Ел игілігі жолында еңбек еткен ер

Мемлекет және қоғам қайраткері Қызыр Жұмабаев 75 жаста

Ол ешқашан марапатқа, мақтауға, мадақтауға мұқтаж болған емес және соларға қайтсем де қол жеткіземін деп жанын салған да жоқ. Жастайынан зейінділігімен, жігерлілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп топ жарған, толысып есейген шағында іскер де білімді маман, беделді де талапшыл басшы болған оны атақ та, мансап та, даңқ та өздері іздеп тапты. Кезінде ауыл шаруашылығы өндірісінің осы тамаша ұйымдастырушысы, оның басшылығымен атқарылған келелі істер туралы жергілікті газеттермен қатар республикалық ақпарат құралдары да жарыса жазды, айтты, көрсетті. Әңгіме бар саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен, сөйтіп, абырой биігіне көтеріле білген Қызыр Ыбырайұлы Жұмабаев жайында. Бүгінде жетпістің қырқасына шығып еңбегінің зейнетін көріп отырса да сол тың, ширақтығын сақтаған қалпы елінің ертеңіне деген бар жанашырлығын, ынта-жігерін танытып жүрген жан туралы ой жаңғыртып жазуды өзімнің азаматтық, журналистік парызым деп білдім.

Қызыр Ыбырайұлымен сырттай таныстығым белгілі журналист Жанайдар Мусиннің «Ізденген жетер мұратқа» деген көлемді көркем очеркін оқудан басталып еді. Содан кейін де ол туралы жиі жарияланып тұратын мақалаларды оқып, теле-радио хабарларды ынтамен тыңдап, көңілге түйіп: «Апырай, қандай адам, өзін бір көріп сөйлесер ме еді, шіркін»,- деп армандап жүрдім. Соның сәті 1987 жылдың аяғында түсті. Ол кезде мен бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Аупарткомның басшысы Чапай Әбутәліповті Целиноград обкомына хатшы етіп сайлағаннан кейін қызметі өсіп кететін болды да оның орнына Облыстық ауылшаруашылық өнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары Қызыр Жұмабаев келеді екен деген хабар жетті.

Міне, сөйтіп, менің көктен іздегенім жерден табылғандай болып, бір жағы, қуанып, екінші жағы, ол өзі қандай кісі екен деп алаңдап жүргенімде обком хатшысы И. А. Алимов аудан активінің жиналысында жаңа бірінші хатшыны таныстырып, онымен тіл табысып жұмыс істеп кететіндігімізге үміт артты.

Сол жиында ол облыс басшылығына да, мәжіліске қатысушыларға да зор сенімдері үшін алғыс білдіріп, аудан алдында тұрған келелі міндеттерді атқару жолында күш-жігерін аямайтындығын нықтап айтты. Жиналыстан соң ол бірден аупартком аппаратымен танысуға кірісті, әрқайсымыздың аты-жөнімізді, лауазымдарымызды біліп алғаннан кейін бізге қойылатын жаңа талаптарды түсіндірді. Жүздесу аяқталып бәріміз кабинеттен шығып бара жатқанымызда ол атымды атап қала тұруымды сұрады. Екеуіміз жеке қалған соң:

- Бірден мойындайын, мен шаруашылық басқару ісін білгеніммен, партиялық жұмысқа онша жетік емеспін, сондықтан бұл салада сенің қолдауың қажет. Сен осы ауданның тумасысың, аппаратта жұмыс істегеніңе де біраз уақыт болыпты, сондықтан істің мән-жайын, әсіресе, жергілікті кадрларды жақсы білесің. Мен жақтастарымды, қолпаштаушыларымды өзіммен біргі ешқашан ерткен емеспін. Әр уақыт сол жердегі қолынан іс келетін пиғылы ақ, жүрегі таза адамдардың көмегіне сүйеніп келдім. Қалай, менімен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынсың ба?- деді маған жанарын қадай қарап.

Мен үнсіз басымды идім. Қызыр Ыбырайұлымен бір бірімізге деген сенімділікпен бірлесіп қызмет етуіміз, міне, осылайша басталып еді. Осыдан кейінгі жұмыс барысында оның қандай ғана іс болмасын тыңғылықты атқарылуын және осылардың барлығы бір ғана мақсатқа яғни адамдардың ортақ игілігіне бағындырылуы тиістілігін бәрінен де жоғары қойып отыратындығына көз жеткіздім.

Жаңа бірінші хатшы өз жұмысын ең алдымен ауданның кеңшарларын аралаудан бастады. Ұзын саны 12 осы шаруашылықтардың барлығы да көлемді, біразы кем дегенде 2-3 бөлімшеден тұратын. Ол солардың бәрін түгел аралап, оның арасында аудан орталығы Степняк қаласымен де танысып, шешуі қажет мәселелердің бәрін қойын дәптеріне тәптіштеп жазып, жадына түйіп отырды. Осындай аралаудың біразында мен оның қасына еріп жүріп басшымыздың ауыл шаруашылығы өндірісін бүге-шүгесіне дейін жетік білетін маман, жалпы өмірден түйгені мол зерделі адам екендігіне көзім жетті. Әсіресе, оның қарапайым еңбек адамдарына деген құрметі мен ықыласының молдығы мені тәнті етті.

Осылайша аудан өмірімен жете танысудан кейін басшымыз үлкен жиын шақырып, орын алған кемшіліктерді жою, ауыл шаруашылығын өрге бастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша қомақты міндеттер белгілеп, оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын алға тартты. Бұл жоба кейін «Ауыл», «Мәдениет-90» бағдарламаларында ресми құжат түрінде көрініс тауып, олардың әрбір тармағының орындалу мерзімдері мен оған жауаптылар белгіленді.

Бұл бағдарламаларда, әсіресе, шағын елді мекендерде тұратын халықтың әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жете көңіл бөлінді. Негізінен қазақтар тұратын ауылдарда мектептердің, емдеу пункттерінің, тұрғын үйлердің жоқтығынан тұрғындар бірте-бірте көшіп, олардың бірқатары жойылып кетудің аз-ақ алдынды тұр еді. Бағдарламаны нақты жүзеге асыру барысында айналасы 3 жылдың ішінде аудандағы ұзын саны 20-дан асатын шағын ауылдарда

тұрмыс күрт жақсарып сала берді. Кеңшарлармен қатар олардың барлығына жаңадан жол, байланыс тартылып, клубтар, моншалар салынып, емдеу пунктері, бала бақшалары ашылды. Еңбек жағдайын жасауға да жете көңіл бөлінді. Бөлімшелерде бұрынды-соңды болмаған жабық гараждар, техника жөндеу шеберханалары, мал қоралары тұрғызылып, егіс бригадаларында тамақтанатын, дем алатын, жуынатын бөлмелеріне дейін бар дала қосындарында механизаторларға, малшыларға өнімді жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалды. Міне, сөйтіп, тың көтеру жылдары Қазақстанға тыс жерлерден көшіп келушілер үшін тек орталық коныс-жайларда ғана тұруға жағдайлар жасалып, қазақ ауылдарының назардан тыс қалушылығы осылайша жойылып еді.

Бұл жерде аса бір екпін түсіріп айтатын жай - шағын ауылдарда 10 бастауыш мектептердің қазақ тілді орта және орташалау болып қайтадан құрылуы. Қаржы үнемдеу мақсатымен жоғарыдан белгіленген нормаларды еңсеріп, жаңадан мектептер, бала бақшалар, мәдениет ошақтарын, медпункттер ашу, оларға қажет кадрларды тарту, облыста алғаш рет мектептерді жаппай компьютерлендіру Қызыр Ыбырайұлына оңайға түскен жоқ. Оның қайта-қайта жоғары басшыларға шығып, осы мәселені түрлі жиналыстарда жиі-жиі көтеруінің, табандылығының нәтижесінде мәселе ақыры оң шешімін тапты. Осылайша тұрғындардың тұрақтамауының басты себебі жойылып, олар өздерінің туған ауылдарына оралып өмір жайнап сала беріп еді.

[caption id="attachment_80958" align="aligncenter" width="518"] Үлкен немересі Марияммен[/caption]

Біріншінің үнемі назарында ұстаған мәселесі тұрғын үй құрылысын өркендету болды. Бұрындары да үйлер салынып келген-тін. Бірақ сонда да, әсіресе, кеңшарларда, дихан, малшы қауымды айтпағанда, мұғалімдер мен дәрігерлерге баспана жетпей жататын. Осы келеңсіздіктерді жою жолында көлемді шаралар жүзеге асырылды. Алдымен құрылыс кооперативтері құрылып, кірпіш жасау цехтары іске қосылды, құрылыс саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Соның нәтижесінде құрылыс ісі өркендеп, әр жылда 23 мың шаршы метрге жуық үй тұрғызылып, алдағы уақытта оны 30 мың шаршы метрге яғни ауданның әрбір тұрғынына шаққанда бір шаршы метрге дейін арттыру жоспарланып еді. Салыстыру үшін айтсақ, сол кезде облыстың қай ауданын алсақ та оларда бір жылда салынған тұрғын үй көлемі 6-7 мың шаршы метрден аспайтын. Сондықтан бұл көрсеткіш кезінде әлеуметтік саланы дамытуда облыс көлемінде бұрынды-соңды болмаған жетістік деп бағаланды.

Кеңшарлармен қатар аудан орталығы - Степняк қаласы да айтарлықтай көріктенді. Көшелер тәртіпке келтіріліп, күл-қоқыстан тазартылып, барлық жолдар асфальтталып, тротауарлар төселіп, адамдарды күннен, жауыннан қорғайтын әсем аялдамалар орнатылды, жасыл желектер отырғызылды, қараусыз қалған стадион жөнге келтіріліп, спорт кешені, мейрамхана, сауда орындары, жолаушылар үшін кең де жайлы автобекет салынып, бір-біріне ұқсамайтын сәнді үйлер қатар түзеп,

жүзу қауызы, басқа да демалыс орындары бар зәулім ғимарат жұрт игілігіне ұсынылды. Қала тарихында алғаш рет 150 орындық «Ертөстік» қазақ балабақшасы өз есігін айқара ашты.

Аудан орталығында әлеуметтік ахуалдың, әсіресе, тұрғын үй құрылысының өркендеуіне бірінші хатшының тың шаралар қолданғанын ерекше атап өтпеске болмайды. Оған дейін Степнякта жыл сайын бюджет есебінен екі-үш жылда бір рет қана 15-18 пәтерлік үй салынып келсе, ол енді кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының әр қайсысына ішкі өндірістік мүмкіндіктерді пайдалан отырып әр жылда кемінде 2-3-тен үй салып отыру міндетін жүктеп, бұл тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын өзі қатаң бақылауға алды. Сөйтіп, аудан орталығында жыл сайын кемінде 20-25 үй пайдалануға беріліп, көптеген тұрғындар жайлы баспанаға қол жеткізіп еді.

Бұрындары аупарткомға да, ауаткомға да тұрғындардан оқушылардың жазғы демалысының дұрыс ұйымдастырылмауы себепті арыз-шағымдар түсіп жататын. Жаңа басшының қолға қашан қаржы түседі деп күтпей-ақ келісімен бірден қолға алған мәселесі осы болды. Оның кеңшарларды, қала кәсіпорындары мен мекемелерді жаппай жұмылдарып, олардың басшыларына жеке-жеке тапсырма беріп, мектептерде оқу жылы аяқталғанға дейін бір айдың ішінде табиғаты тамылжыған Жөкей көлінің жағасындағы ескірген пионер лагерін адам танымастай етіп қайта жасаттырғанына өзім куә болған едім. Ауласы түгел шегенделген, оқушылар үшін тап-тұйнақтай етіп істелген жататын, дем алатын, тамақтанатын, жуынатын бөлмелеріне, спорт, алау жағатын алаңдарына дейін бар жаңа легерьді көргенде таң қалғанбыз.

[caption id="attachment_80956" align="aligncenter" width="617"] Шөберелері Алуа мен Амири[/caption]

Әлеуметтік саламен қатар өндірістік әлеуеті арттыруға да ден қойылды. Қалада Көкшетау тігін фабрикасының бөлімшесі, жаңа нан зауыты, Казгородок селосында 50 адам жұмыс істейтін жиһаз құрастыру цехы, шағын ет комбинаты, Васильковка кенішінің көкөніс өсіру шаруашылығы және басқа да жаңа жұмыс орындары ашылды.

Қаланы абаттандыруда тіпті аз деген мүмкіндіктердің өзі қалт жіберілмей пайдаланылып отырды. Соның бір мысалы - Омбыдан жарамсыздыққа шығырылған ЯК-40 үшағын қалалық саябаққа әкеліп орнатып онда видиеосалонның ашылуы. Ешқашан мұндайды көрмеген балалар мен жеткіншіктер мәре-сәре болып оның ішінен шықпай қойып еді сонда.

Міне, осылайша мәдени-әлеуметтік проблемалардың табысты шешілуі кешікпей ауыл шарауашылық өнімдерін өндіруде айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізуге тікелей ықпал етті. Жыл сайын сүт пен ет өндіру орта есеппен 3-5 пайызға тұрақты артып отырды, ал 1990 жылы егіннің әр гектарынан 18,5 центнерден астық алынып, бұл көрсеткіш бойынша облыста ең астықты деген өңірлердің қатарында болғанымыз әлі есімде. Егер ауданымыздың жері қыратты,

қуаңды екенін ескерсек, бұл жетістіктердің астарында бірінші хатшының үлкен ұйымдастырушылық жігерінің, басқарушылық талантының жатқаны белгілі.

Дегенмен, өзінің қызметіне салғырт қарайтын кейбір басшылардың: «Біріншіміз қатал, бір қырына алса, оңдырмайды», - деп әуелі өзіне сын көзімен қарамай оны күңкілдеп сыртынан сөз қылғанын естіп те жүрдім. Рас, ол жұмыста кемшілікке жол бергендерді жиналыстарда қатты сынап, тез арада түзелуін талап ететін, бірақ біреуді қудалап, шам алып соңына түскен жоқ, кеудемсоқ пен төрешілдіктен, науқаншылдық пен жасандылықтан да аулақ болды, бәрін адамгершілік таразысына салып істеді. Әсіресе, басшымыздың ешкімнің сыртынан тон пішпей қандай ойы болса да оны тікелей көзіне айтатындығы маған қатты ұнады. Оның турашылдығы, өзінің қол астындағы адамдарды бағалап, қорғай білуі дүйім жұртты өзіне тартып, үнемі жақсы, игілікті істерге бастады.

Басшымыздың биік адами қасиеттері мен ұйымдастырушылық таланты, қарапайым еңбек адамдарына, ардагерлерге деген жанашырлығы Горбачевтің қайта құрушылығы тұйыққа тіреліп, елді тоқыру басып, дүкендердің сөрелері босап қалған қатшылық заманда анық байқалды. Ең алдымен аудан орталығында шалғайда тұратын еңбекшілер үшін ғана сауда жасайтын дүкенге олар арнайы бөлінген автобустармен қатынап күнделікті қажет тауарларды сатып алып тұрды. Сонымен қатар ардагерлер дүкені ашылып, ол да қат тауарларды тек соларға босатып отырды, ал әсем, әр түрлі өрнектермен безендірілген, ағаштан қиып салынған дүкендер, жаймалар мен сөрелер орналастырлған жаңа орталық базарда аудандағы бар кеңшарлар, алты жұмысшы кооперативі мен орман шарауашылығы әр жексембіде кестеге сәйкес қала тұрғындары үшін ет, сүт және басқа да күнделікті қажетті өнімдерді үстемесіз, өзіндік құнымен сатты.

Әлеуметтік-экономикалық ахуал осындай біршама күрделі уақытта басшымыз шетте жүрген ағайындарды елімізге қайтаруға белсене ат салысты. Олардың алғашқы легін Монголиядан алып келуге мені жұмсағаны әлі есімде. Сол жолы облысымызға келген 100 отбасының тең жартысын біздің аудан қабылдап алып, өздері қомақты, бірыңғай жайғассын деп оларға «Жамбыл» кеңшарында арнайы Қасқат ауылын ашып, «Донской», «Кеңащы» кеңшарларында да жеке көшелер тұрғызып, барлығына үй беріп, алдарына мал салып, бәрі түгел жұмысқа орналастырылып еді. Сол 90-шы жылдардың басында Еңбекшілдер жеріне шет елдерден 100-ден астам отбасы келіп ата-қоныстан жайлы орын тапса - бұл аудан басшысының осы бастаманың ойдағыдай жүзеге асуына тікелей өзі араласып, қатаң бақылауға алуының нәтижесі деген жөн болар.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне алғаш рет баламалы сайлау науқаны басталғанда аудан тұрғындарының депутаттыққа кандидат етіп Қ.Ы. Жұмабаевты бірауыздан ұсынуы және оның сайлау күні қарсыласын басым дауыспен жеңіп шығуы халық алдындағы үлкен беделі мен оған деген шүбәсіз

сенімінің айқын көрнісі болды. Ол халық берген жоғары өкілеттілікті өз басыма қонған бақ деп бағалап қана қоймай оны жұрт игілігіне барынша тиімді жұмсауға тырысып бақты. Жоғарыда баяндалған ауыз толтырып айтарлық шаралардың бірқатары осы депутаттық аманатты нәтижелі жүзеге асыру аясында атқарылып еді.

- Менің депутаттық шағымның ең бақытты сәті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесің 1990 жылғы 25 қазандағы сессиясында республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн,- деп еске алар еді. Қызыр Ыбырайұлы.- Өзің білесің, Ресей Қазақстаннан басқа Одақ құрамында болған елдердің бәрінің егемендігін тез таныса да табиғи ресурсқа бай біздің республиканы ықпалынан шығарғысы келмей сөзбұйдаға салды ғой. Осындай сындарлы сәтте Елбасымыз қиыннан жол тауып ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Одан кейін Президентіміздің даналығының, дипломатиялық көрегендігінің арқасында ешқандай у-шусыз, дау-дамайсыз көрші елдермен шекарамызды да белгілеп алдық. Бүгінде Қазақстан жайнаған Астанадай елордасы бар бүкіл әлем таныған ел, БҰҰ Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, бірден бір беделді шара – ЭКСПО-ны өткізу құқығын жеңіп алған мемлекет болса, бізге бұл жетістік Елбасының халықаралық биік беделінің арқасында келді. Мұны біз ешқашан ұмытпауымыз керек!

Әрине, елімізге бұл мәртебе, биік жеңіс оңай келе қалған жоқ. Егемен елдің ірге тасын қалаудың саналуан қиыншылықтарға толы алғашқы кезеңі Қызыр Ыбырайұлының Көкшетау облысының әкімі болып қызмет атқарған жылдарымен түспа-тұс келді. Осы кезде, мен облыстық әкімшілік аппаратында қызмет еткенде, оның бюджет тапшылығы, соған орай әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысының, зейнетақының уақытылы төленіп тұруы, үзіліп қалған өндірістік байланыстарды қалпына келтіру, жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынасты орнату сияқты күрмеуі қиын істерді табындылықпен атқарғанын көрдім. Ол қайтсем де сенім үдесінен шығамын деп жанын салып бақты, бірақ әкімдері жиі ауысқан, бірыңғай тәртіп орнамаған, оның үстіне жаппай жекешелендіру жарияланып әркім көрпені өз бойына тартқан, жасыратыны жоқ, сепаратистік пиғылдар да бой көрсеткен сол қиын шақта, халықты жұмылдырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарту оңайға соқпады.

Сондай заман қиыншылығына қарамастан жаңа әкім облыстар арасында бірінші болып Көкшетау қаласында қазақ драма театрын ашты, облыстық аурухананың терапиялық корпусын салдырды. Сонынмен қатар дүлдүл ақын, сазгер әнші, Біржан салдың 150 жылдық мерейтойына орай, Степняк қаласында оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға əдемі ескерткіш орнаттырды. Көкшетау қаласында, жұмысшы жастардың кешкі мектебін басқа жайлы мекенге ауыстырған кезде,

босап қалған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, онда даңқты жерлесіміз, майдангер, Кеңес Одағының батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 80-жылдығына орай көркемделіп жасалған мұражай аштырды. Нарықтық қатынастар жаңа ғана белең алып, күнделікт тұтынатын ең қажет тауарлар жетпей жатқанда, облыс әкімі өзі Түркияға барып сабын, кір жуатын ұнтақ, шампунь және басқа да гигиеналық заттарды жасау технологиясын алып келіп облыс орталығында осы өнімдерді шығаратын цехты іске қостырды. Осындай қиын уақытта, әсіресе, қыс кезінде, қаланы жылытуда қиыншылықтар туындаған шақта, бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қуатты екінші қазандықты іске қостыруы айтарлықтай іс болды. Облыстық бюджетке қаржы түсімін арттыру мақсатында Айдабол спирт зауытының өндірістік қуатын 2 есе арттыруға шұғыл шара қолданды. Осы игіліктерді Елбасымыз Көкше өңіріне арнайы келіп өз көзімен көріп, облыстық ауруханаға заманауи үлгідегі томограф аспабын сыйға тартып ризашылығын білдірді.

Халқымызда: «Жиырмасында қамал алмаған, отызында орда бұза алмайды»,- деген мақал бар. Егер Қызыр Ыбырайұлының өмір жолына үңілер болсақ, оның топ бастарлық қасиеті жастайынан-ақ байқалған. Омбы облысы Шарбақкөл ауданының Мәшен ауылында дүниеге келіп, орта мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласының ауылшаруашылғы институтын зоотехник мамандығы бойынша үздік бітіріп Павлодар облысының Баянауыл, бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту, Уәлиханов аудандарының шаруашылықтарында аға, бас зоотехник қызметтерін атқарып өндірістік тәжірибе жинақтады. 1974 жылы сол Уәлиханов ауданындағы «Гагарин» совхозына директор етіп қойғанда ол небары 31-ақ жаста еді. Бұл шаруашылықтың ісінің нашарлағаны соншалық, қыстақ науқанынында малға үнемі жем-шөп жетпей, оны ауданның басқа кеңшарларынан тасып әуре-сарсаңға түсіп жататын. Орда алған деген сол, жас директор келісімен осы келеңсіздікті жою мақсатында ең алдымен малға жетерлік етіп азық дайындауды мықтап қолға алды. Нәтижесінде жыл сайын он мың тонна шөп шабылып қой баздарына жеткізіліп отырды. Мысалы, бұл көршілес Ленинград, Чкалов аудандарында дайындалатын мал азығының қорынан сәл ғана аз еді. Облыста алғашқы болып «Армандастар» комсомол-жастар қой өсіру бригадасын ұйымдастырып, оның нәтижелі жұмыс істеуіне қол жеткізген де осы жас директор. Міне, сөйтіп, айналасы 4 жылдың ішінде бұрынғы 2,7 килограмның орнына әр қойдан 4,5 килограммнан жұн қырқып, артта қалған кеңшарды алдыңғылардың қатарына қосқан кезде Көкшетау облысының сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков атқарылған істерді әдейі келіп көрді, жақсы бағасын берді, оның басшысын «Құрмет белгісі» орденімен марапаттауға ұсынды Одан соң осы кеңшар қой шарауашылығын дамыту және мал азығын дайындау бойынша республикалық жарыстың жеңімпазы атанғанда облыстың жаңа хатшысы Оразбек Қуанышев та арнайы келіп, қона жатып шаруашылықпен жете танысып, өрелі істерге көңілі толып еді.

Рузаев ауданының «Шарық» кеңшары әуелде көзге түсіп дүрілдеп тұрғандардың қатарында болғанымен соңғы жылдары қарқыны кетіп құлдырай бастағанда, бүкіл одаққа белгілі осы шаруашылықты қалпына келтіру өзінің алғырлығымен, іскерлігімен танымал бола бастаған Қызыр Жұмабаевқа тапсырылды. Оған барар кезде Оразбек Сұлтанұлы оны өзі жеке қабылдап аталмыш кеңшарды облыстағы ең озаттардың қатарына қосу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ол кеңшар тізгінін өз қолына алған соң егіншілік мәдениетін көтеруді, фермалардың бәрін жаңалап, оларға бірыңғай сүтті сиырларды топтастыруды, ауыр саламақты ірі қараны өсіруді жолға қою бағытында көп тер төкті. Соның нәтижесінде кеңшар жыл сайын 1,5 миллион пұттан астық өндіріп, әр сауын сиырдан 3,5 мың литрден сүт сауып, етке әрқайсысының салмағы 450 килограмнан келетін өгізшелер тапсырып Бүкілодақтық жарыста 2 рет алдыңғы саптан табылды. Сол жемісті жұмысының оң нәтижесі - 1981 жылы оны СОКП-ның 26-шы съезіне делегат етіп сайлады, кеудесіне «Халықтар достығы» орденін тақты. Бұл сол кезде ілуде біреудің еншісіне ғана бұйыратын құрмет еді.

Философияда адамның тағдырын оның мінезі айқындайды деген ұғым бар. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қызыр Ыбырайұлының пешенесіне тек қиын да жауапты істерді атқару жазылыпты. Бұған оның батылдығы, табандылығы, өзіне сенімдігілігі, әр нәрсені алдын ала ойластырып, дұрыс шешім қабылдай алушылық қабілеті себеп болса керек. Осындай мінез-сипатымен танылған жас кадрды алдымен тиісті қызметтік сатылардан өткізбей-ақ облыс басшылығы оны бірден Чистополье аудандық атқару комитетінің төрағасы сияқты жауапты қызметке жоғарлатты. Облыстық ауыл шарауашылығы өнеркәсіп комитетіне өз ісін жетік білетін, әсіресе, мал өсірудің қыр-сырын терең меңгерген маман, төрағаның бірінші орынбасары қажет болғанда таңдау тағы да осы адамға түсті. Одан соң сан салалы шаруашылығы және оны жүргізудің өзіндік күрделіліктері мен қиындықтары бар Еңбекшілдер ауданын басқару да оған тапсырылды.

Ол сенімді ақтады, сол үшін бар күш-жігерін аямай қызмет етті. Осы жігерлілік оны жаңа белеске көтерді, мемлекеттігімізді қалыптастырудың алғашқы сындарлы сәтінде Президентіміз 1993 жылы оған Көкшетау облысын басқаруды сеніп тапсырды. Қызыр Ыбырайұлы үш жылдан кейін, Қазақстан ауылшаруашылық министрінің орынбасары - мемлекеттік акционерлік мал тұқымын асылдандыру компаниясының басшысы қызметіне ауысқанда, облыста жағдай бірте-бірте тұрақталып келе жатыр еді.

«Өнерді үйрен де жирен», - дейді халқымыз. Қадірлі ағамыз 1999-2007 жылдар аралығында Қазақстанның Өзбекстандағы Консулы, уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарған кезде жаңа қырынан танылды. Көрші бауырлас елмен

тығыз қарым-қатынастар орнатуға өз үлесін қосты, абыроймен зейнеткерлікке шықты, Елбасы арнайы алғыс хатында елге сіңірген еңбегі үшін өз ризашылығын білдірді.

Осы мақаланы оқи отырып бәз біреулер, мүмкін, баяғыда болып кеткен шаруаны несіне жазып отыр деп те ойлар. Дегенмен, осындай қайраткерлік, іскерлік, халық игілігі жолында беріле еңбек етушілік қасиеттер Елбасы Қазақстанды экономикасы аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатын қойып отырғанда, қазір ел басқарып жүрген әкімдерге аса қажет-ақ. Бұған қоса, тәуелсіз жас мемлекеттің ірге тасын қаласуға ат салысқан, еліміздің игілігін, берекесін молайтуға өз үлесін қосқан қайраткерлерді әр уақыт бағалап, естен шығармау біздің азаматтық парызымыз деп білемін.

Жақсы адамнаң әрдайым шарапаты мол болады. Қызыр Ыбырайұлының адамдарға, онының ішінде маған да, жасаған жақсылығы көп, бірақ ол соларды айтып ешқашан ешкімге міндетсіген және ешкімге сыртынан мін тағып, сөз де қылған емес. Қайта өзінің басқалардан көрген өнегесін, көмегін жиі айтып отырады. Бұл орайда ол Көкшетау облысының бұрынғы бірінші хатшылары Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев, Мақтай Рамазанұлы Сағдиев, Қасым Аппасұлы Тәукенов, облыстық әкімшілік басшысы болған Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев, обком хатшысы Иван Антонович Алимов сынды бірегей қайраткерлерден және басқа да ізетті жандардан алған тәлім-тәрбиесін, ағалық ақыл-көмектерін үнемі еске алып айтып отырады.

Қызыр Ыбырайұлымен әуелде қалыптасқан әріптестік, қызметтік қарым-қатынас бүгінде ағалы-інілік сыйластыққа ұласты. Кездесіп, араласып, пікір алмасып жүреміз. Ол әр кез кішіпейілдік, парасаттылық, бүгінгі өмірге деген ризашылық қалпынан танған емес.

- Еліміз күннен-күнге дамып, абыройы артып, асқақтап өсіп келеді. Осыған қол жеткізген, бүкіл игі істердің, еліміздегі ұлтаралық және дінаралық татулықтың, бірліктің, бейбіт өмірдің ұйтқысы болған Нұрсұлтан Әбішұлындай Президенті бар қазақ елі бақытты, онымен бірге мен де бақыттымын, - дейді ардагер ағамыз. – Маған қайтадан дүниеге келу мүмкіндігі берілсе, мен сол өткен өмір жолымды еш өзгеріссіз қайталар едім!

Бұлай деп тек ары таза, намысын биік ұстап жүрген адам ғана айта алады. Осындай ғибаратты жандар көп жасап, жайнап алдымызда жүре берсін лайым!

Орынбай Шәйкенов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері

Қазақ үні