Әлеуметтік төлемдерге арналған 60 млрд теңге "КазАгро" компаниясына бөлінді

Қазақстан вице-премьері, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорында (ӘСМҚ) жиналған қаржының 10 пайызы «ҚазАгро» ұлттық компаниясының облигациясын сатып алуға бөлінетінін хабарлады, - деп жазады abai.kz.

Астанада үкімет отырысынан соң «Настоящее время» телеарнасының журналисі Өмірзақ Шөкеевке ӘСМҚ активінің «ҚазАгро» компаниясына бөлінуіне қатысты сауал қойды. Шөкеев жауабында ӘСМҚ қорында үш триллион теңгеден астам қаржы жиналғанын және оған үкімет иелік етіп, Ұлттық банк басқаратынын айтты.

«Мемлекеттік комиссия Ұлттық банкпен бірге ӘСМҚ қаржысының 10 пайызын «ҚазАгро» облигациясын сатып алуға бөлу туралы шешім қабылдады. «ҚазАгро» оны коммерциялық мақсатта, нақтырақ айтсақ астық сатып алуға жұмсайды. Бұл қаржы жұмсалады және қайтарылады. Бұл мүлдем қауіпсіз»деді Шөкеев.

Ол журналистердің «Бұл жерде де Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активіне қатысты жағдай қайталанбай ма?» деген сауалына қаржының сақталатынына жеке өзі «кепіл болатынын» айтты.

«Жеке өзім кепіл боламын. Себебі, «ҚазАгро» - мемлекеттік компания. Ол бұл қаржыға ең алдымен астық сатып алады, ал біз бұл астықты ең арзан бағаға аламыз. Сосын оны сатып, қайтарамыз» деді вице-премьер.

2014 жылы қазанда Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнентақы қоры (БЖЗҚ) 71,3 миллиард теңгеге (ол кездегі доллар бағамы бойынша 250 миллион доллар) Халықаралық Әзербайжан банкінің (ХӘБ) бағалы қағаздарын алған. 2017 жылы мамырда ХӘБ-ның дефолт болғаны хабарланған. Қазақстан Ұлттық банкі кейін бұл банкке салған қаржыны «барынша оңтайлы түрде» қайта құрылымдау туралы келісім жасалып жатқанын мәлімдеген.