"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

«Ақ жол» серкелері әріптестерін ардақтады

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен оның орынбасары, танымал ақын Қазыбек Иса бастаған ұйым серкелері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби» кітапханасында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сөйтіп, «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай лайықты еңбек сіңірген әріптестеріне зор ризалық білдірді.
Бейресми пікір алысу жағдайында өткен шырайлы кездесуде бірқатар танымал ғалымдар мен оқытушы-ұстаздар, журналистер арнайы «Алғыс хат» пен «Алаш ұлттық автономиясының 100 жылдығы құрметіне» атты естелік медалімен марапатталды.

Азат Перуашев,
Қазақстанның «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты:

– Былтыр жыл аяғында «Алаш» қозғалысына байланысты халықаралық конференция өткізгенімізде, Түркиядан келген делегаттардың бірі Алаштың бас ақыны Мағжан Жұмабаев туралы тартымды баяндама жасады. Біз сол сөздің негізінде Үкіметке депутаттық сауал даярлап ұсындық. Онда «Алаш» тақырыбы ауқымын біртіндеп кеңейте беретіндігіміз айтылды. Мағжан оқуларын жылма-жыл үздіксіз өткізуді дәстүрге айналдыру мәселесі көтерілді. Және оны ақынның атамекені Қызылжарда өткізу ұсынылды. Одағы мақсат – солтүстік аймақта орналасқан көршілердің де көзін ашу, сөйтіп, біздің мемлекеттігіміздің аспаннан түспегенін, оның тамырлары тым тереңнен нәр алатынын дәделдеу еді.
Көп ұзамай Үкіметтен де ресми жауап келді, олар біздің бастамамызға қуана қолдау білдірді. Осылайша, істің лайықты деңгейде атқарылуы үшін жергілікті әкімдіктерге тапсырма берілді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономикаға көбірек назар аударғанын білесіздер. Сондықтан біз де осы бағытты ұстанатынымыз түсінікті. Елбасы сонымен қатар былтыр басталған рухани жаңғыру идеясын да тиісті деңгейде жалғастыруды атап көрсетті. Өйткені бұл, расында да, өте өзекті, күн тәртібінен түспейтін, аса маңызды бағдар екені аян. Біз де сол мүмкіндіктерді ұтқыр пайдалана отырып, бастаған жұмысты сәтті жалғастыруға ұмтыламыз.
Былтыр тарихымызда тұңғыш рет ресми түрде мемлекеттік органдарда «Алаш» қозғалысы тақырыбына айрықша назар аударып, кейбір мемлекеттік органдармен пікір алмастық. Бұл бағытта айтарлықтай шаруалар атқарылды. «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының құрылғанына 100 жыл толуын жақсы атап өттік. Бір атап айтарлығы, бұл мерейтой әдеттегіше даңғаза шумен, аста-төк табақ тартып, бір-бірімізді қолпаштаумен емес, жоғары ғылыми, лайықты парасат, ресми мән-мағына деңгейінде атқарылды. Және «Алаш» тойы ел ішінде ғана сөз болып қана қойған жоқ, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса екеуміз қатысқан Бейжің жиынында да қозғалды. Мысалы, мен сол дүниежүзілік саяси партиялары басшыларының конгресінде екі жүз мемлекеттен келген алты жүзден аса делегаттың алдында орыс және ағылшын тілдерінде баяндама жасадым. Сонда Қазақ еліндегі ең алғашқы саяси «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толып отырғанына баса мән берілді. Делегаттар баяндаманы өте қызу қабылдап, ұзақ қол соқты.
Мұны айтып отырған себебім, «Алаш» тақырыбы баяғы Совет өкіметі тұсынан бастап Тәуелсіздік алған жылдарымызға дейін белгілі қысымға ұшырап келгені мәлім. Тіпті, егемендік кезеңінің өзінде де бұл бағытқа қатаң тыйым салынғандай күй кешкеніміз жасырын емес. Мәселен, мына отырған Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков сынды атақты тарихшылардың өзі осы салаға барлық ғұмырларын арнаса да, аса құлаш жаза алмай келгендей еді. Өйткені, кейбір шенеуніктер бұл тақырыпты қозғатпауға тырысқан. Тосқауыл қоюға мүдделі болған. Бейресми болса да, түрлі әрекеттермен қарсылық жасаған. Ал былтырғы жылдан бастап сол сірескен сең сөгілді деуге негізіміз бар. Жол ашылды. Сондықтан осы бағытта аянбай тер төгіп келе жатқан мына сіздерге – аға буын өкілдеріне, ғалымдарға, зерттеушілерге, қаламгер ағайындарға партия жетекшісі ғана емес, жай қатардағы қоғам мүшесі ретінде де шынайы алғыс сезімімді білдіргім келеді.

Мәмбет Қойгелдиев,
тарих ғылымының докторы, профессор:

– Мынау отырған зиялылар, оқытушы-ғалымдар, журналист ағайындар «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Парламентке барғалы бері қоғамға бір жаңаша леп әкелгендей жағдайды сезініп отырмыз. Біздің халыққа осындай бір айқын, ашық дауыс керек еді; Парламент мінберінен айқайлап, көкейкесті мәселелерді ең жоғары дәрежеде қасқайып тұрып айтатын, Үкіметті жалт қарататындай қуатты үн қажет еді. Осы дауыс ролін біздің Азат бауырымыз мүлтіксіз атқарып жүр деп ойлаймын. Оның көмекшісі Қазыбек Жарылқасынұлы да ортақ іске лайықты атсалып, биік ұлттық мүдде бағытында қыруар міндеттер тындырып жүргенін білеміз.
«Ақ жол» алғаш саясат сахнасына көтерілгенде бұлар «Алаш» ұстанымында болады дегенде, ай, қалай болар екен деп толқығанымды жасырмайын. Міне, содан беріде қаншама жылдар өтті, мен өз басым алаштанушы ретінде, «Ақ жолдың» біздің ойымызды, зиялылардың, ғалымдардың ойын биік деңгейде айтып жүрген ұйым екеніне куә болып келеміз. Сондай бір партия, осындай бір жарқыраған көрнекті жетекші керек-ақ еді. Сол үшін ұйым жетекшілеріне көптен-көп рахмет айтқым келеді. Азат бұл істі тек партияның лидері болғандықтан ғана атқарып жүрген жоқ, біз соны білеміз. Осы іске оның жаны, жүрегі жақын. Істің нәтижелі болуы да сол себептен. Әлгінде, жақсы айтылды, былтыр Алаштың 100 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Біз көп жағдайда әлі күнге дейін жоғарыдан нұсқау күтіп дағдыланып қалғанбыз, билік тапсырма берсе екен, Үкімет қаулы шығарса деп қарап отырамыз. Олай болып жатса, әрине, құба-құп. Бірақ біз ондайға қарап отырмауымыз керек қой. Алаш мұраттарын жүзеге асыру – ешбір қаулыға қарап тұрмайды. Бұл біздің – зиялы қауым, ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистердің ұлттың алдындағы міндеті, қастерлі борышы болуға тиісті. Бәріміздің белсенділік танытуымыз қажет. Ешқандай марапат дәметпестен, қастерлі істі шегіне жеткізуге үлес қосуға тиістіміз. Сондықтан «Алаш» туралы айтылатын сөз әлі алда деп ойлаймын. Біз қазір үлкен істің алғашқы баспалдақтарында ғана тұрмыз. Іске сәт дегім келеді.

Талас Омарбеков,
тарих ғылымының докторы, профессор:

– Бірден айтайық, «Ақ жол» партиясы – өте бір қажет ұйым. «Ақ жол» – парламенттік партия. Алдағы уақытта да солай бола береді деп ойлаймын. Расын айтқанда, өз басым саяси ұйымдардың қайсысы бар, қайсысы жоқ екенін де ажырата бермейтін сияқтымын. «Нұр Отаннан» басқа партиялардың аттарын да ұмытып қалдым десем, өтірік емес. Ал «Ақ жолдың» орны бөлек. Бұл – халыққа етене жақын партия. «Ұлттық» демей-ақ қояйық, бірақ дәл қазіргі таңда бүкіл қазақ интеллигенциясының ұйымына айналғанына дау жоқ. Осы партияның арқасында Парламентке де сөзімізді өткізе алатын болдық.
Жоғарыда шет жағасы айтылды, бүгінге дейін Алашордаға байланысты екі ірі конференция өткізген екенбіз. Маңызды іс-шараның бірі Түркия елінде өтті. Солардың барлық қаражатын «Ақ жол» көтерді. Жалпы, алғанда, бұл ұйымның ұлттық мақсаттар жолында атқарып отырған еңбектері қыруар. Партия серкелерінің бізбен ылғи жақын араласып, ғылыми жұмыстарымызға ықылас қойып, ықпал етіп, қолдау жасап отыратының өзі көңіл қуантпай қоймайды. Міне, енді кезекті мәрте арқамыздан қағып, қанаттандырып отыр. Зор алғыс сіздерге!

«Алғыс хатпен» марапатталғандар

Өмірзақ Айтбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті;
Мәмбет Қойгелдиев, ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры;
Талас Омарбеков, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, профессор;
Серік Жанболат, «Алаш айнасы» порталының Бас редакторы;
Құлтөлеу Мұқаш, «Қазақ үні» газетінің Бас редакторы.

«Алаш ұлттық автономиясының 100 жылдығы құрметіне» атты естелік медалімен марапатталғандар

Меңдігүл Ноғайбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғ.к.;
Дәулет Байгелдинов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің деканы, Заң ғылымының докторы, профессор;
Арман Жұмаділ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, тарих ғ.к., «Ақ жол» ҚДП-ның Алматы қалалық филиалының мүшесі;
Серікқали Тыныбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң ғылымының докторы, профессор, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі;
Светлана Смағұлова, Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті, «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғ.д.;
Әділ Жүнісов, Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебі деканы, педагогика ғ.д., профессор;
Қалима Түйенбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасының директоры;
Көгершін Жамықанова, «Ақ жол» ҚДП-ның Алматы қалалық филиалының мүшесі;
Ақжамал Оразбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті деканының орынбасары, тарих ғ.к., доцент;
Дәурен Қуат, «Абай» KZ» порталының Бас редакторы;
Досымбек Өтеғалиев, «Заң» корпорациясының президенті;
Ақберен Елгезек, «Ұлт KZ» порталының Бас редакторы;
Дина Елгезек, омбудсмен, тәуелсіз журналист;
Айнұр Төлеу, «Атамекен» газеті Бас редакторының орынбасары;
Жазира Байдалы, «Қамшы KZ» порталының редакторы;
Қалдарбек Көмекбаев, «Алаш айнасы» порталының редакторы;
Нұргелді Әбдіғани, «Абай» KZ» порталының редакторы.

qazaquni.kz





31 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. мАЙРА 26 Қаңтар, 2018, 12:21

    бИЫЛ Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай түсірілген деректі фильмдерді көріп, бір тарихҚа шолу жасап, Алаш арыстарына бүгінгі ұрпақ мәңгі қарыздар екенімізге тағы да көзім жетті. Алаштың арыстарының жаны жұмақта болсын!

    Жауап жазу
    • Самат 26 Қаңтар, 2018, 14:31

      Әрине, Алаш арыстарының салған даңғыл жолы біздер үшін аса құнды. Оның өадірін әрбір ұрпақ білуі тиіс.

      Жауап жазу
    • Гукон 26 Қаңтар, 2018, 15:16

      ол деректі фильмдерді қайдан көрсек болады?

      Жауап жазу
  2. Федя 26 Қаңтар, 2018, 12:34

    ардақтау керек осы кісілерді

    Жауап жазу
  3. Боранбаев 26 Қаңтар, 2018, 12:35

    Алашордалықтар ақтар жағында болдыма әлде қалай

    Жауап жазу
  4. Даханти 26 Қаңтар, 2018, 12:37

    жалпы мен қарсы емеспін

    Жауап жазу
  5. шетел қазағы 26 Қаңтар, 2018, 12:38

    біздегі партя топтар, зиялы өкілдер шетінен руға бөлініп алған. партия құрғандардың саясатта жүргендердің бәрі оңтүстік өңірдің тумалары, немесе ұлы жүзден, кіші жүзден шыққандар. Әміржан Қосанов, Жармахан Тұяқбаев, Мұхтар Құлмұхамет, Айдос Сарым, Расұл Жұмалы, Әзімбай Ғали, Дос Көшім сияқты. бұл жердеде тек айналдырған бірнеше адам өңтүстіктің тумаларын марапаттап жатыр. қазақ ерінің 80 пайызында отырған, саны да 70 пайыздан асатын Найман, Арғыннан бір тұлға жоқ. айналып келгенде биліктің саясаты, ықпалы 30 пайыз қазақ пен өңірге жүреді деген сөз. өңкей рушыл, боқташақтар сол.

    Жауап жазу
    • Ерлан 26 Қаңтар, 2018, 14:34

      Шетел қазағы не айтып кеткенсіз? Тырнақ астынан кір ізмейік.

      Жауап жазу
  6. Орел 26 Қаңтар, 2018, 12:38

    еңбек етсең ерінбей

    Жауап жазу
  7. Береке 26 Қаңтар, 2018, 12:38

    студент, жастар қатыспады ма?

    Жауап жазу
    • Бекзат 26 Қаңтар, 2018, 14:38

      Бұл жерде жұмысшы топ секілді. Жастармен де кездесулер өткен болар.

      Жауап жазу
  8. Арын 26 Қаңтар, 2018, 12:40

    Медаль құтты болсын!

    Жауап жазу
  9. Рэмбо 26 Қаңтар, 2018, 12:40

    мұндай кімілерді ардақтауымыз керек

    Жауап жазу
  10. Айнұр 26 Қаңтар, 2018, 12:42

    Ақберен аға Елгезек те медаль алыпты ғой. Құтты болсын!

    Жауап жазу
  11. Ораз 26 Қаңтар, 2018, 12:45

    Жолдауды да талқылаған шығар ел ағалары

    Жауап жазу
  12. Манзила 26 Қаңтар, 2018, 12:47

    Алашорда туралы жастар біле бермейді. Сондықтан студенттерді қатыстыру керек осындай жиынға

    Жауап жазу
    • Ырысты 26 Қаңтар, 2018, 14:42

      Жұмысты қорытындылау жиыны деп ойлаймын. Белсенділерді марапаттау шарасы.

      Жауап жазу
  13. Рита 26 Қаңтар, 2018, 12:48

    жақсы бір бас қосу болғаны көрініп тұр

    Жауап жазу
  14. Нұриса 26 Қаңтар, 2018, 12:53

    Құтты болсын медальдар!

    Жауап жазу
  15. Қарлығаш 26 Қаңтар, 2018, 15:15

    Алаш арыстарын ардақтап, бүгінгі ұрпаққа насихаттап жүрген кісілер барлық мақтауға лайық

    Жауап жазу
  16. Ара 26 Қаңтар, 2018, 15:18

    алаш арыстарының қазақ еліне деген еңбектері орасан зор. Сол кісілердің арқасы.

    Жауап жазу
  17. Нука 26 Қаңтар, 2018, 15:19

    Қазақ халықының абыройы үшіін жан кешкен азаматтардың атына берілген медальді алу оңай болмаған шығар.

    Жауап жазу
  18. Том 26 Қаңтар, 2018, 15:23

    Еңбектің жемісін көру деген осы шығар.

    Жауап жазу
  19. Жанар 26 Қаңтар, 2018, 15:25

    Зор қызметтің арқасында алып жатқан екен ғой. Еңбегіңнің ақталғаны осы шығар. Құтты болсын !

    Жауап жазу
  20. Хасан 26 Қаңтар, 2018, 15:25

    Қызмет еткен жалықпа, Осындай жетістікке жеткендер де бар, жетпегендер де бар

    Жауап жазу
  21. Шынар 26 Қаңтар, 2018, 15:28

    Партия өкілдері өздерінің белсенділіктерін жақсы көрсетіп жүр. Іскер азаматардың істеріне береке берсін

    Жауап жазу
  22. Апыл 26 Қаңтар, 2018, 16:45

    «Ақ жол» да қолынан келгенін істеп жатыр. Жұмыстарына жасалған бір қорытындылай болған секілді. Еліміздегі партиялар жалпы өз ұсыныстарын, көзқарастарын айтқанымен, түптеп келгенде тілегі елімізбен бір деп ойлаймын.

    Жауап жазу
  23. Айдын 26 Қаңтар, 2018, 16:46

    Азат Перуашевқа өз басым риза боламын, атқарып жүрген жұмыстарына қарап, өте мобильді адам.

    Жауап жазу
  24. Даурен 26 Қаңтар, 2018, 17:39

    Елінің жанашылралы мен патриоттары лайықты мараптқа ие болды!

    Жауап жазу
  25. Кука 26 Қаңтар, 2018, 17:51

    Елім деп қызмет атқарып жүрген азаматтар, аман болыңыздар!

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*