бола алмайтын халық түрінде қалыптасуы үшін біз өмір сүріп отырған уақыт аздық етпей ме?! Бүгінгі буын келешек толқынға сондай халықтың негізін қалап кетсе де жарар еді-ау. Бұл көкейге қонатын пікір. Елімізде мұндай бетбұрыс бар. Республика тәуелсіздік алған жылдардың ішінде елдің бүгіні мен ертеңін үйлестіре алатын, саяси-әлеуметтік міндеттерді тізе қосып шешетін халықты қалыптастыру шараларын жүзеге асыруда. «Біз Қазақстан халқымыз» деген байрақты сөз заманның ырқымен емес, көңіл қалауымен айтыла бастағандай. Нақ осы ынтымақ мемлекеттің саяси-экономикалық дамуының кепілі ретінде қастерленіп, елдің алдында тұрған мақсат-мұраттарға сәйкес жаңа мазмұнда байытыла бермек. Оған қажетті алғышарттардың бәрі бар. ХХІ ғасыр елге жайлы өмір сыйлады. Ал жайлы өмір дегеніміз – халықтың ішкі сұраныстарын қанағаттандыратын, әлеуметтік және рухани болмысына сәйкес келетін өмір. Нақ осындай өмірге ие болған ұлт өкілдері  ел жетекшісі мен мемлекетті құрушы ұлтқа сенеді әрі құрметтейді, өздерін игілік атаулының бәрі ортақ тұтас халық ретінде сезінеді. «Қазақстандық немесе бір текті ұлт» шеңберінде ой қозғағанда ең алдымен осыған зер салып, халық ұғымы ауқымында ұйысудың психологиялық астарларын зерттеуге тиіспіз. Бұл елдегі диаспоралардың бірігу процесі қоғамдық және экономикалық өмірдің қай саласында қандай мазмұнда қаншалықты терең жүріп жатқанын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. Сол секілді бізге мына жайларды зерделеп алу да артық етпес еді. 90-ыншы қиын жылдары этникалық қауымдардың белгілі бір бөлігі атажұртына бет алды. Бірі күнкөріс қамымен, екіншісі төл отанына деген сағынышпен. Алғашқыларының жайы түсінікті, санасын тұрмыс билейтіндердің табаны тайғақ. Кешегі кеңес кезінде алып державаның ұланғайыр кеңістігінде 60 миллионға жуық адам жайлы жерлердің бірінен соң біріне көшіп-қонып жүрген. Сондайлардың талайы кетті, талайы ой үстінде. Ал күрделі күндерде ірге аудармағандарды  Қазақстанда ұстап қалған не себеп?! Ұлт өкілдерінің қайсы елімізге біржола бауыр басты, қаншасы атамекеніндегі әл-ауқаттың жақсаруын күтіп отыр? Қазақ жеріндегі қандастарына қай мемлекет қандай деңгейде ықылас танытуда? Біз осы мәселелердің жай-жапсарына қанып болмай, «Қазақстандық ұлт» жөнінде не «иә», не «жоқ» деп кесіп айта алмаймыз. Ел ішінде халық немесе ұлт болып ұйысуға  қазіргі заманда ішкі ахуал қаншалықты ықпал жасаса, сыртқы фактор да соншалықты әсер етеді. Осы жерде Ресейдің ТМД елдеріндегі қандастарымен орнатып жатқан байланысының астарына, атүсті болса да, тоқтала кетейік. Әлемде қай жағынан да ықпалды осы алып елдің тізгінін Ельциннен кейін қолына алған, атқа қонған күннен державалық идеологияны қайта жаңғыртқан В.Путин орыс адамы қай жерде жүрсе де қай мемлекеттің азаматы екеніне қарамастан қорғалатынын, ол Ресейдің тарихи патриоттық борышы екенін ұдайы айтумен болды. «Россия на рубеже тысячилетий» мақаласында («Технология информационной войны» Москва 2003 ж. 298 бет) соған айрықша мән бере келіп, мемлекеттің ұлттық идеясының өзегі державалық айбындылық, патриоттық берілгендік, этникалық тұтастық екендігін атап көрсетті. Президенттің осы ұстанымына жағалай түсінік берген саясаттанушылар аталған идеяның елдегі және сырттағы ресейліктерге ортақ екенін жарыса жариялады. Билікке В.Путиннен кейін келген Д.Медведев болса, бұл мәселеде кенже қалған жоқ. Ол Грузия оқиғасы кезінде тарихи отанынан басқа жерлерде өмір сүріп жатқандардың бәрі  Ресейдің назарынан тыс қалмайтынын әлденеше рет еске салды. Ресей мемлекеті мұндай қолдауды сөз жүзінде ғана емес, заңмен дәйектеуде. 1999 жылғы 24 мамырда республиканың шетелдегі отандастарына қатысты мемлекеттік саясаты туралы заңы қабылданды. Онда туған топырағынан шалғайда тұрып жатқан тегі ресейліктердің бәрі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және азаматтық құқықтарын сақтауды жүзеге асыруда федерацияның қолдауына ие болатындығы нақты атап көрсетілген. Заңның аясы кең, онда отандастардың туған топырағынан алшақтамауын, жеке бостандығы, ана тілі мен дәстүрі сақталуын, тарихи отанына еркін келіп-кетуін қамтамасыз етуге арналған баптар бар. Негізгі мақсат – бауырларға қатысты саясатты  Ресей Федерациясы  саясатының құрамдас бөлігіне айналдыру, шалғайдағы ағайындарды атамекеннің осындай қуатты қамқорлығына қай кезде де сүйене алатындығына сендіру. Аталған заңның сырттағы орыс диаспораларына қолдауы осымен шектелсе, әрі қарай таратпай-ақ қояр едік. Ресей мемлекеті Госдумадан кедергісіз өткен осы саяси құжат арқылы басқа мемлекеттердің ішкі өміріне араласады. Бесінші баптың көп тармақтарының бірінде федерацияның шетелдердегі диаспоралары тұрған жерлерінде ұлттық-мәдени автономиялар құрады. Ресей сол автономиялармен жан-жақты байланыс орнатады делінген. Ал мұның тәуелсіз республикалар үшін қандай саяси салмағы бар екендігі белгілі, оны Украина оқиғасынан айқын көріп отырмыз. Көрші мемлекеттің бұл бағыттағы ұстанымдарын ондағы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың үстемелеп отыруы да дәстүрге айналған. В.Путин билікке қайта келген соң іле-шала көтерілген «Орыс картасы» ТМД елдерінде қызу талқыланып, қарсылық білдірілді. «Картаны» ойлап табушылар Ресей азаматтарына берілетін құқықтар мен жеңілдіктердің сырттағы отандастарына ортақ болуын қалайды, оларды федерацияның мүддесін бәрінен жоғары қоюға, орыс тілі мен салт-дәстүрін қорғауға, православие дінін қабылдауға шақырады. Бұл ретте, әсіресе Украина, Литва, Латвия, Эстония, Молдавия мен Қазақстандағы ресейліктер белсенділік танытуға тиіс екен. Мұндай қолдап – қолпаштау  шетелдердегі диаспораларға зор саяси демеу болатындығы анық. Ал тегі ресейліктер әлемде аз емес, олар әсіресе ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда қалың отыр. Сол көп қауымды Ресей басшыларының қайта-қайта тілге тиек етуінде не сыр бар? Бұл сауалға мынандай болжам жасауға болар еді. Біріншіден, отандастарын таза бауырмалдық парызбен желеп-жебеу. Екіншіден, жерлестерінің ұлттық сезімі көмескіленуіне жол бермеу. Үшіншіден, сырттағы ағайындарының туған топырағына деген патриоттық құлшынысын күшейту арқылы оларды тұрған жерлерінде Ресейдің мүддесіне қызмет етуге бейімдеу. Мұның бәрі республикамыздың ұлтаралық саясатында ескерілетіні анық. Сонымен бірге бір ұлт идеясының жүгін ауырлата түсетіндігі де даусыз. Осы идея туралы ой бөліскендердің бәрі дерлік оның АҚШ пен Еуропадағы тәжірибесін де тарқатып жүр. Ресейде Путиннің кезінде көтерілген «Ресейлік ұлтқа» ұйысу саясатының астарына да үңіле бастадық. Сонда нені аңғардық? Аталған термин саяси айналымға енгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жазушы Ф.Достаевский арқылы философияның зерттеу объектісіне айналған «Русская идея» тез арада «Российская идея» деген атқа ие болды. Архивте жатқан «Москва – Үшінші Рим» геосаяси концепциясы жарыққа қайта шығарылды. Жаңа кеңістіктерге құлшындырған осы концепция жүзеге асырыла бастаған 1480 жылы Еуропалық Россияда екі миллион адам болса, 1648 жылы Солтүстік мұзды мұхит арқылы Тынық мұхитқа жол ашылып, халық саны 12 миллионға, 1880 жылы жер көлемі барынша ұлғайғанда 84 миллионға жеткені дүркін-дүркін еске алынды. 2005 жылы жеті автономиялық округтің таратылуы ішкі шекарасыз Россияға бастайтын жарқын қадам ретінде насихатталды. Мұның астарында ішкі тұтасумен бірге құлашты шартарапқа жайып жіберу мақсаты жатқандығы да байқалып қалды. Осыдан кейін «Ресейлік ұлт» идеясын «Қазақстандық ұлт» идеясымен ойланып барып салыстыру керек. Екеуінің арасы жер мен көктей. Ал «американдық ұлтқа» келсек, ол алып мұхиттың арғы жағында жатқан оңаша құрлыққа шартараптан ағылған еуропалықтардың территориялық бірлігі арқылы жасалды деп жүрміз. Шындығында солай ма? Ұлттың қалыптасу жолын зерттеген арғы-бергі ғұламалардың бәрі мұндай этникалық мызғымас бірлікке айналу үшін территорияның ортақтығы аздық ететінін, түрлі тайпалық қауымдарды саяси-әлеуметтік жағынан жақындастыратын тағдырлы оқиғалардың бастан кешірілуі шарт екенін, тарихи ұзақ мерзім қажет болатынын талай мәрте дәлелдеген. «Америкалық ұлттың» пайда болу кезеңі де бұл тұжырымның дұрыс екендігіне иландыра түседі. ХҮІ ғасырда Англия, Испания, Франция, Швеция мен Нидерландия Солтүстік Американы жарыса жаулап алуға кірісті. 50 миллион (кейбір деректерде 150 млн.) үндістерді қырып салды. Еуропалықтар адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қатыгездікпен ұланғайыр өңірді байырғы иесінен осылай тазартты. Жаңа құрлықта дарақы анархия да, екі иығын жұлып жеген қарақшылық та дәуірледі. Әр елден жырылып жеткендер атыс-шабыстың өтінде әр аймаққа сөгілді.Осындай аласапыранда ағылшындар экономикалық жағынан басқалардан бұрын күшейді, этникалық тұтастығын нығайтып, құрлыққа құрық салуға кірісті. ХҮІІІ ғасырдың 60-ыншы жылдарында Солтүстік Америкаға толық үстемдік орнатты. Енді олар отарлаушыға, қалғандары отарланушыға айналды. Ен аймақта ағыл-тегіл байлыққа емін-еркін кенелемін деген француз бен неміс, испандық пен швед ағылшынның айтқанынан шыға алмайтын болды. Қысым уақыт өткен сайын күшейіп, наразылық ұлғайды. Ақыр соңында қарулы қарсылыққа айналып, 1775 жылы азамат соғысына ұласты. Сегіз жылға созылған осы шайқас кәрі құрлықтан келген қырық ру елді саяси да, рухани да тұтастырды, американдық патриот атану, тәуелсіздік жолында қан төгу ұлы мұрат болды. Түйіп айтқанда, әлемдегі ең жас  ұлт тексіз сурагат ұлт емес, екі ғасырлық буырқанған тарихы бар, жан беріп, жан алысқан қиын тағдыры бар ұлт. Ең бастысы – қырық ру ел бір тілде бірікті. Ортақ тілге айналған ағылшын тілі жаңа американдық ұлттың құрылуына айрықша ықпал жасады. Сондықтан бізге, әр тілді қазақстандықтарға, орыс тілі Конституция бойынша ресми түрде мемлекеттік тілмен тең дәрежедегі елге неге американдықтар секілді біріге салмаймыз деу үшін жүз ойланып, мың толғану керек. Қазақ тәуелсіздігін аңсаған да, сол жолда арпалысқан да қазақ қана екенін ескеру қажет. Осы тарихи ақиқаттар бізге: «Ақ дегені – алғыс, қара дегені –қарғыс болған, әлемді ауыздықтағысы келген, айдарынан жел ескен кеңестер одағы неге тұтас ұлт жасай алмады» деген сауалға жауап іздетеді. Оның жалғыз жойқын есебі – одақтың құрсауындағы елдердің одан бұрын ұлт болып қалыптасып үлгеруі және қызыл империяның қол астына күшпен енгізілуі, ұлттық азаттықты аңсаудан жаңылмауы, соған іштей ұдайы ұмтылуы. Талқылап отырған мәселемізді тағы бір түйін күрделендіре түседі. Этникалық тамырынан үзіліп қалған ұлыстарды Қазақстаннан табу қиын. Жеке мемлекеттік құрылымы жоқ халықтар өкілдері болмаса, басқаларының бәрі тарихи отанымен тұрақты байланыс орнатқан. Төл мәдениеті мен өнерін, тілі мен дәстүрін сақтап отыр. Ұлттық-мәдени орталықтары екі бірдей қолдаудың: Қазақстан мен төркін жұрттарының қамқорлығымен өрісін кеңейткен. Осының бәрі еліміздегі ұлт өкілдерінің этникалық тазалығын сақтауға, көптің ішінде дербес сезінуіне, өткен ғасырдың жағалай тиым салуымен көмескіленген рухани және діни әдет-ғұрыптарын қайта жаңғыртуға, ұлттық тарихқа шөл қандырып, табиғи кескін-келбетімен танылуына ықпал етіп келеді. Мұндай талпыныс ұлт өкілдерінің аз-көптігіне тәуелді емес. Қазақстандағы 400-ден аспайтын абхаздық та, 50 мыңдай шешен де, бір мың кабардин де, үш жарым мың балқар да, 16 мың болгар да ата-тегі туралы тебірене айтады. Әдетте біз республикада 130-ға жуық ұлттардың өкілдері бар дейміз. Олар кімдер? Анығына келсек, солардың жартысына жуығы ұлт болып қалыптаспаған, мемлекеті түгілі автономиясы жоқ, атажұрты баяғыда дербестігінен айырылып, еңсеріп әкеткен елдің елеусіз шоғырына айналған ұлыстардың бөлшектері. Ұзын саны бес-он адамнан аспайтын юкагирлер, эскимостор, энцтер, эвендер, шорцтар, чукчалар, чуванцтар, цахурлар, ханттар, халха-монголдар, ульчтар, удиндер, удэгейлер, тувалықтар, таттар, талыштар, табасарандар, селькуптер, саамдар, путульдер, орочилер, нивхилер, нганасандар, негильдар ... Қатары жүзден зорға асып жығылатындары да жеткілікті. Әрине бір ұлт идеясы осындай сиректерге бола көтерілмеген шығар. Таразының бір басына олардың көзқарасы салынған күнде, қай жағына қарай тартатындығы белгілі. Атамекені дербестігін баяғыда жоғалтқан, талайы діні мен тілінен қатар айырылған, қазақ жерінде ғана емес, туған топырағында селдіреп қалғандар үшін Қазақстан жаратқанның жарылқағаны. Олар өздерін негізгі ұлтпен көп қырлы өмірдің барлық саласында тең сезіндіретін мемлекет қадам басқан сайын табылмайтынын, сондай артықшылыққа осы жерде ғана кенеле алатынын, қазақ секілді қысылғанда қамқорлығы, сүрінгенде сүйеуі дайын, сарқыраса сабырмен, арындаса ақылмен жөн сілтейтін халық та сирек екенін біледі.Республиканың бүгінгі экономикалық жетістігі де, ертеңгі алар асуының заңғарлығы да зор топтастырушы қуатқа ие. Еліміздегі ұлтаралық саясаттың этникалық мүдделерге адалдығы да барынша қанағаттандырады. Көрші іргелі мемлекетте әлсін-әлі байқалып тұратын нәсілдік кемсітушілік секілді тұрпайы әрекеттер Қазақстан үшін мүлде жат. Ресейдегі шовинистік пиғылдағы ұйымдар мен расизмді жалтармай жақтайтын скинхедтер сол елдің ұлтаралық саясаты көп қырлы екендігін аңғартады, олардың талай жылдан бері ашық қимылдап жүргені осындай ойға жетелейді. Мұны Қазақстандағы ұлт өкілдері көріп білмей отырған жоқ. Республикамыздағы этникалық топтарға ТМД елдерінің кейбірінде кешегі тоталитарлық әкімшілік жүйенің тетіктері сақталып қалғаны, ұлттық саясатта тегіне қарай бөліп жаруға жол берілгендігі де белгілі. Украина мен Балтық жағалауы мемлекеттерінде ұлттық құндылықтардың төңірегіндегі дау-дамайдың сарқылатын түрі көрінбейді. Тағы бір шет аймақтарда негізгі ұлттың кімдердің есебінен өсіп-өніп, демографиялық жағынан дамып отырғаны да көпшілікке аян.  Бұл өңірлерде діни еркіндік пен сөз бостандығы туралы көсіле көсемси алмайсыз. Әркім қауқарына қарай қарманады, өрісіне қарай өлшейді. Ұсақ ұлт өкілдері осыдан кейін Қазақстанды жұмақ емес, жұмақтан кем де емес десе жарасады. Олар саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік өмірдегі заңмен дәйектелген тегеурінді теңдік үшін сәт сайын риза бола отырып, сол теңдіктің аясы қоғамның демократиялық даму кезеңдерінде жаңа мазмұнда байытылып келе жатқанына да куә. Ел Конституциясы Қазақстан халқы Ассамблеясына Парламент Мәжілісіне депутат сайлау мүмкіндігін берді. Бүгінде он миллион қазақтың өкілдерімен бірге екі жүз мың ұйғырдың, 100 мың корейдің, 50 мың шешеннің және басқаларының ұл-қызы жоғары билік тұғырында қатар отыр. Мұндай биік мәртебеге сан мөлшеріне қарамастан кез-келген этникалық топтың азаматы ие бола алады. Талқыланып отырған идеяның төңірегінде айтылып жүрген және өзіміз жобалаған пікір - байламдарды сараптай келіп, мынандай қорытынды жасауға болатындай. Бір ел, бір ұлтқа айналуға Қазақстанда еркіндік пен жайлы өмірге кенелген ықшам ұлт өкілдері ықыласпен қосылады. Атажұртымен алыс-берісі үзілмеген кейбір этникалық қауымдар бұл орайда бақылаушы түрінде қалып, әліптің артын бағады. Сан мен сапаға ие жұрт аталған мәселедегі көзқарасы салмақты екеніне сәйкес өз ұстанымын батыл айта алады және дербес ұлттық тегін жоғалтпауға ұмтылады. Сондықтан биліктің стратегиялық бағдарламалары шешуші емес, бағыттаушы қызмет атқарады. Ал идеяның тағдыры мемлекет құрушы қазақ ұлты мен қатары әлі де қалың, төркін жұрты айбарлы ұлт өкілдерінің қолында. Стратегия демекші, біздің негізгі мұраттарымыздың 2030 жылға дейінгі жоспарларына ден қойсақ, онда бір ұлт идеясы түбінде конституциялық айқындаушы мәнге ие бола ма, әлде бірлік пен ынтымаққа жұмылдырушы идеологиялық маңыз атқара ма, кесіп айтылмаған. Онда көзделген мақсаттар: «Барлық азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамыту», «Мүмкіндіктердің теңдігіне негізделген бірыңғай азаматтықты нығайтуға кепілдік беру», «Этникалық түсініспеушіліктің себептерін жою», «Қазақстанға бүгін және алдағы  ондаған жылдар ішінде ұлттық стратегияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық біртұтастықты сақтап нығайта беру». Бірлік идеясы осындай. Біз оны қуаттай отырып, соған бастайтын саяси-рухани тетіктердің анық болуын және тарихи дәйектелуін қалаймыз. Ұлттық бірігудің  сан қырлы астарын терең зерделеп барып нақты қадам жасау қажет. Жалпыға ортақ санап жүрген жаңа елдік идеялар мен мұраттардың бәрі бірдей тағдырлы сәтте ықпалды бола бермейтінін еске салмақпыз. Асылында диаспоралардың отаншылдық сезіммен этникалық әртектілікті ұмытуы үшін мемлекеттің ортақ болуы жеткіліксіз. Тағдырдың жазуымен  бір шаңырақтың астына шоғырланғандардың тоғысуына құштар саясат оның берік тарихи діңгегін табуға тиіс. Қазақстандағы ондай діңгек – қазақ ұлты. Кез-келген мәселеде мұхиттың арғы-бергі қапталындағы «үлгі-өнегелерді» жалаулата жөнелетін демократтар дәл осы жерде Еуропаның ұлттық бірігу тұжырымдамасына қайта-қайта зер салса болар еді. Кәрі құрлықтағы мемлекеттердің бәрі көп этносты. Сол көп этносты Англия ағылшынша, Франция французша, Германия немісше, Испания испанша, Италия итальянша сөйлетіп отыр, яғни атажұрттың тілін ұлттық бірігудің құдіретті діңгегіне айналдырған. Олардағы ұран –бір тіл, бір ұлт. Ортақ тілсіз ортақ отан жоқ. Тілі бөлектің тілегі бір бола алмайды. Қабылдаушы ұлттың тілін құрметтеу арқылы оның мемлекет иесі ретіндегі тарихи құқын қастерлейсің, соның төңірегінде топтасасың. Батыстың дамыған гуманист елдері осылай дейді. Ұлттық саясат мемлекет құрушы ұлттың жұмылдырушылық ықпалын ұдайы күшейтуге бағытталуын қалайды және солай жасап отыр. Басқаша бірігудің бәрі уақытша. Жер бетінде қырғын соғыстарсыз бейбіт өмір болуын, адамзаттың алаңсыз дамуын армандаған арғы-бергі кемеңгерлердің талайы әлем халықтарынан бір ұлт жасаудың жолдарын іздестіріп көрген. Шешуі қиын мына түйінге тіреліп тоқтаған: жаһандағы сан алуан жұртты топтастырушы қай ұлт болмақ? Бұған Ф.Достаевский: «Дүниежүзілік бірігу идеясын жүзеге асыруға барлық халықтардың ішінде орыс халқының кемеңгерлігі ғана қабілетті» - деп жауап берді («Русская идея» Москва. Айриспресс 2004 ж. 164 бет). Мұнымен де шектелмей, орыс адамының тарихи миссиясы бүкіл еуропалық және бүкіл ғаламдық миссия екенін мәлімдей келіп, оны адамзаттың ағасы болуға шақырды. Осыдан кейін туған халқын әлемнің ағасы мен атасы етуге асыққан Достаевскийлер көбейді. Еуропа дүр етіп көтерілді. Азия мәдениет шығыста қайнарланғанын еске алды. Қытай өзін баяғыда аспан асты елі деп жариялап қойғанын ескертті. Дүниежүзілік ұлт жасауға талпынғандар тұйықтан шығар жол таба алмай тоқтады. Қазақстанда ұлт болып тұтасу идеясына осы әлемдік ізденістер арқылы қарасақ, қазақ халқы кешегі кеңес заманында іні болып көрген, бүгінде аға боламын деп асқақтап отырған жоқ. Ол елдегі диаспораларды республиканы туған отаным деп тұтас сүюге шақырады және мұны өзінің тарихи парызы санайды. Осы жолда ынтымақ пен бірліктің берік тұғыры бола алатынын сабырлылығымен де, кеңдігімен де, жаңа ғасырға жарасқан парасат-пайымымен де дәлелдеп келеді. Қазақстанда тамырланып үлгерген этностар  ынтымағы жайқалып жапырақ жайсын, тек діңгегі қазақ ұлтты болсын дейді. Сан ғасырлар бір тіл, бір ұлт болып қалыптасқан және этникалық дамуында шырқау шегіне жеткен ол талай да талай қиын-қыстаулардан соң шаңырағы  көтерілген төл мемлекетінің төрінде отырып жаңа тұрпатта қайта топтасудың тәжірибе алаңына айнала алмайды. Бұған тарихи да, басқа да тағдырлы себеп те жоқ. Мемлекеттің міндеті - өзінің тұғыры болып отырған қастерлі жұртының ұлттық ділі мен ұлттық егемендігін сақтауына, этникалық арман-мұратымен және бітім-болмысына тән мінез-құлқымен өмір сүруіне қызмет ету, оның бүгінгі және ертеңгі тарихи орынын айқындау, жаңа заманның жаңа талаптарына бейімдеп, айнала елді соның төңірегіне топтастыру. Ұлт болу дегеніміз – ұлт жоқ жерде жалпыдан жалқыға ойысу, түрлі нәсілдердің бір этносқа бірігуге талпынуы. Сондықтан тарихи ұлты бар, сол ұлттың атымен құрылған мемлекетте тағы бір ұлтқа қажеттілік тумайды, ол туралы ойланбайды да. Әлемдік тарихи тәжірибеге және ұлт пен мемлекеттің осы заманғы ғылыми-саяси сараптамаларына сүйеніп айтсақ, ұлттық мемлекет өзінің шеңберінде, қандай ізгі мақсат көздесе де, жаңа ұлттың пайда болуына жол бермейді. Бұл тарихи және саяси дербестігіне нұқсан келтіретінін, даму үрдісі саяси мақсатпен шапшаңдатылған жасанды ұлттың ыдырауы да шапшаң болатынын, оны тұғыр еткен мемлекеттің түп қазығы босаң жерге қағылатынын біледі. Дүниеде көп ұлтты ел жалғыз біз емес. Құрамындағы кейбір диаспоралардың саны бірінде байырғы ұлтқа жуықтап қалған, бірінде он-жиырма миллионға жеткен Балтық жағалауы мемлекеттері, Турция мен Малайзия жаңа ұлт туралы толғанып отырған жоқ. Себебі белгілі. Ұлт та, ұлттық мемлекет те тарихтың еншісі. Сол алдияр тарих атамекенің мынау, тілің мен дінің осы деп әлімсақта отау тігіп берген ұлт пен ұлттық мемлекет қана халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілері бола алады. Көптің көңілін бөліп жүрген, ел зиялылары талқыға салған, әлі де талай әңгімеге тақырып болатын идея жайлы азын-аулақ ой-пікірімізді осы жерде түйіндей келіп, қайырып айтарымыз мынау: Қазақстанның алмас тұғыры -  қазақ ұлты. Ұлттың бірлігі – мемлекеттік тіл. Осы екі қасиетті қадірлеген елдің ынтымағы баянды. Ал тегін жоғалтқан – бәрін жоғалтады.

qazaquni.kz