"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

КІТАПХАНА – РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы – Бас шаһардағы руханият ордасы. Ықылым заманнан кітап ордасы – парасат үйі, елдің мәдениеті мен әдебиетінің ошағы болып келген. Кітапхана – тек рухани-мәдени жұмыстармен ғана шектелмей, халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті, келісімді нығайтуға қызмет ететін қоғамдық маңызы зор фактор.
Қай заманда болсын кітап пен кітапхананың орны да, жөні бөлек. Жыл табалдырығындағы кітапхана жұмысын сарапқа салып, қорытындылар болсақ, 2017 жыл – біздің кітапханамыз үшін маңызды оқиғалар мен елеулі жаңалықтарға толы берекелі жыл болып отыр. Барлық атқарылған іс – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосылған үлес. Бұл – «кітапханашы» деген маманның Отанымыздың дамуына қосқан тамшыдай үлесі ғана. Сонымен, 2017 жылдың алғашқы күнпарағынан осы күнге дейін Астанамыздағы парасат үйі – зиялы қауым мен шетелдік қонақтардың басын қосқан, түрлі жастағы оқырманның қажеті мен сұранысын орындаған руханияттың ыстық отта қайнап тұрған алып қазанына айналды.

Кітап қоры және кітапхана ісі

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапхананың қорында бір жарым миллионнан астам кітап қоры бар. Оның оқу залдары бір мезгілде 500-ден астам оқырманды қабылдайды. Ал «Мәжіліс», «Сұхбат» және «Конституция» залдарында дәрістер, конференциялар, презентациялар, көрмелер және жұмыс кездесулер өткізу үшін толық жабдықталған жағдай жасалынған. Сонымен қатар, кітапхана оқырмандары үшін барлық залдарда жоғары деңгейде қызмет атқарады. Біздің кітапханамызда кітап қорын толықтыру мақсатымен ф.ғ.д., профессор Т.Кәкішұлы, ҚР ҰҒА академигі К.Нұрпейісұлы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Д.Досжан, ҚР Халық жазушысы Ә.Тарази, жазушы Н.Ораз, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым М.Жолдасбеков сынды азаматтардың жеке кітапханалары арнайы оқу зал ретінде пайдаланылса, тарихшы Болат Көмековтің де жеке кабинеті де болашақ ғалымдарға бағыт-бағдар беру мақсатында жұмыс істейді.
Қазақстанда кітапхана ісінің дамуы еліміздегі кітапханашы­лардың жағдайы мен мәртебесін көтеріп келеді. Кітап оқуға құ­мар­лық көбеймесе, азайған жоқ. Жыл сайын кітап қорын толық­тыру мәселесін де біз естен шығар­маймыз. Қазіргі таңда Ұлттық академия­лық кітапхананың қоры 1 463 710 бірлікті құрайды. Ал оқыр­мандар саны 100 000-ға жуық. Олардың 52901-і дистанционды түрде оқитындардың қатарында. Биыл біздің қорға, сыйға 9573 кітап келіп түскен.

Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы – мемлекеттік электронды кітапханалық қор 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министр­лігінің «Мемлекеттік элек­тронды кітапханалық қорды құру» жобасы «2007-2009 жыл­дар­ға арналған ақпараттық теңсіз­дікті төмендету» мемлекет­тік бағ­дарламасы аясында Қазақ­станның Ұлттық электрон­дық кітапханасы құрылды. Жобаның мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы ұлттық жазба-құжаттық мұраларға қол жеткізумен, сақталуымен қамту және келешекке табыстау.
Әлемнің 115 елінен оқырман іздеген ақпараттарын алып оқи алады. Осы ұлттық электронды кітапхананың тағы бір ерекшелігі ең көп оқылатын кітаптарды анықтау мүмкіндігі де қарастырылған. Мәселен, жақында ғана біз «Ең үздік автор» номинациясы бойынша Қазақсан Жазушылар Одағының және Журналистер одағының мүшесі, «Өгей жүрек» (Чужое сердце) кітаптарының авторы Сәуле Досжанованы марпапаттадық. Ал, «Ең үздік кітап» номинациясы ретінде философия ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғарифолла Есімнің «Кемеңгер Мұхтар» атты кітабы таңдалынып алынды. «Ең үздік ғалым» номинациясы бойынша шығыстанушы-арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы, академик Көмеков Болат Ешмұхамедұлы болса, «Ең үздік ақын» номинациясы бойынша ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айт және ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан марапатталды. «Жыл адамы» номинациясы бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамызды таңдадық.

Оқырман сұранысы және жаңа залдардың ашылуы

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты 2015 жылы кітапханамызда «Абай» академиялық залы ашылды. Әзірге «Абай» залының қорында 700-ге жуық басылым бар. «Абай» залының қоры оқырмандар мүддесі есебінен белсенді түрде толықтырылатын болады.
2017 жылы мәдениет саласын халықаралық деңгейде және қазақ-орыс қарым-қатынастарын дамытуды қолдау мақсатында кітапханамызда ұлы орыс классик жазушысы оқырмандарымыз үшін арнайы жаңа А.С.Пушкин атындағы зал ашылды. Аталмыш залға кітапхананың қорынан ұлы ақынның 500-ден астам кітабы, латын графикасындағы және қазақ тіліндегі кітаптары мен 1830,1833,1834 жылдары жарыққа шыққан қолжазбаларының көшірмесі қойылды. Сондай-ақ, залда ақынның жұмыс үстелінің реконструкциясы қойылып, әрбір келушілер үшін қаламы мен сиясауытына жазба қалдыру мүмкіндігі қарастырылды.
Кітапхана – руханияттың алтын ордасы ғой. Жақында «Рухани жаңғыру» оқу залын да ашып қойдық. Ол егеменді Қазақстанның қалыптасу тарихынан бастау алған 3000-нан астам басылымнан тұратын зал. Бұл залда саясат ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың кітап қоры ерекше орынға ие болды. Астананың 20 жылдығына орай тағы бір «Астана» деген атпен зал ашылды. Сарыарқа төрінің жаңалық жаршысы қызметін атқарған Нұрғожа Ораз атты зиялы ағамыздың үйіндегі жеке кітап қоры кітапханамыздағы жаңа ашылған Астана залының төрінен орын алды.
Латын әліпбиін қолдау мақса­тында біз «Жаңа латын әліпбиі» залын да аштық. Аталмыш залда арнайы оқу-жаттығу курсын оқыту тегін ұйымдастырылды. Екі айдың ішінде курсқа мыңнан астам оқырман келіп қатысып, жаңа қазақ әліпбиін меңгерді.

Сирек және құнды кітаптар

Қазіргі таңда кітапхана қорында VI-VIII ғасырлар аралығында жарық көрген 20 000 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар жинақталған. Мәселен, Құран топтамалары, араб, латын, шағатай, түрік таңбаларымен, кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі кітаптар мен қолжазбалар, Ахмет Байтұрсыновтың сонау 1909 жылы жарық көрген «40 мысал» кітабы мен 1926 жылғы суретті «Әліпбиі», ұлы Мұхтар Әуезовтің 1942 және 1945 жылдары жарық көрген «Абай» романы бар.
Ал, айрықша құнды кітаптар мен қолжазбалар қатарында Құран Кәрімді атауға болады. Қолжазба 799 жылы қағазға түсірілген. Сондай-ақ бамбук тақтайшаға жа­зылған ежелгі қытай қолжазбасы. Кітапты белгілі фламанд суретші Сэр Энтони ванн Дейк безендірген. Бұл – дүниежүзіндегі жалғыз кітап, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек және қолжазбалар қорында кіршіксіз қалпында сақтаулы тұр. Жібек қолжазбадағы «Конфуций афоризмдері» де бар. Қазақ диаспорасының белді өкілі Хасен Оралтайдың 6441 құжаттан тұратын мұрағаты қорымыздан орын алды. Академик Зәки Ахметовтың 876 құжаттан тұратын мұрағаты да сақтаулы. Айта берсек, құнды жәдігерлерге кенде емеспіз.
Латын графикасымен басылған қазақ кітаптары топтамасында қазақтың классик жазушылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков және т.б. басылымдары сақтаулы. Мұның бәрі де, кітапқа түскен һәм көздің қарашығындай сақтауды қажет ететін – тарих.

Шет шемлекеттердің кітапханаларында орталықтардың ашылуы

Қазіргі уақытта ұлы ағартушы-ғалымдар, дала ақындары – Құрман­ғазы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин және көптеген басқа авторлар­дың шығармалары әлемнің ірі кітап­ханаларында өз оқырман­дарына қолжетімді болып отыр. Себебі, 2016 жылдан бері шет мемлекеттерінің кітапханаларында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашу – кітапхана мәртебесін одан сайын биіктете түсті. Бір жылдан аса уақытта 16 мемлекетте ашыппыз.Осы жобаны іске асыру үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Сыртқы істер министрлігіне және ҚР шет мемлекеттердегі Елшіліктері көп көмектесті. Қазақ әдебиеті мен мә­дениетін, тарихын, салт-дәстүрін наси­хаттайтын шаруалар шаш етектен.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы елшіліктерінің тікелей басшылығымен және Ұлттық ака­демиялық кітапхананың ұйым­дас­­тыруымен әлемнің мына елдерінде Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Мәселен, айта кететін болсам, Корея, Қырғызстан, Ресей, Армения, Финляндия, Венгрия, Түркия, Қытай, Малайзия, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Чехия және Болгария мем­лекеттерінде ашылды. Желтоқсан айының аяғына таман кітапханамыздың қызметкерлері Египет және Дубай мемлекеттерінде халықаралық тәжірибе алмасу, қазақ кітаптарын сыйға тарту және халықаралық қатынастарды дамыту мақсатында іс-сапарда болып қайтты.
Париж қаласында орталықты ашуға барған кезімізде BULAC Шығыс тілдері мен өркениеті институтында Түркі халықтарының рухани көсемі Мұстафа Шоқайдың қолжазбалары мен архивтік тың деректерімен таныстық. М.Шоқайдай ғұламаның қолжазбаларының көбі латын әліпбиінде жазылған. Ал Токио Астаналық Орталық кітапханасында «Қазақстан әдебиеті мен мәде­ние­тінің» орталығын ашу барысында ақын Ұлықбек Есдәулеттің атақты «Заман-ай» әнін жапон тілінде айтқанын тыңдап келдік.

Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және жастарға қолдау

2017 жылы Кітапханашылар­дың халықаралық басқосуында «2018 жыл – балалар мен жасөс­пірімдер жылы» деп жарияланған болатын. Сол себептен Балалалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхана салу жоспарымызда тұр. Қуанышты жаңалық, «100 жаңа есім» жобасында біздің кітапханамыздың қызметкері Нұржан Жолдыбали­новтың жүздікке енді. Ал, тағы бір қызметкеріміз белгілі жас жазушы, әдебиет зерттеушісі Елдос Тоқтарбай «Әдебиет» номинациясы бойынша ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.
Сөзімізді жинақтай атқанда, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – рухани жаңғыру жолында бола­шаққа нық қадаммен алға басқан үлкен ұжым. Кітапханамыздың тіреуі де, қорғаны да – оқырман қауым. Күннен-күнге оқырман саны көбейсе, оқырман сұранысына қызмет ететініміз анық. Бұл – біздің саладағы ең абыройлы іс. Қазақстанның даму перспективасына кітапхана саласының қосқан үлесі осындай болып отыр. Бұл – біздің жеткен жетістігіміздің бір парасы ғана.

Үмітхан ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы

qazaquni.kz





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*