Абаев 1,7 млрд теңге бөлінген БАҚ мониторингіне қатысты түсініктеме берді

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев 1,7 млрд теңге бөлінгелі отырған қазақстандық БАҚ-тың мониторингі жайында айтып берді. Бұл туралы tengrinews.kz порталының мәліметіне сүйеніп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Бұл жүйенің бізге ауадай қажет екеніне сенімдімін. Бұл бақылау емес, мониторинг. Мәселен, мемлекеттік тілде шығып отырған ақпараттардың санын анықтауға мүмкіндік беретін мониторинг ол. Әрі бізге заңнамаға сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мониторинг», - деді Абаев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның ақпараттық аймағы түгел қамтылады. Мониторингке басылымдар, радио, телевидение және Интернет-БАҚ-тар түгел кіреді. Сондай-ақ Абаев әр баспа басылымында заң бойынша жарияланған ақпараттан кейін министрлікке тапсыруға тиісті электронды нұсқаның барын айтты.

«1,7 млрд теңге тиісті ақпараттық өнім жасап шығару үшін қажет. Ол арнайы әрі ерекше бағдарлама», - деп атап өтті министр.