Ермек Тұрсынов: Біз қожайын болудан қалыппыз, біз – қызметшіміз

[caption id="attachment_80641" align="aligncenter" width="640"] Forbes.kz[/caption]

Мен біздің соттарға сенбеймін. Мен біздің дәрігерлерге сенбеймін. Мен біздің заң орындарына сенбеймін. Бәрі сатылады, бәрі сатып алынады. Соқыр емеспін, көріп, естіп жүрмін. Мен өз фильмдерімді, кітаптарымды насихаттау үшін ел ішін аралаймын, халықпен көп сөйлесемін. Қай өңірге барсамда бір сарын. Елден маза кеткен. Іштей күйзеліп, түйіліп жүр. Шарасыздық бар, шамырқану бар. Олардың уысынан үміттің соңғы жібі сусып барады. Менің бұны ойдан шығарып, жағдайды ушықтырмақ ниетім жоқ. Бар болғаны фактілерді тізіп отырмын.

Жиырма жылдың ішінде дүбәра буын өсті. Мектепте білім нашар. ЖОО –мүлдем жоқ. Ол оқу орынын аман-есен бітіріп шыққанның өзінде мамандығың бойынша жақсы жұмысқа тұрарыңа еш кепілдік жоқ. Барлық жерде «бармақ басты, көз қысты», туысқаншылдық, жершілдік. Танысың болмаса құжатыңды құшақтап бос жүресің. Амалсыз пара беруіңе тура келеді. Сенің қарым-қабілетің, білімің ешкімге керек емес. Байыппен қарасаң біз өз болашағымыздың көрін өз қолымызбен қазып жатырмыз. Оған түбінде өзіміз де құлаймыз. Сөйтіп мемлекетімізден айырыламыз.

Қазақтар «басты байлық –денсаулық» дегенді жиі айтады. Менің ойымша бізге осы деннің саулығы жетіспейді. Мағынасы өте кең сөз ғой... Біздің моральдық, ақыл-ой, діни, рухани, саяси, т.б. саулығымыз күмән тудырады. Ағзамыз дертке шалдыққан. Өзегіне түскен құрттар кеміріп, жеп жатыр. Сондықтан ішіміз алай-түлей, мазамыз қашқан.

Ел аралап жүргенде тағы неге көзім жетті? Біз қожайын болудан қалыппыз, біз –қызметшіміз.

Осы шенеунік дегеніміз кімдер? Олар халық жалдаған менеджерлер. Еңбекпен қамту агенттігі емес, халық жалдаған! Сондықтан олар елдің мүддесі үшін қызмет етулері керек. Ал бізде бәрі басқаша –халыққа қарсы жұмыс істейді. Әрекеттері тым дөрекі. Содан барып жұрт наразылық білдіруде. Басқа не күтіп едің? Бұл – баласының қолына ойыншық-қоңырау ұстатып қойып, өзі ұйықтап алмақ болған әумесердің тірлігі ғой...

Ермек Тұрсынов,

Аударған Серік Әбікен

Дереккөз: Ратель